Лекция 9.Тақырыбы : . Қылмыстың көптілігі бойынша саралау 1. Жекелеген қылмыстармен көптік қылмыстардың ара қатынасы
2. Қылмыстардың жиынтығы бойынша саралау
3. Бірнешерет жасалған қылмысты саралау
4. Қылмыстардың қайталануы бойынша саралау жүргізу
. Қылмыстардың көптігінің түсінігі Бір ғана тұлғаның бірнеше рет қылмысқа баруы – қоғам үшін аса қауіпті болып табылады. Біріншіден, қылмыстық құқықтық қорғауындағы қоғамдық қатынастарға тиетін зиян объективті түрде анағұрлым арта түседі. Екіншіден, бір тұлғаның жасаған қылмыстары әртүрлі объектілерге қиянат келтіретін болса, зиян келетін қоғамдық қатынастардың қатарының өзі де кеңейе түсуі мүмкін. Және де, бір тұлғаның бір ғана емес, бірнеше қылмыс жасауының өзі әдетте, бұл қылмыскердің бойында тұрақты түрде қоғамға қарсы бағыт қалыптасқандығын дәлелдейді. Мұның өзі жағдайдың тең қарастырылуы барысында бұл тұлғаға неғұрлым қатал қылмыстық – құқықтық ықпалдың қолданылуын талап етеді.
Сонымен қатар, бір тұлғаның бірнеше қылмыс жасауы, оның істегендерінің дұрыс саралануы мәселесін де туындатады.
Тұлғаның қылмыстық жауапқа тартылуының ескіру мерзімі өтпеген немесе соттылығы жойылмаған не алынып тасталмаған немесе қылмыстық жауапқа тартылу заңға сәйкес тоқтатылмаған екі не одан да көп қылмыс жасауы қылмыстық құқыққа қылмыстардың көптігі деп танылады. Қазіргі қылмыстық заңдар бойынша қылмыстардың көптігінің төмендегідей түрлері айқындалып, ажыратылады:
1) қылмыстың бірнеше мәрте жасалуы;
2) қылмыстардың жиынтығы;
3) қылмыстың қайталануы.
Қылмыстардың көптігінің өзіне тән белгісі – бір тұлғаның кемінде екі рет қылмыс, яғни қылмыстардың дербес құрамдарының белгілері бар әрекеттер (немесе жиынтықталған бір әрекет) жасауы. Ал әкімшілік құқық бұзушылық, тәртіпке қарсы қылық, азаматтық – құқықтық тәртіп бұзушылық, сол сияқты, ҚК-тің 9-бабының екінші бөлігінде қарастырылған іс - әрекет немесе әрекетсіздік қылмыстың көптігіне жатпайды.
Қылмыстық жауаптылықтың ескеру мерзімі өтіп кеткен немесе соттылығы жойылған (алынып тасталған) заң бұзушылықтар да қылмыстың көптігіне жатпайды. Бұл туралы қылмыстың бірнеше мәрте жасалуына қатысты ҚК-тің 11-бабының үшінші бөлігінде анық айтылған.
Сонымен қатар, қылмыстық – құқықтық салдар жоққа шығарылған әрекеттер де қылмыстардың көптігіне жатпайды. Ол жағдайлар, атап айтқанда мыналар:
шын өкінуіне (ҚК-тің 65-бабы), қажетті қорғанудың шегінен асуына (ҚК-тің 66-бабы), жәбірленушімен татуласуына (ҚК-тің 67-бабы) байланысты немесе рақымшылық жасау актісі негізінде (ҚК-тің 76-бабының екінші бөлігі) немесе ҚК-тің Ерекше бөлімінде көрсетілген жағдайларға орай (125, 165, 231, 233, 312 және басқа баптарда кездесетін ескертулер) қылмыс жасаған тұлғаның қылмыстық жауаптылықтан босатылуы немесе босатылуға тиістілігі.