Тәттігүл. Солай ма екен?!
Балқия. Солай! Осыдан көр де тұр, «тәтелетіп» жорғалатып қоймасам ба, қап!
Тәттігүл. Көрдік қолдарыңнан келгенді!
Балқия. Көресіңдер! Көрсетеміз!
Тәттігүл. Тапқан екенсіңдер қорқатын адамды. Одан да ана ақшаңды жинап ал! Біліп қой, Тәттігүл бір бергенін қайтып алмайды.
Балқия. Алмай қайда барасың, аласың. Алмасаң, жатсын өстіп дода-дода болып!
Тәттігүл. Жатса, жатсын!
Балқия. Онда отыр шашылған ақшаның ортасында.
Тәттігүл. Бұл шашылған ақша – екеуміздің төгілген арымыз. Мен жинамаймын, көрсін үйге келгендер. Соларға айтамын мұның қандай ақша екенін.
Балқия(шошып). Шын айта ма?
Тәттігүл(міз бақпай). Шын айтам. Әлім жездеме берген парам еді деймін мұны.
Балқия. Пара емей-ақ сыйламап па едің өзің ол етікті?
Тәттігүл. Пара сыйлық түрінде де беріледі.
Балқия. Қойшы құрысын. Онда мен мұның көзін құртайын дереу. (Балқия ақшаны тез жинап, қалтасына салып алады). Ал, енді неңді айтар екенсің? Кеттім!
Балқия кетеді.
Тәттігүл(Ба лқия шыққан есікке қарап тұрып). Бар. Сол керек саған! Сенің маскүнем балаңа қыз қайда? (Ойлаып қалады). Берікті қайттім, құдай-ау! Шындықты жасырмай айтсам, Оспан түсінер ме? Ой, айналайын өмір-ай, біз, адамдар қанша құйтырқы болғымыз келгенімен, сен өз шындығыңды алға тартады екенсің-ау! Қанша тайсақтамайық, шындық – біреу. Оны тек мойындау керек. Мен де сөйтемін, Оспанға бәрін жасырмай айтамын.