Республикада жүргізілген экономикалық реформалар және оның нәтижелері
1.1953 жылғы 5 наурызда Коммунистік партия мен Кеңес Одағының басында 30 жылдан астам отырған И. В. Сталин қайтыс болды. Сталин өлгеннен кейін елде демократиялық, қайта құру процесі қарқынды жүре бастады. Демократиялық өзгерістердің ықпалымен Кеңес өкіметі шамадан тыс орталықтандыруды босаң-сытуға және одақтас республикалардың шаруашылық, саяси-мәдени құрылыс саласындағы құқықтарын кеңейтуге бағытталған кейбір шараларды жүзеге асыруға мәжбүр болды. Бұл кезде Қазақстанның бюджет құқықтары кеңейтіліп, оның көлемі едәуір өсті. Атап айтқанда, 1950-55 жж. өнеркәсіпке жұмсалған қаржының жалпы көлемі 1941-1950 жж. салыстырғанда 2,3 есе артты. Ал 1956 жылдан бастап табыстың кейбір түрлері бойынша республикалық бюджеттерге қаржы бұрыңғыдан да көбірек бөліне бастады. Қазақстан бюджетінің, шығыс көлемі -1953-1960 жылдарда 7 еседен аса ұлғайды: 434, 9 млн. сомнан 3 млрд. 53 млн. сомға дейін жетті.
1954-1956 жылдарда одақтық министрліктерден республика қарамағына 144 ірі кәсіпорны, ал 1959 ж. түсті металлургияның барлық 29 кәсілорындары берілді. Мұның нәтижесінде одақтық-республикалық, өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2 еседен артық ұлғайды. Түсті металлургия, қара металлургия мен химия енеркәсібі кәсіпорындарын салу, байланыс, қала және село құрылысы, геология және жер қойнауындағы қорларды қорғау министрліктері басқада одақтық министрліктер, одақтық-республикалық болып қайта құрылды. Су шаруашылығы министрлігі қалпына келтірілді. Республикадағы министрліктердің құқықтары бұрыңғыға қарағанда едәуір өсті. Оларды құру кезінде Қазақстан үкіметі шаруашылықтың ерекшеліктерін, жұмыс көлемін және өркендеу келешегін ескеретін болды. Сонымен бірге одақтас республикалар жалпы одақтық сипаттағы мәселелерді шешуге бұрыңғыдан гөрі белсене қатыса бастады. Одақтас республикалардың экономикалық және мәдени өркендеуіне байланысты ұсыныстарын талқылау үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің ұлттар Кеңесі әр республиканың өкілдігі болатын Экономикалық комиссия құрды.
2. Жергілікті Кеңестердің шаруашылық және мәдени құрылыс істерінде, оның ішінде халыққа білім беру, сауда, коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы құқықтары кеңейтілді. Кеңестерге жергілікті өнеркәсіп өндірісін жоспарлау және олардың өнімін бөлу, тұрғын үй салуды ұйымдастыру, қаржы-бюджет мәселелерін шешуде үлкен міндеттер жүктелді.
Одақтас республикалар құқықтарының кеңеюіне байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің заң шығару қызметінің белсенділігі артты, оның республикадағы шаруашылық және әлеуметтік-мәдени құрылысқа іс жүзінде басшылық етудегі рөлі әжептәуір өсті. Сессияда қаралатын мәселелердің шеңбері кеңейді.
Жоғарғы Кеңестің тұрақты комиссияларының белсенділігі артты. Олардың саны 3-тен 8-ге дейін жетті. Өнеркәсіп және транспорт, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру, сауда және қоғамдық тамақтандыру, халыққа білім беру және мәдениет жөніндегі тұрақты комиссиялар құрылды. Олардың құрамына енгізілген депутаттардың саны 35-тен 167-ге дейін өсті. Мұндай өзгерістер мемлекет басына Н. С. Хрущевтің келуімен байланысты еді. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін билікке ие болған ол партия органдары мен ұйымдарының шаруашылық жұмысқа, басқару ісіне араласуына тоқтау салып, олардың қоғамдық істердегі рөлін біраз әлсіретті.
Одақтас республикалардың құқықтарын кеңейту, кеңестердің шаруашылық-ұйымдастыру рөлі мен жауапкершілігін арттыру олардың елдегі әлеуметтік- экономикалық ахуалды жақсартуға қосатын үлесін біраз өсірді. Бұл кезде халық шаруашылығының басты саласы өнеркәсіпті дамытуға ерекше назар аударылды. Соның нәтижесінде бесінші бесжылдық /1951- 1955 жж./ ішінде 200-ге жуық жаңа кәсіпорын салынып, пайдалануға берілді. Сомасы 3218 млн. сом болатын негізгі қорлар іске қосылды, мұның өзі бұдан бұрыңғы бесжылдықтағыдан 2,5 есе көп еді. Бұл жылдары республикада Өскемен қорғасын зауыты мен оттегі станциясы, Зыряновск қорғасын комбинатының байыту фабрикасы, Балқаш шаңсорғыш фабрикасы пайдалануға берілді. Зыряновск қорғасын комбинатында қорғасын-мырыш концентратын, ал Балқаш мыс қорыту зауытында тазартылған мыс өндіру жолға қойылды. Жезқазғанда 5 қуатты шахта және байыту фабрикасы іске қосылды. Шымкент қорғасын зауыты өндіріс процесі тоқтатылмастан түбегейлі түрде қайта құрылды. Республика түсті металлургиясының бесжылдық ішіндегі жалпы өнімі 2,1 есе өсті. Еліміздегі ең ірі өнеркәсіп объектілердің бірі - Қарағанды металлургия зауытының (Қазақстан магниткасы) құрылысы басталды. Ферросплав өндіру артып, олардың әрбір түрін шығару ұлғайды.
Ал алтыншы бесжылдық кезінде республикада ірі пайдалы кен орындарының игерілуіне байланысты бесжылдық жоспарды ауыр өнеркәсіптің, әсіресе, электр қуаты мен отынды көп қажет ететін салалары үшін кәсіпорындар жүйесін жасау, қара және түсті металлургияның жаңа кәсіпорындарын, электр станцияларын салу, өнеркәсіптің басқа салаларын одан әрі өркендету міндеті қойылды. Бұл міндеттерді іске асыру барысында республиканың көптеген өндіріс орталықтарында ірі индустриялық кәсіпорындар салынды. Павлодарда алюминий, ферросплав және комбайн зауыттарын, прокат жабдықтары машина жасау зауытын, Жамбылда химия зауытын, Семей мен Шымкентте жаңа цемент зауыттарын салу қолға алынды. Қарағанды металлургия зауытында 2 домна пеші мен табақ қаңылтыр станын әзірлеу және пайдалану жоспарланды. Міне, осындай игі істердің арқасында 1960 ж. Қазақстанда 1950 ж. 17,3 млн. тоннаның орнына 32,3 млн. тонна көмір, 2,6 млрд. квт/сағат орнына 10,6 млрд. квт/сағат электр қуаты өндірілді. Дегенмен осы кезде электр қуатының желілері мен оны бөлу жүйелерінің құрылысы құрт артта қалды, мұның өзі республиканы электрлендірудің тиімділігін едәуір төмендетті.
50-ші жылдардың екінші жартысында Қазақстанда бүкіл еліміздегі сияқты өнеркәсіпте ғылыми-техникалық прогреске бетбұрыс кезең болды. Өндіріс жүйесін электрлендіру, кешенді механикаландыру және автоматтандыру, мол өнімді ең жаңа станоктарды, машиналар мен аппараттарды енгізу, өндіріс технологиясын үнемі жетілдіріп отыру, отын қуатын бейбіт мақсаттарға қолдану негізінде өнеркәсіптің барлық салаларында техниканы жетілдіру қарқынын арттыруға айырықша көңіл бөлінді. Еңбекші бұқараны, әсіресе, жұмысшыларды шаруашылық құрылысын басқару ісіне кеңінен тартуға, өндіріске жаңа техника мен озық технологияны енгізуге бағытталған маңызды шараларды жүзеге асыру басталды.
Соның арқасында 50-ші жылдардың екінші жартысы өндіріс техникасы мен технологиясының одан әрі жедел дамыған кезі болды. Кен рудалары кәсіпорындарына өзі тиеп, өзі алып барып түсіріп беретін, елімізде жасалған жоғары өнімді механикалық жүйелер мен бұрғылау машиналары енгізілді. Мұның өзі руда өндіруді түгелдей дерлік механикаландыруға мүмкіндік берді. Түсті металлургияда енді жеке агрегаттар мен тораптар ғана емес, технологиялық процестер, тұтас цехтар жүйелі автоматтандырылды.
Шымкент пресс-автоматтар зауыты әртүрлі 20-дан астам машина, соның ішінде шындағыш машиналар, қуатты жаныштағыш престер шығыруды игерді. Алматы ауыр машина жасау зауытының сым созу станы, Өскемен конденсатор зауытының вольтті конденсаторларының жаңа сериялары елімізден шалғай жерлерде де белгілі болды. Шахталарға, көмір комбинаттарына көмір және топырақ тиейтін машиналар, электровоздар келіп түсті, кен қазатын комбайндардың саны көбейді, ленталық конвейерлер енгізілді. Қарағанды көмір алқабы көмір өндіруде еңбекті көп қажет ететін жұмыстарды механикаландыру жөнінде елімізде алдыңғы орындардың біріне шықты. Көмір табу, оны қопару, күреу, шығару, жол вагондарына тиеу тәрізді жұмыстар түрінің бәрі механикаландырылды. Бірқатар шахталарда механизмдерді шалғайдан автоматты түрде басқару тәсілі қолданылды.
Өндіріс процестерін автоматты түрде басқару мен бақылау ісі мұнай кәсіпшіліктерінде де қолданыла бастады. Еңбек процестерін энергиямен жабдықтау едәуір ұлғайды. Бір жұмысшыға шаққанда электр қуатын тұтыну 1941 жылға дейінгі деңгеймен салыстырғанда көмір өнеркәсібінде - 3,6 есе, химияда 13,8 есе артты.
Көлік жүйесіне де да көптеген техникалық жаңалықтар енді. Паровоздардың орнына сұйық отынмен жүретін локомотивтар келді. Тұңғыш тепловоздар 1957 жылы Қарағанды темір жолының Ерейментау депосында пайда болды, ал келесі жылы тепловоздар республиканың 3,5 мың км астам темір жолын қамтып, олар барлық жүк айналымының, 40,5 пайызын тасыды.
Алтыншы бесжылдықта Қазақстан жұмысшыларының жаңашылдық пен өнертапқыштыққа деген ынта-ықыласы артты. 1957 жылы онымен 22,7 мың, 1958 жылы - 30 мың, ал 1960 жылы - 50 мыңға жуық адам шұғылданды. 1960 жылы түскен жаңашыл ұсыныстардың саны 74 мыңнан асты. Олардың 50,8 мыны өндіріске енгізіліп, 38,8 млн. сом қаржы үнемделді. Сол жылы қоғамдық конструкторлық бюролар /ҚКБ/ курсында мындаған адамдар оқыды, олардың құрамына инженер-техник қызметкерлер, өндіріс жаңашылдары кірді. Республикалық өнеркәсіп орындарында мұндай оқудың саны 200-ге жетті.
1957 жылы Кеңес елі бойынша, соның ішінде Қазақстанда да, бірқатар шаруашылық-ұйымдастыру шаралары іске асырылды. Өнеркәсіп пен құрылысты басқару экономикалык әкімшілік аудандары негізінде территориялық принцип бойынша үйымдастырылды. Олардың әрқайсысында халық шаруашылығы кеңестері құрылды. Өнеркәсіптік министрліктері таратылып, олардың кәсіпорындары халық шаруашылығы кеңестерінің қарамағына берілді. Бұл кеңестер республика Министрлер кеңесіне бағынды. Өнеркәсіп пен құрылысты басқарудың ұйымдастырылуын одан әрі жетілдіру туралы Республика Жоғарғы Кеңесі қабылдаған /1957 ж/ заңға сәйкес республика территориясында 9 экономикалық-әкімшілік ауданы ұйымдастырылып, одақтық-республикалық Алайда, өмірдің өзі көрсеткендей, өнеркәсіптің басқарылуын территориялық принцип бойынша ұйымдастыру ісі жетілмеген болып шықты. Өнеркәсіптің жеке салаларына өндірістік-техникалық басшылық ету экономикалық аудандарға бөлшектелді, ал халық шарушылығы кеңестерінде кәсіпорындарды басқару арнайы мамандандырылған көп салалы басқармалар арқылы жүзеге асырылды. Бұл Кеңестер ғылыми-техникалық прогрестің жеделдетілуіне байланысты кеңейген жұмыс көлемін игере алмады, жаңа техниканы пайдалануға жеткілікті бақылау орнатуға қабілетсіз болды және республикалық шаруашылық министрліктер таратылды. Халық шаруашылығы кеңестерінің қарамағына өнеркәсіп пен құрылыстың әр түрлі салаларының 2 мыңнан астам кәсіпорны берілді.
3. 60-шы жылдардың бірінші жартысындағы қоғамдық өзгерістердің саясаттың ерекше белгісі, оның қайшылығы мен жеке адамға табынуды жою процесінің нақты жетістіктері, сондай-ақ экономикалық дамудың белгілі бір табыстары еді. Сонымен қатар, бұл кездегі қияли, утопиялық жоспарлар, ішкі партиялық қоғамдық өмірді демократияландыруға қадамдар жасау және Н. С. Хрущевтің өзінің жеке басына табынудың құрт күшеюі сияқты қайшылықтар көрініс берді.
Партияның XXII съезінде (1961 ж.) КОКП-ның жаңа Бағдарламасы туралы айта келіп, Хрущев: "бұл коммунизмнің материалдық-техникалық базасын салу бағдарла-масы, бұрыңғылардан оның өзгешелігі - ол 20 жылға есептелген шынайы бағдарлама" - деп мәлімдеді. Бұл кезеңнің соңында коммунизмнің базасы жасалып бітеді, сөйтіп "кеңес адамдарының қазіргі ұрпағы коммунизм тұсында өмір сүретін болады". Осынау сөздер ондаған миллион кеңес адамдарын шабыттандырып, оларды жан-қиярлықпен еңбек етуге шақырды. Хрущев бүгінгі қиындықтар уақытша, 20 жылдан кейін кеңес адамдарын тек жақсы өмір ғана емес, коммунизмнің басталуы күтіп тұр деп дәмелендірді.
60-шы жылдардың басында өнеркәсіп пен құрылысты экономикалық аудандардың халық шаруашылығы кеңестері арқылы басқару жүйесінің кемшіліктері бірден-бірге айқындала түсті. Өнеркәсіпті басқаруда халық шаруашылығы кеңестерінде толып жатқан жаңа бөлімдердің құрылуы өнеркәсіп салаларының бөлшектенуіне әкелді. Өндірісті басқарудың, жоспарлау мен экономикалық ынталандырудың түрлері мен әдістері елдің өндіргіш күштерінің жаңа, неғұрлым жоғары дәрежесіне сай келмеді, олардың дамуын тежеді.
Ауыл шаруашылығы өндірісін ойдағыдай дамытудың орасан зор мүмкіндіктері дұрыс пайдаланылмады. Республикада қоғамдық және жеке мүдделерді ұштастыру, колхоз, совхоз еңбеккерлерінің егіншілік пен мал шаруашылығы өнімдерін арттыруға деген материалдық ынталылығы принципінің бұзылуына жол берілді. Жоспарлауда, ауыл шаруашылық дақылдарын орналастыруда елеулі кемшіліктер орын алды. Таза жер көлемінің азайтылуы тың жердегі егіншілікті жүргізу жүйесіне зиянын тигізді, егіс алқаптарының қалыптасқан құрылымы бұзылды. Осының салдарынан Қазақстанда астық өндіру төмендеп кетті.
Хрущев Қазақстанды сынақ алаңы ретінде пайдаланып, көптеген тың тәжірбиелерді, оның ішінде келешегі жоққа тән тәжірбиелерді, республикада сынақтан өткізіп байқап көрді. Гидропоникалық әдіспен өсімдік өсіру, жүгері егу, т.б. осы сияқты тәжірибелер Қазақстан шарушылықтарында байқаудан өтті. Оның айтуымен республиканың оңтүстіктегі аудандары көршілес республикаларға берілді, өлкелер құрылды. Көптеген қалалардың аттары өзгертілді. Сөйтіп, Ақмола - Целиноград атанды. Оңтүстік Қазакстан облысы -Шымкент облысы, ал Батыс Қазақстан облысы - Орал облысы болып өзгертілді. Оған Қазақстанда қарсы келетін адам болған жоқ. Қазақ зиялыларының жағымпаз, жарамсақтарын шешуші буындарға орналастырып, олар арқылы қазақ халқын мәңгүрттендіріп орыстың патшаларының отарландыру саясатын санасыздықпен (саналы түрде деуге болмайды, өйткені ол көп мәселеде интернационалдық, ұлттық теңдікті, достықты жақтады) жандандырылған ол қазақтардан бірыңғай коммунистік ұлт шығаруды армандады. Хрущевтің жолсыздықтары мен жөнсіз қылықтарын ашып айтпаса да, халық оған наразы болды. Сөйтіп, елдің экономикасын жаңа сатыға көтеру, халық шаруашылығын басқару, өндірісті жоспарлау мен ынталандыру жүйесін түбегейлі жақсарту қажеттігі пісіп-жетіліп келе жатты, экономикалық мәселелерді шешуге субъективизмді, волюн-таризмді жою қажеттігі барған сайын айқындала түсті. Қалыптасқан жағдайды түзеу және жол берілген қателіктерді жою жөнінде кезек күттірмейтін шұғыл шаралар алған КОКП Орталық комитетінің Қазан /1964 ж/ Пленумы өтті. Пленум Н. С. Хрущевті КОКП Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы және КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы міндеттерінен босатты. Оның орнына КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп Л. И. Брежневті сайлады, ал Кеңес үкіметінің басшысы етіп КСРО Жоғарғы Кеңесі А. Н. Косыгинді тағайындады. Осының артынша партия кеңес және басқа қоғам ұйымдарын 1962 жылы жүзеге асырылған өндірстік принцип бойынша бөлу ойластырылмаған іс деп бағаланып, олардың территориялық-өндірістік принцип бойынша құрылуын қалпына келтіру ісі қолға алынды. Сонымен бірге жоспарлау мен экономикалық ынталандыру әдістеріндегі қате де түзетіле бастады. Осы жылдарда іске асырылған шаруашылық реформалар дәйекті жүргізілмегеннің өзінде де елдің экономикасын көтеруге ықпал жасады.
1964-1965 жылдары Қазақстанда халық шаруашылығы Кеңесі және экономикалық, аудандардың халық шаруашылығы кеңестері таратылып, салалық одактық- республикалык министрліктер мен кәсіпорындар бірлестіктері құрылды.
Қарастырылып отырған кезеңде Орталық партия Комитеті 1965 ж. наурыз Пленумы шешімдері негізінде ауыл шаруашылығының пайдасына ұлттық табысты қайта бөлу, селоның әлеуметтік мәселелерін дұрыс шешу, ауыл шаруашылық өніміне сатып алу бағаларын арттыру жөнінде шаралар алына бастады. Бұл реформаның маңызды элементі ауыл шаруашылығын басқарудың әкімшілік әдістерінен демократиялық әдістерғе көшудің қажеттігін, сондай-ақ шаруашылық есепті кеңінен негіздеу еді. Жеке, қосалқы шаруашылықты жоюға байланысты өткен жылдардағы асыра сілтеушілік айыпталды. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы өндірісін едәуір жандандырды, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді жақсартуға игі әсерін тигізді.
КОКП Орталық Комитетінің 1965 ж. қыркүйек айында өткен Пленумының шешімдері бойынша өнеркәсіп салаларында жоспарлауды жетілдіру, сондай-ақ, жаңа техниканы енгізу, материалдық ынталандыру бағдарламасын іске асыруға айырықша көңіл бөлінді. Жаңа техниканы енгізу үшін әрбір кәсіпорында жоспар жасалды. Ірі кәсіпорындары мен құрылыстарда техникалық прогреске жәрдемдесу жөніндегі арнаулы комиссиялар құрылды. Олар өндірістік процестерді механикаландыру мен автоматтандыру жоспарларының іске асуына ықпалын тигізді. Соның нәтижесінде көптеген кәсіпорындар, оның ішінде Қарағандының 2-ГРЭС-і мен Бұхтарма ГЭС-і техникалық-экономикалық көрсеткіштері жоғары станцияларға айналды. Екібастұз көмір разрезі өнімділігі жоғары механизмдермен жарақталған көмір өндіретін өркендеген кәсіпорын қатарына қосылды.
Сегізінші бесжылдықты жоспарлау мен экономикалық ынталандырудың жаңа тәртібі бойынша Қазақстанда ондаған өнеркәсіп орындары, соның ішінде Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты, Шымкент цемент заводы, Алматынын Жетісу аяқ киім фабрикасы, Семей шұға комбинаты және басқалары жұмыс істей бастады. 1966 жылы бұл кәсіпорындар өнім өткізу жоспарларын асыра орындап, жоспардан тыс көп пайда тапты, өндірістің тиімділігін күрт арттырды. 1966-1967 жылдарда жаңа жүйе бойынша жұмыс істеуге республикада, негізінен, неғұрлым ірі және пайдасы көп кәсіпорындар көшірілді. 1967 жылдың аяғына таман 193 кәсіпорын, яғни республика ірі-ірі кәсіпорындарының жалпы санының 10 пайызы жаңа жүйе бойынша жұмыс істеді, мұнда барлық қызметкерлердің төрттен бір бөлігі істеп, олар жалпы өнеркәсіп өнімінің үштен біріне жуығын өндірді. 1968-1969 жылдарда ІЗ министрлік пен ведомстволар өз кәсіпорындарын шаруашылықты жүргізудің жаңа жүйесіне көшіруді аяқтады. Жаңа жүйе бойынша жұмыс ұымдастыру өнеркәсіпте ғана емес, құрылыс пен транспортқа да енгізілді. Шаруашылықты жүргізудің жаңа жүйесіне көшкен кәсіпорындар өткізілетін өнімнің бестен төрт бөлігінен астамын өндірді. 1970 жылы көмір өнеркәсібінде олар өнімнің 98 пайызын және Қазақстан көмір өнеркәсібінің барлық кәсіпорындарының түсірген пайдасының 17 пайызын берді. Түсті металлургия кәсіпорындары мұның алдындағы бесжылдықпен салыстырғанда өздерінің қызмет көрсеткіштерін едәуір жақсартты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 60 пайыздан асты, пайда 100 пайыз, еңбек өнімділігі 45 пайыз артты.
Бесжылдықтың аяғында республикада жоспарлау мен материалдық ынталандырудың жаңа жүйесі бойынша 1467 кәсіпорын жұмыс істеді. Жаңаша жұмыс істеген кәсіпорындар материалдық ынталандыру қорына қаржы аударуды арттырып, осы арқылы әрбір қызметкердің өз кәсіпорнынын, сапалық көрсеткіштерін жақсартуға деген мүдделілігін күшейтті. Шаруашылық реформасы өнеркәсіптің, құрылыс пен көліктің тез қарқынмен дамуына жағдай жасап, бесжылдықтың тапсырмаларын орындауда елеулі рөл атқарды.
Сөйтіп, сегізінші бесжылдық Қазақстанның өндіргіш күштерінің қауырт дамыған кезеңі болды. Республиканың халық шаруашылығына мұның алдындағы бесжылдықтағы 17,9 млрд. сомның орнына бес жыл ішінде 23,8 млрд. сом жұмсалды. Ұлттық табыс 41 пайыз, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 55 пайыз артты. Тұтас есептегенде бес жыл ішінде осының алдындағы он жыл ішінде өндірілген мөлшерде өнім алынды. 1970жылы Қазақстан 18,2млн.тонна теміррудасын, 1,8 млн. тонна шойын, 2,2 млн. тонна болат, 2,5 млн. тонна қара металдар прокатын, 61,5 млн. тонна көмір, 13,1 млн. тонна мұнай, 2093 млн. текше метр газ, 34,5 миллиард киловат-сағат электр қуатын өндірді. Еліміздің халық шаруашылығында көмір, темір рудасын өндіруде, болат пен қара металдар прокатын қорытуда Қазақстанның үлес салмағы артты. Қазақстан қорғасын, мыс пен титанның жалпы одақтық өндірісінің едәуір бөлігін берді. Республиканың мұнай өндіретін және химия өнеркәсібі жалпы одақтық маңызға ие болды. Өндіріс құралдары мен тұтыну бұйымдарын өндірудің арасындағы қатынастар едәуір жақсарды.
Өнеркәсіптің салалық құрылымында және территориялық орналастырылуында сапалық өгерістер байқалды. Жаңа өнеркәсіп аудандары одан әрі нығайып дамыды, пайдалы қазбалардың жаңа кен орындары игеріліп, шаруашылық айналымға тартылды, өндірістік қорлар жоспарлы түрде ұлғайтылып, жаңартылып отырды.
Бесжылдықтың аяғына таман 445 ірі кәсіпорын мен цех қатарға қосылып, жүздеген зауытар мен фабрикалар қайта құрылды және техникалық жағынан қайта жарақтандырылды. Техникалық прогресс ең алдымен өнеркәсіптің энергетика, түсті және қара металлургия, мұнай өндеу, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары өнеркәсібі секілді салаларында ілгері басты.
Бұл арада айта кететін бір жайт осы ірі жетістіктер жұмысшылардың үлкен шабыты мен жанқиярлық жасампаз ынта-ықыласын жете пайдалану есебінен іске асырылды. Алайда, өнеркәсіп орындарын салуға, оларды іске қосуға Одақтың түкпір-түкпірінен келген маман жұмысшыларға, комсомол шақыруына үн қосып, жаңа жерлерге аттанған жастарға жергілікті жерде тұрмыстық жағдай туғызылмады, олар азық-түлікпен жете қамтамасыз етілген жоқ. 1959 жылы Теміртауда Қарағанды металлургия комбинатын салуға жер-жерден келген жастардың көтеріліс жасауы осы жағдайға байланысты еді. Көтеріліс басылды, кәсіпорындарда жұмысшылардың жағдайын жақсарту үшін шаралар алынды. Бірақ бұл оқиға әміршіл-әкімшіл жүйенің іріп-шіріп келе жатқан бір көрінісі еді.
Қазақстанда астық және мал шаруашылығы бағытындағы совхоздардың саны сегізінші бесжылдықта 1521-ден 1625-ке дейін көбейді. Бұған қоса республикада 1970 жылдың аяғында ғылыми-зерттеу институттары жанында 88 тәжірибелік, эксперименттік, оқу және басқа совхоздар, сондай-ақ мал семіртетін 104 совхоз бар-тын. Олардың шаруашылық есепке көшуі етек алды.
1967-1970 жылдар ішінде Қазакстанның 586 совхозы толык. шаруашылық есепке көшті. Бұл жағдай совхоздардың рентабельдік деңгейін едәуір көтерді. Республиканың совхоздарында ауыл шаруашылық өнімдерін, әсіресе, астық өндіру кірісі мол әрі рентабельді салаға айналды. Сегізінші бесжылдық кезінде республика совхоздарының күрделі қаржысы 4,2 миллиард сомға жуық өсті. Совхоздардың негізгі қорларының құны 1965 жылғы 5,6 миллиард сомның орнына 1970 жылы 8,3 миллиард сомға жетті. Бесжылдық жылдарында республика совхоздарында бір миллион ірі қара малға, 635 мың шошқаға, 8,5 миллион қойға арналған және 700 мыңға жуық құс өсіретін қоралар салынды, басқа да өндірістік және тұрғын үй-тұрмыстық объектілер салу кеңінен өрістеді. Бірақ, өнеркәсіпте, әсіресе, ауыл шаруашылығында басталған реформа аяқталмай қалды. Оның басты себебі қолданылған шаралар тиімділігі айтарлықтай болмады. Соның салдарынан бұл саладан жоспарланғандай қайтарым, күткендегідей өсім алынбады.