Л. Н. Нұрланова Қазақ Әдебиеті



бет29/67
Дата04.05.2023
өлшемі1,59 Mb.
#176067
түріОқулық
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   67
Байланысты:
қә 11 1-1

Шытырманда
3

Жидебайға қайтардың алдында абай әкесінен көші-қон жайын сұрастырған. Құнанбай үлкен ауылына тез көшсін деп бұйрық берді. Бірақ биылғы көш жолы жылдағыдай емес. Бұрын Құнанбайға қараған ауылдар осы Қарашоқы тұсына жиылып-ап жайлауға қарай жөнелгенде, Шыңғыс тауынан Юөкенші асуын басып асушы еді.


- Қазір бұл тұсқа келмей, Қарауыл өзенін өрлеп барып, Ақбайтал асуынан асыңдар? – деді. Және жазғы жайлау сол асудың тұсымен баратын Бақанас суы болды.
Бақанас, Байқошқар – бұл өңірдегі Тобықтының ең үлкен өзені. Шыңғыс сыртындағы мол жайлаудың ең арғы шеті – сол екі су. Бірақ Құнанбай ауылдары бұрын Байқошқарды қоныс ететін де, Бақанас өзені Көкшеге тиісті еді.
Бұның ар жағында бірталай есеп бар. Осы жазда Жігітек, Бөкенші, Көкше боп тағы да қайтадан бас құрасатын сияқты. Кешегі Байдалы айтқан сәлем тегін емес. Астыртын шеп біріктіріп жатқан елдің дақпырты тәрізді. Ендеше, солардың әр алуан ширап, сыбыр-жыбырын біліп отыру үшін Құнанбай өзіне қараған елдің біразын, дәл сол елдің арасына таман кірістіріп жіберу керек.
Жайлау аралас болса, қыдырыс-жүріс аралас болады. Сыбаға, қонақасы аралас болады. Сөйтіп, мал басы түйісіп отырса, ел тарту оңай. Ал мұндай есепке Зере отырған үлкен үйдің барғаны жақсы. Бұл – көп Тобықтының үлкен санайтын, күтетін үйі. Және Күнкедей емес, Ұлжан – қонағуар, кеңпейіл, мырза. Оның асы мен көлігі, өң-шырайы адамды дос етеді, тарта біледі. Ішіне қан қатқан, сонау қатты жаулық болмаса, ет пен терінің арасында жүретін уақ-түйек өкпені жуып-шайып отырады. Осының бәрі Құнанбайға ел әпереді.
«Ақбайталды басып, Бақанасқа қарай көшіңдер! Бөкенші, Көкшеменен қоныстас болыңдар!» дегендегі Құнанбайдың ішкі есебі осы болатын.
Абай әке есебін білген жоқ. Тек өз ауылының жекеленіп көшкенін лайықсыздану көрсе де, іштен аса құпия түрде бір қуаныш сезді. Қарауылды өрлеп көшу, Бақанасқа шейін бару – жаз бойы Сүйіндік ауылына жақын жүру деген сөз. «Өмірі қосылмас-ау, жуықтамас-ау!» деген өмір соқпағы енді мұны күтпеген кезде Тоғжан ұясына жақын апарды.
Соңғы күндердегі барлық жеңіл, ауыр сезімдердің баршасының қатарында Тоғжан бейнесі жас жігіттің көз алдынан кеткен емес-ті. Абай толқыған қуанышын жасыра алмады. Әкесіне белгісіз себептен қып-қызыл юоп өзгеріп кетті. Құнанбай бұл өзгерісті байқаса да себебін сұрамады. Әрине, Ақбайталға қарай көшуге Абай қарсы болған жоқ. Жалғыз-ақ өз топтарынан бөлегірек жайлайтын болған соң, жалғыз ауыл кету тағы қолайсыз. Соны ғана ескертіп еді. Құнанбай бұл жағын да топшылап қойған екен.
- Жалғыз ауыл болмайсыңдар. Неге жалғыз ауыл боласың? Тіпті сол Жидебай, Мұсақұлдағы, Көлқайнар, Шүйгінсудағы Ырғызбай, Жуантаяқ, Қарабатырдан кем қойса, он ауыл сендерге ере көшеді. Бәріне де сәлем айтам! – деді.
Жуантаяқ, Қарабатыр дегендері Құнанбай ауылдарын жағалап жүретін, қысы-жазы бірге көшетін момын көршілер еді. Абай оны да мақұл көрді. Осымен Жидебайға қайтып кетті.
Тоғжанды тағы көру үміті Абайдың Қарашоқыдан алып қайтқан зор олжасы сияқты. Жол бойында бар дүниені ұмытып, бір Тоғжанның елесін көз алдына келтіріп, нелер ыстық қиялға батты.
«Өмірдегі ең бірінші жалғызым, барым» дегндей неше түрлі еркелеткен нәзік сөздер өз-өзінен сан рет айтылып келеді. Жас жүрегі соғып қана қоймайды, қазіргі Аймаңдай аттың асығыс дүсіріндей дүбір шығады. Бұл шақтағы барлық сезімі құр ғана жас тіршілік белгісі емес, кеуде тола лаулап жанған жалындай.
Қарашоқыдан Жидебайға шейін қатты жортып жүріп еді. Екі ауылдың арасында дәл осы күндей шапшаң жеткен күні жоқ. Қалайша оп-оңай келіп қалғанын өзі де байқамады.
Жидебайдағы ауыл да киіз үйге тегіс шығып алған екен. Биыл Қарауыл суы мол боп тасып, Жидебай, Мұсақұл үстіндегі кең қорық көк жайқын қалың шалғын боп келе жатыр еді. Көп үйлі аппаз ауыл кеш мезгілінде біртүрлі пейілді, қоналқаға көңілдене шақырып тұр. Ауыл айналасы қалың қой. Қозы жамырап, иттер үріп, даңғаза боп жатыр екен.
Абай үлкен үйге де, шешелерімен амандасып болған соң көші-қон жайын айтты. Жылдағы әдет бойынша бұ ел әуелі бауырға қарай, көктемдік қоныстарға барушы еді. Ұлжан солай көшерміз деп, қыстауда қалдыратын жүктерін, қоймаларын сайламаған екен.
Жайлау биыл ерте көктеді. Шыңғыстағы ел бауырға көшпей, жайлауға асығып отыр. Сондықтан бұло ауыл да дүрмектен қала алмайды.
Ол жағын Ұлжан ұқты. Бірақ баласы ойлағандай тез көше алмайтынын білдірді. Үй іші жеңілейту, теңдер бұғызу, жатақшының жазғы күнін бейқам ету – баршасы да бұл ауылды не қылса да бес-алты күн бөгемекке керек.
Абай өз ішінен «Сүйіндік ауылы сыртқа кетіп қалады, жеткізбей ұзап кетеді-ау» деп тынышсызданып еді. Шынында, сыйлас ауылмен немесе достас жандары бар ауылмен қатар көшкен қандай қызық. Ертелі-кеш бірге көшіп, бірге қонып отырса, күндіз-түн көрісе жүрудің сылтау көп және жайлауға қарай тартқанда бұл елдің үдере көшем деп жаппалап қонып оытратын әдеті бар. Көңіл қосылар күн болса, жарық айлы түндерде ерке жардың оңаша жаппасына кіру ертегідей рақат қой. Өзі көрмесе де, Абайдың өзге ересек жігіттерден көп естіген рақат шағы осы болушы еді. Бірақ шешесінің байлауы жаңағыдай шаруа жағына келгенде, бұзылмайтын байлау болады. Ондайда Ұлжан Құнанбайдың айтқанын да орындамай, өз билігімен кететін.
Көңіл қаншалық қиял құшып, аласұрса да, Абай амалсыз көнді. Кешкі астың алдында Абай Зерем мен Ұлжанға Кәмшат жайын айтты. Естігенінің ешбірін қалдырмай, қатты айтты. Жыласа да, күйзелсе де, шешелерді аяймын деп Кәмшат жайын бүркеу мүмкін емес.
Зере күрсініп, күңіреніп кеп, Құнанбайды жерледі. Ұлжан үнсіз, жым-жырт, қиналып отырып-отырып Абайға:
- Осы естігеніңнің бірде-бірін Айғызға айтпай тұра тұр. Онсыз да қан жүрегі қақ жарылып жүр ғой. Бүгін таңертең: «Түс көрдім. Кәмшат жерошаққа жығылып қалып, үсті-басы лаулап жанып барады екен» - деді. Сүйіндіктің қатыны – аналық мейірімі бар кісі. Бәрінен де соның айтқаны тек емес қой. Шыңғысқа жетейік. Сонан соң өзің қасыңа бір ересек кісіні ерт те, тура Шырақтың ауылына барып, Кәмшатты өз көзіңмен көріп, бар жайын біліп кел. Айғызға содан кейін айып, әкеңмен шындап сөйлесейік, - деді.
Байлау осы болды.
Сол кештен он шақты күн өткен шамада Құнанбайдың үлкен ауылы Ақбайтал асуынан асып барып, Шыңғыстың сыртындағы Жігітек, Бөкенші жайлауы болған Қопаның аузына қонды. Құнанбайдың айтқанындай, он шақты ауыл боп көшіп еді. Дәл бүгін осы қонысқа жеткенше бұл ауылдар өзге Шыңғыс бөктерінен көшкен Бөкенші, Жігітекті қуып жете алмаған. Ең шабан көшкен ауылдар болған-ды.
Алғаш «үлкен ауылдың ерулігі» деген табақ-табақ еттер, саба-саба қымыздар, көп-көп қыдырушы қатындармен ілесе келіп-келіп қалды. Құнанбайға жұрттың көңілі әр алуан болғанмен, ежелгі салт-машық бойынша, бұл өңірдегі ағайын Зере отырған үйді жатсынған жоқ. Бірақ сыбаға мен ерулік әкелушілер көп болса да, бұл келгендердің ішінде Бөжей, Байдалыдан немесе Сүгір, Сүйіндіктен келген белгі болмады. Келіп жатқанның барлығы момын ағайын. Араз-құразға ынтасы мен бейілі жоқ, жай шаруаның ауылдары еді.
Үй іші келушінің барлығына ырза болды да, келмегендерді санаған жоқ. Жалғыз Абай ғана өз ішінен әр мінездің мәнін өзінше жорыды.
Шешелеріне әнеугі берген уәде бойынша, абай Бәжей ауылына баруға асыққан. Қопаға қонған күннің ертеңінде қасына Ғабитханды ертіп, солай жүріп кетті.
Бөжей ауылы Қопаның аузынан алыс емес. Батыс жақтағы көк қырқаның астында Саркөл деген тұщы көлдің басында. Түс шағында екі жас жігіт сонда келді. Саркөл жағасында жағалай отырған ауыл көп екен. Бөжейдікін сұрастырғанда, бие қайтарып жүрген асау тайлы бала тап орта тұстағы он шақты үйлі ауылды көрсетті. Бұл бай ауыл емес, бірен-саран ғана бозғылт үйі бар. Көпшілігі қоңыр үйлі орташа ауыл тәрізді. Шынында, Бөжей бай болған емес. Орташа, дөңгелек қана дәулеті бар еді. Абайлар Бөжейүйінің сыртына кеп, аттан түсіп жатты. Қазіргі уақытта бұл ауылда бірде-бір бөгде кісі болмау керек. Кермеде де, белдеуде де ерттеулі ат жоқ. Жиын болса, көлдің арғы шетіндегі ақ ауылда болу керек. Саркөл айналасындағы топыры көп ауыл сол тәрізді. Жас жігіттер Бөжейдің өзін де үйде жоқ болар деп топшыласып еді. Сол ойлары шын болды. Бөжей анау ақ ауылдағы жиында. Сонда түстеніп отыр екен.
Аттарын байлап, енді үйге қарай жүре бергенде, Абай осы үйдің ішінде әлсіз үнмен жалынып жылаған кішкене баланың үнін есітті. Ауру баланың жылағаны.
Абай жүрегі жаман белгіні сезгендей су етіп, қатты аянышпен шаншып кетті. Үн – дәл Кәмшаттың үні сияқты. Абайлар үйді айналып есікке тақай берді. Бірақ дәл осы кезде жаңағы баланың жылауына ызаланған ұрысқақ дауыс естілді. Бар сөзі басқа ұрғандай ап-анық шығып жжатқан Бөжейдің бәйбішесінің даусы.
- Ырылдатпа! Ырылдатпашы, анау көзің ойылғыр жетімекті! – деп зекіп тастап, долы бәйбіше есікке қарады.
Киіз есік ашылып, екі бала жігіт кіріп келген екен. Абайлар төрге шықты. Үлкен үйдің іші сыртындай жұпыны емес, жасаулы, кілемді, алашалы екен. Бірақ салақ үйдің белгісі – сыпырылмаған, төрде олақ жиналған көрпе-жастықтан көрініп тұр.
Үй ішінде, төсек алдында ұршық иіріп үлкен, қара сұр қатын отыр. Танауы қусырылып, ерні қатты жыбырлаған қара қатын аса бір ұрысқақ қатал жан сияқты.
Биік төсектің бас жағында жертөсек бар екен. Соның үстінде Бөжейдің екі бойжеткен қызы кесте тігіп отыр. Жасына жеткен қыздардың пішіндері – сұлу да, сыпайы да емес. Түксиген, сүйкімсіз және шешелеріндей ашушаң, қатқыл адамдар сияқты.
Осы төсектердің бас жағынан Абайлар отырып, үй ішімен ақырын ғана амандасты. Мажырасып қарсы алған үй іші де болған жоқ.
Жылаған Кәмшат екен. Ол қонақтардың оң жағында, бір жаман жыртық жаялықтың үстінде бүк түсіп жылап жатыр. Басында жастық та жоқ. Тек бір жаман жыртық шапанның жеңі жасталыпты.
Кәмшат жаңа келген кісілерді танымады. Бірақ үй ішінің қаттылығын осы жаңа келген жандарға шаққандай боп кемсеңдеп, иегі дірілдеп, біртүрлі әлсіз үнмен тағы жылады.
Бұрын топ-толық, қызыл шырайлы, қарақат көзді Кәмшат, қазір сатқақ ұрғандай арықтап, құп-қу шөлмектей боп қалыпты. Қол-аяғы шидей. Бетінде ғазап пен сор көлеңкесі бар сияқты. Кірпіктері ұзарған. Екі ұрты кәдімгі қайғы шеккен, аштық көрген үлкен адамдардың бетіндей боп, тозығы жетіп, жиырылып тұр.
Үлкейіп, алақандай боп кеткен қап-қара көздерінен кесек-кесек жастар тамшылайды. Күтімсіз, қор болған бала шын бишаралық қалпында жатыр.
Осы жайды көріп, болжай сала, Абай мен Ғабитхан екеуі қатарынан Кәмшатқа созылды.
Бала танымай, теріс бұрылып, тартына берді.
Ғабитхан мынау көрген күйіне шыдай алмай:
- Ей, мазлұма! Нилер ғазап көргенсің сен бейгүнаһ мазлұма! – деп жылап жіберді.
Абай ыза менен азаптан, жанашыр мен қайғыдан қалтырап кеткендей.
Үйдегі әйелдер мыналардың көзінше сыр бермеймін деген боп, анау-мынау жай айтып жатты.
- Өзге бала сап-сау! Жалғыз осы бала бақырға бір жаман іш ауру тиіп, толас таппай қойғаны! – деп, бәйбіше жайма-шуақтаған болды.
- Ішің ауырса, аузың тый дейді! Бала неме біле ме! Өзі де кішкентай түзеле берсе болды, кешке шейін бар тамақты малшылайды!
- Сүйтіп отырып қайтып жазылсын!.. Содан... өзінен... ғой! – деп, екі қыз топас түрдегі бір кекселік айтып жатыр.
Абай бұл үйдің ішімен тілдескен жоқ. Жанашыр мейір жоқ, суық жандар келген жерден-ақ Абай көңіліне түрпідей тиген.
Бөжейдің қатыны шай қойғызбақ сияқты боп қам істей бастағанда, Абай:
- Ішпейміз, жүреміз! – деді.
Кәмшаттың мынадай тұтқында, аямас ғазапта жатқан бейшаралығын көріп отырғанда, тамағынан ас өтер орын жоқ.
Жұрт кісі өлгенде «бауырым, бауырым» деп жылайды. Өлген осң «бауыр» деп танығаны не қажет? Абай енді біраз отырса, Кәмшатты құшақтап, бауырына қысып жатып, «Сорлы бауырым, жазықсыз бауырым!» деп, зар шегер болса да, мынадай іші дұшпандылықпен қатып қалған көң көңілді жандардың алдында соны істесе, адасқаны. Бір есептен жаңағы екі қыздың сөзіне қатты ыза болып, намыстанып, талқан қып ұрсып-ұрсып кетер еді. Алғаш бір ойлап, алқымына ашу тығылып келген күйі сол еді. Бірақ ол мінезі Кәмшат үшін пайда емес. Қайта оның ғазабын арттыра түседі. Амал құрып отыр. Қатты сенделу қыл деп беріппіз. Қорлыққа бердік пе? Тек сын Бөжей басында ғой. Біле білсе, менің балам оның баласы болмайтын несі бар еді? Жат деп, жау ұрпағы деп, дұшпан көріп кірпідей жиырылса, қарыз оның мойнында емес пе? Тіпті жазықты болсам, мен жазықты шығармын. Бесіктен шығарып, адам ұлы деп, соның бауырына берген балам жазықты ма еді? Қатын-қалаш, ауыл-аймағына, тым құрыса, соны ұғындыра алмаса, Бөжейдің аяқтағы суға ағып өлгені ғой! – деді.
Бұл сөзінде Бөжейді жеңер дәлелі бар еді. Абайдың өзі де өмірінде алғаш рет Бөжейден түңілгендей боп қайтқан. «Қатыны антұрған болса, ең болмаса, аяқтап Бөжей жөнге салса нетті?» деп ойлаған. Бұл ойын баған жолшыбай Ғабитханға айқан-ды.
Ұлжан мен Жұмабай және Айғыз боп Бөжейдің қатынын кінәлады. Ол жақтан жалғыз кеп жатқан суық, қатал сөздердің бірталай айтысып өтті. Айғыз тұп-тура аямай: «Дұшпандық етіп жүрген Бөжейдің қатыны» деп байлады.
Осының ертеңінде Құнанбайдың сәлемімен Бөжей ауылына Жұмабай барып қайтты.
Көршілес қартаң қатынның бірін Айғыз да Бөжейдің бәйбішесіне жіберген. Оған:
- Балама өгейлік қып отыр. Ақылы болса, бүйтер ме еді? Күтімсіздікпен дертті қыпты, - деген кінәлар айтқызды.
Жұмабай Бһжей ауылынан түнеріп қайтты. Ол келгенде Абай барлық Бөжей жауабына түгел қанды. Бөжей қасында Байдалы, Түсіптер бар еді. Қатыны да Айғыз жағынан есіткендерін жеткізген-ді. Үй ішімен, ағайынымен күңкілдесіп алып, Бөжей Құнанбайға ашулы жауап айтыпты:
- Құнанбай жаққан отқа менің арым өртенді. «Жарасы жазылды, сынығы бітті» дей ме екен? Не жаны жүр деп ойлайды екен шыбын кеудемде? Әлде өзгелер үйелменімен өртенсе де, өзімнен бұрау сынбасын дей ме? Құнанбайдан не шықты?.. Сұрау салмай, мазамды алмай тек жүрсін, күйдірмесін ағайын! – депті.
Үлкен ызаның сызы жатыр. Тоңы жібімеген араздық қайтадан, тағы бір рет «Мен арылған жоқпын!» дегендей жота көрсетті.
Құнанбай демігіп тыныс алып, қап-қара боп кетті. Бөжейдің бұл жауабынан Абай да қатты түңілген еді.
- Адамшылық, рақым қайда? Өзге емес, ақылсық, надан қатыны емес, Бһжей өзі өсте ме екен? Көз алдында соншалық жазықсыз нәрестені ұзақ өлімге бұйырып, сол үшін және биттей де шімірікпеу не деген қаттылық? Әншейінде мінезді, мейірбан көрінетін сырты екен ғой. Өзіне сын жетпей, жұртты сынап жүргенде сүйтеді екен ғой. Ендеше, жауығып қарсыласып, кәналап жүрген Құнанбайдан қай қасиетімен артты? – деп аса наразы қалды.
Құнанбай бұл арада шешілген жоқ. Жалғыз-ақ Абайға қарап:
- Менің балам адамзат баласы емес, өштескен қасқырдың күшігіндей көрінген ғой. Көрге бірге кететін жаулық десеңші мынаны. Аузына осы тірі жүрген ұрпағымның қайсысы түссе де, шайнап тастағалы, көзге шұқып жоқ еткелі отырған ғой мынау! Жалғыз-ақ, тәуекел! Тостым, күттім артын! – деп тоқырап қалды.
Осыдан кейін аз күн өткен соң, Бөжей ауылынан Айғыздар күткен жаман хабар оқыс келді.
Кәмшат өліпті. Және таңертең өлген баланы сол күні түс ауа қойып та бітіріпті. Керек десе, Құнанбай ауылына, Айғыздай көзі тірі шешесіне хабар да айтпапты. Айғыз бен Ұлжандар есіткенде, бүгін қойшыдан естіп отыр.
Жалғыз Құнанбай емес, бастығы Зере болып, Абай болып, Бөжей мінезіне, шынымен, аса қатты ренжіді. Әнеугі жауап бір көңіл қалдырған болса, мынау ісі, тіпті бір қырыс надандық пен қаталдық тәрізді. Бөжей өзі осыны сезген болу керек. Кәмшат өлген күні ол: «Айғызға хабар қылсақ нетеді?» - деп, үй ішімен, Байдалымен ақылдасқан еді. Бірақ осы аз күннің ішінде Құнанбайдың Жігітек жерінен Бөкеншіге қоныс әперіп отырғанын айтып, Байдалы ырық бермеді.
Қопа мен Қаршығалы сияқты қоныстарды Бөкеншіге Жігітектен алып бергеннен бері, қазір, міне, күн сайын көші-қон да, жайылыс-өріс, биебау да даулы болып, тату ағайын тоңырайысып барады.
Байдалы, Түсіптер күнде көріп, күнде сезіп: «Бөкеншіні өкпелетіп алмасақ екен, қолтығымыздан шығарып алмасақ екен» деп дамылсыз күдіктеніп отыратын болған. Сол мазасыздықтың өзі де Құнанбайға бұларды өшіктіріп отырған. Бұл жайдың бәрін танып, сезген Бөжей Құнанбайға қатты ашулы еді.
Кәмшат жайы осындай күйіп жүрген күндерге дәл келген соң Бөжейдің рақымсыз боп жүргені рас.
Абай көңілінде, Бөжейді Кәмшат үшін, жазықсыз жас нәресте үшін айыптаған үкімге ақтау жоқ. Үлкенмен араздық дәл бұндай адамшылық ар сыналатын жерге арашашы бола алмайды.
Хабар-ошарсыз Кәмшаттың қойылып қойғанына Құнанбай жаман қатуланды. Астыртын хабармен Құнанбайдың үлкен ауылына Ырғызбай, Топай, Жуантаяқтардың көп ірі кісілері жиналып қалған. Солардың тобына Құнанбай Бөжей мінезін шағып, көпке кінәлатып отырып, тағы кісі жіберді.
Бұл жолы Жігітекке барған – Жұмабай емес, Ызғұтты мен Жақып.
Құнанбайдың жанкүйер жақындары.
Бөжейге кеп:
- Бұ не қылғаның? Шабындыдан келген күң бе еді? Құнанбайдың бел баласы, оң көзі емес пе еді? Тым құрыса, іштен шыққан анасына хабар айтып, топырақ бұйыртсаң етті! Бұл не деген білместік, не деген өштік? – деп сөйледі Ызғұтты.
Бөжей мен Байдалы, Түсіп бірігіп отырып жауап берді:
- Сыныққа сылтау таба алмай отырған Құнанбай ғой. Қаршадай қыз өлді деп сауын айтып, ас беруші ме ем? Тіпті берсем де, басым ырықтан арылар ма еді? Кінәласа, құн тілесін енді менен. Бірақ тек, әлі жетсе алып көрсін! – деп, Бөжей бір-ақ томырылды.
Жер ашуы қайнар кезіне жеткен сияқты. Бұл сөздер биылғы жазды не қылса да үлкен ылаңның, зор бәленің жазы етуге айналған сөздер еді. Ызғұтты мен Жақыпты жөнелтісімен, Бөжейлер өздеріне қараған бар ағайынды баталасуға шақырыпты.
Сол күні кешке Құнанбай да өз тараптарымен баталасып, жаулыққа бекініп жатқанда, Байсал, Қаратай, Сүйіндіктер боп, Бөжей ауылында, Саркөл үстінде серт байлау жасасты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   67




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет