Әкім. Мен де сөйтіп отыр емеспін бе.
Сапар. Бұл жағынан сені мақтаса болады. Бірақ аудан әкімдерін топырлатып апарып қаматып қойғаның – ақылға сыймайтын әрекет.
Әкім. Ешетеңе емес. Өстіп-өстіп барып түсеміз өркениет жолына. Сіз өте дұрыс айтып отырсыз, пәленің бәрін бүлдіретіндер – жоғарғы эшалондағылар. Ал, аудан әкімдері асқынып кеткен.
Сапар (разы кейіпке енеді). Қасқабай, сен өзі білетін бала болып шықтың ғой. Рас айтасың, аудан әкімдері тек пара жинаумен ғана айналысып отырған адам тәрізденеді маған. Басқаны былай қойғанда, бүгінде көбейіп кеткен мүшелтойлардың өзі солардың қалтасын қампайтатын шараға айналыпты. Жуырда ауылға бардым. Әкімиятқа кірсем, толған адам. «Не ғып жүрсіңдер?» – деп бір жөн білетінінен сұрасам, «Құрысын, Сапаке, көрген күніміз осы. Көрші ауданның құрылғанына 60 жыл толыпты. Соған әкім барады екен, әрқайсымызға салық салып жатыр. Жинайтыны – мыңдап доллар, апаратыны – бір шапан, алақандай құттықтау қағазы. Ығыр болып кеттік» – деп күйіп-пісті. Аудан әкімдері сөйтіп елді жылатып жинағандарын сендерге әкеліп береді екен ғой. Қандай оңбағандық!
Әкім (күлімсіреп). Міне, аға, сіз мені түсіндіңіз. Басқа жақты қайдам, біздің облыста пара тоқтайды енді. Мыналар барсын баратын жеріне, ендігі әкім болғандары аяғын тарта басатын болады.
Сапар. Бұл опыр-топырдың зияны саған тиіп жүрмесін деп қауіптеніп келіп едім, көңілім орнына түсті, сенікі жөн екен. Алған бетіңнен қайтпа. Бұдан шегінсең, шаруаңның біткені. Есіңде болсын, қашан да, қандай да бір тайсақтаған екенсің, ел иектеп алады, кеңдігің – кемдігің. Сөз бен іс бір жерден шықсын дейтін талап, ең алдымен, әкімдерге арналған. Ел қасарыссаң, қатал, еркіне жіберсең, ез, дейді. Әділ болсаң, соңыңнан ереді.
Әкім. Рахмет, аға! «Ақыл айтпаймын», – деп едіңіз, көп айттыңыз ғой.
Достарыңызбен бөлісу: |