Тақырыбы: Көлік
(1 сағат)
Жоспары:
1.Құрлық көлігі
2. Теңіз көлігі
3.Темір жол көлігі
4. Автомобиль көлігі
Лекцияның мақсаты: Дүниежүзілік шаруашылықта көліктің алатын орны мен маңызын студенттерге түсіндіру және меңгерту.
Лекция мәтіні:
1.Көлік дегеніміз дүниежүзілік шаруашылықтың күрделі организміндегі қан тамырлары жүйесі. Ол мемлекет ішіндегі және халықаралық еңбек бөлінісінің материалдық негізі болып табылады. Аумағы өте кең елдер үшін көліктің дамытылуы ерекше маңызды. Аумақтың үлкен болуы көлік саласындағы құрылысқа көп қаржы жұмсалуына себеп болады.
Ғылыми – техникалық революция көліктің негізгі түрлерінің бәрін – автомобиль, темір жол, теңіз, өзен, әуежолдарын, құбыр желісін – түгел қамтыды. Жылдамдық қауырт артты, жүк көтергіштік көбейді, жылжымалы тасымал молайды. Осының бәрінің нәтижесінде толып жатқан көлік артерияларымен шырмалған дүние жүзі «сығылғандай» болып, қарым – қатынас оңайлайды. Бүгінде әуе жолдары тіпті Солтүстік полюстің өзін басып өтеді. Су астындағы теспе жолдар (тюннельдер) Жапон аралдарының бүкіл тізбегін жалғастырып қосты. Теңіздердің түбімен газ , мұнай құбырлары төселді, ал мұхиттар түбімен кабель тармақтары тартылды. Дүние жүзіінң электрлендірілген таңдаулы темір жолдарындағы жылдамдық бүгінде сағатына 200 километрге жақын және тіпті бұл шамадан асып түседі. (Жапония, франция, Германия, және т.б.). Жолаушы таситын теңіз лайнері Атлантиканы 3,5 -4 тәулікте кесіп өтеді, ал дыбыстан ұшқыр «Конкорд» ұшағы бұл аралықты 3,5 сағатта алады. 40-50 мың тонна жүк көтеретін танкерлердің орнына 200-500 мың тонна жүк тиеп алатын супертанкерлер шықты.
Дүние жүзінің әр түрлі елдері мен аймақтарының көлігінің өз ерекшеліктері бар, мұның өзі оның аумағының мөлшері мен игерілгендігіне, экономикасының қаншалық дамығандығына , халықаралық еңбек бөлінісіне қамтылу дәрежесіне байланысты. Мысалы, аумағы жағынан шағын көптеген елдерге ішкі әуе көлігін дамыту тиімді емес, өйткені олардың бір шетінен екінші шетіне автомобильмен санаулы сағатта –ақ жетуге болады. Ал АҚШ туралы бұлай деуге болмайды, өйткені жүк машинасы оның батыс шетінен шығыс шетіне жету үшін 3,5 тәулік бойы жүруі керек болады. Ресейдегі көлік маршруттары одан да бетер ұзақ: Мәскеу – Владивосток пойызы бұл аралыққа 7 тәулік бойы жүреді. Өнеркәсібі дамыған елдердің көлігі құрылымы жағынан өте күрделі және оларда электронды көлікті қоса, әдетте көліктің барлық негізгі түрлері болады. Бұл елдерде көліктің жаңа түрлері және ескі түрлерінің жетілдірілген нұсқалары кеңінен дамытылған, олар астында ауа жастығы бар су және жер үстімен жүретін көлік, аспалы жалғыз рельсті және аспалы жолдар , сусылма жүктерге арналған құбырлар және т.б. Кемел дамыған елдер көлік жұмысының барлық көрсеткіштері бойынша да, соның ішінде жүк айналымы мен жолаушы тасу жөнінен де алдыңғы орындарда келеді.
Әсіресе «үлкен жетілік» елдері: АҚШ. Жапония, Германия, франция, Ұлыбритания, Италия, Канада елдерінде көліктің дамытылуы өте биік деңгейде. Бұған таңдануға да болмайды, өйткені бұлар жүзеге асыратын құрлықаралық және мемлекетаралық шикізат , отын, дайын өнім тасымалдарының көлемі орасан зор. Бұл орайда саланың дамуы ол елдерде көліктің жекелеген түрлері , елдері, көлік тораптары арасындағы бір – бірімен өлшеусіз бәсекеге жағдаында жүреді. Мысалы, әуе көлігі Атлантика арқылы жолаушы тасымалын іс жүзінде түгелдей дерлік өздеріне алды, ал бұл аралықтағы ірі теңіз лайнерлері қазір бірен – саран ғана болуға айналды.
Шығыс Еуропа елдерінің және әсіресе Ресейдің көлігі жол желілерінің жиілігі жөнінен болсын, оның сапасы мен жүк айналымы жөнінен болсын Батыс Еуропа елдері мен АҚШ – тан көп артта. Сонымен қатар бұрынғы КСРО республикаларындағы темір жолдардағы жүк тасқыны АҚШ – тағыға қарағанда бірнеше есе артық , ал мұның қолайлы жағы да, қолайсыз жағы да бар.
2. Дамушы елдерде қазіргі заманға лайық көлік желісінің әзірге тек сұлбасы ғана жасалады, ал олардың көбінде көліктің ежелгі замнадардағы ескі түрлері малға теңдеп арту, мал жегіп тасу секілді амалдар көп қолданылады. Бұлардағы бар көлік түрлерінің техникалық деңгейі дамыған елдердегіден анағұрлым төмен. Бұл елдердің кейбіреулерінде темір жолдар мүлдем жоқ ( Ауғанстан, непал, Таяу Шығыстағы мұнай өндіретін кейбір елдер, Мұхит аралдары мен Кариб бассейні аралдарындағы кішкентай мемлекеттері). Теңіз жағаларындағы дамушы елдердің сыртқы байланыстарында бірді –екілі порттар ерекше рөл атқарады.
Көліктің барлық түрлерінің ішінде жүк айналымы жөнінен теңіз көлігі дүние жүзінде бірінші орын алады. Ол жүкті автомобиль көлігінен едәуір аз таситын болса да, мұның есесіне анағұрлым алыс аралықтарға тасиды.
Оның негізін автомобиль, темір жол және құбыр көлігі құрайды. Осының өзінде АҚШ – та автомобиль көлігі, ал Ресейде темір жол көлігі көрінеу басым. Көліктің бұл екі түрінің даму беталыстары да қарама –қайшы. Мысалы, Ресйде темір жол желісі едәуір ұлғайды. АҚШ – та ( сондай- ақ Ұлыбритания мен Германияда) автомобиль көлігінің бәсекелестігі себепті темір жол желісі едәуір қысқарады.
3.Темір жолдары ең ұзын ел – АҚШ , алайда жолдардың барынша жиілігі жөнінен Батыс еуропа елдері алда; мұнда 100 шаршы километрге 10 км – ден астам темір жол келеді.
Дамушы елдерде темір жолдар желісінің жиілігі анағұрлым аз. Осының өзінде көптеген жолдар өзара мүлдем байланыспайды және жол табанының ені әр түрлі ; мұның өзі ауданаралық және мемлекет аралық экономикалық байланыстарды қиындатады.
4.Дүние жүзінде автомобиль көлігі өте қауырт дамып келеді. Оның үлкен бір артықшылығы жүкті әкеліп бере алатындығында. 90 – шы жылдардың басында дүние жүзінің автомобиль паркінде шамамен 0,5 млрд. автомобиль болды, мұның 80 пайызы Батыстың дамыған елдерінде болған еді.
Соңғы жылдары құбыр желісі автомобиль көлігінен де гөрі қауырт дамыды. Дамыған елдердегі құбырлар мұнай мен газ өндірілетін аудандарды олар ұқсатылатын аудандармен жалғастырылады. Дамушы елдерде олар шикізат өндірілетін жерден теңіз порттарына жетеді, ол жерден мұнай көбіне ұқсатылмаған күйінде әкетіледі. Дүние жүзінде ең ұзын құбырлар Ресейде, Канада мен АҚШ – та тартылған.
Бақылау сұрақтары:
1. Құрлық көлігінің дүниежүзілік шаруашылықтағы алатын орны
2.Теңіз және өзен көлігінің дүниежүзілік шаруашылықтағы алатын орны
3. Авиация көлігінің дүниежүзілік шаруашылықтағы алатын орны.
Лекция № 9
Тақырыбы: Халықаралық экономикалық байланыстар
(1 сағат)
Жоспар:
1.Халықаралық экономикалық байланыстардың негізгі түрлері
2. Сыртқы сауда
Лекцияның мақсаты: Дүниежүзілік шаруашылықта халықаралық экономикалық байланыстардың алатын орнын түсіндіру
Лекция мәтіні:
1.Қазіргі заманғы дүние жүзінде әрбір елдің ілгерілеуі ол материалдық және рухани игіліктердің халықаралық айырбасына қатынаспайынша мүмкін емес. Бүгінде ең дамыған елдердің бірде – біреуі де заманға лайық өнімдердің бәрін бірдей түгел ойдағыдай өндіре алмайды. Ұлттық оқшауланушылық заманы, мемлекеттердің шаруашылық тұрғысынан тұйықталушылығы келмеске кетті. Халықаралық қарым – қатынастарда осы уақытқа дейін суу мен жылыну кезеңдерінің алма – кезек ауысуларына қарамастанғ халықаралық экономикалық байланыстардың үнемі ұлғая түскені әлдеқалай емес. Бұл орайда мұндай байланыстар сол нақты бір елдер үшін экономикалық тұрғыдан тиімді болып қана қоймады, сонымен қатар Жер шарында бейбітшіліктің нығаюына жәрдемдесті.
2.Сыртқы экономикалық байланыстардың дамуы үшін ақшалардың қолданымдылығы өте маңызды. Қолданымдылық дегеніміз отандық валютаны шетелдік валютаға және керісінше тиянақты курс бойынша айырбас курсының өзгеруі арқылы валюта құнының көтерілуі ревальвация деп, ал құнының төмендеуі девальвация деп аталады.
Халықаралық экономикалық байланыстардың көптеген түрлері бар. Бұлардың бірі сонау ежелгі заманда, капитализмнің орнауынан көп уақыт бұрын пайда болған сыртқы сауда. Алайда ол ежелгі замандарда өндіріс заттық сипатта болды да, мемлекеттің сыртқы саудасының көлемі мардымсыз болды, тек үстем таптардың көбіне жеке бастарының тұтынуына қызмет етті. Сыртқы сауданың өркендегені капитализм дәуірінде ғана, әсіресе ірі машиналы өнеркәсіп кезеңінде.
Бүгінде де сыртқы сауда мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың бұрынғысынша жетекші түрлерінің бірі болып отыр.
Капитал шығару да өте маңызды бір түр қалпында қалып келеді. Оның мәнісі мынада: капитал оның иесі тұратын елден пайда түсіру үшін, ондай –ақ саяси мақсат көзделіп басқа елге ауыстырылады. Отаршылдық дәуірде метрополияелдер капиталының ең басты қолданылу өрісі отарлар болды. Ұлыбританияның шетелге салған капиталының басым бөлігі қазір де бұрынғы Британия империясының иеліктерінде тұр. Алайда капитал кемел дамыған елдерге де белсенді түрде шығарылады. Мысалы, АҚШ – тың капитал шығаруының негізгі өрісі Латын Америкасы ғана емес сонымен қатар Канада, батыс Еуропа және т.б. болған күйінде қалып отыр.
ҒТР жағдайында халықаралық эканомикалық байланыстардың бір түрі
ғылыми-техникалық ынтымақ болып келеді; ол ең жаңа техникалық жетістіктердің енгізілуіне, табиғи ресурстардың ұтымды пайдаланылуына
және т.б. жағдай жасайды . Бұл орайда ғылыми –техникалық ақпарат (патенттер мен лицензиялар) саудасы ерекше орын алады.
Соңғы жылдары бірқатар мемлекеттердің эканомикалық байланыстарының маңызды бір түрі компенсациялық мәлімелер деп аталатындар болып отыр. Бұл орайда шетелдік фирмалар қайсыбір елге несие береді, осы несие есебіне бір ірі шаруашылық обьектісі салынады. Ал обьект пайдалануға берілгеннен кейін бұл ел несиені дайын өнім беріп қайтарады.
Халықаралық экономикалық байланыстардың басқа да маңызды- маңызды түрлерінің қатарында несие –қаржы қарым – қатынастары, әр алуан қызмет көрсету, халықаралық туризм бар. Мысалы, көптеген елдерде (Испания, Грекия, Мексика және т.б.) туризмді қызмет түрлерімен қамтамасыз ету халықаралық маманданудың маңызды бір саласына айналды.
Жыл сайын туристік сапарларға Жер шары халқының үштен бірі қатысады. Дүниежүзілік экспорттың жалпы көлемінің 6 пайызы туризмнің үлесіне келеді. Жаңа ғасырдың басында ол дүние жүзінде жетекші экспорттық салаға айналады деген пікір бар.
Дүние жүзінің көптеген елдері үшін сыртқы сауда – сыртқы экономикалық байланыстардың негізгі түрі. Оның көлемі әдетте сыртқы сауда айналымымен, яғни сол елдің құндық формадағы экспорты мен импортының қосындысымен анықталады. Бұл көрсеткіш елдің халықаралық еңбек бөлінісіне қаншалық қатысып отырғанын көрсетеді.
Елдің сыртқы сауданы реттеп отырудың негізгі екі құралын: кедендік тарифтер мен мөлшерлік шектеулерді қолданады. Кедендік тарифтер импорттық және экспорттық болады. Бірінші жағдайда мемлекет әкелінетін белгілі бір тауарға кедендік салық салып, оны қымбаттатады, демек бәсекеге қабілеттілігін кемітеді, мұның өзі отандық өнеркәсіптің жағдайын қолдауға көмектеседі. Екінші жағдайда отандық өнім қымбаттатылады, осы арқылы оның елден сыртқа тиімсіз шығарылуы тежеледі. Мөлшерлік шектеулер жекелеген тауарлардың әкелінуіне не сыртқа шығарылуына толық тыйым салу болып шығатыны жиі болады.
Дүниежүзілік шаруашылық шеңберінде халықаралық сауданың негізгі бірнеше географиялық бағыты қалыптасқан, бұлардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері бар. Мысалы, көлемі жағынан неғұрлым ірі сауданы Батыстың дамыған елдері мен Жапония өзара жүргізеді, дүниежүзілік тауар айналымында бұлардың үлесі 40 пайызға жуық болып отыр. Олардың өзара тауар айналымының айрықша бір ерекшелігі дайын өнеркәсіп бұйымдарының үлес салмағы жоғары болады. Өнеркәсібінің құрылымы сан салалы елдер- АҚШ пен Германияның импортында дайын бұйымдар үштен біріне жуық болып келеді.
Ресейдің кемел дамыған мемлекеттермен саудасының сипаты біршама басқаша. Бүгінде оған дүниежүзілік сауданың жалпы көлемінің не бары 2 пайызы ғана келеді. Шығыс –Батыс тауар айналымының құрылымы да қолайсыз. Батысқа экспорт отын – шикізат тауарларының шағын тобымен шектелген, бұл тауарлар оның 70 пайызынан астамы, ал Шығысқа экспорт көбіне машиналар мен жабдықтардан тұрады.
Елден шикізат тауарларының экспортқа шығарылуы фактісінің өзінде оғаштық жоқ. АҚШ та, Канада да, Швеция да, басқа индустриялық капиталистік елдер де экспортқа шикізат шығарады. Алайда қай ел болсын экспортта машиналар мен жабдықтардың ұзақ пайдаланылатын еңбек көп жұмсалатын тауарлардың үлес салмағын арттыруды көздеуі қажет.
Халықаралық саудада дамушы елдердің үлестері артып келеді. Мұның өзі бір жағынан шикізат экспортының ұлғаюы, екінші жағынан машиналар мен азық – түлік импортының көбеюі нәтижесінде болып отыр. Сауданың шарттары бұл елдер үшін қолайсыз болып қалыптасқан, өйткені машиналар мен жабдықтардың бағасы шикізаттың бағасына қарағанда шапшаң өсуде. Осыған байланысты егемен жас мемлекеттер үшін өнеркәсібі дамыған мемлекеттерге шикізат беріп тұрушы деген атақтан ұзақ уақыт құтыла алмау қаупі төнеді. Дамушы елдер сыртқы саудасын қайта құрып, өздерінің тауар айырбасының өнеркәсіп тауарларына айырбасының өнеркәсіп тауарларына шикізат беруге тән сипатын өзгертуге бекем кірісіп жатыр.
Дамушы елдердің өздерінің арасындағы сауданың болашағы мол; мұның өзі оларға ірі капиталистік елдердің нарығына шықпай – ақ бәсекеге шыдас беретін тауарлармен алмасуға жағдай жасайды.
Бақылау сұрақтары:
Ревальвация дегеніміз не?
Девальвация дегеніміз не?
Халықаралық саудада дамушы елдердің үлестері
Дүниежүзілік шаруашылық шеңберінде халықаралық сауданың негізгі географиялық бағыты
Лекция №10
Тақырыбы: Дамыған елдердің шаруашылық географиясы
(1 сағат)
Жоспар:
1. Дүние жүзіндегі бірінші географиялық орталық
2.Екінші географиялық орталық
3.Үшінші географиялық орталық
Лекцияның мақсаты: Студенттерге дамыған елдердің шаруашылық географиясының дүниежүзілік шаруашылықтағы алатын орнын түсіндіру.
Лекция мәтіні:
1. Өзінің әлеуметтік- экономикалық табиғаты жөнінен дүние жүзі өте- мөте әр текті. Бір жағынан бұл барынша дамыған мемлекеттердің біршама шағын тобы, олар дүниежүзілік шаруашылықтың «арқауын» құрайды, ал екінші жағынан Азия, Африка, Латын Америкасы мен Мұхит аралдарының көптеген дамушы елдері, бұлардың көпшілігінің әлеуметтік экономикалық даму деңгейлері өте төмен.
Алайда дамыған елдер мен дамушы елдердің арасын тым нақпа –нақ шектеу қате болар еді. Неғұрлым бай (АҚШ, Жапония, Батыс Еуропа елдері, Канада және т.б.)және неғұрлым кедей( Буркина –Фасо, Орталық Африка Республикасы, Чад және т.б.) елдер – бұлар өзінше бір әлеуметтік – экономикалық полюстер ғана, олардың айналасында өтпелі көрініс құрайтын ондаған басқа елдер бар. Қазірдің өзінде дамушы елдердің тұтас бір тобын көптеген экономикалық көрсеткіштерге қарап дүние жүзінің дамыған индустриялы мемлекеттері қатарында атаған қисынды. Алайда басқадай бірқатар маңызды көрсеткіштерге қарап оларды көбіне дамушы елдер қатарында атайды.
БҰҰ әдістемесіне сәйкес қандай елдің болсын әлеуметтік – экономикалық даму деңгейінің маңызды көрсеткіштерінің арасында оның өндірген жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) және жан басына шаққандағы осы көрсеткіш аталады. ЖІӨ дегенде елде өндіріліп, халық тұтынатын тауарлар мен қызметтердің, мемлекеттік сатып алу мен іске жұмылдырылған капиталдың жиынтық құны ұғынылады.
Жан басына шаққандағы ЖІӨ жөніне дүние жүзі елдерінің арасында айырмашылық көп. Мысалы, ЖІӨ -нің абсолют көлемі жөнінде дүние жүзінде бірінші орын алатын АҚШ пен Буркино- Фасо арасындағы алшақтық 80 еселік шамаға тең. Мемлекеттердің әлеуметтік – экономикалық дамуы деңгейінің басқа көрсеткіштері де бар (өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімін өндірудің дүниежүзілік көлемі мен дүниежүзілік саудадағы үлесі, халықтық білім алуының деңгейі және т.с.).
ЖІӨ - нің абсолют мөлшері жөнінен КСРО дүние жүзінде алдыңғы орындардың бірінде болатын. Алайда жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша ол негізгі дамыған мемлекеттердің бәрінен дерлік , сондай –ақ Кувейт, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Бахрейн секілді басқа да елдерден кейін қалып қойды.
КСРО – ның күшті жағы көптеген жылдар бойы Батыстағыға қарағанда экономикалық өсу қарқынының жоғары болғандығы еді. Алайда бұған көбінесе өндіріске өсе түскен көлемде шикізат, материал, жер, жұмыс күші ресурстарын тартып, экстенсивтік әдіс арқылы қол жетіп отырды. Осыдан барып ғылыми – техникалық прогрестің қарқыны мен қоғамдық еңбек өнімділігінің артуында кейіндеп қалушылық болды.
Дүниежүзілік өнеркәсіп өнімінің жетіден бір бөлігін өндіретін болса да,КСРО – ның халықаралық еңбек бөлінісіндегі, дүниежүзілік саудадағы алған орны тым қораш (3-4 пайыз) болатын. Елдің дүниежүзілік шаруашылықтағы үлес салмағы көп болуы оның жалпы дүниежүзілік экономикалық процестерге ықпалының жоғары болуына жеткізген жоқ. Одақта Орталықтан алыстауға ұмтылушылық және осыдан соң оның ыдырауы салдарынан жаңа мемлекеттердің көпшілігі дүниежүзілік экономикалық көріністе күңгірт тартып қазіргі дүние жүзінің алыптарымен ешқандай салыстыруға келмей қалды. Шаруашылық жүргізудің күні өткен түрлерінен мүлдем бас тартып, демонополизацияны, өнеркәсіптің құрылымдық қайта құрылуын жүзеге асырғанда ғана, кәсіпкерлік пен жеке меншіктің еркіндігі туралы заңдар қабылдағанда ғана бұл жаңа мемлекеттер дүниежүзілік экономикада лайықты орын алып, халықтың тұрмыс деңгейін көтере алады.
АҚШ, Батыс, Еуропа елдері және Жапония күштер үшбұрышындағы арасалмақ. АҚШ, Батыс Еуропа елдері және Жапония қазіргі дүние жүзіндегі өзінше бір үлгідегі үшбұрыш құрайды. Бұл орталықтар арасындағы арасалмақ соғыстан кейінгі кезеңде тұрақсыз болды. Соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда АҚШ- тың Батыс Еуропа мен Жапониядан басымдығы көрінеу айқын болды: капиталистік елдердің өнеркәсіп өндірісінде АҚШ – тың үлесі 1946 жылы 56 пайыз болды (80 –шы жылдардың аяғында 38 пайызға дейін төмендейді). Алайда бұдан соң батысеуропалық және жапондық орталықтардың позициясы едәуір күшейді.
Кейіннен АҚШ өзінің позициясын біршама нығайтқанымен (ұлттық экономиканы тереңінен қайта құру, ғылым мен техника жетістектері көп енгізілетін салаларды алға шығару арқылы), оның экономикалық басымдығы бәсеңсіп қалды.
Сонда да дүние жүзіндегі бірінші нөмірлі географиялық орталық АҚШ болып отыр. Бұл мемлекет дүниедегі экономикалық тіршіліктің қазіргі интернационализациялануы процесінде жаңа беталыстардың өзінше бір генераторы күйінде. Дүниежүзілік саудада бұрынғы позицияларынан айырылған АҚШ шетелге капитал шығару саласында сөзсіз алда келеді. Ол басқа көптеген салаларда да, соның ішінде ҒТР – ді жүзеге асыруда да алдыңғы орынды иеленіп отыр. Мысалы, ғылыми зерттеулерге АҚШ – тың жұмсайтын қаржысы батыс елдерінде осы мақсатқа жұмсалатын бүкіл қаржының жартысына жуығын құрайды. Электр энергиясын өндіру жөнінен ол үлкен жетілікке кіретін өзге елдердің барлығынан асып түседі, ал шығаратын электронды жабдықтардың құны жөнінен Жапонияны, Германияны, Ұлыбританияны, Францияны қоса алғандағы шамадан артық шығарады. Бұл елдің ғылыми лабораториялар мен зерттеу орталықтарын техникалық жарақтандыру жағынан және ғылымды өндіріспен ұштастыру түрлерінің сан алуандығы жөнінен теңдесі жоқ.
2.Экономикалық бәсекелестіктің екінші географиялық орталығы – Батыс Еуропа. АҚШ пен Жапониядан өзгеше батысеуропалық аймақ көпұлтты сипатта. Оның дүниежүзілік шаруашылықтағы жағдайы екі ұдай. Бір жағынан,ол дүниежүзілік экспортында оның үлес салмағы АҚШ- тың деңгейінен 2 есе асып түседі. Екінші жағынан, Батыс Еуропаның позициясы ғылым мен техника көп қолданылатын өнімнің дүниежүзілік өнеркәсіптік экспортта бәсең. Мұнда орташа технологиялық деңгейдегіөнім басым, ал АҚШ пен Жапонияның өнеркәсібі роборт жасау, икемді автоматтандырылған жүйелер, жаңа материалдар, биотехнология және т.б. рыноктарында үстем болып отыр.
Германия, Франция, Ұлыбритания және Италия секілді үлкен жетілік елдерімен қатар Батыс Еуропа аймағында шағын елдер: Швеция, Норвегия, Дания, Бельгия, Нидерланды, Швейцария және басқалары маңызды рол атқарады. Дүниежүзілік нарықтағы бәсекелік күресте олардың халықаралық еңбек бөлінісіне қатысуының ерекше түрі - өнімнің санаулы түрлеріне мамандануы қалыптасты. Бұл елдердің бірсыпырасы мол минерал ресурстары болмағандықтан дүниежүзілік нарықта неғұрлым қуатты елдердің монополиялары әлі иеленіп ала қоймаған бос қуыстарды іздеуге мәжбүр болды. Олар ғылымға көбірек қаржы жұмсалуын, біліктілігі мол кадрларды талап ететін, қымбат тұратындай өнімдер бере алатын салалар құрды. Бұл елдердің әрқайсысының ішкі рыногы тар болғандықтан бұл салалар, әрине бүкіл әлемге жұмыс істеуге тиіс болды. Бұлардың біразында экспорттың үлесі өндірілген өнімнің 40-50 пайызына жетіп отырғаны таңқаларлық нәрсе емес.
Нидерланды мен Швейцариядағы фармацевтика өнеркәсібі, Данияда сүт өнеркәсібі мен сыра қайнатуға қажет жабдықтар жасау (ол дүние жүзінде экспортқа сыраны ең көп шығаратын ел). Швейцарияда бүкіл дүние жүзіне мәлім сағат жасау және тағамдық концентраттар шығару осындай салалар болып отыр.
Шағын елдердің әр алуан қызмет түрлеріне мамандануы да тән сипат. Бұлар – қаржы саласындағы қызмет (Швейцарияның атақты банктері), көлік қызметі (бүкіл әлемнің ең ірі порты – Роттердам – еуропаның ішкі аудандарының сыртқы байланыстарына қызмет етеді). Бұл сондай –ақ халықаралық ұйымдарға орын – жай беру (Женевада БҰҰ – дың бірқатар комиссиялары бар және қарусыздану жөніндегі халықаралық келіссөздер өтеді. Брюссель Орталық рыноктың астанасы болып отыр.
3. Экономикалық күш – қуаттың үшінші бір орталығы – Жапонияның үлес салмағы АҚШ пен және Батыс Еуропамен салыстырғанда жұпынырақ. Алайда Жапонияның соғыстан кейінгі алғашқы ондаған жылдардағы экономикалық секірісі шын мәнінде ғажап. Ол дүниежүзілік банкир, қаржы супердержавасы болып алды. Бірқатар аса маңызды өнім түрлерін (болат, шойын, кемелер, синтетикалық талшықтар, телевизорлар, видеомагнитофондар және т.б.) шығару жөнінен Жапония АҚШ –тан басып озды. Оның шикізат импортына барынша тәуелді екенін ескергенде бұл елдің жетістіктері одан да бетер ғажап бола түседі.
Экономикалық күш – қуаттың үш орталығы бәсекелесумен қатар халықаралық аренадағы іс – қимылдарын үйлестіріп отыру жағына да күш салады.
Үш орталықтың экономикасына ортақ сипат бұлардың экономикасында монополиялардың әчіресе трансұлттық корпорациялардың үстемдігі болып табылады. Бұл корпорациялар дүние жүзінің аса ірі өнеркәсіптік монополиялары, олардың өз елдерінен тысқары филиалдары бар.
Өнеркәсібі дамыған елдердің қатарында бұрынғы британ доминиондары (британия империясында өзін -өзі басқаратын отар)Канада, Австралия, Жаңа зеландия, ОАР, сондай –ақ Израиль бар.
Бұл мемлекеттер әлеуметтік – экономикалық тұрғыдан кемел дамыған, дүниежүзілік саудада елеулі рөл атқарады. Бұлардың әрқайсысының шаруашылығы өзінше маманданған.
Бақылау сұрақтары:
1.Дамыған елдерге тән негізгі көрсеткіштер бойынша, олардың жетекшілік жағдайда болуының алғышарттары қандай?
Лекция №11
Тақырыбы: Дамушы елдердің шаруашылық географиясы
(1 сағат)
Жоспар:
1.Шаруашылығының жалпы сипаттамасы
2.Өнеркәсіп түрлері
Лекцияның мақсаты: Дүниежүзілік шаруашылықта дамушы елдердің алатын орнын студенттерге түсіндіру
Лекция мәтіні:
1.Азияның,Африканың және Латын Америкасының дамушы елдерінде орасан мол еңбек ресурстары мен табиғи ресурстар бар. Мысал, олардың үлесіне минерал шикізаттың дүниежүзілік қорларының 50 пайызынан астамы келеді. Алайда өндірістік қуат –қарымы онша мол бола тұрса да, оларға мынадай сипаттар тән: 1) өндіргіш күштердің дамуы төмен деңгейде; оның құрылымында ауыл шаруашылығы мен кен өндіруші өнеркәсіп өте –мөте басым, ал ұқсатушы өнеркәсіп көбінесе жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларынан тұрады; 2) бірнеше әлеуметтік – экономикалық өндірістің қоғамдық формалары қатарласа дамып келеді.; бұлар көбінесе әр түрлі қоғамдық –экономикалық формацияларға тән; 3) дүниежүзілік нарықтағы бұларға тән тауар айырбасы- ауыл шаруашылығы шикізаты мен минерал шикізатты өнеркәсіп бұйымдарына айырбастау; 4) қаржы – қаражаттың барынша тапшылығы.
Дамушы елдер шаруашылығының географиясы тең құқылы емес халықаралық еңбек бөлінісі процесінде, отаршыл державалардың мүдделері басым болған кезде қалыптасты. Отарлық экономиканың салалары дүниежүзілік капиталистік нарықпен көбірек байланысты болды. Сондықтан құралып жатқан кен өндіру өнеркәсібі мен тауарлы ауыл шаруашылығының оқшау – оқшау ошақтары отар елдердің шаруашылық организмінде көбіне жат текті денелер түзгендей болды.
Отарлық географияның айырықша тән бір көрінісі – теңізге шығар жолы бар елдерде порттың шамадан тыс дамуы. Көбінесе мұндай порт елдің астанасы болатын (Сенегалда – Дакар, Нигерияда – Лагос және т.б.). Көптеген жас егемен мемлекеттердің ұланғайыр ішкі аумағы күні бүгінге дейін өте –мөте артта қалып немесе мүлдем игерілмеген қалпында қалып келеді. Автомобиль жолдары мен темір жолдар желілерінің орналасуы осыны көрсетеді; бұл жолдар пайдалы қазбалар өндірілетін аудандарды және плантациялық ауыл шаруашылығы өңірлерін тасып әкететін порттармен байланыстырады.
Бүгінде дамушы елдер өздерінің дамуында күрделі кезеңді бастарынан кешіріп отыр. Олардың кейбіреулері саяси және экономикалық дербестіктерін нығайтып, өз азаматтарын әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етуде елеулі табыстарға жете алады. Енді біреулері әлі қиыншылықтардан арыла алмай отыр, өйткені бұларға отаршылдықтан мұра болып қалған мешеулік жүгі тым зор ауыртпалық болып шықты.
Дамушы елдерді тарихи – географиялық аймақтар бойынша, мысалы, Африка, Латын Америкасы, Таяу Шығыс елдері және т.б. деп бөледі. Бұл тұрғыдан қарау дамушы елдердің ірі- ірі топтарының әлеуметтік – экономикалық дамуын зерттеп білуге мүмкіндік береді. Алайда бұлайша топтастырғаннан дамушы дүниедегі шын мәніндегі кереғарлықтардың бұрмаланған көрінісі келіп шығады. Мысалға, аталған аймақтағы мынадай мемлекеттер жұбын алып қарайық: Үндістан мен Бутан, Сауд Арабиясы мен Ливан, Сингапур мен Мьянма. Бұл елдердің географиялық ұқсастығына қарамастан, әлеуметтік – экономикалық жағынан ұқсастығы шын мәнінде аз екендігі көрінеді.
Саралау кезінде жас мемлекеттердің өндіргіш күштерінің даму деңгейі мен құрылымын және әлеуметтік – экономикалық болмысының елдердің бүгінгі жағдайын да, таяудағы болашағын да неғұрлым дәлме – дәл бейнелейтін белгі – нышандарын есепке алудың зор маңызы бар. Осы көрсеткіштерді пайдалана отырып дамушы елдердің арасында төрт топты саралауға болады.
2.Бірінші топты көбінесе мұнай экспорттаушы елдер құрайды; бұлардың бірегей ресурстары бар және, бейнелеп айтқанда, мұнай долларларын толтырып алған (Катар, Кувейт, Бахрейн,Сауд Арабиясы,БАӘ және т.б.). Оларға тән нышандар: жан басына шаққанда өте – мөте мол табыс, дамудың мол табиғи – ресурстық қуат – қарымы, Батыстың энергетикалық шикізат пен қаржы –қаражат нарығында үлкен рөл атқаратыны, тиімдіэкономикалық – географиялық орын – жағдайы. Жан басына шаққандағы табыс бұларда да мол, шағын (халқының саны 0,5 млн. адамнан кемірек) мемлекеттерді деайтылған топқа қосуға болады (Багам аралдары, Фиджи және т.б.). Әлеуметтік даму үлгісі бойынша олардың көбі капитализм орташа дамыған елдерге ойысады. Олар плантациялық шаруашылықтың, туризмнің транзиттің өркендеуі арқасында халықаралық еңбек бөлінісіне әбден сіңісіп алды. Бұл елдердің әл – ауқатты арттыруда жеткен жетістіктерінатап айта отырып, сонымен қатар қайсыбіреулерінің әлеуметтік жағынан артта қалғандығын және әсіресе ауыл шаруашылығында феодалдық қалдықтардың бар екенін атай кетейік.
Екінші, саны неғұрлым көп топ жалпы экономикалық дамуы, жан басына шаққандағы ЖІӨ мөлшері дамушы елдер үшін орташа болып табылатын деңгейдегі елдерді қамтиды (Колумбия, Гватемала, Парагвай, Тунис және т.б.). Бұл елдердің ауыл шаруашылығында индустриялыққа дейінгі еңбек формалары басым, ал ұқсату өнеркәсібінің кәсіпорындары бар болғанымен аз және техникалық жағынан жарақталуы өте нашар. Бұл топқа қамтылатын елдер әлеуметтік тұрғыдан өте – мөте әркелкі.
Үшінші бір ерекше топқа аумағы мен халқының саны жағынан зор, табиғи – ресурстық қарым – қуаты және экономикалық жағынан даму мүмкіндіктері мол үш елді – Үндістан, Пәкістан, Индонезия елдерін – саралауға болады. Бұл мемлекеттер халықаралық экономикалық байланыстар жүйесінде көрнекті орын алып, шетел капиталының жұмсалуы түрінде сыртқы ресурстардың көптеп келуіне қол жеткізді. Алайда жан басына шаққандағы өндіріс пен тұтыну шамаларының төмен болуы олардың әлеуметтік – экономикалық ілгерілеуін едәуір тежеп отыр.
Төртінші топқа жататындар – дүние жүзінің дамуы өте баяу елдері (Ауғанстан, Бангладеш, Бенин, Нигер, Сомали, Орталық Африка республикасы, Чад, Экваторлық Гвинея және т.б.). Бұлардың бірсыпырасының теңізге шығар жолы жоқ, сондықтан сыртқы дүниемен байланысы нашар. Бұл елдерде жан басына шаққандағы табыс өте – мөте төмен, барлық жерде еңбектің индустриялыққа дейінгі түрлері басым, ал экономикаларында ауыл шаруашылығы үстем жағдайда. Нақ осы топтағы елдер дүние жүзінің дамуы ең баяу елдерінің БҰҰ бекіткен тізімінің негізін құрайды. Сонымен, дамушы елдер – дүние жүзі елдерінің сан жағынан неғұрлым көп тобы; бұл топқа географиялық ерекшеліктер тән және кереғарлық көріністері өте –мөте анық байқалады; бүкіл азамзаттың болашақ игілігі дамушы елдердегі әлеуметтік – экономикалық прогестің қарқыны мен нәтижелеріне көп байланысты.
Бақылау сұрақтары:
Дамушы елдер неше тарихи – географиялық аймақтарға бөлінеді
Бірінші топты көбінесе қандай елдер құрайды
Екінші топты көбінесе қандай елдер құрайды
Үшінші топты көбінесе қандай елдер құрайды
Төртінші топты көбінесе қандай елдер құрайды
Лекция № 12
Тақырыбы: Еуропа елдерінің шаруашылығы
(1 сағат)
Жоспар:
1. Шаруашылығының жалпы сипаттамасы
2. Өнеркәсіп түрлері
Лекцияның мақсаты: Еуропа елдерінің шаруашылығының дүниежүзілік шаруашылықтағы алатын орнын түсіндіру
Лекция мәтіні:
1.Еуропа шаруашылығының қалыптасуы мен таралуы дүние жүзінің басқа аймақтарынан үлкен айырмашылық жасайды. Оның өзіне тән басты екі белгісі бар. Біріншіден , Еуропа жерінде игерілмеген бірде – бір бөлік қалған жоқ. Екіншіден, аумағының шағын болуы мен елдердің көпшілік жағдайы, шаруашылығының жоғары деңгейде дамуы Еуропада біртұтас экономикалық кеңістіктің түзілуіне негіз болды. Сондықтан да соңғы жылдары Атлантикадан Оралға дейін созылып жатқан біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы пікірлер де айтылып жүр.
Еуропа шаруашылығының даму кезеңдеріне көз жіберсек, тарихи уақыт аралығында шаруашылық орталықтарының да, жетекші елдердің де орындарының ауысып отырғанын байқауға болады. Біздің заманымыздың бас кезінен бастап Еуропа шаруашылығы теңізге жақын елдерде қарқынды дамыса, XVIII ғасырдан бастап табиғат ресурстары мен еңбек ресурсы жиі шоғырланған аудандарға қарай бет бұрды.
Орта Еуропа елдері мен Ресей жерінде ең алғашқы өнеркәсіп аудандарының негізі XIX ғасырдың ортасында қалана бастады. Бұлар Еуропадағы байырғы өнеркәсіпті аудандар болып саналады. ХХ ғасырдың бірінші жартысында осы индустриялы аудандарды одан әрі өркендету жұмыстары жүргізілді. Ең бастыөзгеріс Еуропада социалистік индустрияландыру бағытында бұрынғы Кеңестер Одағына қатысты аймақтарда жүргізілді. Мұнай өнеркәсібі мен машина жасаудың Еділ бойы жаңа ірі орталығы қалыптасты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Шығыс Еуропа елдерінде де экономикалық жандану басталды.
Қазіргі кездегі Еуропа экономикасының басты ерекшелігі – шаруашылықтың батыс пен орталықта басым шоғырланып, біртұтас Еуропалық экономикалық орталықтың құрылуы, соның нәтижесінде мемлекетаралық шекаралардың шартты жағдайға көшуі болып табылады. Тұтастай алғанда Еуропа елдері өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімдері, тауарлар мен қызмет көрсету экспорты, алтын және валюта қоры, халықаралық туризмді дамыту көрсеткіштері жөнінен дүниежүзілік шаруашылықта бірінші орын алады.
Аймақтың экономикалық қуатын төрт ел – Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия анықтайды. Сол сияқты шағын капиталистік елдердің де экономикалық салмағы күннен – күнге артуда. Ал Шығыс Еуропа елдері болса өтпелі экономикалық жағдайда отырғандықтан, өзінің даму бағытында түрлі қиындықтарға кездесіп отыр. Түрлі деңгейдегі даму ерекшеліктеріне қарамастан, Еуропа елдері өзара ынтымақтастық үрдісін тоқтаусыз жүргізуде.
2.Өнеркәсібі. Еуропадағы ең жетекші сала- машина жасау. Аймақта өндірілетін бүкіл өнеркәсіп өнімінің 30 пайыздан және оның экспортының 70 пайыздан астамы осы саланың үлесіне тиеді. Машина жасаудың ғылыми базаға, еңбек қорларына бағдарланған электроника, электротехника, автомобиль, авиазымыранғарыш, кеме, құралдар мен станок, тоқыма машиналарын жасау сияқты салалары басым таралған.
Еуропаның химия өнеркәсібі машина жасаудан кейінгі жетекші орынды алады. Бұл салада тек осы аймақта ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі ең химияландырылған ел- Германияның алатын орты ерекше. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін химия өнеркәсібі тас көмір мен қоңыр көмірге, калийге, ас тұзына негізделіп келсе, соңғы кезеңдерде көмірсутекті шикізаттарға, яғни мұнайға ауысуы бұл өнеркәсіп саласының Солтүстік теңіз бен Шығыс Еуропа елдеріне қарай ығысуына себепші болды. Солтүтсік теңіз жағалауында орналасқан химия өнеркәсібінің өнімі бүкіл АҚШ пен Жапонияның химия өнеркәсіптерін қосып есептегендегі өніммен теңдес.
Отын – энергетикалық өнеркәсіп те Еуропаның көптеген елдерінде соңғы кезде мұнай мен газға ауысуда. Мысалы, Германия мен Ұлыбританияда көмір өндіру күрт азайды, Нидерланд пен Бельгияда мүлдем тоқтатылды. Ал Шығыс Еуропа елдерінде әлі де көмірге бағдарлану сақталып отыр, тіпті тас көмірге ғана емес, қоңыр көмірге (Польша, Чехия) де сұраныс жоғары. Электр энергиясын өндіру мүмкіндігі 2 трлн кВт/сағ – тан артық. Электр Энергиясын өндіруде Батыс Еуропа елдерінде АЭС – тің үлесі артуда.Әсіресе Франция, Бельгия, Германия, Ұлыбритания елдерінде, соңғы кезде Чехия, Словакия, Венгрия, Болгарияда АЭС- тер салу жаппай қолға алынуда. Қазір аймақтағы АЭС – тер саны 80- нен астам. Дунай мен оның салаларында, Рона, Рейн өзендерінде СЭС – тер мен олардың тұтас тізбектері салынған. Сол сияқты Скандинавия елдерінде де электр энергиясын өндіру СЭС – терге негізделген. Ал жылу электр станциялары көмір өндірілетін аудандар мен теңіз порттарында сақталған. Соңғы жылдардағы ғылым жетістіктері нәтижесінде теңіз жағалауындағы елдер толысу, теңіз толықындары мен теңіз ағыстары энергиясын. Исландияда геотермальдық энергия пайдалану шараларын жолға қоюда.
Металлургия өнеркәсібі, оның ішінде қара металлургия отын мен шикізат бар елдерде, яғни Германия, Ұлыбритания, Франция, Бельгия, Польша, Чехия, Ресей және Украинада жақсы дамыған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін неғұрлым жоғары сапалы әрі арзан темір кені мен металл сынықтарын импорттауға негізделген металлургия комбинаттары көбеюде. Солардың ішіндегі ең ірісі Италияның Таранто қаласында орналасқан, жылына 10 млн т- дан астам сапалы болат қорытады. Соңғы кездерде машина жасау өнеркәсіптері маңында шағын зауыттар көптеп салынуда. Дегенмен машина жасау өнеркәсібінде дайын прокатқа негізделу белең алуда.
Түсті металлургия аса маңызды салалары – алюминий мен мыс өнеркәсібі. Алюминиий өнеркәсібі боксит қоры бар немесе арзан электр энергиясын көп өндіретін елдерде шоғырланған. Жетекші елдер қатарына Германия, Норвегия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Испания, Нидерланд жатады. Соңғы жылдары алюминий өнеркәсібі теңіз жолы арқылы дамушы елдерден келетін шикізатқа бағдарлануда. Мысалы, Франция соңғы 25 жылда боксит өндіруді 20 есе азайтты, бірақ алюминий балқытудан Еуропада үшінші орынды иеленеді. Мыс өнеркәсібі жергілікті және сырттан әкелінетін шикізатқа негізделген. Жетекші елдер қатарына Германия, Италия, Бельгия, Польша, ресейді жатқызуға болады.
Жергілікті орман ресурстарына бағдарланған ағаш өнеркәсібі Швеция мен Финляндия өнеркәсібінің халықаралық маманданған саласына айналған. Сол сияқты Румыния, Югославия, Италия соңғы кезде Польша мен Беларусь елдері бағалы жиһаздар дайындау ісіне бет бұруда.
Еуропа – ежелден-ақ жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамыған аймақ. Аймақтағы индустрияландыру үрдісі де осы жеңіл өнеркәсіптен басталған. Ең алғашқы жеңіл өнеркәсіп орталықтары (Ұлыбританиядағы Ланкашир мен Йоркшир, Бельгиядағы Фландрия, Франциядағы Лион, Италиядағы Милан, Польшадағы Лодзь, Ресейдегі Иваново) әлі де өз маңызын жойған жоқ. Бірақ соңғы кезде бұл өнеркәсіп саласы неғұрлым арзан жұмыс күші бар Оңтүстік Еуропаға қарай орын ауыстыруда. Мысалы, Португалия аймағындағы тігін өнеркәсібінің, Италия былғары аяқкиім шығару, Грекия бағалы тері бұйымдарын тігу орталықтарына айналуда. Сонымен қатар әр елдің өзінің ұлттық бейнесін айшықтайтын жеңіл өнеркәсіп пен қолөнердің дәстүрлі түрлері де сақталып, одан әрі өркендеуде.
Бақылау сұрақтары:
Орта Еуропа елдері мен Ресей жерінде ең алғашқы өнеркәсіп аудандары қай ғасырда қаланды.
Қазіргі кездегі Еуропа экономикасының басты ерекшелігі
Еуропадағы ең жетекші сала
Еуропада ежелден-ақ жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамыған аймақ
Лекция №13
Тақырыбы: Германияның шаруашылық географиясы
(1 сағат)
Жоспар:
1.Өңдеуші өнеркәсіп түрлері
2.Өндіруші өнеркәсіп түрлері
3.Сыртқы экономикалық байланыстары
Лекцияның мақсаты:Дамыған капиталистік елдердің құрамына кіретін Германияның дүниежүзілік шаруашылықта алатын орнын студенттерге таныстыру.
Лекция мәтіні:
Жерінің ауданы – 357 мың км3
Халқы – 82,4 млн адам
Астанасы – Берлин
Мемлекет құрылымы – федерациялық республика
Мемлекет басшысы – федералдық президент
Үкімет басшысы – федералдық канцлер
Заң шығарушы органы – парламент
Мемлекет тілі – неміс тілі
Ақша бірлігі- еуро
1. Германия – экономикасының қуаттылығы жөнінен дүние жүзіндегі жетекші елдердің бірі. Аса зор экономикалық және ғылыми- техникалық мүмкіндіктерге ие Германия өнеркәсіп өндірісініңкөлемі жөнінен АҚШ пен Жапониядан кейінгі үшінші орынды алады. Елдегі жалпы жиынтық өнімінің 33 пайызы өнеркәсіп үлесіне тиеді. Өнеркәсібінің қазіргі дамуы мынадай белгілермен сипатталады: жергілікті шикізат негізінде қалыптасқан маманданған салалардың құрылымдық өзгерістер мен жаңа технологиялық жетістіктер енгізу нәтижесінде күшті дамуы; ғылымды көп қажет ететін әрі экспортқа бағытталған жаңа салалардың пайда болуы: өнеркәсіп өндірісінде ірі монополияның үстемдігі.
Елдегі аса маңызды өнеркәсіп орталықтарына Франкфурт, Мюнхен, Эссен, Нюрнберг, Гамбург, Дортмунд жатады. Қара металлургия кәсіпорындары елдің ішкергі бөлігіндегі Рур және Саар аудандарында шоғырланған. Болат балқытудан Германия дүние жүзіндегі алғашқы бестікке енеді. Халықаралық географиялық еңбек бөлінісінде Германия машина жасау өнеркәсібімен көзге түседі. Металды көп қажет ететін машина жасау кәсіпорындары қара металлургия орталығы саналатын Рур ауданына жақын орналасқан.
2.Машина мен прибор жасау, радиоэлектроника кәсіпорындарының орналасуы кәсіптік шеберлігі жоғары еңбек ресурстарына бағдарланған. Машина жасау саласындағы басты монополиялық концерндер қатарына «Даймлер- Крайслер» (Мерседес автомобильдері мен аэроғарыштық техника өндірісі), «Фольксваген», «БМВ» (автомобиль жасау), « Сименс» (электроника, электр техникасын жасау), « Дойче телеком» (ақпарат тарату техникасы), «БОШ»( электр техникасын жасау) жатады. Жеңіл автомобиль жасаудан Германия дүние жүінде Жапония, АҚШ тан кейін үшінші орында. Елдің автомобиль фирмалары жылына 5,5 млн жеңіл, 0,3 млн арнайы және жүк автомобильдерін шығарады.
Автомобиль зауыттары, негізінен, Вольфсбург маңына шоғырланған. Бұл қаланы АҚШ – тағы Детройт тәрізді « автомобиль астанасы» деп те атайды.
Германия жеңіл автомобильдерін қазақстандықтар жиі сатып алады. Кеме жасау да дәстүрлі өнеркәсіп салаларының бірі. Кеме жасаудан ел Жапония, корея Републикасынан кейін үшінші орын алады. Оның үлесіне дүние жүзі бойынша жасалатын кеменің 5,4 пайызы тиесілі.
Машина жасау өнеркәсібі – ғылым мен техника жетістіктері ең көп енгізілетін салалардың бірі. Германияда ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік- конструкторлық жобалау жұмыстарына жылдық жалпы өнімнің 2,5 пайызы жұмсалады. Әсіресе ақпараттық технологиялар мен электроника өндірісінде үлкен жетістіктер бар. 2002 жылдан бастап «Басф» концернінің дүние жүзіне белгілі аудио, видео және компьютерлік ақпарат сақтау құралдары «Эмтек» маркасымен шығарылатын болды. Химия өнеркәсібінің күшті дамуына байланысты Германияны химиялық держава деп те атайды. Алуан түрлі өнім шығаратын бұл салада «Байер», « Хехст» фирмалары көзге түседі.
3.Ел сыртқы экономикалық байланыстарды дамытуға айырықша көңіл бөледі, сондықтан бұл саладағы үкімет саясаты дүниежүзілік экономикалық ынтымақтастыққа және халықаралық еңбек бөлінісін тереңдетуге бағытталған. Германияда басқа ЕО елдеріндегі сияқты еуро айналымға түскен. Дюссельдорф және Майндағы Франкфурт аса ірі халықаралық қаржы орталықтары болып табылады. Сыртқы экономикалық байланыстар жүйесінде сыртқы сауда айырықша орынға ие. Әрбір үшінші герман жұмысшысы экспортқа жұмыс істейді. Ел экспорт көлемі жөнінен АҚШ- пен
Қатар алдыңғы орынды алса, импорт ауқымы бойынша АҚШ – тан кейінгі екінші орынды иеленеді. Германияның үлесіне дүниежүзілік экспорттың 10 пайызы, импорттың 8 пайызы тиесілі. Сонымен сыртқы сауда көрсеткіштері бойынша Германияға оң сальдо, яғни экспорттың импорттан басым болуы тән. Германияның басты сауда әріптестері – Франция мен Жапония, сонымен қатар Италия, Ұлыбритания,Нидерланд, Бельгия, Люксембург және АҚШ.
Германия туризмнің алатын орны зор. Ел тұрғындарының жартысына жуығы өз елінде саяхат жасауды қалайды. Туристердің 53 пайызы шетелдіктер.Туристік нысандарды ірі екі топқа бөлуге болады: біріншісі –табиғи ландшафтылар; мұндай туристік нысандарға солтүстік жағалау мен аралдар, оңтүстіктегі таулы аудандар, Боден көлі, Бавариядағы шағын көлдер мен өзен аңғарлары жатады.
Қазақстан мен Германия арасындағы өзара байланыстардың негізі 1992 жылы қаланды, кейінгі жылдары экономикалық ынтымақтастық іс жүзінде асырыла бастады. Екі ел арасындағы экономикалық байланыстарға әсер ететін шешуші фактордың бірі – Қазақстан жерінде тұратын неміс диаспорасы.
Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамыту болашағына үміт артқан Германия іскер топтары әлеуметтік – экономикалық мәселелерді шешу үшін елімізге бірнеше рет несие берді. Қазіргі кезде Германия – біздің елімізге Ресейден кейінгі басты тауар жөнелтеуші және маңызы жөнінен оныншыорын алатын сатып алушы ел. Екі елдің тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2005 жылы Қазақстан Германияға жалпы құны 409 млн АҚШ доллары болатын өнім жөнелтті, Германиядан 1300 млн АҚШ доллары көлеміндегі өнімді сатып алған.
Қазақстанға қаржылай көмек тікелей ған емес, жанама түрде Халықаралық валюта қоры, Әлемдік банк және ТАСИС бағдарламасы арқылы да көрсетіледі.Соңғы жылдары бірлескен жобалар саны 50 ден асты. Германия тарапынан қаржыландырылатын инвестициялық жобалар өнеркәсіптің әр түлі салаларын қамтыды.
Германия инвесторлары өз қаржысын көбінесе Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының кәсіпорындарын дамытуға жұмсауда. Бұл жобаларды жүзеге асыруда алдыңғы қатарлы неміс фирмалары – «Конимпэкс», «Шенн», « Пфафф», « Интерком», «Сименс» және «Даймлер – Бенц» маңызды рөл атқаруда. Жалпы алғанда Қазақстанда 435 қазақ- герман бірлескен кәсіпорны тіркелген, Германияның 57 фирмасының өкілдігі бар.
Бақылау сұрақтары:
1.Елдегі аса маңызды өнеркәсіп орталықтары
2. Кеме жасаудан қай елдерден кейінгі орынды алады.
3. Германияны химиялық держава деп не себепті атайды?
4. Германияда туризмнің алатын орны қандай.
5. Германия инвесторлары өз қаржысын Қазақстанның қандай кәсіпорындарын дамытуға жұмсауда
Лекция №14
Тақырыбы: Ұлыбританияның шаруашылық географиясы
(1сағат)
Жоспар:
1. Өнеркәсіп салалары
2. Өндіруші өнеркәсіп түрлері
3. Сыртқы экономикалық байланыстары
Лекцияның мақсаты:Дамыған капиталистік елдердің құрамына кіретін Ұлыбританияның дүниежүзілік шаруашылықта алатын орнын студенттерге таныстыру.
Лекция мәтіні:
Жерінің ауданы –244,1 мың км 2
Халқы –60,1 млн адам
Астанасы – Лондон
Мемлекеттік құрылымы – конституциялық монархия
Мемлекет басшысы – королева
Үкімет басшысы – премьер – министр
Заң шығарушы органы – парламент
Мемлекеттік тілі –ағылшын тілі
Ұлттық валютасы – фунт стерлинг
1.XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында Ұлыбританияда өндірістің фабрикалық жүйесін орнықтырған өнеркәсіптік революция болды. Нәтижесінде Ұлыбритания капиталистік өндірістің отаны ретінде әлемдік шеберханаға айналды. ХХ ғасырда өзінің күшті бәсекелестерінің тегеурініне шыдамаған Ұлыбритания жетекші өнеркәсіптік ел болудан қалды.ХХ ғасырда экономикасының даму қарқыны жөнінен Ұлыбритания тек Жапония мен АҚШ – тан ғана емес, Франция, Германия мемлекеттерінен де әлдеқайда артта қалды. Қазіргі кезде ол жоғары дәрежеде дамыған капиталистік елдер арасында шаруашылығының жалпы ауқымы, ұлттық табысы жөнінен алтыншы орын алады.
Ұлыбритания экономикасы соңғы жылдары дамудың постиндустриялық кезеңіне өтті, яғни ақпараттық экономика салалары жылдам дамып, үлесі артып келеді. Барлық алдыңғы қатарлы елдердегі сияқты, мұнда да ең жаңа, жоғары ақпараттық технологиялар басым бола бастады. Соның нәтижесінде көмір өндіру, металл өңдеу, тоқыма және тамақ өнеркәсібі сияқты дәстүрлі салалардың даму қарқыны бәсеңдеп, электрондық, авиация және қызмет көрсету салалары күшті дамуда. Ел экономикасында монополиялар үлесі барынша жоғары өнеркәсіптің жартысынан астамына 100- ге тарта ірі ұлтаралық компаниялар иелік етеді.
Ұлыбритания отын – энергетика саласының көрсеткіштері бойынша дүние жүзінде жетекші елдер қатарына енеді.
Электр энергиясына сұранысты жергілікті отын – энергетикалық ресурстар (көмір, мұнай және газ ) есебінен жұмыс істейтін жылу және атом электр станциялары қамтамасыз етеді. Елде “ Супергрид” деп аталатын бірыңғай жаңа энергетика жүйесі іске қосылған. Елде өндірілетін көмірдің ¾ бөлігі ЖЭС – те пайдаланылады. Жалпы қуаты 14 млн кВт / сағ болатын 12 АЭС электр энергиясының 20 пайызын береді.Ұлыбритания капиталистік елдер арасында тұңғыш рет атом электр станциясын салған болатын. АЭС-тер, негізінен, теңіз жағалауларындағы елді мекендер аз аудандарда орналастырылған.
ХХ ғасырдың 70- жылдарынан бастап, Ұлыбританияда мұнай өнеркәсібі күшті дами бастады. Солтүстік теңіздің қайраңынан мұнайдың табылуы ел экономикасындағы мұнай химиясының маңызын арттырды. Мұнай Сауд Арабиясы мен кувейттен де сатып әкелініп, жағалауларда орналасқан мұнай өңдеу кәсіпорындарында өңделеді, өңделетін мұнайдың жартысына жуығы сырттан тасылады. Жалпы елде 20 – ға жуық мұнай өңдеу зауыттары бар. Мұнай өнеркәсібінде аса ірі “ Ройял Датч- Шелл” (Нидерландпен бірге), “ Бритиш петролеум”, “ Бритойл” компаниялары жұмыс істейді. Бұл компаниялар дүние жүзіндегі аса ірі 500 концерннің қатарына енеді. “ Ройял Датч – Шелл” мұнай өндіру және өңдеуден дүние жүзінде екінші орын алады. Бұл компаниядағы ағылшын капиталының үлесі 420/0. “ Бритиш петролеум” компаниясының әлемнің 70 елінде өкілдігі бар, 20 елде мұнай өңдеу зауыттары орналасқан. Қазақстанның мұнай кәсіпшіліктерінде де бұл компанияның үлесі бар. Ұлыбритания Батыс Еуропа елдері арасында бірінші болып жасанды газ пайдалана бастады. Қазіргі кезде газ Солтүстік теңіздің қайраңында өндіріліп, су асты құбырлары арқылы тұтыну аудандарына жеткізіледі.
2.Ел өнеркәсібінің жетекші саласының бірі – машина жасау. Елде тұтынушы сұранысына сәйкес, машинаның стандартты түрлері ғана емес, көптеген басқа типтері де жасалады. Станок, автомобиль жасау кәсіпорындары Бирмингем ауданында, тоқыма өнеркәсібі жабдықтарын жасау Манчестер маңында, ал кеме жасау кәсіпорындары Глазгода орналасқан. Әлемдегі алғашқы ірі танкер “ Глюкауф” 1886 жылы Ұлыбританияда жасалған болатын. Оның ұзындығы 91,4 м, ені 11,3 м болатын және салмағы 2300 т жүк көтере алатын. Қазіргі кездегі әлемдегі аса ірі танкерлердің жүк сыйымдылығы бұдан 250 еседей артық, ал ұзындықтары 400 м- ден асады. Машина жасау өнеркәсібі әскери техника, қару – жарақтар шығарудан да көзге түседі. Қазіргі кезде әлемдік нарықта жапон жеңіл автомобильдерінің үлесі артуына байланысты, Ұлыбританияда жеңіл көлік жасау қарқыны бәсеңдеген. Елде АҚШ –тың “ Крайслер” және “ Форд мотор” автомобиль компанияларының бірнеше зауыттары бар. Жеңіл автомобильдер Ланкашир қаласында орналасқан “ Роллс –ройс” фирмасының зауыттарында да жасалады. Автомобиль зауыттары соңғы жылдары шағын қалаларда да салына бастады.
Машина жасау саласында өндірісті қайта жабдықтаудың және автоматтандырудың негізі болып отырған радиоэлектроника және электр техникасын жасаудың маңызы зор. Бұл өнеркәсіптің шоғырланған басты ауданы –Лондон. Ұлыбритания электр техникасын өндіру жөнінен АҚШ, Жапония және Германиядан кейінгі төртінші орынды алады. Ел ауыр электр машиналарын жасаудан да дүние жүзінде алдыңғы орындарда тұр. Бұл саладағы ондаған аса ірі компаниялар арасында электр техникасын, электроника, автоматтық жүйелер мен телемеханика, тұрмысқа қажетті электр бұйымдарын жасайтын “ Дженерал электрик” концерні жетекші орын алады.
Ұшақтар шығару жөнінен Ұлыбритания тек АҚШ – қа ғана жол берді. Авиациялық зауыттар Лондонда, Бирмингем, Ковентри қалаларында орналасқан. Франциямен бірге дыбыстан жылдам ұшатын “ Конкорд” әуе лайнері жасалады. Жалпы авиазымырандық- ғарыштық техника жасауда “ Бритиш аэроспейс” компаниясының үлесі жоғары: оның өнімінің 60 пайызы сыртқа жөнелтіледі. Компания зауыттарында жолаушы және жүк таситын, әскери ұшақтар, ғарыштық байланыс құралдары жасалады.
Химия өнеркәсібінде мұнай өңдеу мен синтетикалық талшық шығару, ауыл шаруашылығы химикаттарын өндіру, бояу – лак өндірісі жедел дамуда. Соңғы жылдары бұл саладағы ірі концерндер қару – жарақ, оқ-дәрі, ядролық және зымырандық қаруға қажетті жабдықтар шығара бастады. Ірі химиялық компаниялар жанында ғылыми – зерттеу орталықтары бар.
3Жалпы алғанда, қазіргі кезде соңында өнеркәсіп пен құрылыс ұлттық жиынтық өнімінің 29 пайызын берсе, өндірістік емес сфера үлесіне оның 71 пайызы тиесілі болды. Өндірістік емес салада (қаржы жүйесі, сауда, байланыс, көлік саласы, халыққа қызмет көрсету саласы) экономикалық белсенді халықтың 63 пайызы жұмыс істейді. Ел астанасы дүние жүзіндегі аса ірі қаржы орталығы болып табылады.Лондон Биржасы – халықаралық дәрежедегі алтынмен байланысты операциялар жүзеге асатын дүние жүзіндегі бірден – бір қаржы мекемесі.
Бақылау сұрақтары:
Қазіргі кезде ол жоғары дәрежеде дамыған капиталистік елдер арасында шаруашылығының жалпы ауқымы, ұлттық табысы жөнінен алатын орны.
Ұлыбританияда мұнай өнеркәсібі күшті дами бастаған уақыты және қай аймақта болды.
Ел өнеркәсібінің жетекші саласы
Химия өнеркәсібінің өнімдері
5. Алтынмен байланысты операциялар жүзеге асатын дүние жүзіндегі бірден – бір қаржы мекемесі.
Лекция № 15
Тақырыбы: Францияның шаруашылық географиясы
(1 сағат)
Жоспар:
1. Францияның өнеркәсіп салалары
2. Сыртқы экономикалық байланыстары
Лекцияның мақсаты:Дамыған капиталистік елдердің құрамына кіретін Францияның дүниежүзілік шаруашылықта алатын орнын студенттерге таныстыру.
Лекция мәтіні:
1.Лотарингия темір кені алабының қорын пайдаланатын қара металлургия өнеркәсібі ХХ ғасырдың 70 жылдарынан бастап дағдарысқа ұшырады. Оған Еуропа мен дүние жүзі нарығында қуатты бәсекелестердің (Бразилия, Шығыс Еуропа елдері, Корея және т.б.) пайда болуы әсер етті. Еуропалық Одақ шеңберінде өнеркәсіптің осы саласын дамытуға бағытталған шаралар нәтижесінде өндірісті неғұрлым тиімді ұйымдастырып, қайта жабдықтауға мүмкіндік туды. Орталық аудандардағы тиімсіз кәсіпорындар жабылып, негізгі металлургиялық кешендер солтүстіктегі Дюнкерк маңы мен Лотарингиядағы Мозель өзені аңғарында шоғырланған. Қазіргі кезде елде жылына 19 млн т болат өндіріледі.
Алюминий өндіріснде де аумақтық өзгерістер болды: бұрын олар, негізінен, Альпі мен Пиреней аудандарындағы су электр станциялары маңында орналасса, қазіргі кезде шеттен әкелінетін шикізатты қабылдап алатын портты қалаларға көшірілген.
Құрамына тоқыма, бояулар жасау, кілем тоқу, еден төсеніштерін шығару өндірісі енетін Францияның мата өнеркәсібі дүние жүзіндегі жетекші орнын жоғалтқан жоқ. Бұл салада әсіресе жүн маталарын шығарудан дүние жүзінде бірінші орын алатын « Шаржер – текстиль», мақта маталарын шығаруға маманданған DMC компаниялары көзге түседі. Қазіргі кезде сырттан әкелінетін жүн мен мақтадан басқа, бұл кәсіпорындарда жасанды талшықтар да кеңінен пайдаланылады. Негізгі орталықтары – Мюлуз, Труа, Лион және Париж маңы.
Отын – энергетика саласы жергілікті ресурстар мен сырттан әкелінетін шикізат негізінде дамуда. Елдегі барлық дерлік елді мекендер электрлендірілген. Жылына әр тұрғынға 4 мың кВт/ сағ электр энергиясынан келеді. Аса ірі СЭС – тер Рона өзені бойында салынған. Мұнай мен газдың жергілікті кен орындары елдің қажетін қамтамасыз ете алмайды, сондықтан Норвегия мен Нидерландтан, Алжирден газ, ал Сауд Арабиясы мен Орта Шығыс елдерінен мұнай сатып алынады. Энергетикалық шикізаттың қымбатқа түсуі елде атом өнеркәсібін елеулі түрде дамытуға себепші болды. Атом энергиясын өндіру жергілікті уран кендері мен Африка елдерінен әкелінетін шикізатқа негізделген. Қазіргі кезде АЭС – тер үлесіне елде өндірілетінэлектр энергиясының ¾ бөлігі тиесілі, 13 пайызын су электр станциялары, ал 11 пайызын жылу электр станцияларында өндіруде.
Машина жасау өнеркәсібінде көлік қатынасындағы машиналар мен электр техникасын жасау салалары күшті дамыған. Дүниежүзілік автомобиль өндірісінің дамуында елдің айрықша орны бар. 1898 жылы ағайынды Рено негізін салған фирма алғашқы автомобилін жасап шығарған болатын, арада 15 жыл өткен соң бұл шағын кәсіпорын алуан түрлі машина шығаратын аса ірі концернге айналды. Қазіргі кезде бұл концерн мемлекеттік болып саналады. Мұнда жүк автомобильдері, автобустар, ауыл шаруашылығы машиналары, сондай – ақ кемелер мен ұшақтардың қозғалтқыштары жасалады. Францияда жылына 3,5 -4 млн автомобиль жасалса, соның 9/10 бөлігі жеңіл көлік болып табылады. Қазіргі кезде жеңіл автомобильдер, негізінен, «Рено» кәсіпорыны мен жеке меншік «Пежо – ситроен» концернінде жасалады. Француз компаниялары дүние жүзінің 30 елінде автомобиль тетіктерін жинайтын зауыттар ашқан. Елде жасалған автомобильдердің 60 пайызы шетке шығарылады. Көбінесе француз жеңіл көліктерін Португалия, Испания, Бразилия және Оңтүстік – Шығыс Азия елдері сатып алады.
Химия өнеркәсібі елде ХХ ғасырдың екінші жартысында жедел дами бастады. Оған осы сала өнімдеріне деген сұраныстың артуы және мұнай мен газдың тас көмірді ығыстыра бастауы әсер етті.
Қазіргі кезде химия өнеркәсібі өнімдерінің көлемі жөнінен Франция дүние жүзінде төртінші орын алады. Негізгі химияның кәсіпорындары көбінесе шикізат көзінде (Эльзаста – калий тыңайтқыштары, Лотарингияда – тұздар және т.б.), ал сырттан әкелінетін шикізатты пайдаланатындары портты қалаларда орналасқан. Мұнай химиясындағы аса ірі компаниялар – «КФП – Тоталь» және «Эль – акитен».
Табиғи газды өнеркәсіптік өңдеу саласында дүние жүзінде алдыңғы орын алатын «Эр ликит» компаниясының 50 шақты елде өз кәсіпорындары бар.
Өнеркәсіптің жаңа салаларының дамуы ХХ ғасырдың екінші жартысына сәйкес келеді. Олардың қатарына аэроғарыштық, электр техникасы мен электроника салалары жатады. Соңғы жылдары ғылыми – зерттеу жұмыстарына жұмсалатын шығынды азайту және халықаралық нарықтағы бәекеге төтеп беру мақсатында еуропалық Одақ аясындағы ынтымақтастық артып келеді. Оның айқын мысалы ретінде Франция, Ұлыбритания, Германия қатысқан «Аэробус» А -300 аэробусы осы ынтымақтастықтың нәтижесі деуге болады. Аэроғарыштық өнеркәсіптің кәсіпорындары Париж округі мен Тулуза, Бордо қалаларында орналасқан. Оның өнімдерінің жартысы экспортқа шығарылады. Мемлекеттік «Аэроспасьяль» және «Снекма» компаниялары шетел компанияларымен бірге ішкі әуе тасымалына пайдаланылатын «Каравелла», «Конкорд» реактивті ұшағын және тікұшақтар жасайды. Сонымен қатар дүние жүзінің көптеген елдері Францияның «Мираж», «Мистер», «Рафаль» тәрізді әскери ұшақтарын сатып алады. Ғарыштық техника жасау бағытында бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.
Электротехника және электроника саласы автоматтандырылған басқару жүйелері мен телекоммуникация құралдарынан бастап, тұрмыстық техникаға дейінгі алуан түрлі өнімдерді шығарады. Бұл саланың кәсіпорындары барлық ірі қалаларда және Шебур, кан, Тур тәрізді «маманданған» шағын қалаларда бар. Электронды техника жасау саласында «Томсон» телекоммуникация саласында «Алькател – Альстом» электр құралдарын жасауда «Легран» фирмалары жетекші орын алады.
2.Франция экономикасы дүниежүзілік шаруашылықтың ажырамас бөлігіне айналған. Сыртқы сауда экономикалық өрлеуге негіз болып отыр, оған оң сальдо тән.
Экспорт көлемі жөнінен ел Батыс Еуропада тек германияны ғана алға салады., Францияның сыртқа шығаратын тауарларының жалпы құны дүниежүзілік тауар экспортының 5,1 пайызын құрайды. Экспорт құрылымында машиналар мен жабдықтар (43пайыз)және ауыл шаруашылығы өнімдері мен шикізаты (20) басым болып отыр.
Соңғы жылдары әскери техника мен қару – жарақты сыртқа сату жөнінде АҚШ – тан кейінгі екінші орынға шықты. Жалпы, сыртқа шығарылатын өнімнің 60 пайызы ЕО елдеріне жөнелтіледі, басты сауда әріптесі – германия, Франция, негізінен, технологиялық жетістіктер (патент, лицензия) сатып алады. Импорт көлемі жөнінен Франция Жапониямен қатар АҚШ, Германиядан кейінгі үшінші орынды бөліседі.
Француз іскер топтары батыс Еуропа елдері мен Африканың дамушы елдеріне қаржы экспортын жүзеге асырады. Өз кезегінде, француз экономикасында АҚШ, Жапония, ЕО елдерінің қаржысы айналымға түседі.
Шетел қаржысы , негізінен ең жаңа, даму мүмкіндігі зор салаларға тартыған. Сыртқы экономикалық байланыстарда дамушы елдерге экономикалық көмек айрықша орын алады.
Франция – халықаралық туризм орталығы. Қазіргі кезде Франция жылына 77 млн – дай шетел туристерін қабылдайды. Елдің сыртқы экономикалық байланыстарын дамытуда туризмнің маңызы зор.
Бақылау сұрақтары:
1.Отын – энергетика саласы жергілікті ресурстар мен сырттан әкелінетін қандай шикізат негізінде дамуда
2. Дүниежүзілік автомобиль өндірісінің дамуында елдің айрықша орны
3.Негізгі химияның кәсіпорындары сырттан әкелінетін шикізатты пайдаланады
4. Елдің сыртқы экономикалық байланыстарын дамытуда туризмнің ролі.
Лекция № 16
Тақырыбы: Италияның шаруашылық географиясы
( 1сағат)
Жоспар:1. Италияның өнеркәсіп салалары
2. Сыртқы экономикалық байланыстары
Лекцияның мақсаты: Дамыған капиталистік елдердің құрамына кіретін Италияның дүниежүзілік шаруашылықта алатын орнын студенттерге таныстыру.
Лекция мәтіні:
Жерінің ауданы – 301,3 мың км2
Халқы -58 млн адам
Астанасы –Рим
Мемлекеттік құрылымы – парламенттік республика
Мемлекет басшысы – президент
Заң шығарушы органы – парламент
Мемлекеттік тілі – итальян тілі
Ақша бірлігі –еуро
1.Италия – жоғары дамыған индустриялы – аграрлы ел, ол дүниежүзілік өндірістегі үлесі жөнінен алғашқы ондыққа енеді. Шаруашылық мамандануы мен экономикалық - әлеуметтік даму деңгейі жөнінен елдің солтүстігі(индустриялы солтүстік) мен оңтүстігі ( аграрлы оңтүстік) елеулі айырма жасайды.
Бұл аймақтың сәйкессіздікке, ең алдымен тарихи- географиялық фауторлар себепші болған. Еуропаның алдыңғы қатарлы дамыған елдерімен көршілес орналасқан Солтүстік Италия өзінің даму қарқыны жөнінен олардан кем түспейді. Сыртқы экономикалық байланыстарының күштілігі ауданның шаруашылық құрылымының күрделенуіне де әсерін тигізген. Оңтүстік Италия салыстырмалы түрде нашар дамыған елдермен көршілес орналасқандықтан және Солтүстікпен теңестіруге бағытталған арнайы экономикалық саясат жүргізілмегендіктен артта қалып отыр.
Италия экономикасының жетекші саласы болып табылатын өнеркәсіптің үлесіне ұлттық жиынтық өнімнің 28 пайызы және жұмыс істейтін халықтың 2/5 бөлігі тиесілі. Ел өнеркәсібінің өзіндік даму және мамандану ерекшеліктері бар.елде маман жұмыс күшін қажет ететін, шикізат пен отынды аз жұмсайтын өнеркәсіп салалары жедел дамуда, олар жаппай өнім шығаруға маманданған. Сонымен қатар батыс Еуропаның басқа елдеріне қарағанда ел өнеркәсібінде шағын кәсіпорындар басым; олардың жалпы саны 4 мыңға жуықтады. Ел экономикасында олардың айрықша орны бар: шағын кәсіпорындар жалпы өнеркәсіп өнімінің 60 пайызын береді, олардың үлесіне жұмыс істейтіндердің 73 пайызы тиесілі.
Жергілікті минералды ресурстардың жетіспеушілігіне байланысты өңдеуші өнеркәсіп сырттан әкелінетін шикізатқа негізделген. Бұл әсіресе отын – энергетика өнеркәсібінде айқын байқалады. Мысалы, Италияның мұнай өңдеу өнеркәсібі Еуропадағы осы саладағы аса күшті дамыған өндіріс болып табылады. Мұнай Жерорта теңізі арқылы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінен әкелінеді. Сондықтан тұтыну көзіне жақын орналасқан зауыттарға мұнай күшті тармақталған құбырлар арқылы жеткізіледі. Табиғи газға сұраныс жыл сайын артып келеді.
Сондықтан жергілікті газ қорымен қатар, Солтүстік Африка, Нидерланд және Ресейден тасылатын газ кеңінен қолданылады. Электр энергетикасы құрылымында жылу электр станцияларының үлесі артуда (70 0/0). Ең ірі су электр станциялары Альпіде салынған. Елде атом және геотермалдық электр станциялары да бар, олардың үлесі әзірше мардымсыз.
Өнеркәсіп салаларының сырттан әкелінетін шикізатқа тәуелділігі олардың орналасуына тікелей әсер етеді. Мысалы, елдің қара металлургия кәсіпорындары көбінесе ірі порттар маңына немесе тұтыну көзіне шоғырланады. Өндіріске қажетті темір кенінің 900/0-ы , металл сынықтарының 75 0/0-ы, марганец кенінің 2/3 –сі сырттан әкелінеді. Кокстелетін көмір түгелімен шеттен, көбінесе АҚШ – тан сатып алынады. Соған қарамастан болат балқытудан Италия батыс еуропа елдері арасында Германиядан кейін екінші орын алады.
Түсті металлургия өндірісінің жергілікті шикізатқа негізделген салалары (алюминий, қорғасын, мырыш, сынап өндіру) едәуір жақсы дамыған. Мырыш өндірісі энергияны көп қажет ететіндіктен, көбінесе ірі электр станциялары маңына орналасқан. Соңғы жылдары қоршаған ортаға зиянды әсері күшті болғандықтан Италия өзіндегі мол киноварь (сынап алынатын шикізат) кен орындарын толық дәрежеде пайдалан алмай келеді. Осы себепті сынап өндіруден Испания алға шығып кетті. Магний өндірісінен Италия алдыңғы орындардың бірін алады.
Өнеркәсіп өндірісінде ауыр индустрия басым, оның басты саласы – машина жасау. Бұл сала өңдеуші өнеркәсіп өнімінің ¼ береді және жұмыс істейтіндер саны жөнінен бірінші орын алады. Машина жасау өнеркәсібі елдің машиналарға деген сұранысын толығымен дерлік қамтамасыз ете алады. Әсіресе автомобиль жасау күшті дамыған. Италия – дүниежүзілік нарықтағы аса ірі автомобиль шығарушы ел. Бұл саладағы жетекші орынды Италиядағы ең қуатты жеке меншік фирма болып есептелетін « Фиат» концерні алады. Дүние жүзіндегі аса ірі компаниялар қатарына жататын бұл автомобиль концернінің зауыттары ел аумағында шашырай орналасқан. Мұнда жеңіл автомобильдерменқатар жүк машиналары, автобустар, электровоздар, трамвай, троллейбустар, тракторлар жасалады. Еуропаның автомобиль нарығының 13 0/0- ына жуығына бақылау жасайтын « Фиат» кәсіпорындары, негізінен, Турин қаласы мен оның маңында шоғырланған. Милан, Турин, Больцано, Моден қалаларында, Неаполь маңында «Феррари», «Мазерати», «Ланча» автомобиль фирмаларының зауыттары орналасқан. Италияда жылына 1,5 млн жеңіл автомобиль жасалады.
Бірқатар тарихи – географиялық себептерге байланысты елде кеме жасау күшті дамыған. Бұл саладағы монополист – « Италкантьери» компаниясы, оның үлесіне өндірістің 90 пайызы шоғырланған. Кеме жасау кәсіпорындары Адриат теңізі жағалауында (Триест, Венеция, Анкона), Лигурия жағалауында (Генуя, Мессине, Ливорно) және Неаполь, Таранто, Палермода орналасқан.
Италияның машина жасау саласы әр түрлі өнеркәсіп салаларына қажетті машиналар мен жабдықтарды жасауға да маманданған. Әсіресе пластмасса өңдеу мен резеңке өндіру, тоқыма, аяқкиім, тамақ өнеркәсібі мен полтграфияға қажет жабдықтарды жасау елдің халықаралық дәрежеде маманданған саласы болып табылады. Италияның үлесіне дүниежүзілік станок өндірісінің 8 пайызы тиесілі. Кеңсе құрал – жабдықтарын шығаратын « Оливетти» фирмасының өнімдері дүние жүзінің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстан тұтынушыларына да танымал. Құрал – жабдық шығаратын кәсіпорындардың басым көпшілігі өнеркәсіпті Солтүстік Италияда шоғырланған.
Химия өнеркәсібі сырттан әкелінетін (мұнай, табиғи газ, фосфорит, күкірт, целлюлоза) және жерігілікті шикізатқа негізделген. Мұнай химиясының ірі кәсіпорындары солтүстікте шоғырланған. Елдің оңтүстігіндегі Приоло, Неаполь, Кальяри қалаларында да ірі комбинаттар салынған. Мұнай химиясының өнімдері де алуан түрлі. Әсіресе пластмасса, химиялық талшықтар жасаудан Италия дүниежүзілік нарықта елеулі орын алатын болды. Резеңке бұйымдарын шығаратын «Пирелли» бірлестігінің өнімдері дүние жүзіне әйгілі, оларды Қазақстаннан да кездестіруге болады. Италияның лак – бояу өндірісі мен фармацевтика өнеркәсібі де Еуропа елдері аарсында айрықша көзге түседі. Сонымен қатар байырғы салалардың бірі – гүлдер мен жемістерден табиғи эссенциялар мен эфирлі майлар алу жоғары дәрежеде дамыған.
2. Италия экономикасының дамуы үшін сыртқы экономикалық байланыстардың маңызы аса зор. Италияны дүниежүзілік сыртқы саудадағы үлесі 6 пайызды құрайды. Елдің сыртқы саудасының басым бөлігі ЕО елдеріне, соның ішінде, ең алдымен, Германия, Франция, Ұлыбританияға, (40 пайыз) бағдарланған. Италияның сыртқы сауда айналымындағы АҚШ тың үлесі жыл сайын кеміп келеді, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 7 пайызға тең.Елдегі жұмыс істейтіндер саны жөнінен машина жасау саласынан кейінгі екінші орынды алатын тоқыма өнеркәсібі байырғы өнеркәсіп саласы болып табылады.Негізінен, мақта, жүн, жібек, зығыр, кендір және химиялық талшықтардың мата және жіп, тоқыма бұйымдары өндіріледі. Италия аяқкиім өндіру жөнінен АҚШ – тан кейінгі екінші орын алса, оны экспортқа шығарудан бірінші орын алады. Италия аяқкиімдері өзінің сапасымен және әдемілігімен көптеген елдерден, соның қатарында Қазақстаннан да өз тұтынушыларын тапқан. Жоғары сапалы дайын киім – кешек шығаратын «Бенеттон» фирмасының дүкендері әлемнің 110 елінде бар. Қазіргі кезде Рим қаласы Парижбен қатар әлемдік сән орталығына айналып отыр.
Елдің тамақ өнеркәсібі ұн тарту, әйгііл макарон өндірісі мен қант, балық және жеміс консервілерін жасау, ірімшік өндірісіне маманданған. Италия дүние жүзінде өндірілетінзәйтүн майының 1/3 бөлігін өндіреді. Ел өнеркәсібі, сондай –ақ қымбат жиһаз және зергерлік бұйымдар жасаудан да айрықша көзге түседі.
Бақылау сұрақтары:
Италия экономикасының жетекші саласы
Өнеркәсіп салаларының сырттан әкелінетін шикізаты
Түсті металлургия өндірісінің жергілікті шикізатқа негізделген салалары
Химия өнеркәсібі сырттан әкелінетін қандай шикізатқа негізделген
Лекция № 17
Тақырыбы: Батыс Еуропаның шағын капиталистік елдерінің шаруашылық географиясы
(1 сағат)
Жоспар:
1.Батыс Еуропа аймағындағы елдердің дүниежүзілік шаруашылықтағы орны
2. Батыс Еуропа – дүние жүзінің екінші (АҚШ – тан кейінгі) экономикалық аймағы.
Лекцияның мақсаты: Студенттерге Батыс Еуропаның шағын капиталистік елдерінің дүниежүзілік шаруашылықтағы алатын орны қандай екендігін түсіндіру.
Лекция мәтіні:
1.Батыс Еуропаға 20- дан астам мемлекет кіреді, олардың әрқайсысының тарихи, этностық, табиғи, экономикалық, әлеуметтік және мәдени ерекшеліктері бар. Талай ғасырлар бойы бұл аймақ дүниежүзілік дамудың орталығында тұрғындай болды. Қайта өрлеу дәуірінен, ұлы географиялық ашулар кезінен бастап Еуропа ең қарқынды континет болып келді. Өндіргіш күштер, ғылым, мәдениет қауырт дамыды.
Алайда ХХ ғасырдың бірінші жартысында Еуропа өз тарихының ең бір тартысты кезеңін бастан кешті. Оның жерінде бірінен соң бірі бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар шығып, олар шиеленіскен әлеуметтік жан- жалдар мен революциялық шайқастармен қабаттасты. Еуропалық капитализм түп негізіне дейін шайқалды. Осымен қатарласа дүниежүзілік шаруашылықта Батыс Еуропаның позициялары едәуір әлсіреді. Көшбасшылық АҚШ – қа ауысты. Алайда бүгінде батысеуропалық аймақ қазіргі заманғы дүниедегі экономикалық күш – қуат орталықтарының бірі күйінде қалып отыр.
Оның экономикалық және саяси – географиялық жағдайы XV –XVI ғасырлардағы Ұлы географиялық ашулардан кейін айрықша жақсарды, бұл уақытта халықаралық сауданың басты-басты жолдары ішкі – Жерорта және Балтық теңіздерінен Атлантика мұхитына ауысты. Еуропадан Америкаға және дүниежүзінің басты аймақтарына баратын басты – басты әлемдік теңіз жолдарындағы бұл маңызды жағдай Батыс Еуропа елдерінің көпшілігінің байланыстарын ұлғайтуға қолайлы болды, отарлаушылық басқыншылықтар басталады, сөйтіп бұл елдердің қаурыт дамып келе жатқан өнеркәсібі үшін отарлардан әртүрлі қаурыт дамып келе жатқан өнеркәсібі үшін отарлардан әртүрлі шикізат тасып әкелуге жол ашылды. Бүгінде де Батыс Еуропаның жағалауына дүние жүзіндегі ең қарбалас жүк тасқындары тоғысады.
Батыс Еуропаның кейінгі өрлеуінде экономикалық интеграция – Еуропалық қоғамдастықтың (қазір Еуропалық Одақ) құрылуы үлкен роль атқарады. 1993 жылдан бұл – 12 елді біріктірген біртұтас экономикалық кеңістік, Батыстың екінші экономикалық орталығы. Бірге қосып алғанда аймақ елдерінің шаруашылық тұрғысынан даму үшін әбден қолайлы табиғи жағдалары бар: жер бедерінің жазық және таулы өңірлері жақсы үйлескен, климаты қоңыржай, топырағы құнарлы. Минерал ресурстар жөнінде жағдай біраз күлдерілек. Бір жағынан, жекелеген елдерде мұнайдың (Франция, Нидерланды), көмірдің (ГФР-дегі Рур бассейіні, Ұлыбританиядағы (ГФР, Испания, Италия және т.б.) өнеркәсіптік қорлары бар. Екінші жағынан, ұзақ пайдаланғандықтан кен орындарының көбі сарқылауға таяу. Легирленген металдардың (хром, никель, марганец және т.б.) көпшілігінің рудалары іс жүзінде жоқ. Кейбір елдерде бастапқы энергия ресурстары проблемасы шиеленіскен. Бұл – ресурстардның жалпы тұтынылуы олардың ұлттық көлемдегі өндірілуінен Данияда, Швейцарияда және Финляндияда 10 есе дерлік, Италия мен Швецияда 5 есе, Францияда 2 есе асып түсті. Тұтас алғанда Батыс Еуропаның минерал шикізатпен қаматамасыз етілуі Солтүстік Америкадан анағұрлым нашар, осы себепті оның импортына тәуелділігі күшейе түсуде.
Батыс Еуропа елдері тұщы су ресурстары мен біршама жақсы қамтамасыз етілген, дегенмен оның аймақтары бойынша бөлінуі әсте біркелкі емес: аймақтың солтүстік және батыс өңірлерінің қаматамасыз етілуі жақсы. Ірі-ірі өзен артериялары – Дунай, Рейн, Луара, Тахо және т.б. Скандинавияда, Альпіде. Пиренейде кебір тау өзендерінде гидроэнерго ресурстар мол. Мысалы, Норвегияда бүкіл электр энергиясының төрттен үшін су электр станциялары береді.
Аймақтың топырақ қабаты әр алуан, тұтас алғанда әбден құнарлы. Табиғи құнарлық онша көп емес және баяғыдан бері өңделген, өнімді мол береді. Батыс Еуропаның аумағында табиғи ландшафттар іс жүзінде жоқ, олар мәдени (антропогендік) ландшафттармен алмастырылған. Бір кездерде аймақты түгелдей дерлік алып жатқан ормандар бұл күндері көп кесіліп сиреген, сондықтан елдердің көпшілігінде олардың аумақтарынан 30 пайыздан аспайды. Жалпақ жапырақты ормандар, Скандинавияда қалқан жапырақты және аралас ормандар көп.
Испания, Италия, Франция, Грекия, Швейцария және басқа елдерде рекреациялық ресурстар мол. Бұларда ортағасырлық қабілетін сақтап қалған ежелгі қалалар бірталай. Олардың көбі туристік проспектілерге қосылған және бүкіл дүние жүзінен турситер көп келеді.
2.Батыс Еуропа – дүние жүзінің екінші (АҚШ – тан кейінгі) экономикалық аймағы. Ол Батыс әлемі елдері өнеркәсіп өнімінің үштен біріне жуығын береді. Оның дүниежүзілік саудадағы рөлі бұдан да зор: дүниежүзілік нарықтық сыртқы тауар айналымының шамамен 40 пайызы осы аймаққа келеді. Батыс Еуропа – маңызды қаржы орталығы. Лондон мен Цюрих – оның қаржы астаналары. Алайда 70 – ші жылдардың екінші жартысынан Батыс Еуропа экономикалық даму қарқыны жөнінен Жапония мен АҚШ – тан қала бастады. Оның кейіндеп қалуы ең алдымен ғылым көп қолданылатын салаларда (микроэлектроникада, биотехнологияда және т.б.) байқалады. Аймақ елдері өз экономикасын қайта құру қажеттілігіне кезікті.
Батыс Еуропаның шаруашылық бейнесі ең алдымен өнеркәсіптің дамуымен анықталады. Батыс Еуропа елдерінің энергетикалық шаруашылығы өз ресурстарына ( Солтүстік теңіз қайраңының мұнай мен газы, Нидерланды газы, ГФР мен Ұлыбританияның көмірі және т.б.), сондай –ақ импорттық ресурстарға негізделеді. Солтүстік және Оңтүстік Еуропа елдерінде гидроресурстардың маңызды мәні бар. Исландияда энергияның басты негізі – жер бетіне шығатын геотермаалдық су. Аймақ атом энергетикасын дамыту жөнінде (АЭС – тердің салынуына қарсы шығушылар қозғалысына қарамастан) дүние жүзінде алда келеді.
Ұқсатушы өнеркәсіптің қазіргі заманғы құрылымында өндіріс құрал – жабдықтарын өндіру шешуші рөл атқарады, мұның өзі конструкциялық материалдар шығаратын салаларға негізделген.
Аймақ елдерінің қара металлургиясы ұзақ дағдарысты басынан кешірсе де, болат қорытып шығару көлемі жөнінен дүние жүзінде бірінші орын алады. Соғыстан кейінгі жылдары оның орналасуы теңізге қарай едәуір жылжыды (Францияда Дюнкерк, Италияда, Таранто, ГФР – де Бремен және т.б.), өйткені темір рудасының импортын бағдар ететін болды. ГФР – дегі Рур, Франциядағы Лотарингия секілді байырғы металлургия аудандары да бұрынғысынша маңызды болып отыр.
Бірталайдан бері Африка мен Азия елдерінен тасылатын руда жентектерін пайдаланып келе жатқан түсті металлургиямен салыстырғанда неғұрлым баяу өзгеруде.
Батыс Еуропаның индустриялық «келбеті» көбіне машина жасау саласымен анықталады; онда қарапайым металл бұйымдардан бастап ұшақтарға дейінгінің бәрі жасалады. Бұл саланың үлесіне (АҚШ – тағы сияқты) жұмыс істейтіндердің үштен бірі және өнеркәсіп өнімі құнының үштен бірі келеді.Батыс Еуропа – машиналар мен жабдықтарды, ең алдымен станоктарды, ұста –пресс жабдығын, оптиканы дүние жүзінде ең көп өндіреді және экспортқа шығарады. Электротехникалық және радиотехникалық өнеркәсіптің, көлік машиналарын жасаудың, әсіресе автомобиль жасаудың маңызы зор.
Бақылау сұрақтары:
Испания, Италия, Франция, Грекия, Швейцария және басқа елдердің рекреациялық ресурстары
Батыс Еуропа елдері тұщы су ресурстарымен қай аймақтары жақсы қамтылған
Батыс Еуропадағы ірі – ірі өзен артериялары
Батыс Еуропа елдерінің дүниежүзілік саудадағы рөлі
Лекция № 18
Тақырыбы: Солтүстік Еуропа және Орта Еуропа елдерінің шаруашылық географиясы
(1 сағат)
Жоспар:
1. Солтүстік Еуропа елдерінің жалпы ерекшеліктері
2.Солтүстік Еуропа елдерінің шаруашылығы.
3.Орта Еуропа елдерінің шаруашылығы
Лекция мақсаты: Солтүстік Еуропа және Орта Еуропа елдерінің шаруашылық географиясының дүниежүзілік шаруашылықтағы алатын орнын түсіндіру.
Лекция мәтіні:
1.Солтүстік Еуропа елдері, негізінен, түбектер мен аралдарды алып жатыр. Сондықтан олардың табиғат жағдайларына, халқының қоныстануына, шаруашылығының мамандануына теңіздің әсері үлкен. Географиялық жағдайының ерекшеліктеріне байланысты. Атлант теңізі арқылы АҚШ және Канадамен, Батыс және Шығыс Еуропа елдерімен емін – еркін қарым- қатынас жасауға мүмкіндігі бар. Жылы Гольфстрим ағысының әсерінен жағалауларын шайып жатқан теңіз сулары қатпайды; бұл өз кезегінде жыл бойы теңіз арқылы қатынас жасауға қолайлы жағдай туғызады.
Еуропа жерінің 170/0 – ын алып жатқанымен, Солтүстік Еуропа аймағында халық сирек орналасқан. Мұнда еуропалықтардың тек 30/0 – ы ғана тұрады. Аймақта халықтың біркелкі қоныстанбауы табиғат жағдайларының ерекшеліктерімен және тарихи- географиялық факторларға байланысты.
Солтүстік Еуропа елдерінің экономикалық құрылымының қалыптасуы Еуропаның басқа аудандарына ұқсамайтын жолмен жүрді. Бұл елдер бәсеге төтеп беретіндей жоғары сапалы және еңбекті көп қажет ететін өнімдерді шығаруға маманданды.
2.Дүниежүзілік нарықта Солтүстік Еуропа елдерінің үстем болатын салаларына балық аулау мен кит кәсіпшілігі, ағаш өңдеу мен целлюлоза – қағаз өндірісі, кеме жасау, сүт тағамдарын өндіру жатады. Сонымен қатар Швеция болат балқыту мен машина жасаудан, Норвегия электр энергиясын өндіру және түсті металлургия жөнінен айрықша көзге түседі. Елдердің барлығында да теңіз көлігі жақсы дамыған, бірақ ірілігі мен жабдықталуы жағынан Норвегияның сауда флоты аймақта ғана емес, дүние жүзінде алдыңғы орын алады. Норвегияда 700- ден астам кеме бар.
Саны шектеулі бұл өндіріс салаларының күшті дамуы жергілікті шикізат негізінде және тұрғын халықтың дәстүрлі еңбек дағдыларын ғылым мен техниканың ең соңғы жетістіктерімен ұштастыра білудің нәтижесінде мүмкін болды. Экономиканың тұрақты дамуына аймақтағы өте қолайлы геосаяси жағдай да өз әсерін тигізді.
3.Орта Еуропа. Нидерланд
Жерінің ауданы – 41,2 мың км2
Халқы – 16,2 млн адам
Астанасы – Амстердам
Мемлекеттік құрылымы – конституциялық монархия
Мемлекет басшысы – королева
Үкімет басшысы – премьер- министр
Заң шығарушы органы – парламент
Мемлекеттік тілі – нидерланд тілі
Орта Еуропа мемлекеттері Батыс Еуропаның жоғары дамыған елдерімен көршілес орналасқан және экономикасы солармен тығыз байланысқан. Бұл топтағы елдер арасында айрықша көзге түсетін елдің бірі – Нидерланд.
Нидерланд экономикасының даму деңгейі жоғары ел ретінде батыстың күшті дамыған он елінің қатарына енеді. Халқы ЕО халқының 4,5 пайызын ғана құрағанымен, ЕО өндіретін жалпы өнімнің 5,2 пайызын береді. Ел экономикасында күрделі қаржыны сыртқа шығару, сыртқы сауда мен теңіз көлігі айрықша орын алады. Халықаралық географиялық еңбек бөлінісіндегі елдің орны азық – түлік пен сусындар, химия өнеркәсібінің өнімдері, электр техникасын жасаумен анықталады. Нидерланд экономикасындағы үш алып концерн (« Ройял Датч Шелл», «Юнилевер», «Филипс») дүние жүзіндегі аса ірі 30 компания қатарына енеді. Ірілерінен басқа мыңдаған орта және шағын кәсіпорындар жұмыс істейді. Олардың арасында өндіріс көлемі жөнінен тамақ өнімдері мен темекі шығаратын кәсіпорындар алдыңғы орында.
Өнеркәсіп ұлттық жиынтық өнімінің 26 пайызға жуығын береді. Өнеркәсіптегі жоғары технология салаларының үлесі жөнінен нидерланд дүние жүзінде Жапониядан кейін екінші орын алады. Бұл жоспарлы түрде ғылым жаңалықтарын өндіріске енгізудің нәтижесінде жүзеге асырылады. Әсіресе биотехнология, медицина, ақпараттық технология, конструкциялық материалдар саласындағы зерттеулерге көп қаржы бөлінеді.
Өнеркәсіптің негізгі саласы – отын – энергетика кешені. Елде өндірілетін табиғи газдың жартысынан астамы шетке шығарылады, одан түскен қаржыға шеттен мұнай, тас көмір сатып алынады. Мұнай өндіру мен мұнай өнімдерін шығаруда «Ройял Датч –Шелл» ұлтаралық компаниясы айрықша көзге түседі. Ел энергетикасындағы газдың үлесі * 51,8 пайыз, мұнай мен мұнай өнімдері -37,8 пайыз, көмір 7,4 пайыз, атом энергиясы 1,6 пайыз, басқа энергия көздерінің үлесі 2,4 пайызды құрайды. Нидерландта электр энергиясын көп қажет ететін өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салалары дамыған.
Химия өнеркәсібі жалпы өнеркәсіп өнімінің 15 пайызын береді. Бұл саланың 350 компаниясында (аса ірілері – «Шелл Кеми», «АКЗО – Нобель») 90 мың жұмысшы істейді. Тыңайтқыштар мен фармацевтика шикізатын өндіру, дәрі – дәрмек, бояулар мен сабын, пластмассалар өндірісін және т.б.қамтитын химия өнеркәсібі 50 мыңнан аса өнім түрін шығарады. Өнімнің ¾ экспортқа шығарылады.
Машина жасау өнеркәсібі негізінен орташа немесе шағын машиналардыжасауға маманданған. Әсіресе мұнай химиясы мен тоқыма, полиграфия, целлюлоза –қағаз, тамақ өнеркәсібіне қажетті жабдықтар шығарумен көзге түседі. Бұл саланың өнімінің жартысына жуығы экспортқа шығарылады. Ал дүниежүзілік нарықтағы матаға өрнек басатын машиналардың 50 пайызы Нидерландтың үлесіне тиесілі. Машина жасау өнеркәсібінде қоршаған ортаны ластанудан тазартатын айрықша қондырғылар да жасалады.
Нидерландтың ірі компаниялары сан салалы мамандануымен көзге түседі. Мысалы, аса ірі «Юнилевер» ұлтаралық бірлестігі азық – түлік қана өндіріп қоймай жуғыш заттар, парфюмерия мен косметика, әр түрлі химиялық материалдар жасайды.
«Филипс» компаниясында өздерің күнделікті өмірде көріп жүрген сапалы, тұрмысқа қажетті техника, электр жабдықтары жасалады.
Нидерландтың сыртқы экономикалық байланыстарында ЕО елдері басты орын алады. Олардың үлесіне ел экспортының 73 пайызы, импортының 56 пайызы тиесілі. Басты сауда әріптесі – көршілес орналасқан Бельгия. 1948 жылы Бельгия, Нидерланд, Люксембург мемлекеттерінің экономикалық одағы – Бенилюкс құрылған.Ел, сондай –ақ Шенген келісіміне қол қойған. Елдің күшті дамыған көлік жүйесі халықаралық экономикалық ынтымақтастыққы жол ашты.Кеден мен салық жүйесінің жоғары деңгейде болуы, қолайлы әлеуметтік – экономикалық ахуал 5000 – нан астамшетел компанияларының Нидерландта жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Голландиялық консалтинг фирмалары сыртқы сауда қызметіне қатысты халықаралық дәрежедегі консультациялар береді. Нидерланд дамушы елдерге қайырымдылық көмек көрсету мөлшері жөнінен дүние жүзінде Швециядан кейін екінші орын алады.
Бақылау сұрақтары:
Дүниежүзілік нарықта Солтүстік Еуропа елдерінің үстем болатын салаларын ата
Нидерланд өнеркәсіп ұлттық жиынтық өнімінің неше пайызға жуығын береді
Нидерландтың басты сауда әріптестерін атаңыз.
Солтүстік Еуропада қандай елдер орналасқан? Олардағы мемлекет құрылымын атаңыз.
Нидерландтың саяси, экономикалық –географиялық жағдайы, оның шаруашылық дамуына қалай әсер етеді?
Нидерландтың сыртқы экономикалық байланыстарында Қазақстанның орны қандай?
Лекция № 19
Тақырыбы: Оңтүстік Еуропа елдерінің шаруашылық географиясы. Испания.
(1 сағат)
Жоспар:
1. Оңтүстік Еуропа елдерінің дүниежүзілік шаруашылықтағы орны.
2. Испанияның шаруашылық географиясы
3. Сыртқы экономикалық байланыстары
Лекцияның мақсаты: Оңтүстік Еуропа елдері және соның ішіндегі Испанияның шаруашылық географиясы мен сыртқы экономикалық байланыстарын түсіндіру
Лекция мәтіні:
Жерінің ауданы – 505 мың км2
Халқы – 40,2 млн адам
Астанасы – Мадрид
Мемлекеттік құрылымы – парламенттік монархия
Мемлекет басшысы – король
Заң шығарушы органы – парламент
Мемлекеттік тілі – испан тілі
Ақша бірлігі – песо
1. Оңтүстік Еуропа – үш дүние бөлігін жалғастырып жатқан айрықша аймақ. Бұл топқа жататын елдер, негізінен, Жерорта теңізіне сұғына еніп жатқан Пиреней және Балқан түбектерін алып жатыр.Ал ергежейлі мемлекеттер Апеннин түбегінде, Жерорта теңізі жағалауы мен алабында орналасқан.
Теңіздің жылы суы шайып жатқан бұл аймақ ежелден адамзат өркениетінің ошағы болған. Біздің заманымызға дейінгі ХХ ғасырда Жерорта теңізі алабында бүкіл Еуропаның, жалпы адамзаттың алға басуына себепші болған жерорта теңіздік өркениеттің негізі қаланды. Оның өркендеуі Ежелгі Грекия мен Римде шарықтау шегіне жетсе, кейінгі дамуы жаңа замандағы Ұлы географиялық ашылуларға себепші болды. Өзінің сипаты жағынан тау
немесе өзенбойы өркениеттерінен айырмашылық жасайтын теңіздік өркениеттің экономикалық негізін осы алапта тұратын ежелгі халықтардың теңізде жүзу шеберлігі қалыптастырды.
Орта ғасырларда осы аймақтың ержүрек теңізшілері Жаңа Дүниені ашып, игере бастады. Соның нәтижесінде Оңтүстік Еуропа жаппай қоныс аударудың ошағына айналды. Қоныс аударушылар легі америкаға ағылып, жаңа жерлердің нәсілдік және ұлттық құрамына күшті өзгеріске түсірді. Оңтүстік Еуропа халықтары үнді- еуропалық тіл семьясына енетін тілдерде (грек тілі, роман тілдері) сөйлейді. Аймақтағы католик дініндегілер басым, Грекия халқы православие дінін ұстанады. Халықаралық географиялық еңбек бөлінісінде Оңтүстік Еуропа елдері халықаралық туризм, субтропиктік дақылдарды немесе олардан алынатын өнімдерді (зәйтүн майы, шырындар мен консервілер) сыртқа шығару, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіруге маманданған. Оңтүстік Еуропадағы аса ірі ел – Испания.
2.Испания өнеркәсіп өндірісінің көлемі жөнінен Батыс Еуропада бесінші орын алады. Экономикада мемлекеттік сектордың орны айрықша. Оның үлесіне жалпы өнімінің 30 пайызы келеді. Басты өнеркәсіп салалары – автомобиль және кеме жасау, электротехника, химиялық өнеркәсіп және дәстүрлі тоқыма өнеркәсібі. Өнеркәсіп ұлттық жиынтық өнімінің 30 пайыздан астамын береді.Энергетикалық ресурстар жетіспегендіктен басқа энергия көздерін пайдалану артып отыр( күн және геотермалдық, т.б.). қазіргі кезде 4 АЭС жұмыс істейді. Жергілікті мұнай қоры ел қажетінің 10 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Мұнай – Испания импортындағы маңызды шикізаттың бірі. Тау –кен саласының дамуы қазір баяулап отыр, елдегі алуан түрлі пайдалы қазбаның тек 16 түрі ғана нақты өндіріледі. Шеттен алюминий шикізаты, марганец, никель сатып алынады. Қара металлургия кәсіпорындары елдің шикізат көзі мен тасымалдауға ыңғайлы порттары бар солтүстігінде (Аустрия мен Бильбао маңы) орналасқан. Түсті металлургия кәсіпорындарыжергілікті қорғасын кен орындары негізінде солтүстік – батыста,, мырыш пен алюминий солтүстіктегі портты қалалар маңында шоғырланған. Машина жасау өнеркәсібінің автомобиль, кеме және локомотив жасау салалары күшті дамыған. Мадрид, Барселона, Вальядолид қалаларында шетелдік «Фиат», «Рено», « Фольксваген», «Крайслер» компанияларының автомобиль зауыттары орналасқан. Испания автомобиль шығарылады, оның ¾ -ке жуығы экспортқа жіберіледі. Экспортқа шығарылатынтағы бір өнім түрі – аса жүрдек испан пойыздары. Мұнда АВЕ және «Тальго» пойыздары жасалып, оларды тек Еуропа мен Азия елдері ғана емес, АҚШ та сатып алуда. Қазақстанда да аса жайлы испан вагондары жоғары бағалануда.
Елде 30-ға жуық кеме жасау компаниясы мен 40 верфь жұмыс істейді, олар негізінен, солтүстіктегі Бильбао, Хихон порттарында, шығыстағы Барселона, Картахена, Валенсия қалаларында және Балеар аралдарында орналасқан.
Дәстүрлі салалар болып табылатын тоқыма, дәм – татымдық және ьамақ өнеркәсібінің кәсіпорындары барлық аудандарда да бар. Экспорттық маңызы зор шарап жасау, зәйтүн майын өндіру, жеміс және балық консервілерін дайындау кәсіпорындарының техникалық жасақталуы жоғары. Бұл кәсіпорындар шикізат көзінде орналасқан.
3.Испания экономикасында АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Швейцария, және Франция күрделі қаржысының маңызы зор. Испанияның сыртқы экономикалық байланысында сыртқы сауданың маңызы айрықша. Мысалы, соңғы 20 жыл ішінде сыртқы сауда айналымы 17 есе өскен. Экспортқа қарағанда импорт көлемінің артуы байқалуда. Сыртқы саудада ЕО елдері, АҚШ, Таяу Шығыс және Латын Америкасы елдері жетекші орын алады.
Қазіргі кезде елдің сыртқы экономикалық байланыстарында халықаралық туризмнің маңызы айрықша артып отыр. Жылына Испания жеріне 50 млн – нан астам турист келеді Туризмнен түсетін пайда елдің ұлттық табыс көлемінің 15 пайызын құрайды.
Халықаралық туризмнің дамуы валюта түсімін арттырумен қатар, туристік инфрақұрылым дамыған Жерорта теңізі жағалауы, Балеар және Канар аралдарын қазіргі заманғы демалыс орындарына айналдырды. Бұл аудандарда тас жолдар, сәулетті қонақүйлер мен кемпингтер салынып, туристерге қажетті инфрақұрылым жедел дамуда. Бір кезде балықшылар ғана тұратын көптеген елді мекендер соңғы жылдары дүние жүзіне белгілі курорттарға айналды. Олардың қатарында Коста – Брава,Коста – Бланка, Коста – дель- Соль, Коста – Дорада және т.б.қалалар бар. Елдегі тарихи ескерткіштермен әйгілі Толедо, Гранада, Сеговия қалаларына да шетел туристері жиі барады.
Бақылау сұрақтары:
Елде нешеге жуық кеме жасау компаниясы мен неше верфь жұмыс істейді
Оңтүстік Еуропа неше дүние бөлігін жалғастырып жатқан аймақ
Испанияның басты өнеркәсіп салаларын атаңыз.
Оңтүстік Еуропада қандай елдер орналасқан? Олардағы мемлекет құрылымын еске түсіріңдер.
Оңтүстік Еуропа елдерінің экономикалық – географиялық жағдайына баға беріңдер.
Саяси -әкімшілік карта бойынша Испанияның қандай елдермен шектесетінін анықтап, экономикалық –географиялық жағдайына баға беріңдер.
Лекция № 20
Тақырыбы:Шығыс Еуропа елдерінің шаруашылық географиясы
(1сағат)
Жоспар:
1. Өнеркәсіп түрлері
2. Ішкі экономикалық айырмашылықтары
3. Чехияның шаруашылық географиясы
Лекция мақсаты: Шығыс Еуропа елдерінің өнеркәсіп түрлерін, ішкі экономикалық айырмашылықтарын студенттерге түсіндіру
Лекция мәтіні:
1.Аймақ құрамына: Польша, Чехия, Словакия, Венгрия, Румыния, Болгария, Сербия, Черногория, Словения, Хорватия, Босния және Герцеговина, Македония, Албания, Балтық бойы елдері – Латвия, Литва, Эстония кіреді.
Шығыс Еуропа елдері дәл қазіргі кезеңде өзінің даму бағытында көптеген қиындықтарға тап болып отыр. Ол, ең алдымен, социалистік ортақ экономикалық бірлестіктердің жойылуымен, Кеңестер Одағы, Чехословакия, Югославия сияқты федерациялық мемлекеттердің ыдырауымен, елдер арасындағы әлеуметтік және саяси мәселелердің күрделенуімен түсіндіріледі. Сол сияқты жекелеген елдердің дүниежүзілік шаруашылық пен еңбек бөлінісіндегі бағыт – бағдарының өзгеруі де өз әсерін тигізбей қойған жоқ.Соған қарамастан аймақ шаруашылығының дамуында ғылыми – техникалық прогрестің тигізген әсері айқын байқалады. Әсіресе электр энергетикасы, машина жасау, химия өнеркәсіптері қарқынды дамуда және ол өндіріс орындары елдердің неғұрлым артта қалған аудандарының деңгейін көтеруге бағытталған.
Отын – энергетика өнеркәсібі мұнай тапшылығына байланысты тас көмір мен қоңыр көмірге негізделген.
Тас көмірдің аса ірі қоры Польша жеріндегі Жоғары Силезия мен Чехиядағы Острава- Корвин, Болгариядағы Шығыс Марица кен орындарында шоғырланған. Соңғы кезде атом энергетикасы кеңінен қолданылуда. Оларға дүние жүзіндегі ірі Козлодуй (Болгария), Трнава (Словакия), Пакш (Венгрия) атом электр станциялары жатады. Сонымен қатар Румыния мен Югославия бірлесіп жасаған Дунайдағы Темір қақпа деп аталатын су электр станциялары жүйесін жатқызуға болады.
Металлургия өнеркәсібі соғыстан кейінгі кезеңде аймақ елдерінің (Балтық бойы елдерінен басқа) барлығында дерлік қарқынды дамыды. Түсті металлургия жергілікті шикізат, ал қара металлургия өнеркәсібі сырттан әкелінетін шикізатты пайдаланады. Польшадағы Краков пен Катовице, Чехиядағы Острава мен Орталық Чехия металлургия базасы, Словакияның Кощице қаласындағы Шығыс Словакия комбинаты, Венгриядағы Дунайуварош комбинаты, Румынияның Галац қаласындағы толық циклді комбинаттары аймақтағы ең басты қара металлургия базалары болып табылады. Венгрия әлемге ірі боксит – алюминий өнеркәсібімен әйгілі. Ол боксит өндіру, глинозем шығару, алюминий қорыту, және одан әр түрлі бұйымдар жасау сияқты төрт сатыдан тұрады. Сонымен қатар алюминий өндірісі Словенияда (Драва өзеніндегі СЭС – тер тізбектері қасында) да жақсы жолға қойылған.
Машина жасау өнеркәсібі – аймақтағы ең маңызды өнеркәсіп саласы. Әсіресе Чехияда машина жасау өнеркәсіптің маманданған жетекші саласы, сыртқа машина жасау өнімдерінің прокат стандары, ұста- пресс, кәсіпорындарға қажетті құрал жабдықтар, есептеу техникалары, тұрмысқа қажетті техника түрлерін көптеп шығарады. Ірі орталықтары – Прага, Пльзень және Брно қалалары. Пльзеньде аса ірі Шкода комбинаты орналасқан. Польша ауыр машина жасау, станоктар, жолаушы және жүк вагондары, кеме жасау, электронды жабдықтар (ірі орталықтар – Варшава, Познань, Вроцлав, Гданьск); ал Румыния тракторлар мен комбайндар, электровоз, автомобиль, мұнай өнеркәсібіне қажеттібұрғылау қондырғылары (ірі орталықтары Бухарест пен Брашов); Венгрия.
2.Аймақ елдері ежелден –ақ Шығыс Еуропа деп аталғанымен, әрбір ел географиялық орны, табиғат жағдайлары мен ресурстарының қоры жөнінен және саяси, әлеуметтік – экономикалық жағдайлары мен ресурстарының қоры жөнінен және саяси, әлеуметтік – экономикалық жағдайлары жағынан бір – бірінен түбегейлі айырмашылықтар жасайды.
Сондықтан да оларды шартты түрде үш топқа бөліп қарастырады. Солтүстік немесе Балтық бойы елдері тобына Польша, Латвия, Литва және Эстония жатады. Бұл елдер тобы арасында соншалықты тығыз байланыстың болмауына қарамастан, елдертобы арасында соншалықт тығыз байланыстың болмауына қарамастан, оларды бір топқа біріктіруші басты мәселе – экономикалық мен шаруашылығын өркендету жолдарының ортақтығы
Орталық немесе ішкі континенттік елдер тобына Дүниежүзілік мұхитқа тікелей шыға алмайтын елдер –Чехия, Словакия, және Венгрия кіреді.
3.Чехия
Жерінің ауданы – 78,9 мың км2
Халқы – 103,3 млн адам
Астанасы – Прага
Мемлекеттік құрылымы – парламенттік республика
Мемлекет басшысы – президент
Үкімет басшысы- премьер – министр
Заң шығарушы органы – парламент
Мемлекеттік тілі – чех тілі
Ақша бірлігі – чех кронасы
Чехия – индустриялы, өнеркәсібі мен ауыл шаруашығы қарқынды дамыған ел. Чехия шаруашылығы көп салалы құрылымымен көзге түседі, бірақ жетекші рөлді өнеркәсіп атқарады. Халықаралық еңбек бөлінісінде Чехия ең алдымен машина жасау өнеркәсібімен ерекше көзге түседі. Оның ірі орталықтары: Прага, Пльзень және Брно қалалары. Әсіресе металды көп қажет ететін прокат стандары, ұста –пресс, кен өндіру мен энергетикаға қажетті жабдықтар жасау жолға қойылған. Соңғы жылдары өндірісті мамандандырудың жетілдірілуіне байланысты жеңіл автокөлік шығаруға бет бұрды. Оған « Шкода» автокөлігінің Фольксваген тобына теңестірілген «Фелиция», «Октавия» және «Фабия» сияқты соңғы үлгілерінің әлем жұртшылығына танымал болуы дәлел. Машина жасау өнеркәсібін қажетті өнімдерін қамтамасыз ету мақсатында отын – энергетика мен қара металлургия өнеркәсібі де ерекше қарқынмен дамуда. Елде оның екі үлкен орталығы қалыптасқан, олар – Острава және Орталық Чехия базалары. Темір кенінің басым көпшілігі сырттан тасымалданады. Чехия сондай – ақ жеңіл және тамақ өнеркәсібінің кейбір дәстүрлі салалары арқылы да дүние жүзіне мәлім. Әсіресе чех шынысын шығаруда Яблонец, чех сырасын жасаудан Пльзень, ал әйгілі «Кох –и- нор» қарындашын шығарудан Ческе – Будеевице қаласының даңқы әлемге танымал. Чехия ауыл шаруашылығының даму деңгейі жөнінен де еуропада жетекші орында. Әсіресе ірі қара мал өсіру жақсы жолға қойылған. Өсімдік шаруашылығында бидай мен сыра қайнату үшін пайдаланылатын жоғары сапалы арпа, қант қызылшасы, құлмақ өсіріледі. Сонымен қатар бау- бақша, оңтүстікке қарай жүзім шаруашылығы кеңінен тараған. Чехия жерінде көлік тораптары темір жол мен тас жолдар желісінің жиілігімен көзге түседі. Олардың басым бөлігі ендік бағыттағы жол тораптары болып табылады. Өзен су жолы арқылы сыртқа экономикалық байланыстар жүзеге асырылады. Бұл байланыстарды поляк порты Щецинге тіркелген Чехия теңіз флоты да жүзеге асырады.
1994- 1996 жылдардағы экономикалық өрлеуден кейін 1997 жылдан бастап Чехия шаруашылығының даму қарқыны бәсеңдеді. Еңбек өнімділігі төмендеп, экономикалық көрсеткіштердің бірқатары нашарлады. Жылдық дағдарыс көрсеткіші 7,6 пайызға жетті. Халықтың тұрмыс деңгейі төмендеді. 2000 жылдан бастап Чехия экономикасы қайтадан еңсесін көтеруде. Жылдық дағдарыс көрсеткіші 2000 жылы 3 пайыз шамасында болды.
Мемлекет қазынасын толықтыруда туризмнің үлесі күннен – күнге артуда. Чехияға жылына 10 млн –ға жуық туристер келеді. Туристердің әсіресе көп баратын жері – Чехияның астанасы Прага қаласы. Прага қаласының негізі біздің жыл санауымызға дейін қалана бастаған. Х ғасырдан бастап Чехия мемлекетінің астанасы болып есептеледі. 1348 жылы Прагада Орталық Еуропадағы ең ежелгі университет құрылды. (қазіргі Карл университеті). Бүгінгі Прага 1784 жылы алты қаланың бірігуінен құрылған. Оның елтаңбасында «Прага – қалалар анасы» деген сөз жазылған.
Прага мыңдаған жылдар бойы тарих қойнауынан чех, неміс, еврей мәдениетінің озық үлгілерін жинақтап, бүгінгі ұрпаққа барлық сән – салтанатымен ұсынып отыр. Влтава өзені бойындағы жеті төбе басында шоғырланған жүзден астам алтындалған әсем мұнаралары күнмен шағылысып, мың құбыла көз тартады. Моцарт әуенімен мәңгілік тербелген готика, ренессанс, барокко сәулет өнерінің үлгісіндегі ежелгі тас қамалдар мен құзырлы сарайлар кімді де болса таңғалдыратыны даусыз. Содықтан да Прагаға ат басын бұрып, қаланы тамашалау әрбір адамның арманы.
Чехияның шаруашылығында сыртқы экономикалық байланыстардың ауқымы өте кең. Елдің басты сауда әріптестері көршілес елдер, яғни Германия, Словакия, Австрия және Ресей.
Сыртқы шығаратын өнімдері арасында машиналар мен жабдықтар және халық тұтынатын өнеркәсіп тауарлары басымдық көрсетеді. Соңғы жылдары Чехия мен Қазақстан арасындағы экономикалық қатынастар жақсаруда. 1998 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 93 млн АҚШ долларына жетті.
Бақылау сұрақтары:
1.Отын – энергетика өнеркәсібі мұнай тапшылығына байланысты отын –энергетиканың қайсы түріне негізделген.
2.Тас көмірдің аса ірі кен орындары қай жерлерде шоғырланған.
3. Машина жасау өнеркәсібінің ірі орталықтары
4.Чехияның шаруашылығында сыртқы экономикалық байланыстардағы сауда әріптестеріне қайсы елдер кіреді.
Лекция №22
Тақырыбы:Шетелдік Азия елдерінің шаруашылық географиясы
(1сағат)
Жоспар:
1. Шаруашылығының негізгі даму бағыттары
2. Аймақтардың шаруашылық мамандану салалары
Лекция мақсаты: Шетелдік Азия елдерінің дүниежүзілік шаруашылық географиясында алатын орнын студенттерге түсіндіру.
Лекция мәтіні:
1.Азияның орасан зор аумақты алып жатуы, табиғат жағдайлары мен ресурстарының алуан түрлілігі, тарихи – мәдени дамуының ерекшеліктері оның экономикалық кеңістігінің ала- құлалығына әсерін тигізді.Азияның экономикалық кеңістігін кейбір ғалымдар бейнелі түрде адамға теңейді. Оның аяқтарын табиғи – ресурстық мүмкіншіліктері аса мол Қытай мен Үндістан, Ресей құраса, алдыңғы қатарлы ғылыми – техникалық жетістіктердің сынақ алаңына айналған Жапонияны Азияның басы деуге болады. Қазіргі заманғы өнеркәсіп өнімдерін шығаруға маманданып, жедел дамып келе жатқан жаңа индустриялы елдер Азияның қолдары қызметін атқарса, тұтас организмнің тыныс – тіршілігі белгілі дәрежеде осындағы ірі қаржы орталықтары мен мұнайды сыртқа шығаратын елдерге тәуелді болады.
Экономикалық кеңістіктің ала – құлалығына Азия елдерінің басым көпшілігінің кезінде Батыстың дамыған мемлекеттерінің отары болғаны да себепші. Бұрынғы отарлардың әлі күнге дейін өз метрополияларымен экономикалық байланыстары күшті. Азия аумағында біртұтас көлік жүйесінің жасалмауына тарихи себептермен қатар, өте күрделі табиғи жағдайлар (биік таулар, шөлдері) да кедергі болуда. Соңғы онжылдықтарда Жапония мен Қытайтың әлемдік экономикадағы маңызының күрт артуы Еуропа мен Тынық мұхит аралығындағы теңіз көлігі қатынасын одан әрі жандандыра түсті.
Азияның экономикалық кеңістігінде әлеуметтік – экономикалық дамудың бірнеше айрықша үлгілері бар. Дамудың әрбір үлгісінде дәстүрлі және қазіргі заманғы элементтер өзіндік үйлесімін тапқан.
1. Жапондық немесе шығысазиялық даму үлгісі Жапония мен Шығыс Азияның жаңа индустриялы елдерінің экономикасына тән. Мұнда нарықтық экономика жағдайында міндетті түрде басшылыққа алынатын ұстанымдар бар. Елде экономиканы қатаң түрде мемлекеттік тұрғыдан реттеу, экспортқа бағдарлану, шетелдік күрделі қаржыны кеңінен тарту және сыртқы нарыққа шығатын ірі ұлттық монополиялардың құрылуы көрініс тапқан. Шығыс Азия елдерінде мұнымен қоса, жергілікті халықтың ұзақ уақыт бойы философиялық, діни және адамгершілік құндылықтар негізінде қалыптасқан еңбекке деген дәстүрлі көзқарасы есепке алынады. Шығыс Азия халықтарына тән айрықша еңбексүйгіштік, еңбек тәртібінің қатаң сақталуы, төзімділік пен ұқыптылық, материалдық қажеттіліктің шектеулі болуы экономиканы ұйымдастыру және басқару ісіне өте қолайлы. Бұл елдерде білім беру және мамандарды дайындау ісіне айрықша көңіл бөлінетіндіктен еңбек ресурстарының кәсіби шеберлігі де өте жоғары.
2. Қытайлық немесе дамудың үшінші жолы деп аталатын үлгі орталықтан басқарылатын нарықтық экономика мен ескі саяси жүйенің айрықша ұштасуымен сипатталады.
3. Сыртқа мұнай шығаратын елдердің даму үлгісі Оңтүстік – Батыс Азияда орын алған. Оған ел шаруашлығының мұнай өндіру мен өңдеудің негізінде қалыптасуы тән болды. Дамудың осы үлгісі тән елдерде біртіндеп ұлттық шаруашылық кешені күрделеніп, мұнай химиясы мен энергияны көп қажет ететін салаларды өркендету бағыты басымбола бастады.; өндірістік емес сала (қаржы жүйесі, білім беру, туризм және т.б.) қазіргі заманғы сипат алған.
4. Басқа даму үлгілері арасында ирандық үлгі көзге түседі.. Оның негізінде жергілікті табиғат ресурстарын (ең алдымен мұнайды) игеру, мемлекеттік монополия, экономиканың қатаң орталықтандырылуы, шаруашылықтың милитаризациясы жатыр. Иран қоғамында діни басшылықтың үстемдігі мен исламның айрықша орны даму үлгісінің әлеуметтік бейнесін айқындайды.
Халықаралық еңбек бөлінісіне Азия елдерінің өзіндік орны бар. Олар дүниежүзілік нарыққа металлургия, кеме және автомобиль жасау дәстүрлі салалардың ғана емес, ғылымға негізделген жаңа салалардың (электр техникасын жасау, электроника және т.б.) өнімдерін; ауыл шаруашлығы өнімдерін (шай, табиғи каучук,джут, тропиктік және субтропиктік дақылдар, дәм – татымдық қоспалар) шығарады.
Бақылау сұрақтары:
Оңтүстік Батыс Азия елдерінің шаруашылық географиясы
Оңтүстік Азия елдерінің шаруашылық географиясы
Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің шаруашылық географиясы
Шығыс Азия елдерінің шаруашылық географиясы
Азияның экономикалық кеңістігіне тән басты ерекшеліктерді атаңдар.
Азия елдерінің даму деңгейіне қандай факторлар әсер еткен?
Қазақстан жағдайында азиялық даму үлгілерінің қайсысын басшылыққа алған тиімді?
Лекция № 23
Тақырыбы: Үндістанның шаруашылық географиясы
(1сағат)
Жоспар:
1. Шаруашылығының негізгі даму бағыттары
2. Ішкі айырмашылықтары
Лекция мақсаты:Үндістанның шаруашылығының негізгі даму бағыттарын және ішкі айырмашылықтарын студенттерге түсіндіру
Лекция мәтіні:
Жерінің ауданы- 3 млн 288 мың км2
Халқы – 1095,7 млн адам
Астанасы – Дели
Мемлекет құрылымы- федерациялық республика
Мемлекет басшысы – президент
Заң шығарушы органы – екі палаталы парламент (сансад)
Мемлекеттік тілі – хинди және ағылшын тілдері
Ұлттық валютасы – үнді рупиясы
1.Үндістан экономикасында дәстүрлі ауылдық және қазіргі заманға сай ауыл шаруашылығы, ескірген өндіріс және жаңа да жақсы жабдықталған кәіпорындар қатар дамуда. Мемлекеттік сектор ел экономикасында шешуші маңызға ие. Жер қойнауындағы байлықтар, темір жол көлігі, аймақ шаруашылықтары, байланыс, суландыру құрылыстары, аса ірі банктер мен ауыр өнеркәсіп салаларының кәсіпорындары мемлекет меншігінде. Ал жеңіл өнеркәсіп орындарының көпшілігі, ашина жасау және металлургия зауыттарының бірқатары ұлттық жеке меншік капиталдың қолында. Шетел монополиялары мұнай өңдеу және химия өнеркәсіптерінде өз позицияларын сақтап отыр. Олардың әрекеті үкімет тарапынан бақыланады
Ұлыбританияның отары кезінде Үндістанда өнеркәсіп орындары тек бірнеше ірі қалаларда (Калькутта, Мумбай, Мадрас) шоғырланған болса, қазір және кәсіпорындар барлық штаттарда бар. Көптеген жаңа қалалар пайда болды, өнеркәсіп ареалдары қалыптасты. Өнеркәсіптің даму қарқыны ауыл шаруашылығынан басып озды.
Өнеркәсіптің аса маңызды салалары бар. Олар : болатқұю, мақта- мата, машина жасау, тау – кен өндіру, мұнай өндіру, мұнай өңдеу, фармацевтика, электроника, энергетика, химия өнеркәсібі. Халыққа қызмет көрсету сектроы жоғары қарқынмен дамуда.
Экономикалық негізгі проблемаларына инфляцияның қарқынды өсуі және мемлекеттің айтарлықтай сыртқы қарызы жатады. Негізгі сауда серіктестері: АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Жапония.
Қазіргі кезде Үндістанда ауданаралық географиялық еңбек бөлінісі жақсы дамыған, штаттар арасында экономикалық байланыс жүйесі кен әрі күрделі
Минералды шикізаттарға бай солтүстік – шығыс штаттарда, Дамодар өзенінің аңғарында ауыр өнеркәсіптің ірі ауданы пайда болды. Сонымен бірге жеңіл және тамақ өнеркәсібінің негізі болған күріш егісі, джут және шай өндірісінің барлығы дерлік осы жерлерде шоғырланған.
Солтүстік – батыс штаттарда кенді шикізат пен отын жоқтың қасы. Сатледж өзенінде салынған қуатты Бхакра – Нангал су электр станциясының қуатын пайдаланатын, металды аз жұмсайтын машина жасау кәсіпорындары бар.Мұнда металл солтүстік – шығыс штаттардан әкелінеді. Ал Бхакра –Нангал бөгені бидай мен әр түрлі техникалық дақылдар өсіретін суармалы жерлерді кеңейтуге ықпал жасады. Бұл штаттарда Үндістанның өзге штаттарымен салыстырғанда техниканы көптеп пайдаланатын капиталистік шаруашылықтар көп.
2.Ең ірі өнеркәсіп орталығы – Дели қаласы. Атқаратын қызметі мен сыртқы
сипатына қарай Дели қаласы Жаңа және Ескі Дели болып бөлінеді.
Жаңа Делиде іскер орталық пен ауқатты бай адамдар тұрады. Мұнда еуропалық стильмен салынған кварталдар орналасқан.
Батыс және Орталық штаттарда тары тұқымдастар мен мақта өсіріледі. Мұнда мақта мата өндірісінің өнеркәсіп кешені қалыптасқан. Соңғы кезде мұнай кен орындары ашылуына орай мұнай өңдеу және мұнай химиясы өнеркәсібі қалыптасуда. Мумбайдың аса зор қала агломерациясында түрлі профильді машина жасау зауыттары орналасқан. Сонымен қатар электротехникалық кәсіпорындар мен елдегі тұңғыш атом реакторы салынды.
Оңтүстік штаттар күріш, көкөністер мен кокос жаңғағын өсіруге маманданған. Мадрас қаласындағы кәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарумен айналысады. Бангалор және өзге де ішкі қалаларда көлік машиналарын жасау, станок жасау зауыттары бар.
Бақылау сұрақтары:
Үндістанның өнеркәсібінің аса маңызды салалары.
Ұлыбританияның отары кезінде Үндістанда өнеркәсіп орындары қандай ірі қалаларда болған.
Ең ірі өнеркәсіп орталығын атаңыз
Үндістан халқының орналасу ерекшеліктерін анықтап, оның себептерін түсіндіріңдер.
Үндістан халқының урбандалу дәрежесіне, үлкен қала агломерацияларының пайда болуына не әсер етті?
Үндістан өнеркәсібінің салалаық құрылымы қандай?
Лекция № 24
Тақырыбы: Азияның жетекші елі – Жапонияның шаруашылық географиясы
(1 сағат)
Жоспар:
1. Шаруашылығының қалыптасу кезеңдері мен жалпы сипаттамасы
2. Сыртқы байланыстары
Лекция мақсаты:Дамыған капиталистік ел және Азияның жетекші елі – Жапонияның дүниежүзілік шаруашылықтағы алатын орнын студенттерге түсіндіру
Лекция мәтіні:
Жерінің ауданы -372,2 мың км2
Халқы –128 млн адам
Астанасы – Токио
Мемлекеттік құрылымы – конституциялық монархия
Мемлекет басшысы – император
Үкімет басшысы – премьер – министр
Заң шығарушы органы – парлмент
Мемлекеттік тілі – жапон тілі
Ұлттық валютасы – жапон йенасы
1.Екінші дүниежүзілік соғыстан әлсіреп шыққан жапония экономикасы соғыстан соңғы жылдары қарқынды өрлеу кезеңін басынан кешірді. Шикізатпен қамтамасыз ететін және тауарларын сатып алатын отарларынан айырылған Жапония алдында әскери мақсатқа маманданған шаруашылығын бейбіт өмірге лайықтап қайта құру міндеті тұрды.
Жапон экономикасы ХХ ғасырдың 50- жылдарының ортасында қалпына келді. Бұл қаржылық тұрақтану және шаруашылық құрылымын толығымен қайта құру жағдайында жүрді. Әсіресе өнеркәсіптің жаңа салаларын дамытуға көп көңіл бөлінді, олардың күрделі өнімдері бәсекелестік төмен жағдайда неғұрлым қымбат бағамен экспортқа шығарыла бастады.
Жапон экономикасының ХХ ғасырдың 50-70 жылдары жоғары қарқынмен дамуына ішкі және сыртқы экономикалық жағдайдың қолайлы үйлесу басты ықпал етті. Атап айтқанда: 1) елде мамандану деңгейі жоғары әрі көнбіс, салыстырмалы түрде арзан жұмыс күшінің болуы; 2) аталған кезеңде дүниежүзілік нарықта шикізат пен отын бағасының арзан болуы; 3) шетелдердің ең соңғы ғылыми – техникалық жетістіктерін сатып алып, жергілікті жағдайға тиімді түрде бейімдеу; 4) әскери шығындардың өте төмен болуы; 5) қаржылық қорды экономиканы дамытуға жұмылдыру; 6) мемлекет тарапынан экономиканы реттеудің күшті жүйесінің қалыптасуы.
ХХ ғасырдың 70 жылдарынан бастап дүниежүзілік нарықта шикізат пен отын бағасының күрт өсуі энергия мен шикізатты көп қажет ететін салалардың үлесін азайтып, ғылымды көп қажет ететін өндірісті ұлғайтуға себепші болды. Өндірістік және өндірстік емес салалардың барығын дерлік қамтыған электрондандыру, кешенді автоматтандыру, роборт техникасын енгізу мүлде жаңа материалдар мен ең соңғы тенологияларды пайдаланумен қатар жүрді. Елдің экономикалық қуатының артуы қаржының жинақталуымен, халықаралық есептесулерде иенаның кеңінен пайдаланыла бастауы, жапондық өнеркәсіп- қаржы топтарының нығаюымен қатар жүрді.
Жапония дүние жүзіндегі АҚШ – тан кейінгі екінші өнеркәсіп алыбы болумен қатар, аса маңызды қаржылық орталыққа айналып, постиндустриялық даму кезеңіне өтті.
1990 жылдарда елдегі қызмет көрсету саласының жиынтық ішкі өнімдегі үлесі 60 пайыз шамасында болды. Экономикадағы сапалық құрылымдық өзгерістер елдің сырты экономикалық байланыстарының сипатына және дүниежүзілік экономикалық кеңістіктегі орнына тікелей ықпал етті. Қазіргі кезде дүние жүзіндегі аса жоғары дамыған елдердің жетлігіне енетін Жапония АҚШ, Батыс Еуропа елдерінің, Қытйдың экономикалық бәсекелесіне айналды. 2003 жылы ЖІӨ көлемі 4 трлн 245 млрд АҚШ долларын құрады.
Жапон экономикасының қозғаушы күші болған өнеркәсіп постиндустриялық кезеңде де өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Өнеркәсіп өнімінің көлемі жөнінен Жапония ХХ ғасырдың 70- жылдарынан бері дүние жүзінде АҚШ-тан кейінгі екінші орынды алады. Қазіргі кезде өнеркәсіптің жиынтық ішкі өнімдегі үлесі 38% шамасында, елдегі жұмыспен қамтылғанднрдың 1/3-і өнеркәсіпте жұмыс істейді. Қазіргі кезде Жапонияда өнеркәсіпке қатысты ғылыми жобалар мен бағдарламаларға көп қаржы бөлінеді. Елде 20-ға жуық технополистер жасалу үстінде, ғылым қалаларында университеттер, ғылыми-зерттеу мекемелері және ғылымға негізделген өндіріс орналасады.
Жапон өнеркәсібінде жалпы саны 800 мың шамасындағы кәсіпорындар жұмыс істейді, олардың арасында ірі өнеркәсіптік-қаржылық топтардың құрамына енетін бірлестіктердің маңызы зор.
Ел өнеркәсібінің құрылымында дәстүрлі және жаңа салалар үйлесім тапқан. Жапония өндірістік роботтар, сандық бағдарламалар арқылы басқарылатын станоктар, кеме жасау, микропроцессорлардың кейбір түрлерін жасаудан дүние жүзінде алдыңғы орын алады. Сонымен қатар Жапония жеңіл автомобиль, электроника мен электр технкасын жасауда, жоғары сапалы болат балқытуда әлемдегі жетекші орнын сақтап келеді.
2. Сыртқы сауда көлемі жөнінен Жапония дүние жүзінде АҚШ пен Германиядан
Бақылау сұрақтары:
Жапон экономикасы қай ғасырда және қай жылы қалпына келді
Жапон экономикасының ХХ ғасырдың 50-70 жылдары жоғары қарқынмен дамуына қандай жағдай ықпал етті.
Жапон өнеркәсібінде қанша және қандай кәсіпорындар жұмыс істейді.
Жапонияның шикізат пен отын тапшылығына қарамастан жоғары дамыған елге айналуын немен түсіндіруге болады?
Жапония өнеркәсібінің салалақ құрылымы мен шоғырлану сипатын атаңдар.
Жапонияның ауыл шаруашылығы мамандануына қандай факторлар әсер етті?
Жапонияның сыртқы экономикалық байданыстарының географиясына және сипатына қандай факторлар әсер етеді?
Лекция №25
Тақырыбы: Азияның жетекші дамушы елі – Қытайдың шаруашылық географиясы
(1 сағат)
Жоспар:
1. Шаруашылығының негізгі даму бағыттары
2. Ішкі айырмашылықтары және экономикалық аудандары
Лекция мақсаты:Азияның жетекші дамушы елі – Қытайдың шаруашылығының негізгі даму бағыттары және ішкі айырмашылықтарының дүниежүзілік шаруашылық географиясында алатын орнын түсіндіру.
Лекция мәтіні:
Жерінің ауданы- 9 млн 600 мың км2
Халқы – 1314 млн адам
Астанасы – Пекин
Мемлекет құрылымы- социалистік мемлекет
Мемлекет басшысы – ҚХР – дың төрағасы
Заң шығарушы органы – халық өкілдерінің Бүкілқытайлық жиналысы
Мемлекеттік тілі – қытай (хань) тілі
Ұлттық валютасы –юань
1.Қытай халық республикасы жарияланған 1949 жылдан бәрі , әсіресе 1979 жылы басталған реформасы мен ашық саясатына байланысты Қытайдың экономикалық құрылыста қол жеткізген жетістіктері дүние жүзі мемлекеттерінің назарын өзіне аударып келеді. Реформа жылдарында Қытай мемлекеті өндіргіш күштердің одан әрі азат етілуіне және мемлекеттің біріккен қуатының айтарлықтай өсуіне қол жеткізді. Бірқатар аса маңызды өндірістік және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі абсолюттік көрсеткіштер бойынша Қытай дүние жүзінде бірінші орынға шықты. Егер азық – түлік тауарларын алатын болсақ, онда ҚХР астық, ет, құс, жұмыртқа, судағы кәсіпорын өнімдері, өсімдік және жануар майларын өндіруден әлемде алдыңғы орында. Отын , өндіріс құралдары мен құрылыс материалдары саласында көмір өндіруден Қытай бірінші орында. Халық тұтынатын тауарларға келетін болсақ, онда ҚХр мақтадан, жүннен жасалған маталарды өндіруден, киім тігуден, велосипед, кір жуу машиналары, телевизор және шыныдан тұрмыстық заттар жасаудан дүние жүзінің барлық елдерінің алдында. Одан өзге болат, түсті металдар қорытудан,химиялық талшық, шұға кездемесін, химиялық тыңайтқыштар өндіруден, электр энергиясын өндіруден қытай әлемдік аса ірі өндіргіш күштер арасынан орын алды. Қазіргі Қытай тек қана өзінің техникалық күштеріне арқа сүйей отырып, ауыр индустрияның ірі тау –кен, энергетикалық, металлургиялық, химиялық, автомобиль, кеме жасау кәсіпорындарына кешенді құрал – жабдық өндіруге шамасы жетеді. Сонымен қатар білім беру, ғылым және мәдениет салаларында да үлкен жетістіктерге жетті.
1949 жылдан кейін өнеркәсіп , банк, көлік, сыртқы сауда мемлекет қарамағына алынған болатын. Аграрлық реформа помещиктер табын жойды, шаруалар жер алды. 1958 жылға қарай шаруа қожалықтары түгелдей дерлік кооперативтерге біріктірілген еді. ҚХР шаруашылықты қалпына келтіруді аяқтап, экономикалық құрылысқа кеңінен кірісті.
2.Өнеркәсіп 2,3 есе өсті және құны жағынан ауыл шаруашылығы өндірісінен асып түсті. Қазіргі заманғы индустрияның негізі қаланды. Солтүстік және батыс провинцияларда жаңадан ірі өнеркәсіп аудандары мен орталықтары пайда болды. Жұмысшы табының саны өсті. Социалистік елдер , оның ішінде әсіресе Кеңестер Одағы Қытай Халық Республикасына зор көмек қолын ұсынды. Қытай КСРО- дан мөлшері 1,8 млрд сомнан астамнесие, ең жаңа техникалық құжаттар алды. Кеңес Одағы ҚХР – ға 260 тан аса ірі өнеркәсіп орнын салуға мамандар дайындауға көмектесті.
1960-1970 жылдардағы ҚХР – дың сыртқы және ішкі саяси бағыты халықаралық қатынаста болсын, ел экономикасында болсын қолайсыз зардаптарға әкеліп тіреді. ХХ ғасырдың 70 жылдарының ортасынан бастап ҚХР дың жаңа басшылары біртіндеп елдің ішкі және сыртқы саясатын өзгертті. Ауыл шаруашылығын, жеңіл және тамақ өнеркәсібін дамытуға, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бұрынғыға қарағанда көбірек көңіл бөліне бастады.
Ауыл шаруашылығында шаруалардың жеке бастамларын ұлғайтуға бағыт алды. Өнеркәсіптің бір бөлігі шетел капиталын қатыстыру арқылы дамуда. 1980 жылдары ҚХР өнеркәсібі жоғары қарқынмен дамыды. Осы жылдары бірқатар шетелдермен сауда- экономикалық, ғылыми – техникалық және мәдени байланыстары ойдағыдай дами бастады.
ҚХР өнеркәсібінің құрылымында ауыр индустрияның маңызы зор. Ауыр өнеркәсіп салаларының ішінде отын- энергетика , әсіресе елдегі энергияның негізгі көзі есептелетін тас көмір, мұнай өндіру маңызды рөл атқарады. Басты бассейндері: Солтүстік – Шығыс пен Солтүстік және Солтүстік – Батыс Қытайда. Көмір өндіру жұмысы шахталық және ашық әдіспен жүргізілді. Мұнай өнеркәсібі Солтүстік – Батыстың шөлдері мен тауларында( Шыңжан, Қарамай), Қызыл бассейнде (Сычуань провинциясы), сондай –ақ елдің солтүстік- шығысында, шығысында қалыптасып келеді.Электр энергиясы көбінесе Солтүстік - Шығыс пен Солтүстік Қытайда, сол сияқты теңіз жағаларындағы ірі қалаларда орналасқан ЖЭС – та басымырақ өндіріледі.
1979 жылдан бастап Қытай өнеркәсібі тұрақты түрде жоғары қарқынмен дамуда. Бүгінде Қытай ұшақ, кемелер мен автомобильдерді ғана жасап қоймай, жердің жасанды серіктерін, өнеркәсіп үшін қазіргі заманға сай жабдықтарды жасай алады. Қытайдағы экономикалық инфрақұрылымның негізі ХХ ғасырдың 50 жылдары Кеңес Одағының көмегімен қаланған болатын. Алайда реформалар саясатын жүргізудің басталуына байланысты Қытай өнеркәсіпке айтарлықтай шетел инвестицияларын тартты, оларды ескі кәсіпорындарды және түрлі салалардағы қазіргі заманға сай жаңа кәсіпорындарды құруға бағыттады. Бүгінде Қытайда тәуелсіз, айтарлықатй толыққанды индустриялы кешен құрылған. Олардың техникалық деңгейінің сипаты жеткілікті дәрежеде.
Қара металлургия кәсіпорындары Қытайдың Аньшань, Тайюань, Пекин, Тяньцзинь, Шанхай, Ухань, Баотоу, Паньчжихуа, Үрімші, Цзюцюан, Чунцин, Чэнду, т.б. қалаларда орналасқан. Елдің 21 металлургиялық кәсіпорындары әрқайсысы жылына 1 млн. т- дан астам болат қорытатын қуатқа ие. Егер Қытай ХХ ғасырдың 50 жылдары болаттың 1400 –дей сорты балқытылып, прокаттың 20 мыңнан астам түрі шығарылады.
Солтүстік – шығыста және басқа аудандарда түсті металлургия зауыттары (мыс, қорғасын, алюминий, магний) бар. Оңтүстікте оңтүстік –батыста түсті металдар кені өндіріледі, мыс, қорғасын, вольфрам, қалайы және сурьма қорытылады.
Машина жасау және электронды өнеркәсіп салалары шаруашылық салаларының ірі масштабты базалық саласына жатады және онда маңызды орын алады. Қазіргі кезде Қытайдың машина жасау және электронды өнеркәсібі шаруашылығының барлық салаларын түгелдей жоғары сапалы кешенді жабдықтармен қамтамасыз етуге шамасы жетеді. Машина жасау және электронды өнеркәсіптің өнімдері экспортқа шығарылатын тауарлардың негізгісіне айналып отыр.
Қытайдың энергетикалық өнеркәсібінің бастысы- көмір, мұнай және электр энергиясын өндіру. Осы салалар бойынша ҚХР әлемдегі алғашқы орныдарды иемденеді. Қазіргі кезде Қытайда Ресей компанияларының қатысуымен елдегі атом энергетикасының бастауы болатын Линьюнган атом электр станциясы салынуда.
Авиациялық және ғарыштық өнеркәсіп саласының бастауы ХХ ғасырдың 50 жылдарында салынған болатын. Бүгінде бұл салада жойғыш – ұшақтар, бомбалаушы, барлаушы ұшақтар, пассажирлік және көліктік ұшақтар мен тікұшақтар жасалады.қытай өндірісінен шыққан азаматтық ұшақтар дүние жүзінің 10- нан аса елдері мен аймақтарына шығарылады.
Мақтадан, жүннен және жасанды талшықтардан мата оқу және бояу, тоқыма мата, киім – кешек дайындау, т.б. өндіріс салалары кіреді. Қазіргі кезде жібек, тоқыма заттар және дайын киім Қытай экспортының аса маңызды бөлігі болып табылады.
Жеңіл өнеркәсіп 44 саланы қамтиды және 200 мың түрлі тауар шығарады. Оларға қағаз, тұрмыстық машиналар, ас тұзын, тамақ өнімдерін, тұрмысқа арналған силикаттар, электр жарықтандырушы аппаратуралар, тұрмыстық химия өнімдерін, тері бұйымдарын, көркем бұйымдарды, тұрмыстық электр құралдарын, темекі және т.б. өндіру жатады. Қытай жеңіл өнеркәсбінің көптеген тауарлары: фарфор, сағат, шамадан, былғары бұйымдары, әсіресе аяқкиім, ойыншық, металл бұйымдар, шамдалдар, көзілдірік т.б. әлемнің 100 – ден астам елдері мен аймақтарына экспортқа шығарылады.
Бақылау сұрақтары:
Қытай дүние жүзінде қандай өнімдер өндірудегі абсолюттік көрсеткіштер бойынша бірінші орынға шықты .
Қайсы жылдар аралығында ҚХР – дың сыртқы және ішкі саяси бағыты халықаралық қатынаста болсын, ел экономикасында болсын қолайсыз зардаптарға әкеліп тіреді.
Қытайдың энергетикалық өнеркәсібінің бастысы
Авиациялық және ғарыштық өнеркәсіп саласының бастауы нешінші жылдары салынған және бүгінде бұл салада қандай заттар дүние жүзінің қандай елдері мен аймақтарына шығарылады.
Қытай халқының урбандалу дәрежесіне, қала агломерацияларының пайда болуына не әсер етті?
Қытай шаруашылығының даму ерекшеліктері қандай? Оған қандай факторлар әсер еткен?
Қытайдың өнеркәсіп құрылымының қалыптасуы мен дамуына табиғат ресурстары қалай әсер еткен?
Лекция № 26
Тақырыбы: Азиядағы жаңа индустриялы ел – Корея Республикасының шаруашылық географиясы
(1сағат)
Жоспар:
1. Шаруашылығының негізгі даму бағыттары
2. Сыртқы экономикалық байланыстары
Лекция мақсаты: Азиядағы жаңа индустриялы ел – Корея Республикасының дүниежүзілік шаруашылық географиясында алатын орнын түсіндіру.
Лекция мәтіні:
Жерінің ауданы – 99,6 мың км2
Халқы – 48,3 млн адам (2004ж.)
Астанасы – Сеул
Мемлекеттік құрылымы – республика
Мемлекет басшысы- президент
Заң шығарушы органы- парламент
Мемлекет тілі – корей тілі
Ұлттық валютасы – вона
Корея түбегінің оңтүстігінде орналасқан Корея Республикасының құрамына Жапон және Сары теңіздегі 3 мыңдай ұсақ аралдар енеді. Бұл аралдардың тек 400 – ден астамында ғана тұрақты қоныстар бар, ең ірі сі- Чеджудо аралы. Жағалау бойымен континенттік қайраң жолағы созылып жатыр, мұнда судың тереңдігі 100 м- ден аспайды. Жағалау барлық қорына бай, соңғы жылдары мұнда мұнай барлау жұмыстары жүруде.
Ел аумағының 70 пайызға жуығын аласа таулар алып жатыр. Гранитті жартастар мен кішігірім сарқырамалар таулы өңірге айырықша сән береді. Сейсмикалық жағдай көршілес Жапониямен салыстырғанда тұрақты, ел аумағында сөнбеген жанартаулар жоқ және күшті жер сілкінулер болмайды. Кішігірім жазықтар елдің батысы мен орталығында және өзендердің сағасында орналасқан, олар көбінесе күріш егуге пайдаланылады. Корея жері пайдалы қазбаларға кедей; тек вольфрам кенінің дүниежүзілік маңызы бар. Сонымен қатар кварң, каолин, алтын мен темірдің, мырыштың шағын кен орындары кездеседі.
Елдің экономикалық өркендеуі ХХ ғасырдың 60 жылдарында арнайы мемлекеттік экономикалық саясат негізінде басталды. Ең алдымен, корей кереметіне үкіметтің экспорттық салаларды дамытуға бағдар алуы, халыққа кәсіби білім беруді жақсартуға бағытталған шаралар, халықтың еңбексүйгіштігі себепші болды. АҚШ тарапынан көрсетілген қайырымдылық көмек айрықша жеңілдіктерге ие болған жапон капиталының ел экономикасына келуі Кореяның өркендеуіне өзіндік әсерін тигізді. 60- жылдарда Корея Респбликасы шетелдерге, ең алдымен, мұнайлы араб елдеріне құрылыс қызметін экспорттай бастады. Корея құрылысшылары бұл елдерде салыстырмалы түрде арзан бағаға қазіргі заманғы жолдар мен көпірлер, қонақүйлер мен порттар сала бастады. Соның нәтижесінде ел қазынасына қосымша қомақты қаржы түсті.
1970 жылдарда машина жасау өнеркәсібіне, құрылыс пен мұнай химиясын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Сырттан әкелінетін шикізат негізінде жұмыс істейтін металлургия зауыттары салына бастады. Ауыл шаруашылығының ұлттық табыстағы үлесі 35 пайыздан 46 пайызға қысқарып, керісінше өңдеуші өнеркәсіп үлесі 20 пайыздан 43 пайызға дейін артты. Экономикадағы түбегейлі құрылымдық өзгерістер басында ел халқына уақытша қиындықтар туғызды. Бірақ мемлекет тарапынан жоспарлы түрде басқарылған бұл қайта құрулар ақыр соңында Кореяны Батыс Еуропаның шағын капиталистік елдерінің деңгейіне жеткізді.
Кеме жасау ел өнеркәсібінің жетекші саласына айналды. Елдегі басты кеме жасау орталығы Пусан болып табылады. Корея Республикасы жеңіл автомобиль жасаудан дүние жүзінде бесінші орын алады. Қазіргі кезде Оңтүстік Кореяда жылына 2,2 млн жеңіл автомобиль жасалады. Аса ірі автомобиль компаниялары- “ Хундай”, “ Дәу” және “ Киа” (1999 жылдың соңында “ Хундай Мотор” компаниясымен қосылып кетті). Корей автомобильдері, негізінен, Азия елдеріне шығарылады. 1980 жылдардың ортасынан бастап “ Хундай” компаниясы шағын “ Пони Эксел” автомоибльдерін АҚШ – қа да сатуда. 1995 жылдан бастап “ Самсунг” корпорациясы да автомобиль шығара бастады.
Елде өнеркәсіптің металлургия саласы күшті дамып, қазіргі кезде дүние жүзінде алтыншы орынға шықты. Корея Республикасы дүние жүзінде өндірілетін болаттың 4 пайызын береді, электролиттік мыс, мырыш, қорғасын және құйма алюминий өндіруден де көзге түседі. Бұл саладағы аса ірі ПОСКО концерні дүние жүзінде жетекші орын алады. Жедел дамыған мұнай химиясы 1980 жылдардың соңында ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз ететін дәрежеге жетті. Қазіргі кезде ел дүниежүзілік мұнай химиясы өнімдерінің 5 пайызға жуығын береді.
Соңғы онжылдықта ғылымды көп қажет ететін өнеркәсіп салалары (электроника, электр техникасын жасау) дами бастады. Ғарыштық күрделі техника жасау игеріле бастады; 2003 жылы Корея Республикасында 8 ғарыштық серік жұмыс істеді. Бұл салада бірнеше ғылыми – зерттеу орталықтары мен тәжірибелік зауыттарды біріктіретін “ Корея Аэроспейс Индастриз” компаниясы жетекші орын алады. Сонымен қатар телекоммуникация, байланыс құралдарын жасау жедел қарқынмен дамуда. Қазақстанның байланыс жүйесін жетілдіруде қазіргі заманғы кореялық сандық телефон станциялары кеңінен қолданыла бастады. Дүние жүзінің көптеген елдерінде “ ДЭУ”, “ Самсунг”, “ LG” компанияларында жасалған тұрмыстық техника үлкен сұранысқа ие. Кореяда жоғары дамыған елдердегі тәрізді “ ғылым қалашықтары” қалыптасу үстінде. Мысалы, Тәдок қаласында 3 университет пен 60 – тан астам ғылыми – зерттеу институттары шоғырланған. Соңғы жылдары компьютерлік бағдарламалар, биоинженерия, ақпараттық экономика саласында ғылыми зерттеулерге жеке меншік күрделі қаржы көп бөліне бастады.
1997 жылғы Азияның дамыған елдерін түгел қамтыған экономикалық дағдарысқа кейін Корея Республикасын “ Азия жолбарысы” деп атайтын. Бұл қысқа уақыт аралығында артта қалған елден дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуымен байланысты болды. Ғалымдар елдегі экономикалық дағдарыстың бірнеше себептерін атайды: қаржы жүйесінің экономикасымен байланыссыз, бақылаусыз дамуы; елдегі саяси күштердің экономикаға басым ықпал етуі; экономикалық құрылымы мен шығарылатын өнім түрлерінің Шығыс Азияның басқа елдерінікіне ұқсас болуы және т.б. Халықаралық валюта қорының несиесі және шағын кәсіпкерлікті қолдауы нәтижесінде 1999 жылдың соңына қарай ел экономикасы қалпына келе бастады.
Соңғы онжылдықта Корея Республикасының сыртқы қарай дүние жүзінде он екінші орынға шықты. Мысалы, дүниежүзілік экспортының 95 пайызын дайын өнімдер (кеме, электрон бұйымдары, тұрмыстық техника мен автомобильдер) құрайды.
Басты сауда әріптесі –Қытай, оған жалпы сауда айналымының едәуір бөлігі тиесілі.
Халықаралық экономикалық ынтымақтастық аясында Корея Республикасы 1989 жылы құрылып, 24 елді біріктірген аса ірі Азиялық – Тынық мұхиттық еркін сауда аймағына (АПЭК) енеді.
Қазақстан аумағында жұмыс істейтін кореялық және бірлескен қазақ – корей кәсіпорындарының саны 2005 жылы 247- ге жетті. Олардың қатарында аса ірі “ Самсунг”, “ LG” компанияларының қатысуымен құрылған кәсіпорындар бар. Корея мен Қазақстан арасындағы қарым – қатынастар тек экономикалық бағытта ғана емес, әлеуметтік – мәдени тұрғыдан да өркендеуде; Қазақстанда 100 мыңнан астам корейлер тұрады.
Бақылау сұрақтары:
Корея Республикасының геосаяси жағдайының ерекшеліктерін атаңдар
Азиядағы халық тығыздығын көрсететін картабойынша елдегі халықтың орналасу ерекшеліктерін анықтаңдар
Корея Республикасы экономикасының өркендеуіне қандай факторлар себепші болды?
Қазақстан мен Корея арасындағы қарым –қатынастар қалай дамуда? Нақты мысал келтіріңдер.
Корея Республикасының сыртқы сауда байланыстарын атаңдар.
Лекция № 26
Тақырыбы: Американың жоғары дамыған елі АҚШ – тың шаруашылық географиясы
(1 сағат)
Жоспар:
1. Шаруашылығының негізгі даму бағыттары
2. Сыртқы экономикалық байланыстары
Лекция мақсаты: Американың жоғары дамыған елі АҚШ – тың дүниежүзілік шаруашылық географиясындағы алатын орнын түсіндіру.
Лекция мәтіні:
1.Америка Құрама Штатының дүниежүзілік шаруашылығы рөлі орасан зор. Оның үлесіне капиталистік елдердің өнеркәсіп өнімінің үштен бірі келеді. Дүниежүзілік экономиканың барлық салаларында АҚШ-тың үлесі өте мол. Шетелдік инвестинциялар бойынша бұл ел басқа елдердің барлығынан асып түседі.
“Атлантиканың арғы жағындағы түкпірден” АҚШ – тың әлемдік аренаға белсене шыққан уақыты ХХ ғасырдың басы. Бұл кезде ел экономикасы ерекше шапшаң дамыды, оған себеп болған жағдайлар мынадай болатын: 1) ел аумағының көпшілігінде (Солтүстік, Батыс) ауыл шаруашылығы феодализмнің шырмауларынан азат болды; 2) қарапайым еңбеккерлер бар, техникалық интеллигенция бар иммигранттар көп келді; 3) жаңа жерлердің игерілуі есебінен ішкі нарық ұлғайды; 4) мол табиғи ресурстар; 5) географиялық орнының қолайлығы. Елде өнеркәсіп пен қаржы капиталы ертегідегідей шапшаң жинақталды.
Достарыңызбен бөлісу: |