Л 10 Ресурстық орталық қызметінің бағыттары мен ұйымдастыру ерекшеліктері Бірқатар зерттеулерде ресурстық орталықтар туралы пайымдау, эксперименттік алаңдар мен инновациялық желілер деңгейінен кейінгі білім ұйымдарының инновациялық-зерттеу жұмыстарының жаңа бір кезеңі ретінде қарастырылады. Ресурстық орталықтарды білім ұйымдарының базасында құруға негіз болатын жағдайлар: біріншіден, бұл орталықтарда бар немесе шоғырландырылуы тиіс ресурстардың мазмұны мен сапасы; екіншіден, үйлестіруші орган ретінде белгілі бір басқарушылық функцияларды орындауға мүмкіндік беретін жағдайлардың жасалуы. Сондықтан ресурстық орталық ретінде таңдалатын білім ұйымына қойылатын бірінші талап, тәжірибелік сынақ және жаңашылдық бағыттағы жұмыстарының болуы. Бұл талап, осы жұмыстардың ауқымында білім ұйымында келесі бірқатар инновациялық жобадағы ресурстардың болуын көздейді: − жетілдірілген оқу-материалдық базасының болуы; − оқу процесін жоғары деңгейде әдістемелік қамтамасыз ету; − біліктілігі жоғары педагогикалық және басшы кадрлардың болуы; − оқу процесін тиімді ұйымдастыру; − басқа білім ұйымдарымен, орта және жоғарғы кәсіби білім ұйымдарымен, ғылыми ұйымдармен жүйелі әлеуметтік серіктестік байланысының болуы. Бұл параметрлер әр деңгейдегі басшылардың ресурстық орталықтарды таңдауына негіз болады. Қазіргі кезде өтпелі кезеңнің қиындықтарына қарамастан, әрбір оқу жылының басында инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептер саны көбеюде. Жергілікті жерде білім ұйымдарын кадрлық, материалдықтехникалық қамтамасыз ету мәселелері шешілуде, оқу-әдістемелік құралдар әзірленіп, шығарылуда, дегенмен инклюзивті білім беру әдістемесін қолданудың бірыңғай механизмін жолға қоюға біршама уақыт қажет. Бұл жағдайлар инклюзивті білім беруді дамытып келе жатқан білім ұйымдарына ғылыми-әдістемелік, кеңестік-ақпараттық қолдау көрсету үшін ресурстық орталықтардың жұмысын жандандыру қажеттілігіне алып келеді. Жалпы білім беру ұйымдарының базасында ашылған ресурстық орталықтардың жұмысының нәтижесі, мұндай тәсілдің тиімділігін көрсетеді, себебі мектептің жағдайы белсенді тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Бұдан шығатын қорытынды, ресурстық орталықтар өзінің қызмет аясын кеңейтуі керек, өйткені озық тәжірибе үлгілерін жинақтап, таратуға және инклюзивті білім беруді дамытудың тиімді жолдарын анықтауға, білім ұйымдарының неғұрлым көбірек санының тәжірибесі зерделенуі қажет. Республикада бар ресурстық орталықтардың жұмысы келесі бағыттарды қамтиды: − инклюзивті білім беруді дамыту бағытындағы педагогикалық жобаларды жүзеге асыруға қатысу; − тәжірибелік сынақ және жобалау жұмыстарына педагогтарды тарту; − облыстың білім беру ұйымдарымен, басқа мекемелер және ұйымдармен, сонымен бірге инклюзивті білім берудің дамуына мүдделі жеке тұлғалармен байланыс орнату; − жеке білім беру бағдарын айқындау, әдістемелік ұсынымдар әзірлеу, педагогика және психология, арнайы білім беру саласындағы зерттеулер; − инклюзивті оқытуды жүзеге асырып келе жатқан білім беру ұйымдарына кеңестік-әдістемелік көмек көрсету. Ресурстық орталықтың қызметі, ерекше білім беруге қажеттілігі бар баланы жалпы білім беру ортасына қосуға қажетті кешенді көмек түрін қамтуы тиіс. Сондықтан инклюзивті білім беру орталықтарының мүмкіндігін кеңейту үшін нақты жұмыс бағыттарын анықтап алу қажет. Білім ұйымдарымен тиімді жұмыс жүргізу үшін ресурстық орталықтардың жұмысын оңтайландыру мақсатында оқытушылық-ұйымдастырушылық, ақпараттық-кеңестік, ғылымиәдістемелік, ынталандыру бағыттарын басты жұмыс бағыттары ретінде алып қарауға болады.
Ресурстық орталықтар білім ұйымдарына негізінен қажетті әдістемелік көмек ұсынады. Бұл жағдайда, «ресурс» сөзінің мағынасына инклюзивті білім беруді жүзеге асыруға және дамытуға қажетті ғылыми-әдістемелік және ақпараттық дерек қоры кіреді. Инклюзивті білім беруді енгізу моделін ескере отырып, қажетті көмек түрін, көлемін, нақты тәсілін дұрыс анықтау аса маңызды