Сәлім. Қайрат, сен өкпелеп бара жатқаннан саумысың өзі?
Қайрат. Енді қалай? (көңілі босап). Сәлима – менің, менің ма...мен онсыз күн көре алмаймын.
Сәлім. Көресің.
Қайрат. Көре алмаймын, арам өлемін.
Сәлима. Қайрат, бұл – шын сөзің бе?
Фатима. Шын сөзі.
Сәлима. Онда қайттім? Сәлім, сен кешір, мен Қайратты тастап кете алмайды екенмін ешқайда.
Қайрат. Жо-жоқ!.. Мама, сен ең болмаса, енді бақытты болшы!..
Фатима. Бақытты болыңыз, мама! Қайрат үшін қам жемеңіз, мен бармын ғой.
Қайрат. Ия, Фатима бар! Бұл – ең бастысы.
Сәлім (ойланып қалған Сәлимаға жақындап). Біз бармыз.
Сәлима. Ия-ия, солай екен ғой.
Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ
Аула
немесе
Әжелердің әңгімесі
(Екі бөлімді драма)
Қатысатындар:
Ұлтуған
Жамал зейнеткер әжелер.
Рауза
Алқамбай – зейнеткер қария (Ұлтуғанның жұбайы).
Сағымкүл – Ұлтуғанның келіні, кәсіпкер әйел.
Шотай – көрші жігіт
Қарттар үйінде жатқан кейуана .
Власов – зейнеткер қария.
Кемпір - өзге дінді уағыздаушы.
Қыз – кемпірдің айтқанына көніп жүрген жас.
Ернар – маскүнем жігіт.
Студент қыздар және жігіт.
Жас келіншек.
Әкелі-балалы бизнесмендер.
Б І Р І Н Ш І Б Ө Л І М
Бірінші көрініс
Сәске түс. Екі қабатты үйдің екі кірмесінің бергі шетіндегісінің алдындағы ұзын орындықта егде тартқан екі әйел отыр. Бұлар - осы үйде тұратын, кезінде үлкен қызмет істеген, бүгінде сөз бағып қалған зейнеткерлер – Жамал мен Рауза. Рауза Жамалдан жастау. Онысы реңінен де, киімінен де білініп тұр. Үй ауласының екі жағы ашық, әрі өткен, бері өткен жүргінші үзілмейді.
Жамал (арғы кірме жаққа қарап). Ұлтуғанға не болған бүгін, шықпай ма, немене?
Рауза (езуіне күлкі үйіріліп). Ит біліп пе, келіні мен баласының қабағына қарайды да, солар жұмысқа кетпей, шықпас.
Достарыңызбен бөлісу: |