Қордабаев.Сіз ертеңді айтасыз, Ерік Көбенович бүгін де болады қызмет орнында. Осы қазір ұшып шығады Астанадан чартерлік рейспен.
Әкім. Жарайды. Рахмет. Бара беріңіз.
Қордабаев кетеді. Әкімнің ойы одан әрі жалғасады.
Әкімнің ойы(радиомен). Мына Қордабаев – Мұсылманқұловтың құлы. Жылы жерде отырып алып, менің тұяғымның қимылдағанына дейін жеткізіп отырады екен ғой. Премьер: «Өзіңе ұнамаған кадрды толайым емес, біртіндеп құрт» – дейді. Алдымен құртатын адам – осы. Бірақ қалай құртарсың. Ерік Көбенович ара түседі. Қасым Хасенович те, аудан әкімдері де бұрын Ерік Көбеновичтің құлы болса, қазір құйыршығы. Ерекең – құлын да, құйыршығын да, жалпы осы облысты да уысынан шығармаған екен. Мынадан соң, әлбетте, оның беделі артады. Мен ше, мен де Мұсылманқұловтың құйыршығымын, енді қуыршағы болуым керек екен. Ерекең не айтса, соған ләпбай тақсыр деп бас-көзге қарамай орындауға кірісетін құл-қуыршақ болуым керек екен. Жоқ, ол болмас.
Қарғабаев кіреді.
Қарғабаев (столға жақындай бере). Қасқабай, біз босандық.