Үштік жүйкенің невриті. Ауру инфекция әсерінен пайда болады (грипп, безгек). Мұндай невриттің даму себебінде нервтің бас сүйегінен бұлшық еттерге қарай бағытталып шығатын тесіктерде қысылуы үлкен орын алады. Бұл жағдай сүйектегі тесіктің периостит (сүйек тінінің патологиялық өсуі) кезінде, сонымен қатар жарақаттан кейінгі тыртықтардың әсерінен кішіреюі нәтижесінде болады.
Аурудың негізгі симптомдары – көбінесе жүйкенің шығатын жерлерінде орналасатын ұстама түріндегі күйдіргендей ауыру сезімі. Үштік жүйке невралгиясының (жүйкенің ауыруы) ұстамалары кезінде адам өте қатты қиналады. Бетті жуған кезде суық су тигенде ұстамалар қайталанады немесе күшееді. Балалар бұл ауруға сирек шалдығады.
Шонданай жүйкесінің невриті.Ересектерде бұл аурудың көп түрі кездеседі және әртүрлі себептерге байланысты болады. Балаларда көбінесе суық тигізуден кейін пайда болады. Суық тасқа, даладағы суық орындыққа отыру, аяғының жаурауы, суық суға түсу инфекциялық неврит дамуына жағдай жасайды.
Сырқат жеңіл, біртіндеп күшеетін бел. жамбас аймақтарындағы, санның артқы беті мен балтырдағы ауыру сезімімен білінеді. Ауырудың орналасқан жері әртүрлі болады. Шонданай жүйкесінің жоғарғы бөлігі зақымданғанда ауыру көбінесе бел мен жамбаста, ал төменгі бөлігі зақымданғанда аяқтың артқы бетінде, әсіресе балтырда білінеді. Ауыру сезімінен басқа науқастың зақымданған аяғында жамбас және тізе буындарының қозғалысының шектелуі байқалады. Терінің ісінуі, қызаруы, кейде құрғауы анықталады. Аурудың қатты білінетін түрлеріне тән белгі «отыру симптомы» болып табылады. Төсекте жатқан адам тұрайын дегенде оның ауру аяғы тізе буынында едәуір бүгіледі. Тұрып тұрған кезде науқас әдетте зақымданған жүйкенің кернелуін азайту үшін сау жағына қарай иіледі, ал жүрген кезде ақсаңдайды. Неврологиялық жағдайын тексергенде бастапқыда сіңірлік рефлекстерінің жоғарылығы анықталады. Аяқты жоғары көтерейін дегенде жүйкенің тартылуына байланысты қатты ауырады (диагностикалық белгі). Невриттің созылмалы түрінде тізе және ахилл рефлекстерінің жоғалуы, бұлшық еттердің семуі дамиды және сезімталдық төмендейді. Ауру созылып кетсе, балалар ұзақ уақытқа мектептегі оқуынан қалады.