А0 – орман төсеніші 2-4 см, қара қоңыр түсті, топырақпен аралас
А1 – қалыңдығы 20-25 см, түсі қара сұр өсімдік тамырлары көп таралған
А2 – қалыңдығы 20 см-дей, сұр немесе қоңыр сұр түсті, аздаған күлгін тартады
В – қоңырлау түсті, нығыздалған иллювиалды қабат, қалыңдығы 90-130 см-ге жетеді.
С – ақшыл қоңыр, В горизонтынан тілім-тілім болып кейбір жолақшалар түседі. (А0-үстіңгі төсеніш қабат, А-шым қабат, А1-шірінді-қорлы қабат, А2-элювиалдық қабат, В-илювиалдық қабат, С-аналық жыныстық қабат және Д-астыңғы төсеніш қабаты.)
ТМД елдедеріндегі суббореалдық белдеудің жылылау әрі ылғалы молырақ мұхит секторларына жақын орналасқан Батыс Еуропа мен Қиыр Шығыстың кең жапырақты ормандары түбінде орманның құба (бурые) топырақтары түзіледі. Батыста бұл Карпат тауларының етектері,Калининград облысының жерлерін, Беларусь пен Литва мемлекеттерінің батыс бөліктерін, шығыста теңіз жағалау өлкесінің таулары арасындағы ойпаттарын, Хабаров өлкесінің және Амур облысының оңтүстіктерін қамтиды. Бұл топырақтардың жалпы көлемі 20 млн гектардай жерді алып жатыр. Ал таулы топырақтар Кавказда, Қырымда, Карпат пен Сихот-Алин тау белдеулерінде орын алған.
Бұл зонаның топырақтарында қоректік заттар мол, физикалық қасиеттері қолайлы, құнарлы келеді. Орманның сұр топырағының құрамындағы қара шіріндінің мөлшері 2-6%, ал шалғынды қара топырақтарда қара шірік 10%.
Бұл зонада егістік жақсы игерілген. Игерілу жөнінде қара топырақты зонадан кейінгі орынды алады. Зонаның көп жерін орман алып жатыр. Зонаның негізгі жерлері Ресей мен Украинаға тиесілі. Қазақстанның ең шеткі терістігінде бұл зонаның бір азғантай бөлігі кездеседі.
Тапсырма сұрақтары
Суббореалды белдеу туралы жалпы сипаттама
Суббореалды белдеу топырақтың таралу аумағын картадан ажырата білу
Әдебиеттер:
1. Жамалбеков Е., Білдебаева Р. Топырақтану және топырақ географиясы мен экологиясы. – А., Қазақ университеті, 2010.
2. Елішев Р., Смағұлов Т., Балғабаев Ә. Агрохимия және тыңайтқыш қолдану жүйесі. - А., 2007 .
3. М. Құлдыбаев. Ауыл шаруашылығы микробиологиясы. – А., Білім, 2004.
4. Елешев Р.Е. Фосфорные удобрение и урожай. - А., 2004.
5. Жамалбеков Е., Білдебаева Р. Жалпы топырақтану және топырақ географиясы. - А., 2007.
6. Т.Т.Тазабеков. Жалпы топырақтану. – А., 1998.
WEB сайттар
meganovosti.net
www.ria.ru
Лекция № 21Шалғынды даланың қара топырағы
1. Топырақтың таралу аумағы.
2.Топырақтың түрі мен құрамы.
Полтава губерниясының егіншілеріне қара топырақ туралы дәріс оқыған В.В. Докучаев «Қара топырақ Ресейдің негізгі байлығы, ол Ресей халқын өмір бойы асырап келеді және бұдан да былай асырай береді, қара топырақ – топырақ патшасы»- деген.
Қара топырақты зона орманды-даланың оңтүстігін қамтып, батыстағы Молдавиядан, Украина, Ресей мен Қазақстан арқылы Сібірге шейін созылып жатыр. Дегенмен Сібір жақта қара топырақты зона тұтасып біркелкі жатпай таулы алқаптар арасындағы жазықтарда ойдым-ойдым аралдар іспеттес орналасады.
Қара топырақты аймақ жазық келеді, оның ауа райы да жайлы. Бұл жерлердің жазы жылы, қысы суық. Түсетін ылғалдың мөлшері жылына 350-600 мм, жылдың барлық мерзімдерінде біркелкі түседі. Жалпы топырақтардың ылғалдану коэфициенті – 0,6-1,0, яғни ылғалдану мен жерден булану шамамен тепе-тең.
Топырақ түзуші жыныстар негізінен лесс тектес майда ұнтақталған жыныстар.
Қара топырақты аймақтың көлемі орманды далалы зонаның ішіндегі қара топырақтарды қосқанда 191 млн гектар немесе ТМД территориясының 9% жуық.
Бұл зонада негізінен даланың дәнді шөбі, бұршақ тұқымдастар, жусан тағы да басқа шөпті өсімдіктер тұтасып қалың болып өседі. Бұл шөптердің тамырлары жер бетіндегі вегетативтік органдарынан көп артық. Аймақты жел жақсы қағады, күннің көзі де жақсы жылытады. Жазда жаңбыр азырақ түсіп, өсімдік қалдықтары мен жапырақтар баяу ыдырап, шіриді. Сондықтан топырақтың бағалы бөлігі – қара шіріндісі мол жиналады. Топырақ түсінің қара болатыны да осыдан. Қара шірінді топырақ бөлшектерін біріктіріп, жақсы құрылым құрайды. Топырақ реакциясы бейтарап, топырақтың сіңіру-алмастыру кешені сіңірілген кальций катионына бай, жақсы қаныққан.
Қара топырақ негізгі үш қабаттан тұрады:
А - қара шіріндісі мол қабат
В - өтпелі қабат
С - топырақ түзуші аналық жыныс
А – қара шірінді қабаттың қалыңдығы 20-60 см жетеді, түсі қара немесе қара қоңыр, оңтүстік шеттерінде қоңыр түсті.
В - өтпелі қабаттың қалыңдығы 40-80 см-дей, түсі сұр-қоңыр, жоғары қара шірінді қабаттан тілдей болып созылып қара шірінділер мұнда да жылжиды.
С – топырақ түзуші аналық жыныс, әдетте лесс типтес, карбонатты, майда ұнтақталған, негізінен шаңды жыныстардан тұрады.
Қара топырақтар қара шіріндіге бай. Оның мөлшері 4%-дан 10-12%-ға жетеді. Қара шіріндінің мөлшеріне қарай қара топырақтар үш зонашаға бөлінеді:
а) қара шіріндісі мол немесе терістік қара топырақ;
б) қара шіріндісі орташа немесе кәдімгі қара топырақ;
в) қара шіріндісі аз немесе оңтүстік қара топырағы.
Қара топырақта өсімдіктерге қажетті қоректік заттар мол. Жауын-шашын көп жаумағандықтан және ауа-райының жылылығынан қоректік заттар жуылып-шайылмай топырақ қабаттарына, өсімдік тамырларына жақын жерлерге шоғырланады.
Қара топырақ химиялық құрамы жағынан да бай. Сондықтан құнарлылығымен көзге түседі. Бұл зонаның 70-75%-ға жуығы жыртылған жерлер. Мұнда ауыл шаруашылығының барлық дақылдары: бидай, картоп, жүгері, көкөністер, қант қызылшасы т.б. жақсы өседі. Бұл топырақтар табиғи жағдайдың өзінде де жақсы өнім береді. Ал қосымша тыңайтқыштар ендіріп, қар тоқтатып, тағы басқа ылғалдандыру, мелиорация шараларын қолданғанда өнім мөлшерін одан да мол арттыруға болады.
Әдебиеттер:
1. Жамалбеков Е., Білдебаева Р. Топырақтану және топырақ географиясы мен экологиясы. – А., Қазақ университеті, 2010.
2. Елішев Р., Смағұлов Т., Балғабаев Ә. Агрохимия және тыңайтқыш қолдану жүйесі. - А., 2007 .
3. М. Құлдыбаев. Ауыл шаруашылығы микробиологиясы. – А., Білім, 2004.
4. Елешев Р.Е. Фосфорные удобрение и урожай. - А., 2004.
5. Жамалбеков Е., Білдебаева Р. Жалпы топырақтану және топырақ географиясы. - А., 2007.
6. Т.Т.Тазабеков. Жалпы топырақтану. – А., 1998.
WEB сайттар
meganovosti.net
www.ria.ru
Лекция № 22 Құрғақ дала мен жартылай шөл (шөлейт) даланың топырағы
1. Топырақтың таралу аумағы.
2.Топырақтың түрі мен құрамы.
Қара топырақты шалғынды-дала зонасының оңтүстігіне қарай ауа райы құрғақтай бастайды. Бұл алқаптардың ауа райы жылы. Ауадан түсетін ылғалдан булану мөлшері де мол. Ылғал мөлшері жылына 200-300 мм-дей. Осыған орай өсетін өсімдіктер де өзгереді. Қалың өсетін бозды-бетегелі даланың орнын сирегірек өсетін бетегелі-жусанды құрғақ дала басады. Осының әсерінен өсімдіктердің топыраққа түсетін қалдықтары да азайып, қара шірінді мөлшері кемиді, қара топырақтың түсі қара қоңырға өзгереді.
Құрғақ даланың зоналық топырағы – қара-қоңыр. Жалпы көлемі 107 млн гектар, яғни ТМД елдерінің 4,8% алып жатыр. Негізгі көлемі Қазақстан территориясында. Қара шірінді мөлшері бұл топырақтарда 2% - 4% арасында. Қара қоңыр топырақтың морфологиялық құрылысы төмендегідей:
А - 0-20см, қара қоңыр түсті, нығыздалған, 35-45см-ден әк кездеседі.
ВС – 50см-ден төмен ашық ақшыл, көптеген әк қосылыстары бар.
С - 100-120см-ден гипстелген аналық тау жынысы қабаттары кездеседі.
Бұл зонаның өзі де терістіктен оңтүстікке қарай жылжыған сайын бірнеше зонашаға бөлінеді. Зонаның ең солтүстік бөлігінде күңгірт қара-қоңыр топырақтар кездеседі. Ең терістіктегі зонаша құрғақтау дала саналса, ортасындағы зонаша – нағыз құрғақ дала, ал зонаның оңтүстік шеткі бөлігі жартылай шөл (шөл дала) зонашасының үлесіне тиеді. Бұл топырақтарды пайдалануда Қазақстан мысалында қарастырамыз.
Бұл зонаның көлемі үлкен емес, бұрынғы КСРО территориясының 3-4% дейін алып жатыр, оның басым көпшілігі Қазақстан жерінде. Зона топырақтарының біршама бөлігі Каспийдің терістік батыс аймақтарында, терістік Кавказ, Астрахань, Волгоград, Сарытау облыстарының территориясында орын алған. Зонаның аз ғана бөлігі Азов теңізі мен Қара теңіз аралығын қамтиды. Ал кең байтақ Сібір аймағында бұл топырақтар үлесіне тау аралықтарындағы кішігірім жазық аралдар кіреді.
Ауа райының құрғақтығынан зонаның басым бөлігін жайылым алып жатыр. Зонада сортаң және сорланған топырақтар мол. Дегенмен күңгірт қара қоңыр, жай қара қоңыр топырақтар зонашаларының кейбір аймақтарында жыртылған жер көлемі бұл зонашалардың 20-30%-ға жуық. Ал ашық қара-қоңыр топырақты зонашада егістен өнімді суармайынша алу мүмкін емес, ал суару үшін су көздері жоқ.
Әдебиеттер:
1. Жамалбеков Е., Білдебаева Р. Топырақтану және топырақ географиясы мен экологиясы. – А., Қазақ университеті, 2010.
2. Елішев Р., Смағұлов Т., Балғабаев Ә. Агрохимия және тыңайтқыш қолдану жүйесі. - А., 2007 .
3. Жамалбеков Е., Білдебаева Р. Жалпы топырақтану және топырақ географиясы. - А., 2007.
4. Т.Т.Тазабеков. Жалпы топырақтану. – А., 1998.
WEB сайттар
meganovosti.net
www.ria.ru
Лекция № 23 Терістік суық шөлді зонаның топырақтары
1. Топырақтың таралу аумағы.
2.Топырақтың түрі мен құрамы.
ТМД елдерінің оңтүстігінде түсетін ылғал мөлшері өте аз, сондықтан да мұнда биологиялық тіршілігі шамалы дамыған шөлді зона кездеседі. «Шөл» деген сөз орысша «пустыня» деп аударылады. Бұл топырақ тәржіме біздіңше дұрыс емес. Себебі ол сөздің мағынасын дұрыс бермейді. Шындығында, шөл деген ылғалсыз, шөлдеп тұр деген мағана, ал пустыня – бос жер, ешнәрсе жоқ деген түсінік. Байқап қарасақ, шөл бос жер емес, онда өзінше тіршілік бар. Ал егерде сол шөлдеп тұрған жерді суға қандырса, ол аймақтарда тіршілік жалпы жайнап кетер еді.
Шөл мен шөлдердің айырмашылығы мол. Біздердегі шөлдердің басым бөлігі терістік суық шөлдерге жатады. Бұл жердің жазы ыстық, қысы суық. Экваторға жақындаған сайын қыссыз, ыстық шөлдер басым. ТМД елдерінде мұндай жерлер тек Түркменияда ғана орын алған.
Шөлді зона ТМД елдерінің барлық жер көлемінің 9-10% жуығын алып жатыр, көлемі 220 млн гектардан асады, оның басым көпшілігі Қазақстан мен Орта Азия республикаларында, шамалы бөлігі Каспий жағалауының терістік батысындағы Астрахань облысының территорияларында.
Бұл зонаға күн сәулесі мол түседі, вегетациялық уақыт ұзақ, қоректік минералдық заттар жеткілікті, ал жеткіліксізі – тек ылғал мен органикалық заттар. Ауадан түсетін ылғалдың жылдық мөлшері 80-120 мм, ал жерден булану мүмкіндігі будан 10-15 есе артық. Бұл өсімдіктердің қалыпты өсуіне жеткіліксіз. Мұнда шөлге бейімделген кейбір сирек өсетін бұталар, сор шөптер шығады, ал кейбір жерлерде ол да жоқ.
Топырағында қара шірінді өте аз (0,5-1,5%) болғандықтан, оның түсі ақшыл, бозғылт болып келеді. Зонаның терістік бөлігінде негізінен жусанды шөптер өсіп, онда құба (бурые) топырақ, ал зонаның оңтүстік бөлігінде жусанды-соршөптер басым, мұнда сұр құба топырақ түзілген. Ескеретін жай, бұрынғы Одақ кезіндегі Мәскеуден шығатын барлық топырақтану картографиялық материалдар мен оқулықтарда шөл зонаның терістік бөлігі, яғни құба топырақтар орын алған алқаптар жартылай шөл зонасына жатқызылған. Қазақстан ғалымдары өздерінің көпжылдық зерттеулерінің нәтижесінде зонаның терістік бөлігін де шөл зонасына жатқызады.
Бұл аймақтағы топырақтарда сулану аз, булану көп болғандықтан, топырақ құрамында карбонаттар, гипстер, суға тез еритін басқа да тұздар мол. Морфологиялық пішіні жөнді дамымаған. А қабатының қалыңдығы - 15-20 см, ал беткі топырақ қабыршығы 0,5 (7) см, ал оның асты бозғылт-құба түсті, механикалық құрамы ауырлау, көп жағдайларда сортаңдау B қабаты (15-20-30-40см ) орналасады. Карбонаттар топырақ бетінен, ал гипстер В, ВС қабаттарынан кездеседі (ВС - 40- 50см, С - 50-70см). Суарып, тыңайтқыштар енгізген кезде суға қанған егістіктер күннің ыстығын, үсіксіз уақыттың ұзақтығын пайдаланып жақсы өнімдер береді. Бұл аймақтарда екі ландшафт, шөл мен оазис алма-кезек кезектесіп отыратыны осыдан.
Орта Азия, Қазақстан республикаларының оазистерінде ТМД елдерінің негізгі бағалы дақылдары – мақта, бау-бақша, жүзімдер, көкөністер, қант қызылшасы, темекі, күріш т.б. дақылдар егіледі. Шөлдің көп жерлері жайылымды жерлер. Бұл аймақтарда өсуге жайылымдық сор шөптер бейімделген. Мұнда түйе, қой шаруашылығы, әсіресе қаракөл тұқымын өсіру жақсы өріс алған. Бұл зонада тақыр мен құм басып жатқан жерлер де жеткілікті. Бұл зонаның жерін пайдалану жөнінде төменде толығырақ айтылады.
Әдебиеттер:
Әдебиеттер:
1. Жамалбеков Е., Білдебаева Р. Топырақтану және топырақ географиясы мен экологиясы. – А., Қазақ университеті, 2010.
2. Елішев Р., Смағұлов Т., Балғабаев Ә. Агрохимия және тыңайтқыш қолдану жүйесі. - А., 2007 .
3. Жамалбеков Е., Білдебаева Р. Жалпы топырақтану және топырақ географиясы. - А., 2007.
4. Т.Т.Тазабеков. Жалпы топырақтану. – А., 1998.
WEB сайттар
meganovosti.net
www.ria.ru
Лекция № 24 Субтропикалық белдеу
1. Топырақтың таралу аумағы.
2.Топырақтың түрі мен құрамы.
Бұл топырақтар ТМД елдеріндегі негізінен Орта Азия республикалары мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының тау етектері мен тау баурайларында орын алған. Бұл топырақтардың аздаған көлемі Әзербайжан республикасындағы таулар аралығы мен етектеріндегі Кура-Аракс ойпатында кездеседі.
Субтропикалық белдеуге жатқызылу себебі бұл топырақтар зонасында жазы ыссы әрі ұзақ болумен қатар қысы да суық емес. Тіпті Орта Азия мен Әзербайжанда қыстың өзі жылы. Зонаның көлемі 32 млн гектар, яғни ТМД елдерінің 1,5%. Бұл зонаның терістікке қарай орналасқан шөл зонасының ерекшелігі ерте көктемде ылғалдың мол түсуі. Сондықтан ылғалдың басым мөлшері ауаға буланбай жерге жақсы сіңеді.
Топырақ көбіне таулы алқаптарда орын алатындықтан, табиғаттың, оның ішінде топырақтың биіктік белдеуінің (зонасының) ең төменгі сатысы болып табылады. Сонымен бұл топырақтар Әзербайжандағы Кавказ тауларының, Түркмениядағы Копетдаг, оның оңтүстігіндегі Ауғаныстан тауларының етектеріне, өзбекстандағы Зеравшан, Түркістан, шатқал жоталары мен Оңтүстік Қазақстандағы Қаратау, Қырғыз жоталары мен Талас Алатауы мен Күнгей, Іле Алатауларының тауалды жазықтарына орналасқан. Жазық аймақтағы шөл-дала зонасына, яғни ондағы түзілген ашық қара-қоңыр топырақтармен салыстырғанда, бұл белдеу (зона) тау етегінде жатқандықтан, оған көбіне таудың көп әсері тиеді.
Мұнда түсетін ылғал мөлшері 200-400 мм, яғни жазықтағы зонадан гөрі біршама мол. Оның үстіне ылғалдың жыл бойы ауадан түсу мерзімі әр қилы. Терістік жазықта жыл бойы ауадан түсетін ылғал біркелкі немесе жазда басымдау болса, мұнда ылғалдың басым мөлшері ерте көктемде түседі. Бұл зонаның тағы бір ерекшелігі – тау етектерінде жатқандықтан, ылдиға қарай біраз еңісті келеді. Бұл жерасты ағысын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сондықтан бұл зонада батпақты топырақтардың түзілуіне, жерасты ыза суының жер бетіне жақындайтындай мүмкіндігі жоқ. Тағы да ескеретін жағдай, сұр топырақтар негізінен тау етектеріне алыс аймақтардан желмен ұшып келіп қонған лесс (сары топырақты) жыныстарында түзіледі. Ол жыныстар, борпылдақ шаңды және карбонатты келеді.
Сұр топырақтардың құрамын алғаш зерттеп, оған осы терминді қолданған орыстың дарынды топырақ зерттеушісі С.С.Неуструев (1910). Ол 1908-1914 жылдары патшалық Ресейдің халықты жаңа жерлерге қоныстандыру басқармасында қызмет істеп жүрген кездерінде Шымкент қаласының топырақ төңірегінде осы топырақ типін анықтаған.
Орта Азияның сұр топырақтарын жан-жақты терең зертеген профессор А.Н.Розанов (1951).
Табиғи жағдайда ерте көктемгі ылғалды жақсы пайдалануға бейім, тез пісіп жетілетін өсімдіктер (эфемерлер) қалың бітік өседі. Топырақтағы гумус мөлшері 1,5-3,0% шейін болады. Әдетте сұр топырақтар типі, үш зонашаға бөлінеді: күңгірт, кәдімгі және ашық сұр топырақтар. Неғұрлым тауға жақынырақ болған сайын онда жауын-шашын да молырақ түсіп, өсімдіктер қалыңырақ өседі, бұл зонашада күңгірт сұр топырақтар түзілуін қамтамасыз етеді.
Таудан алыстған сайын жауын-шашын мөлшері кеміп, оның шөл зонасына өту шекарасындағы зонашада ашық сұр топырақтар түзіледі. Ескеретін жай, барлық тау етектерінде осы айтылған топырақ зонашалары түгел кездесіп, бірін-бірі ауыстыра бермейді. Кейбір зонашалар аймақтың табиғи жағдайларына, ең бастысы таулардың көлемі мен биіктеріне т.б. байланысты түсіп қалады.
Сұр топырақтар жер беті және жерасты ағындарымен жақсы қамтамасыз етілгендіктен, олардың құрамында зиянды тез ерігіш тұздар болмайды.
Әдетте сұр топырақтар пішіні төмендегідей:
А 0-15-20см шымды-қара шірінді қабат. Көктемгі жауын әжептәуір мол болғандықтан, эфемер шөптер қалың өсіп, топырақ бетінде 0-5-7см шымды қабат түзеді. Қабат биігірек жатса, күңгірт сұр, ал таудың ең алысырақ шетінде орналасса, ашық сұр түсті келеді. Механикалық құрамы шаңды-сазды. Құрылымы бос. Шөптері жақсы тамырланған.
В 20-60см иллювиалды - карбонатты, түсі ашық сұр, көбіне карбонатты қосылыстар кездеседі, құрылымы бос. Механикалық құрамы шаңды-сазды. өсімдіктері шамалы тамырланған.
ВС 60-80см сары түсті, шаңды-сазды. Құрылымы бос, карбонаттармен қатар гипс те кездеседі.
Табиғи күйінде сұр топырақтардың тауға жақын орналасқан, күңгірт сұр топырақтары көктемгі жауынды дер кезінде пайдаланса, пісіп үлгіре алатын күздік егілген астықты дақылдар арпа - бидай үшін тиімді. Ал одан төменгі зонашаларда егістіктерден жақсы өнім алу үшін оларды қолдан суармайынша болмайды. Суармалы жағдайда бұл зонада Орта Азия мақтасы, жүзім, қант қызылшасы, бау-бақша, көкөніс, астықты дақылдар т.б. жақсы өнімдер береді.
Әдебиеттер:
1. Жамалбеков Е., Білдебаева Р. Топырақтану және топырақ географиясы мен экологиясы. – А., Қазақ университеті, 2000.
2. Р.Елішев., Т.Смағұлов., Ә.Балғабаев. Агрохимия және тыңайтқыш қолдану жүйесі. - А., 2000 .
3. М. Құлдыбаев. Ауыл шаруашылығы микробиологиясы. – А., Білім, 1994.
4. Елешев Р.Е. Фосфорные удобрение и урожай. - А., 1984.
5. Е.Жамалбеков, Р.Білдебаева. Жалпы топырақтану және топырақ географиясы. - А., 1997.
6. Т.Т.Тазабеков. Жалпы топырақтану. – А., 1998.
Лекция № 25 Ауыспалы ылғалды құрғақ шөпті орманды және субтропикалық топырақ
1. Топырақтың таралу аумағы.
2.Топырақтың түрі мен құрамы.
Бұл алқаптардың зоналық топырақтары қоңыр және сұр-қоңыр түсті. ТМД елдерінде бұл топырақтар негізінен таулы аудандардың құрғақ шөпті-орманды және сирек орманды жерлерінде кездеседі. Басқаша айтқанда, бұл зона жоғарғы сипатталған тау етегіндегі сұр топырақтардан биігірек жатқан биіктік зонаның екінші-үшінші белдеулері болып табылады. Мұның көлемі бұрынғы КСРО-да не бары 2,3-2,5 млн гектар ғана. Бұл зонаға негізінен Жерорта теңізі аймағына тән климат, яғни ылғалды, жылы қыс, құрғақ, жазы ыстық, ал қар жамылғысы өте аз немесе тіпті жоқ. Сонымен қысы мен жазының гидротермикалық режимдері әрқалай. Қысы ылғалды, әрі жылы мерзімде алғашқы минералдар белсенді түрде үгіліп, балшықты гидрослюдалы монтмориллонитті-илитті құрамды екінші минералдар түзіледі. Топырақ қабатындағы үгілген жылжымалы материалдар топырақтың беткі қабатынан төмен жылжиды. Тез ерігіш тұздар (хлорлы, сульфат қосындылары) топырақ қабатынан жалпы шайылып кетіп, аз еритін кальций карбонаттары 30-50см және одан төмен тереңдікте шоғырланып, карбонатты жиынтық түзеді.
ТМД елдерінде бұл топырақтар Батыс Тянь-Шань мен Памир-Алтайда (Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия республикаларында), Копетдаг пен Кавказда, Түркмения, Армения, Шығыс Грузия мен Әзербайжан, Дағыстан республикаларында орын алған.
Қысқы, көктемгі мол ылғалдан кейін мұнда тек қалың шөпті өсімдіктер ғана емес сирек бұталы ағаштар да өседі. Жаздың құрғақ, аптап ыстығы кезінде шөп өсімдіктері құрғап, олардың қалдықтарының ыдырауы бәсеңдейді де топырақта қара шіріндінің мөлшері едәуір сақталады. Биігірек белдеуде орналасқан қоңыр топырақтарда қара шірінді мөлшері 4-7%, одан төменірек белдеуде орналасқан сұр-қоңыр топырақтарда оның көлемі 2,5-4% жетеді. Қарашіріндіде гумин қышқылы басым. ‡гілу кезінде босаған темір тотықтары топыраққа қызыл қоңыр түс береді, бұл топырақтың ең мол балшықтанған қабатында айқын көрінеді.
Жалпы қоңыр (қызыл қоңыр) топырақтардың морфологиялық пішіні төмендегідей:
А 0-35 (50)см қара шірінді қабаты, түсі қоңыр, кесекті-капролитті құрылым, төмендеген сайын кесекті-жаңғақты құрылымға ауысады, механикалық құрамы төмендеген сайын ауырлана бастайды.
В1 - 40-80см қатты балшықтанған, кальцийге қаныққан, түсі ашық қоңыр немесе тіпті қызыл қоңыр, құрылымы кесекті-жаңғақты. Балшықтанған, карбонаттар шоғырланған қабатта түсі ашық, қоңыр-құба, тығыз, құрылымы жаңғақты, карбонатты жаңа түзілістердің қосындылары бар.
С - 100-120см сары түсті, механикалық құрамы жеңілденеді, карбонаты да азаяды. Балшықтану процесі сұр қоңыр топырақтарда ылғалдың азаюына байланысты тежеледі. Жалпы қоңыр және сұр қоңыр топырақтар – табиғи күйінде құнарлы топырақтар. Олар тез пісетін, азықтық, әсіресе жемісті дақылдар үшін егіншілікке кең пайдаланылады. Ал жазда құрғақшылықта қосымша суарған жағдайда бұл топырақта егілетін дақылдар өнімі арта түседі. Онда мақта, жүзімдіктер, бау-бақша, темекі, көкеністер т.б. дақылдар өсіп, жақсы өнімдер береді. Тіпті өзбекстанның Бостандық ауданының қоңыр топырақты тау беткейлерінде жабайы жемісті ағаштар, оның ішінде қымбатты жаңғақ ағаштары өсіп, жемістер береді.
Әдебиеттер:
1. Жамалбеков Е., Білдебаева Р. Топырақтану және топырақ географиясы мен экологиясы. – А., Қазақ университеті, 2000.
2. Р.Елішев., Т.Смағұлов., Ә.Балғабаев. Агрохимия және тыңайтқыш қолдану жүйесі. - А., 2000 .
3. М. Құлдыбаев. Ауыл шаруашылығы микробиологиясы. – А., Білім, 1994.
4. Елешев Р.Е. Фосфорные удобрение и урожай. - А., 1984.
5. Е.Жамалбеков, Р.Білдебаева. Жалпы топырақтану және топырақ географиясы. - А., 1997.
6. Т.Т.Тазабеков. Жалпы топырақтану. – А., 1998.
Лекция № 29-30 Қазақстанның жер қоры, оны пайдалану және қорғау
1. Қазақстанның жер қоры
2.Топырақты пайдалану және қорғау
3.Жердің техногендік бұзылуы және өсімдіктер деградациясы
4. Су және жел эрозиясы, сортаңдану, дегумификация.
Қазір ғылыми-техникалық үдеу заманында адам қоғамының барлық тірлігі қимылының нәтижесінде жасалып жатыр деп айталамыз. Мұндай жағдай, әсіресе біздің табиғат қорларын пайдаланудағы көрсетіп жүрген енжарлығымыздан, немқұрайлы қарауымыздан анық байқалады.
Соңғы жалдарға дейін орталық Мәскеу Қазақстан өндірісінің 93 пайызына қожалық етіп, жерімізге, қоршаған ортамызға өте үлкен нұқсан келтірді. Себебі республикамыз Одақтың нұсқауымен негізінен шикізат өндірумен шұғылданып келді, ал шикізат өндіру - өндірістің ең «ылас» саласы. Өктемдігі күшті империя 70 жылдан астам Қазақ жерінің барлық байлықтарының беткі «қаймағын» ғана алып, экологиялық зиянды қоқыстарын қалдырып отырды. Осы байлықтарды барлау, қазып алу, байыту, тасымалдау кезінде жерімізге көптеген – «жарақаттар» түсті. Оның үстіне олардың көбісін ең «арзан» ашық әдіспен қазып алғандықтан, бұл аймақтардың экологиялық жағдайы нашарлады.
Ескеретін жай, республикамызда мұндай қазба байлықтарды алған кезде «таза бұзылған» жерлерден басқа әскери-өндірістік кешендерден бүлінген жерлер қаншама. Олардың басым көпшілік жерлері ядролық қару-жарақтарды сынау, ғарыш кемелерін көкке ұшырған кездерде бұзылып, зақымданып оның ішінде радияцияға шалынып, «ғарыш» қоқыстарымен ластанған. Бұл мәліметтердің көп уақытқа дейін құпия болып келгені мәлім.
Біздің шамалауымызша ол жерлердің кемінде жартысы бүлінген және ыластанған жерлер. Бұл жерлер негізінен Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Семей облыстарында орын алған.
Қазақстандағы дағдарыс аймақтарын айтқан кезде территориясы түгелдей Қазақстанда жатқан Балхаш көлі аймағы, территориясы шамамен жартылай Қазақстанда орналасқан Арал теңізі аймағы, Каспий теңізінің солтүстік-шығысы алқабы. Бұлардың ішіндегі экологиялық апатқа өте қатты ұшырағаны Арал теңізі бассейнінде орналасқан жерлер.
Біз Қазақстан территориясындағы экологиялық апат аймақтары туралы қысқаша шолуымызда республикамыздағы барлық экологиялық мәселелерді қамтыдық деп айта алмаймыз.
Өркениеттің дамуына байланысты ауыл шаруашылыққа қажетті көптеген жерлер басқа мақсаттарға пайдаланылып келеді. Мысалы, олар әртүрлі құрылыстар салуға, жол және электр тораптарын тартуға т.б. мақсаттарға жұмсалуда.
Баршаға мәлім, соңғы жылдары үкіметіміз біздің сарқылмас алтын қорымыз – жерді тиімді пайдалану, оның құнарын арттыру, оны дұрыс пайдаланбаған мекемелерге тиісті шаралар қолдану жөнінде заңдар қабылдады. 1991 жылы республикамыздың жер туралы жаңа заңы қабылданды. Бұл заңдарда айтылғандай, жерді жарақаттаған мекемелер, қазба-байлықтарды алып болған соң, көп ұзамай өз қаражатымен бұзылған жерлерді қайта культивациялап, қалпына келтіруі тиіс. Өкінішке орай, бұл мәселе Қазақстанда әлі де дұрыс қолға алынбай келеді.
Қазақстанда жерді қайта культивациялау бағытында бүкіл республика көлемінде жөнді қолға алынбағанымен, бұл мәселені өз күштерімен қолға алып, шұғылдана бастаған мекемелер бар. Олардың ішінде едәуір жетістікке жеткендердің бірі – Қарағанды көмір өндірушілері. Кейінгі кездерде Қарағанды көміршілері террикондарды құртуда жақсы нәтижелерге жетуде. Көптеген жылдар бойы үйілген тау жыныстары қолдан жасалған ойпатты жерлерді немесе табиғи жағдайда кездесетін сай-саланы тегістеуге, жол құрылыстарында, жол деңгейлерін биіктетуге төселініп, пайдаға асуда. Тау жынысынан босап, тазаланған және қолдан тегістелген жерлерге топырақ қабаттары төгіліп, көк шөптер, гүлдер, ағаштар отырығызылып, ауа тазарып, қаланың сәні жақсаруда. Жүзден астам террикондардың жартысына жуығы қазірдің өзінде жойылды.
Министрлік жанында жерді қайта культивациялау жөнінде тәжірибе-әдістеме бөлімі біраз жылдан бері жемісті жұмыс істеген еді. Бұл бөлімнің жерді қайта культивациялау жөнінде алғаш жасаған жобалары жүзеге асты. Мәселен, Шымкент цемент зауыты бүлдірген, көлемі 30 га топырақ карьері қайта жақсартылып, бұрынғы иесі Сайрам ауданына қайтарып берілді.
Бүлінген жерлер Қазақстанның оңтүстік немесе шығыс облыстарында ғана емес, басқа да облыстарда баршылық. Жерді «жарақаттайтын» тек құрылыс материалдарын өндіретін және түсті металл министрліктері мен Қарағанды көміршілері ғана емес, ондайлар көптеп кездеседі. Ең бастысы Үкіметіміздің жер туралы арнайы қаулылары мен заңдарын бұлжытпай орындауға келіп тіреледі.
Облыстың топырақ жамылғысы табиғаттың зоналық заңына сәйкес таралатындықтан аумағында биік таулы салқын альпілік топырақтардан бастап тау бөктерлеріндегі әртүрлі қоңыр және сұр топырақтарға жалғасып, солтүстік және солтүстік-батыс аймақтарындағы жазықтардағы сұр құба, ескі алювиалды ойыс жазықтарды тақыр және тақыр түстес топырақтар мен ірі құмды алаптар алып жатыр. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ө.Оспанов атындағы Топырақтану институтының көпжылдық ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде облыс аумағында 130-ға жуық топырақ түрлері мен олардың комбинациялары кездесетіндігі анықталды. Жалпы облыс жерінің топырағы екі топқа бөлінеді: 1. Тау топырақтары. 2. Тау аралығындағы аңғарлардың, тау бөктеріндегі, т.б. биік және ойысты жазықтардың топырақтары.
Таулы аймақтар облыстың біраз жерін алып жатыр. Осы таулы аймақтың бір ерекшелігі биіктігі мұхит деңгейінен 4000 метрге жақындайтындықтан топырақ климаттық зоналардың таралуында биік белдеулік зоналық заңы орын алады, яғни тау биіктеген сайын ылғал көбейіп, ауа райы суыта түседі. Міне осыған байланысты таудың төменгі етегіндегі шөлді-дала белдеуінен ( теңіз деңгейінен 250-300 метр.) таудың биік 3500-4000 метр деңгейіне дейін бірнеше таудың белдеулік белдемдері кездеседі, олардың топырақ, өсімдік жамылғылары да, жануарлар дүниесіде әр алуан болып келеді. Былайша айтқанда, табиғаттың көлденең белдемдік заңы байқалатын сонау солтүстік тундрадан оңтүстіктегі шөл зоналарына дейін мыңдаған шақырым қажет болса, облыс аумағындағы Батыс Тянь-Шань тау етегінен биік шыңдарына дейінгі 3-4 шақырым қашықтықтағы биіктікте көпшілік белдемдердің кездесуі ғажап дүние, табиғаттың осындай ерекшелігін түсіне білген ғалым, Орта Азия университетінің профессоры А.Л.Бродский 1920 жылдардың басында осы аймақта Мемлекеттік қорық ұйымдастыру мәселесін алға қойған. Бұл ұсыныс сол кезде Мәскеуде Орталық органдарда қызметке араласа бастаған Т.Рысқұловтан қолдау тауып, 1926 жылы Қазақстанда алғаш Ақсу – Жабағылы қорығы ұйымдастырылды. Сонымен осы таулы белдеуде таудың шалғынды далалы альпілік, субальпілік, таулы-далалық альпілік, таулы-альпілік, таулы-шалғынды гидроморфты субальпілік топырақтары кездеседі. Бұл топырақтар 132 мың гектарды, яғни облыс жерінің 1,1 пайызын алып жатыр. Орта таулы аумақтарда таулы-орманды, таулы-бұталы белдеулерде күңгірт-қоңыр, таудың ашық-қоңыр, сұр қоңыр топырақтары 570 гектар, облыс жерінің 4,7 пайызы болады. Ал аласа таулар мен оларға жалғас етектерінде таудың сұр топырақтары түзілген. Олардың көлемі 186,8 мың гектар, облыс жерінің 1,7 пайызы. Сонымен жалпы таулы аймақтағы топырақтар көлемі 894,8 мың гектар жерді алып жатыр, ол облыс жерінің 7,5 пайызы болып табылады.
Таулы аймақтарға қарағанда бұл топырақтардың түрлері мол. Бұл топтағы топырақтар ішінде осы аймақтарға тән зоналық топырақтар кездеседі. Тау етектерінің биіктеу жазықтарының қара қоңыр, қоңыр және сұр қоңыр топырақтарының көлемі 78,4 мың гектар, облыс жерінің 6,6 пайызы. Тау етектерінің орталық бөлігіндегі жазықтарының оңтүстік және солтүстік сұр топырақтарының көлемі 1021,4 мың гектар, облыс жерінің 8,4 пайызы. Тау етегіндегі төменгі жазықтардың оңтүстік және солтүстік ашық сұр топырақтары, көне алювиалды жазықтар мен биік өзендер террасаларының шалғынды-сұр топырақтары, биік шөл жазықтарының сұр құба топырақтары 2390,7 мың гектар, облыс аумағының 19,5 пайызы, оның ішінде біршама ойпатты жерлерде тақырлар мен тақыр түстес топырақтар және шалғынды, шалғынды-батпақты топырақтар кездеседі. Біраз жерлерді белдем аралық топырақтар алып жатыр. Оның ішіндегі сұр топырақ белдемдегі сортаң топырақтар көлемі 193,4 мың гектар, облыс жерінің 1,6 пайызы: шөл зонасындағы сортаң топырақтар, көлемі 539 мың гектар, облыс жерінің 4,5 пайыз, ал екі белдемдегі сортаң топырақтар көлемі 457,3 мың гектар, облыс жерінің 3,8 пайызы. Өзен бойларының топырақтары 300,9 мың гектар, облыс жерінің 2,7 пайызы, сұр топырақтар белдеміндегі құмды топырақтар 1047,1 мың гектар, оьлыс жерінің 9,5 пайыз болса, шөл белдеміндегі құмды топырақты жерлер 2486,1 мың гектар, облыс жерінің 20,6 пайызын алып жатыр.
Сонымен жалпы екінші топтағы, яғни облыстың жазық аумақтарындағы топырақтар көлемі 11108,7 мың гектар жерді қамтып, облыс жерінің 91,5 пайызын алып жатыр. Облыстың біршама жерлерін топырақ емес құрылымдар: биік талардағы мәңгі қарлар мен тұздар, қатты тау жыныстары, көлдер мен өзендер алып жатыр. Олардың жалпы көлемі 150 мың гектардай – 1,2 пайыз. Ал бұл топырақтар орналасу жағдайларына, табиғи ылғалмен қамтамасыз етілуіне немесе қолдан суару мүмкіншілігіне қарай ауыл шаруашылығының салаларына пайдаланады. Мысалы таудың биік альпілік, субальпілік белдеулері малдың жазғы жайлауы болса, орта және аласа таулы белдеулерде жер бедерлерінің ыңғайына қарай жайылым, шабындық, жеміс ағаштар, тағы басқа дақылдар өсіруге болады. Ал аласа таулы аумақтардың етектерінде ылғал жеткілікті болғандықтан бұл белдеулер тәлімі егістерге пайдаланылады. Таулардың төменгі етектеріндегі жазықтарда ылғал жеткіліксіз, негізінен суармалы егістіктер үшін ыңғайлы. Бұл аймақтарда су көздері жеткілікті болған жағдайларда мақта дақылы, бау-бақша жемістері, көкөніс, мал азықтық шөптер, т.б. өсіріледі. Ал өзен бойларындағы көне алювиалды шөл белдеміндегі жазықтарда аталған дақылдарға қоса күріш егіледі. Жалпы облыс көлеміндегі жартылай шөл, шөлді алқаптар негізінен жайылым ретінде пайдаланылады.
Топырақтың су эрозиясы деп – аққан су күшімен топырақтың жоғарғы құнарлы қабаты, кейбір кезде тіпті төменгі қабатының жуылып – шайылып, жыралар мен сай – салалардың пайда болуы сияқты табиғи құбылыстарды айтады.
Топырақтың су эрозиясы суармалы егіншілік дамыған Қазақстанның оңтүстік облыстарының тау баурайларындағы аймақтарында орын алған. Оған бұл жерлердің тым еңістігі, топырақ бетінің және оның төменгі қабаттарының эрозиясына өте берілгіш ұнтақ жыныстардан құралуы септігін тигізеді. Су эрозиясының негізінен екі түрі болады: топырақ бетінің шайылуы және жыралық эрозия болып табылады. Су эрозиясымен күресудің үш түрлі жолы бар:
1. Агротехникалық шаралар: егісі мол баурайларды су ағысының бағытына көлденең жырту. Топырақты қайырмасыз жырту, қыста қар тоқтатып, көктемде судың ағыс екпінін кеміту үшін егілген егістіктердің пая – сабақтарын қалдыру, топырақ құрылымын жақсарту .т.б.
2. Орманды мелиоративтік шаралар: жыралар мен сайлар жағалауына, өзендер айналасына, суару жүйелерінің бойына міндетті түрде ағаштар, бұталар отырғызу.
3. Гидротехникалық шаралар: жыраларды бекітетін инженерлік құрылыстар салу, ирригациялық эрозия болмас үшін арықтар мен каналдардың табаны мен ішкі қаптарын су өткізбейтін заттармен қаптау.
Әдебиеттер:
1. Жамалбеков Е., Білдебаева Р. Топырақтану және топырақ географиясы мен экологиясы. – А., Қазақ университеті, 2000.
2. Р.Елішев., Т.Смағұлов., Ә.Балғабаев. Агрохимия және тыңайтқыш қолдану жүйесі. - А., 2000 .
3. М. Құлдыбаев. Ауыл шаруашылығы микробиологиясы. – А., Білім, 1994.
4. Елешев Р.Е. Фосфорные удобрение и урожай. - А., 1984.
5. Е.Жамалбеков, Р.Білдебаева. Жалпы топырақтану және топырақ географиясы. - А., 1997.
6. Т.Т.Тазабеков. Жалпы топырақтану. – А., 1998.
Достарыңызбен бөлісу: |