Тақырыбы: Қазақстан және Ресей жаңа заман жағдайында. Қазақстанда отаршылдық кезеңінің басталуы.
1. Қазақстанның Ресейге қосылуының себептері 2. Кіші жүздің империя құрамына кіруі 1. Қазақ халқының елдігі жолындағы тарихи күрес барысында, әсіресе, XVII ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ хандары өзінін үлкен көршісі Ресей мемлекетімен байланыс жасауға көңіл бөлді. Орыс мемлекетінің қазақ хандығымен сауда және елшілік байланыстары Қазан (1552 ж.) жөне Астрахань (1556 ж.) хандықтарының Ресейге қосылып, оның Жайық пен Еділ аралығындағы даланы алып жатқан Ноғай Ордасына саяси үстемдігін орнатқаннан кейінгі жерде ұлғая түсті. Еділ бойындағы халықтардың орыс мемлекетінің құрамына кіруі, оның шекарасын Қазақстан жеріне жақындата түсті. Маңғыстау мен Үстірт арқылы өтетін құрлықтағы керуен жолдары, Каспий, сондай-ақ, Еділ мен Кама арқылы өтетін су жолы Ресейдің Кавказ, Орта Азия және Қазақстанмен экономикалық байланысын күшейтуде зор рөл атқарды. Қазақстан өлкесі арқылы өтетін атақты Жібек жолы барған сайын халықаралық маңыз ала бастады. Бұл жол Шығыс және Батыс Еуропа елдерін Орталық Азиямен байланыстырды, сауда-саттықты, экономикалық қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндік туғызды.
Орыс мемлекеті ең алдымен қазақ даласы арқылы өтетін қатынас, сауда жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақ хандарымен байланысын нығайтуды көздеді. Сондай-ақ, Сібір хандығына, Орта Азия билеушілеріне қарсы күресте және жоңғар феодалдары тарапынан күшейе түскен қауіпке байланысты одақтас іздеген Қазақ хандығы Орыс мемлекетімен экономикалық, саяси-елшілік байланыс орнатуға мүдделі болды.
Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығының арасындағы саяси байланыстардың дамуы Тәуекел хан елшілігінен басталды. 1594 жылдың аяғында Ресеймен достық келісім жасау үшін Мәскеуге қазақ елшісі Құлмұхамед жіберілді. Тәуекел орыс патшасымен "достық пен ынтымак" жасауға асықты. Өйткені Бұқар ханы Абдулламен уақытша бітім жасап, ноғайлармен арадағы қатынас өте шиеленісіп тұрған болатын. Елшіліктің алдына Мәскеуде аманат ретінде ұсталып отырған ханның жиені Оразмұхамедті босату және Борис Годуновтан "отты қару" алу еді. Орыс патшасы Тәуекел ханға жауабында оған "отты қаруы бар көп әскер" жіберетініне және қазақтарды олардың барлық жауларынан "сақтайтынына" уәде берді. Бірақ ол құрғақ уәде болып, аяқсыз қалды.
XVI ғасырдың аяқ шенінде Ресей мен қазақ хандығының арасында елшіліктер алмасу күшейе түсті. Мұның өзі Батыс Сібірді игеру, Түмен, Тобыл, Тара қалаларының есуі, қазақ даласы арқылы Орта Азиямен сауданың күшеюіне байланысты еді. XVIII ғасырдың бас кезінде Батыс Қазақстанда Орыс мемлекетімен шекаралас жатқан өңірлерде орыс қоныстары пайда болды.
Ресей мен Қазақстан хандығының екі жақты жақындасуына XVIII ғасырдың басында жонғар феодалдарының шапқыншылығына қарсы тұру мүдделілігі де себеп болған еді. Бұл кезде қазақ хандығының Бұқар және Хиуамен қатынастары да шиеленіскен күйінде қала берді. Еділ өзенінің бойындағы қалмақтар мен башқұрттар Кіші жүздің жеріне шабуыл жасап, үнемі қауіп туғызып отырды. Осындай күрделі мәселелерді шешу үшін Солтүстіктегі қуатты көрші Ресеймен мәмілеге келуді керек етті. Қазақстанның басқа көрші ел халықтарымен қарым-қатынасын ушықтырып, өзіне тәуелді болуын іске асыруға бағытталған жымысқы саясат жүргізіп отырған Ресеймен тең құқықты, тату-тәтті қарым-қатынас орнату қазақ хандары үшін, оның ішіндегі елдің батыс бетіндегі қалмақтар мен башқұрттардың тынымсыз шабуылынан мазасы кетіп отырған Кіші жүздің ханы Әбілхайыр үшін қазақ даласында тыныштық орнатудың кепілі сияқты көрінді.
Қазақ даласы Ресейді Шығыс мемлекеттермен жалғастыратын көпір іспетті еді. Ол арқылы Еуропа елдерінен Шығыстағы елдерге және одан кері қарай құрлық пен сумен ең төте ежелгі сауда жолдары өтетін. Осы жолдармен Ресейден Орта Азияға, Ауғанстанға, Персияға, Қытайға, Үндістанға және басқа шығыс елдеріне баруға болатын еді.
Орыс патшасы Петр Бірінші бұл елдермен экономикалық және саяси байланыс орнату, оны дамыту үшін алдымен Қазақстан және Орта Азия елдерін Ресейге қосып алу керек деп есептеді. Осы мақсатта қазақ жеріне бірнеше экспедиция жіберілді. Солардың бірі - 1718 жылы Семей қамалының, ал 1720 жылы И. М. Лихарев экспедициясы Үлбі өзенінің Ертіске құятын жерінде Өскемен бекінісінің негізін салды.
XVIII ғасырдың 20-шы жылдарында Петр Бірінші өкіметі Орта Азия және Қазақстан билеушілерімен елшілік арқылы байланыс жасап тұрды. Қара теңіз бен Балтық тенізі арқылы Еуропаға терезе ашқан Петр Бірінші енді Азия елдеріне төте баратын жолды іздестіре бастады және бұл жолдың қазақ даласы арқылы өтетінін жақсы түсінді.
Ресеймен қарым-қатынасты нығайтудың қажеттілігіне бұл тұста қазақтың басқа да жүздері мен ру басшылары бой ұра бастаған еді. Өйткені оңдаған жылдар бойына созылған жоңғар қалмақтарының және көршілес жатқан елдердің шапқыншылық әрекеттері қазақ елін әбден тоздырып әлсіреткен болатын.
2. XVIII ғасырдың бас кезінде қазақ хандары орыс патшасынан жоңғар қалмақтарына қарсы көмек сұрап елші жіберді. 1730 жылы 8 қыркүйекте Уфаға Әбілқайырдың Сейіткүл Қойдағұлов пен Құлымбет Қоштаев бастаған елшілігі келді. Олар әйел патша Анна Ивановнаға Кіші жүзді Ресей империясының құрамына қосу жөнінде өтініш жасады. "Біз Әбілқайыр хан, - деп көрсетілді жолдамада, - маған қарасты Орта жүз бен Кіші жүздің көптеген... халқымен сіздің алдыңызда күллі бас иеміз... Сіздің қамқорлығыңызда болсақ дейміз". 1731 жылы 19 ақпанда орыс патшасы Әбілқайыр ханға және "бүкіл қазақ халқына" олардың Ресей қол астына ерікті түрде қабылданғаны туралы грамота жіберді. Оны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылдың 30 сәуірінде Кіші жүзге А. И. Тевкелев бастаған елшілік келді. Олармен бірге Петроградқа жіберілген қазақ елшілері де оралды. Сонымен, 1731 жылы 10-шы қазанда қазақ сұлтандары мен ру басыларының жиналысында Кіші жүздің Ресей құрамына бодан болып қабылдануы жөнінде шешім қабылданды. Осыдан кейін 1731 жылы 15 желтоқсанда Тевкелевпен келіссөз жүргізген Орта жүздің ханы Сәмеке Ресей империясының құрамына кіретінін білдіріп ант беріп, "өзінің мөрін басты". Бірақ бұл шарт тек 1734 жылдан кейін ғана жүзеге асырыла бастады.
Ресей патшасының Кіші жүзді қол астына алғанын естіп, Ұлы жүздің атынан Қодар би, Төле би, Сатан батыр, Бөлек батыр патша әйел Анна Ивановнаға хат жазып, ұлы жүзді де өз қол астына қабылдау жөнінде өтініш жасады. Бұл хатты Петроградқа Хангелді батыр жеткізді.
1734 жылы 10 тамызда Ресей патшасы Ұлы жүзді Ресей құрамына қабылдау жөніндегі құжатқа қол қойып, ұлы жүз хандығына: "Сіздерді қол астымызға Әбілқайырды алған шарттар бойынша аламыз", - деген қағаз жіберді.
Қазақтар Казакстанның Ресеймен бірігуі елдің экономикалық өркендеуіне, саяси, мәдени жағдайының жақсаруына игі ықпал жасайды деп үміт етсе, патша өкіметі өзінің отаршылдық саясатын жүргізу үшін пайдасы бар деп санады.
1734 жылы 10 маусымда Анна Ивановна Әбілқайырға Ор өзенінің сағасынан бекініс салу қажеттігі жөнінде хат жолдап, қала салатын жерге И. К. Кириллов пен А. И. Тевкелевті жіберді.
Патшаның әмірімен қазақ даласындағы өзендердің бойына бекініс қамалдар салынып, олар біртіндеп ірі қалаларға айнала бастады. Сол тұста Жайық өзені бойынан 14 қамал салынды. Басқа өзендердің жағалауларынан да бірнеше қамал-бекіністер бой көтерді. XVIII ғасырдың 50-ші жылдарында Ертіс өзенінің жағасына Омбы, Железинск, Семей, Өскемен, Ямышев сияқты қамалдар салынды. Мұндай әскери бекіністер салу, Ресейге отарлау саясатын жүргізуге кең мүмкіндіктер ашты.
Жайық бойында түрғызылып жатқан қалалар мен бекіністердің маңында қазақтардың көшіп-қонуына тыйым салынды. Ертіс, Тобыл, Есіл, Үй өзендерінің бойындағы құнарлы жерлерінен айрылып, оңтүстікке қарай ығысқан Орта жүздің қазақтары Бұқара мен Ташкент түбіне келіп қоныстануға мәжбүр болды.
1740 жылы Орынбор экспедициясының бастығы генерал-лейтенант князь В. А. Урусов Орынборға елшілік тапсырмамен келіп, 19 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Нұралы, Ералы сұлтандармен, Жәнібек, Бөкенбай және Есет батырлармен, кейінірек Орта жүздің ханы Әбілмәмбет және Абылай сұлтанмен келіссөздер жүргізді. Оның барысында Кіші жүз бен Орта жүздің 399 өкілі Ресейге қарайтындығы жөніндегі шартқа қол қойды. Алайда, осы шарттан кейін де Ресейге Кіші жүздің біраз бөлігі, Орта жүздің тек аз бөлігі кірді. Ал, Солтүстік-шығыс және Орталық Қазақстанның негізгі аймақтары Ресей құрамына тек XIX ғасырдың 20-40 жылдарында ғана, патша өкіметінің әскери-саяси күш көрсету нәтижесінде қосылды.