Мұсылманқұлов. Осы кесімді сөзің ғой.
Әкім. Иә, кесімді сөзім.
Мұсылманқұлов. Онда сөз тәмам. Айтпады деме, олардың тағдырын шешетін бір сен емессің. (Орнынан тұрмақ болған әкімге). Жарайды. Отыра бер орныңда арыңды әспеттеп.
Әкім. Ерік Көбенович, ренжімеңіз, өйтіп кекетпеңіз де. Сіз тұрмақ өзіме өзім де ренжимін. Қазір де сондай күйде отырмын. Егер сол әкімдер парақор болмаса, нем бар оларда? Себепсіз салдар жоқ. Сіз маған өкпелегенше осыны білсеңіз қайтеді?
Мұсылманқұлов. Мені қайтесің, білгеніңді істей бер.
Әкім. Қалай дегенде де мен ешкімге өзімді қорлата алмаймын.
Мұсылманқұлов. Бұл сөзіңді қалай түсіндік?
Әкім. Пара беру – адамды қорлау. Пара алған адам – құдайдың қоры.
Мұсылманқұлов. Мәссаған безгелдек! Сонда аудандар әкімдері мені қорлап, мен қор болған екенбіз ғой.
Әкім. Енді қалай деп едіңіз?
Мұсылманқұлов. Қой, біткен екен шаруамыз! Жал бітейін деген екен саған. Дереу күзеп тастау керек екен оныңды. Бітті. Кеттім.