Лекция №1 Пәнге кіріспе


Қазақстанның қазіргі заман тарихының тарихи деректері мен тарихнамасының талдануы



бет6/76
Дата01.05.2022
өлшемі472,51 Kb.
#141659
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   76
Байланысты:
Лекция №1 П нге кіріспе

3. Қазақстанның қазіргі заман тарихының тарихи деректері мен тарихнамасының талдануы.
Тарихты оқытудың қалыптасқан жүйесі және негізгі қағидалары Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы пәнін оқыту барысында да қолданылады. Қоғамдық-гуманитарлық салалардағы зерттеулер мен оқулықтарда пайдаланылатын бірнеше ұстанымдар бұл пәнде де өзекті болып табылады. Олар:
- объективтілік (шынайылық) – бүгінгі күрделі әлемде адам қабілетіне, ұлт жігеріне бағынбайтын заңдылықтар бар. Қазіргі заман ақпараттар заманы, адамзат баласы бір ақпараттық кеңістікте, бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүруде. Бұл мәселе - Қазақстанның қазіргі заманғы тарихын оқып түсінудің басты шарттарының бірі;
- субъективтілік (жеке көзқарас) – тарихи үдерістердегі тұлғаның орнын көрсету осы ұстанымның негізгі мақсаты. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының басынан кешкен күрделі кезеңге қатысты жеке тұлғалардың, қайраткерлердің еңбектерін пайдалану бұл тақырыпты ашып көрсетудің қайнар көздерінің бірі;
- тарихилық – Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы дүниежүзілік тарихтың заңдылықтарына бағынышты, дегенмен ұлы далада бірнеше мыңдаған жылдар бойы өмір сүрген және өмір сүре беретін қағидалар бар. Тарихилық ұстанымы Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының әлемдік тарихтың заңдылықтарымен және ұлы дала тарихының қағидаларымен байланысты екенін көрсетеді;
- сабақтастық – бұл ұстанымның негізі Қазақстан халқының этникалық және мәдени-рухани тамырының көне және бұрынғы заман үлгілерге барып ұштасатынын дәлелдеу. Сонымен бірге, Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы өзіне дейінгі ірі тарихи кезеңдермен, мемлекеттермен және өркениеттермен сабақтас құбылыс;
- өркениеттік – қазіргі заман адамзат баласының дамуын постмодернистік, техногендік өркениетке бастайды. XIX-XX ғасырлардан басталған бұл құбылыс бізге де өз әсерін тигізуде. Әлемдік өркениет факторын есепке алмай Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды тарихын жазу мүмкін емес;
- жүйелілік – адамзат қоғамы тұтас жүйе. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы осы жүйенің құрамдас бөлігі. Сондықтан ұлттық-мемлекеттік тарихты оқытуда жүйелі-құрылымдық ұстанымды пайдалану қажет.
Тарихтың фактісіз жазылмайтындығы белгілі. Тарих ғылымының дәстүрлі деректемелік негізі әр қырлы археологиялық, этнологиялық, фольклорлық және өзге де материалдардан тұрады. Тарихшылар кітапхана қорлары мен мұрағаттарда сақталған көптеген деректерді қолданады. Тәуелсіздікке дейінгі Қазақстан тарихының деректемелік негізін археологиялық қазба жұмыстарының материалдары, антикалық, ортағасырлық – батыс, парсы, араб, орыс, қытай, моңғол және өзге де тарихшы-жылнамашылардың еңбектері, мұрағат құжаттары құрайды. Қазақстан тарихына кеңестік кезеңдегі түрлі құжаттық деректер де өзіндік үлесін қосады. Алайда, сол он жылдықтардың идеологиялық ізін де ескерген орынды.
Қазіргі тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеуде қоғамдағы саяси, әлеуметтік – экономикалық және рухани өзгерістерді бейнелейтін негізі деректер, құжаттар мен материалдар:

міндеттерін айқындайтын мемлекет басшысының жарғылары, жолдаулары, баяндамалары, сөйлеген сөздері;

  • Парламент тарапынан қабылданған заңнамалық құжаттар;

  • Еліміздің ішкі және сыртқы дамуын, Қазақстан дамуының саяси-өңірлік, әлеуметтік – экономикалық қырларын нақтылайтын үкіметтік қаулылар мен құжаттар;

  • Атқарушы биліктің орталық және өңірлік органдарының құжаттары,

түрлі деңгейдегі мәжілістер материалдары;

  • Азаматтық қоғам институттарын, саяси партиялардың, шетел

сарапшыларыныңұстанымдарын бейнелейтін материалдар;

  • Тәуелсіз Қазақстанды құруға ат салысқан тұлғалардың естеліктері;

  • Әлеуметтанулық сауалнамалар материалдары мен статистика

мәліметтері;

  • Қазақстанның қазіргі заман тарихы бойынша қазақстандық және шетел

ғалымдарының тұжырымдамалық және іргелі еңбектері;

  • Мерзімді басылым материалдары;

  • Өзекті мәселе бойынша интернет-қорлары.

Тәуелсіз Қазақстан тарихын жазуға негіз болатын құжаттық негізін заңнамалық актілер мен стратегиялық құжаттар құрайды. Бірінші кезекте «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңы» (1991 жыл), 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының Конституциясы», ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан - 2030: барлық қазақстандықтардың гүлденуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» (Алматы, 1997) және Елбасының басқа да Жолдауларын атаймыз. Заңнамалық актілер мен стратегиялық құжаттар Тәуелсіз Қазақстанның негізін салып, оның болашақ даму қырларын анықтап,елдегі іргелі өзгерістерге жол ашты.
Мемлекеттік стратегияны талдауда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері маңызды болып табылады. Өйткені, Елбасы еңбектерінде мемлекет пен азаматтық қоғамның дамуы, ішкі және сыртқы саяси жағдайлар туралы, тәуелсіздіктің қалыптасу үрдісіндегі мәселелер, табыстар мен қиыншылықтар туралы толық ақпарат беріледі. Президент еңбектерінің өзектілігі, оның тарихи үрдістің қарапайым ғана қатысушы емес, КСРО – ның ыдырауы және тәуелсіздіктің қалыптасуы кезінде, қазіргі уақытта да маңызды шешім қабылдаған саясаткер екендігімен түйінделеді. Елбасы еңбектері тарихи фактілерге толы ғана емес, сонымен бірге талдау негізінде әрі жан-жақты сипатта жазылған. Оларда 1980 жылдардағы кеңестік қоғамның дағдарысы, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алу үрдісі, экономикалық реформалардың жүргізілуі мен мемлекеттік-саяси жүйенің дамуы зерделенеді.
Қазақстан экономикасын жаңғырту (модернизация) бойынша берілген деректер ішінен заң күші бар және экономикалық дамуды жандандырған Елбасының жарғылары, Қазақстан халқына Жолдауы және мемлекет басшысының ірі халықаралық форумдар мен кеңестерде сөйлеген сөздерін атауымыз қажет. Сонымен бірге Республикада мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру сияқты аса күрделі, қарама – қайшылығы мол мәселеге қатысты кейбір оқиғалар мен үрдістер құжаттық деректерде жеткіліксіз берілген, сонымен қатар аналитикалық материалдар мен публицистикалық мақалалар саны да мардымсыз. Осыдан келіп реформалар барысын, елдің әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіші ретіндегі статистикалық мәліметтерді талдаудың маңыздылығын айта кетуіміз де керек.
Қазақстан тарихын зерттеудің бай дәстүрі бар. М.Х. Дулати, Қ.Жалайыр, Қ. Халиди, Ш. Уәлиханов, Г. Потанин, Ә. Бөкейханов және т.б. ғалымдар мен ойшылдар Отан тарихының күрделі мәселелерін шешуге сүбелі үлес қосты. Кеңестік жылдарда ұлттық тарихнама С.Асфендиаровтың, М. Тынышбаевтың, Х. Досмұхамедовтың, Е.Бекмахановтың, Ә. Марғұланның, Г. Дахшлейгердің, Р. Сүлейменовтың қаламынан шыққан толымды еңбектермен байыды. Ел тарихының жарқын беттері тәуелсіздік тұсында жазылғаны күмәнсіз. М. Қозыбаевтың, М.Асылбековтың, К. Нұрпейістің, К. Байпақовтың, В.Ф. Зайберттің, З. Самашевтің, Ж. Таймағамбетовтың, Т. Омарбековтың, М. Қойгелдінің, Ә. Төлеубаевтың, Қ. Атабаевтың және т.б. танымал ғалымдардың ізденістері арқасында ұлттық тарихтың ақтаңдақтары жойыла бастады.
1980 жылдардың екінші жартысы мен 2000 жылдардағы оқиғалардың куәсі болған мемлекеттік және саяси қайраткерлердің мемуарлары деректемелік негізді толықтырып, жүріп өткен жолымыздың қиыншылықтары мен жетістіктерін тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді. Жаңа жүйеге, жаңа құндылықтарға өту оңайға түспеді. Бодандықтан мойны босап, тәуелсіз мемлекетін жаңғырту үшін күрескен қазақ елінің ішкі рухында, жан дүниесінде күрделі өзгерістер болды. Естеліктерден тарихи дәуірдің ерекшеліктерін, әсіресе сол бір уақыт ауыртпалығын арқалаған адамдардың әлеуметтік сезімдерін толық зерделеуге мүмкіндік аламыз.
Шет ел саясаттанушыларының, тәуелсіз сарапшылардың талдауға негізделген материалдары да белгілі дәрежеде маңызды. Олардың талдаулары негізінде қоғамның барлық саласындағы үрдістерді: барлық деңгейдегі сайлаулар, саяси көшбасшылар мен партиялар қызметін бағалау, елді экономикалық реформалау мазмұнын терең әрі жан-жақты ашуға мүмкіндік береді. Алайда, осы тектес материалдарды зерделеу барысында авторлардың ұстанымын ескеру қажет.
Қазіргі Қазақстан тарихын зерттеу енді-енді өріс ала бастады. Сондықтан деректердің бар жиынтығы негізінде жан-жақты талдап, Қазақстанның жүріп өткен жолын саяси, экономикалық, әлеуметтік – мәдени, халықаралық, демек барлық қырынан зерттейтін толыққанды, көп жоспарлы ғылыми тарихнаманы жасау – тарих ғылымының өзекті міндеті болып табылады. Өткен жылдар тарихынан сыр шертетін еңбектер жарық көргенімен, әлі де қомақты зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап отырғандығы шындық. Тәуелсіз Қазақстан тарихының зерттелу жағдайының ерекшеліктері ескеріле отырып, қолдарыңыздағы оқулықта пайдаланылған деректер мен әдебиеттер тізімі берілді.
Осылайша, қазіргі Қазақстан тарихын бүгінгі күні тарихшылармен қатар әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың да ғылыми ізденістерінің басым бағыттары болып отыр. Дегенмен, тәуелсіздік тарихы тек қана саяси және әлеуметтік-экономикалық саладағы өзгерістермен шектеліп қалмайды. Әлеуметтік өзгерістер мен саяси іс-шаралар теңіздің бетіндегі көзге көрініп тұрған толқын болса, тарихи үдеріс – теңіздің түбіндегі қозғалыстар. Өз заманында Асан Қайғы «Таза мінсіз асыл тас, су түбінде жатады, таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады», - деген еді. Ой түбінде жатқан сөзді оқырманға жеткізу тарихшылардың міндеті. Өкінішке орай, тәуелсіздік кезеңінің тарихы бойынша зерттеу жұмыстары жеткіліксіз және жаңа мемлекет құрылысының көптеген қырлары тыңғылықты зерттеуді талап етеді.
Тарихнаманың маңызды арқауы Қазақстан республикасының Тұңғыш Президентінің мемлекеттік қызметі, әсіресе жаңа Қазақстанның жаңа астанасы Астананы салдыруы болып табылады. Қазақстанның жаңа астанасы туралы Елбасының «Еуразия жүрегінде» (Алматы, 2005) еңбегінде астананы ауыстырудың негіздері, мемлекеттің дамуындағы ел астанасының мәні терең ашылып көрсетіледі. Осы орайда ғылыми, публицистикалық және құжаттық шығармалар қатарындағы төмендегідей кітаптарды айтуға болады: Н. Ә.Назарбаевтың «Халыққа арнау» (2007), «Ел басы мәртебесі – ел мәртебесі»(2007), «Қазақстан. Жаңа асулар жылы 2002» (2003), М. Касымбеков «Становление института президентства в Республике Казахстан» (2000), «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» (2005), Ж. Сааданбеков «Нурсултан Назарбаев. Законы лидерства» (2005), «Қазақстан. Тәуелсіздіктің 15 жылы»(2006), «Қазақстан әлемнің тоғызыншы мекені»(2007), О.Видова «Нурсултан Назарбаев: портрет человека и политика» (1998), «Бәйтерек» (2003), А. Джаксыбеков «Так начиналась Астана» (2008) т.б.
Халықаралық қатынастар тарихнамасында Қ. Тоқаевтың«Беласу. Дипломатиялық очерктер» (2003), «Под стягом независимости. Очерки о внешней политике» (1997); «Дипломатия Республики Казахстан» (2002), «Нұр мен көлеңке» (2008), Т.Мансұровтың «Казахстанско-российские отношения в эпоху перемен» (2001) зерттеулері ерекше орынды иеленеді. Саяси тарих бойынша әдебиеттер қатарынан - К. Бұрхановтың, Б. Сұлтановтың, Б. Аяғанның «Современная политическая история Казахстана 1985-2006 гг.» (2006) еңбектерін атауға болады.
Қазіргі Қазақстан тарихын түсінуде төмендегідей нақтылы – тарихы мәні зор еңбектер де бар:М. Қозыбаев «Ұлт және өркениет» (2001), К.Султанов «Время перемен» (2005); М. Жолдасбеков «Ел тағдыры - ер тағдыры» (1997); Ғ. Есім «Саяси философия» (2006), Х. Әбжанов «Қазақстан: тарих, тұлға, теория» (2006), Р. Калиева «Республика Казахстан и современный мир» (2000), Т. Омарбеков «Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері.» (2003), И. Агеев және т.б. «Стратегическая матрица» (2006), Р. Медведев «Нурсултан Назарбаев. Казахстанский прорыв и евразийский проект» (2008), А.С. Гурский «Твердая поступь страны» (2007), «Путь к лидерству: социально-экономические и политические реформы в Казахстане» (2007) және өзге де еңбектерде саяси-экономикалық, социомәдени, этникалық, өңірлік және ғаламдық мәселелер қарастырылады.
Байқап отырғанымыздай, тәуелсіз Қазақстан тарихы тарихнамасын қорытындылауға әлі ерте. Қазіргі уақытта аталған тақырып төңірегінде салмақты және іргелі зерттеулер қолға алынуда.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   76




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет