3. Қазақстан халқы Ассамблеясы. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Алматыда өткен Қазақстан халықтарының бірінші форумында ұсынды. Форумда сөйлеген сөзінде Ұлт Көшбасшысы: «Біздің басты байлығымыз – халықтар достығын қазақстандықтардың бірнеше ұрпағы қалыптастырды... Әр халықтың, әр ұлттың үні естіліп тұруы тиіс. Сондықтан, форумды тұрақты негізге ауыстыру мақсатында жаңа қоғамдық институт – Қазақстан халықтарының келісімі және бірлігі Ассамблеясын құру қажет» деген болатын. Дайындық жұмыстар аяқталған соң Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың 1995 жылғы 1наурыздағы Жарлығымен жаңа қоғамдық ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осылай Елбасының бастамасы іске асырылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) Президент төрағалық ететін консультативті-кеңесші орган. Қазіргі таңда Ассамблея Қазақстан Республикасының теңгерімді ұлттық саясаттың күшті тетігіне айналды.
2002 жылы 26 сәуірде ҚР Президенті Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының Стратегиясы бекітілді. Бұл құжатта Ассамблеяның мақсаты мен міндеттері, жұмыс құрылымы мен ұйымдастырылу қызметінің негізгі бағыттары белгіленді. Кейіннен ҚХА-ның қоғамдық-саяси салада қызметін реттейтін басқа да құжаттар қабылданды.
Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамда маңызды қызметтерді атқарады. Біріншіден, ол Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталған. Екіншіден, Ассамблея ұлтаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдеседі. Үшіншіден, бұл қоғамдық институт мемлекеттік тілді және Қазақстан диаспораларының ана тілі мен мәдениетін дамытуға қолдау көрсетеді. Төртіншіден, Ассамблея полиэтникалық Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілі ретіндегі Тұңғыш Президентіне қолдау көрсетеді.
2007 жылы Қазақстан Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Парламент Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. 2008 жылғы ақпан айында ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында «Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты одан әрі нығайту үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін көтеру» нақты міндетін тапсырған болатын.
2008 жылы Елбасы бастамасымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданып, Ассамблеяның құқықтық мәртебесі кеңейтілді.
Қазіргі таңда Ассамблея 23 республикалық және 470-тен артық аймақтық ұлттық-мәдени бірлестіктердің басын қосып, Н.Назарбаев атап көрсеткендей «Достықтың инфрақұрылымына» айналды.
2014 жылы бірқатар жетекші жоғары оқу орындарында «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедралары құрылды. Ассамблея қызметін жоғары деңгейде қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылдан бастап «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі тұрақты және жүйелі түрде жұмыстарын атқарып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Ассамблея тарихы – тұрақтылықтың, татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі».
Ассамблея құрылымында 16 кіші ассамблеялар біріктірілген, олардың ішінде 14 – облыстық және 2 – республикалық маңызы бар қалалардың ассамблеялары.
Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік кіші ассамблеялары ұлттық -мәдени орталықтары мен диаспоралар бірлестіктерінің жұмысын біріктіреді және үйлестіреді. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдері мен облыс әкімдері өңірлік Ассамблея төрағалары қызметін атқарады. 2008 жылы Ассамблея ұлттық-мәдени орталықтары ресми түрде этномәдени қоғамдық бірлестіктер болып қайта тіркелді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы тиеселі. Ассамблея төрағасының этномәдени бірлестіктерден тағайындалатын екі орынбасары алмастыру тәртібімен Кеңес ұсынымы негізінде Президент өкімімен бекітіледі.
Сессияларды Ассамблея төрағасы жылына кемінде бір рет шақырады. Кезекті Сессиянының өткізілетін күні, орны және күн тәртібінің жобасы ол басталғанға дейін бір ай бұрын хабарланады. Кезектен тыс Сессия Ассамблея төрағасы бастамасы бойынша немесе Ассамблея мүшелері жалпы санының кемінде үштен бірінің өтініші бойынша шақырылады.
Ассамблеяның құрамы мемлекеттік органдар, этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен және қоғамдық-саяси саладағы абырой-беделі бар тұлғалар қатарынан қалыптастырылады.
Ассамблея Хатшылығы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрамына кіретін Ассамблеяның жұмыс органы болып табылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Ғылыми-сарапшылық кеңес, этносаралық қатынастарды реттейтін Журналистер мен сарапшылар клубы, «ҚХА қоры» қоғамдық қоры, кәсіпкерлер ассоциациясы, т.б. қоғамдық және кеңесші органдары қызмет атқарады.
Барлық облыстарда салынған Достық үйлерінде этномәдени бірлестіктер орналасып, ҚХА аймақтық құрылымдары қызмет етеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесіне кандидаттар этномәдени орталықтардың ұсынысымен кіші ассамблея сессиясының шешімімен ұсынылады, ал аймақтық және республикалық қоғамдық ұйымдардан олардың жоғары органдарының шешімімен ұсынылады. Жыл сайын мемлекет этномәдени орталықтар мен кіші ассамблеяларына қаржылық қолдау көрсетіп келеді. Этномәдени орталықтардың басшыларына Президент гранты бекітілген.
Ассамблея өзінің құрылған кезінен бастап этносаралық қатынастар үйлесімділігі мен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған беделді қоғамдық институтқа айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ҚР Президентінің өкілеттілігін ұзарту жөніндегі референдум өткізіліп, жаңа Конституция қабылданды. Сонымен қатар, Ассамблея «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Мәдениет туралы», «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және басқа да бірқатар заң жобаларын дайындауға белсене қатысты.
ҚХА маңызы жиындары Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткізіледі. Ассамблея жанынан шығатын «Достық –Дружба», «Менің елім» журналдары этносаралық қатынастар саласындағы атқарылған іс-шаралар туралы баяндайтын ҚХА-ның ақпаратттық ресурстары ретінде бүкіл елімізге тарады.
Қазақстан заңнамасына сәйкес Парламент Мәжілісінде ҚХА-ның 9 өкілі депутаттар құрамына енген. Сенаттың 15 депутатын ұлттық-мәдени және басқа да елеулі қоғамның мүдделерін ескере отырып, Президент тағайындайды. ҚХА депуттарының алдында елдегі этносаралық келісімді, бейбітшілік пен тұрақтылықты одан әрі нығайту басты міндет қойылған. 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланды. «Бейбітшлік пен келісімнің жол картасы» республикалық мегажобасы жүзеге асырылды. «Үлкен ел - үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы ҚХА жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтерді. Н.Назарбаев бұл жоба жөнінде: «Қазақстан халқы ассамблеясының «Үлкен ел - үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеу және оны жүзеге асыру қазақстандықтардың біртектілігін нығайтуды және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру үшін жағдай туғызуды көздейді» деп нақтылап береді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құнды тәжірибесі әлемдік тәжірибеге енгізіліп, жоғары бағасын алды. Ассамблея қызметі этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп келе жатқан ел ретінде Қазақстанның халықаралық абыройының өсуіне ықпал етуде.
Республиканың полиэтникалық халқының өмірінде Ассамблеяның рөлі туралы шетелде ірі халықаралық конференциялар өткізілді. Қазақстандық тәжірибе сәйкес, ТМД елдерінде осындай әлеуеттік құрылымдар құрылды.
Қазақстанның Ассамблея құрудағы тәжірибесін бірқатар ТМД елдері (Ресей, Қырғызстан, Молдова) қолданып отыр. Елбасы Н.Назарбаев: «Біз бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық» деп Ассамблеяның ерекше мәртебесін атап өтті.
Қазақстандық үлгі халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан айтқандай: «Қазақстан тұрақтылық, ұлтаралық келісімнің үлгісі барлық үшін болып табылады».
2001 жылы елімізге келген Рим Папасы Иоанн Павел ІІ «Қазақстандағы ұлтаралық ынтымақтастығының болашағы зор» деп сенім білдірді.
2010 жылы БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанға сапары барысында: «Қазақстан халқы Ассамблеяның қағидаты мен бағыт-бағдары Біріккен ҰлттарҰйымының жұмыс қағидатына толық сәйкес келеді» деп айрықша атап өткен.
Достарыңызбен бөлісу: |