Қосарлану тәсілі – екі сөздің бір-біріне қосақталып, біртұтас мағыналы сөз жасайтын өте көне тәсіл. Орхон жазба ескерткіштер тілінде өлу-йіту (өлім-жітім), ічін-тачын (іш-тысын), ядағын-ялаңын (жалаңаш-жалпы) сынды қос сөздер қолданылғанын ғалымдар еңбектерінде келтіріп жүр.
Қазіргі қазақ тілінде қосарлау тәсілі арқылы жасалған сөздер қос сөздер деп аталады. Ата-ана, туған-туыс, ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, ине-жіп, ойын-той, көңіл-күй сынды қос сөздер ежелден қолданылып келсе, сән-салтанат, өнер-білім, дәрі-дәрмек, бұйрық-жарлық сияқты қоғамдық мәндегі қос сөздермен тіліміз толығуда.Қосарлау тәсілі арқылы қос сөз жасау үшін оның сыңарлары бір сөз табынан ғана болуы – міндетті шарт. Мысалы, бау-бақша, қыз-келіншек, ата-ене, өнеге-үлгі қос сөздерінің сыңарлары зат есімнен, жақсы-жаман, ұзынды-қысқалы, үлкенді-кішілі сөздерінің сыңарлары сын есімнен, бес-алты, жиырма-отыз, он-он бес сөздерінің сыңарлары сан есімнен, келіп-кетіп, өліп-талып, өніп-өсіп сөздері сыңарлары етістіктерден жасалған.
Сонымен бірге қосарлау тәсілі арқылы жасалатын қос сөздердің сыңарлары мағыналас сөздерден жиі жасалады: сауыт-сайман, туған-туысқан, ойнап-күліп, үлгі-өнеге, өсек-аяң т.б.Осы жағдаймен қайталама қос сөздердің жасалуы байланысты деуге болады: айта-айта, тау-тау, көзбе-көз, үйден-үйге т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |