Балқия. Не, сен сонда Оспанға тигеніңе өкінесің бе?
Тәттігүл. Ол – басқа әңгіме.
Балқия. Неге басқа әңгіме? Оспандай-ақ байы болсын әрбір әйелдің.
Тәттігүл. Оныңыз дұрыс.
Балқия. Ендеше, неменеге аузыңа келгенді айтып тұрсың?
Тәттігүл. Оспан – қуанышым, бақытым, Берік – өкінішім, мұңым. Мені осындай екі пара хәлге душар еткен сізсіз. Енді осы күйге қызымды түсіре жаздапсыз.
Балқия. Ойбай-ау, мынау не дейді-ей! Ат кекілін кесісетін адамның сөзі ғой мынау!
Тәттігүл. Қалай түсінсеңіз, солай түсініңіз.
Балқия. Онда мен кеттім, бетіңді көрмеймін енді сенің! Бұдан былай еш жақсылық күтпе бізден.
Тәттігүл. Бара беріңіз. Сіз Тәттігүлді білмейді екенсіз әлі. Маған десеңдер, Әлім екеуің тіреп тұрған аспандарыңды тастап жіберіңдер. Байымнан да, қызымнан да аулақ жүріңдер. Мен қызымды бақытсыз қыла алмаймын. Сүйгеніне қосылмаған адам – жарты көңіл, жарым жан.
Балқия. Опасыз! Сен Оспанды емес, Берікті сүйеді екенсің.
Тәттігүл. Сізге ондай асқақ сезім жат. Сіз махаббатты төсек деп білесіз.
Балқия. Сендерді құрту керек екен. Қап, Әлімді бекер тоқтатқан екенмін.
Тәттігүл. Айттым ғой, аямаңдар. Қызым сүйгеніне қосылсын, басқа түктің керегі жоқ маған. Мен көрген мына азапты қызым көрмесін.
Балқия(қалтасынан бір буда ақша алып, шашып жібереді). Мә, етігіңнің ақшасы. Өткенің осы шығар, ал!