Әшірбек. Ойнап жүрміз.
Шаншар атай. Осы сендер биыл қай кләсты бітірдіңдер?
Бекен. Сегізінші.
Шаншар атай. Он бестемін деңдер. Өз жорамалым да дұрыс екен ғой, бәсе. Бұлай бос жүру жарамайды.
Санатбай. Енді не істейміз? Каникулды өкімет бізге ойнасын деп берген. Ойнаймыз.
Шаншар атай. Айналайын өкіметім бәрін біледі. Ойнаңдар, ойнаңдар. Ойын да бір, балалардың үстіне киетін киімі де бір білгенге. Жарасымды киім бой көтереді, оңды ойын ой көтереді. Өйтпейді екенсіңдер, аздырып-тоздырып жібереді бұл құрғыр. Бір мезгіл шаруаға айналған жөн.
Санатбай. Біз ойнауын ойнаймыз ғой. Шертпекті қайтеміз бірақ?
Шаншар атай. Қайткені қалай? Шартқа отырдық емес пе енді? Шартты бұзсаңдар, шекелеріңді тоса беріңдер. Біліп қойыңдар, сендер қашан өсіп, жігіт болғанда шертпекті алғаным алған, өстіп.
(Мұсатай шығады).