Материалдық мәдениеті: Қазақтардың XVІІІ-XІX ғасырлардағы материалдық мәдениетінің күйі қоғамның экономикалық даму деңгейімен анықталды. Оның даму барысына көшпелі қазақтар экономикасының дамуындағы басты фактор ретінде көшпелі мал шаруашылығы әсер етті. Бұл жағынан алғанда егіншілік, сауда-саттық, көрші халықтардың ықпалының маңыздылығы да аз болған жоқ.
Отырықшы халықтар өмірінде жер шаруашылығы үлкен рөл атқарса, көшпелі халықтарда мал шаруашылығы маңызды болды. Қазақ көшпенділерінің салт-дәстүрі, діни-наным сенімі, тұрмысы көшпенділік өмірмен тікелей байланысып жатты. Көшіп-қону көбінесе меридиан (оңтүстіктен солтүстікке) бағытымен жүрді. Ірі рулар мен олардың бөлімшелерінің қоныстары негізінен бір территорияда болды. Әрбір рудың өзінің көш жолдары болды. Қазақтың мал шаруашылығының өріс, қоныстары жылдың төрт маусымына қарай қыстау, көктеу, жайлау және күзеу деп төртке бөлінді. Жаздық жайылым қазақтардың ортақ пайдалануында болып келсе, көктеу мен күзеу бір орында болды. Қыстауда малшылар құйма кесектен қаланған үйлерде қыстады, жылдың басқа мезгілдерінде киіз үйлерде тұрды.
Киіз үй – көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан-қонысқа көшіп жүру жағдайына қолайлы құрама үй. Оның қабырғасы айқыш сағанақтардан көктелген керегеден тұрғызылды. Кереге жиналмалы болып бөлек-бөлек қанаттан жасалды. Ал керегеден жоғары сидам жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылды. Уықтардың аяғы дөңгелене жайылған керегенің аша басына айқастыра байланып, ұшы (қаламшасы) шаңырақтың көзіне шаншылды. Шаңырақ - үй күмбезінің төбесі әрі терезесі. Үй ағашының сыртынан арнаулы киіздер, қабырғасына туырлық, үстіне үзік, төбесіне түңлік жабылды. Үйдің ортасында ошағы, оң жағында төсек, оның тұсында тұскиіз ұсталып, төсекті қоршап шымылдық тартылады. Үйдің төріне жүкаяқ қойылып, оның үстіне көрпе-жастық жиналады. Үйдің сол жағына кебеже, қазан-аяқ, саба сияқты ыдыстар қойылып, ол шимен қоршалған.
Қазақтардағы көшпелі тұрмысқа бейім шаруашылықтың үстемдігі алуан түрлі қолөнерінің - тоқымашылықтың, киіз басудың, ағаш, металл, тері, сүйек және мүйіз өңдеудің дамуына себепші болды.
Қыстаулардағы отырықшылыққа бейімделген тұрғын үйлердің дамуы, үй-жайлар санының көбеюі және орыс мәдениетінің ықпалы тұрғын үйлердегі керек-жарақтардың едәуір өзгерісіне әкеп соқты. Дәстүрлі үй бұйымдарының орнына әйнектелген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш кереуеттер, іші құлыпталатын әр түрлі сандықтар пайда болды.
XIX ғасырдың екінші жартысында Ресейдің құрамына қосылған ұлт аудандары да, соның ішінде Қазақстанның жағрафиясын, тарихын, экономикасын, этнографиясын, минерал қорларын зерттеу үшін ғалымдар мен саяхатшылар қаптап жіберілді. Көрнекті орыс ғалымдары П. П. Семенов-Тяньшаньский /1827-1914/, Н. А. Северцев /1827-1885/, И. В. Мушкетов /1850-1902/, В. В. Радлов /1837-1918/ және басқалардың есімдері Қазақстанмен тығыз байланысты. Олар өздерінің зерттеулерімен отандық ғылымның өркендеуіне үлкен үлес косты.
Орыс ғалымдары қазақ халқының тарихын, тұрмысын, мәдениеті мен тілін зерттеуде көп жұмыс істеді. Олардың ішінде зерттеушілер В. В. Радловтың, А. И. Левшиннің, В. В. Вельямин-Зерновтың, А. И, Добромысловтың, украин ақыны Т, Г. Шевченконың т, б. есімдерін атап өтуге болады.
Қазақстан жерінде алғаш құрылған ірі ғылыми жағрафиялық қоғам 1868 жылы Орынборда ұйымдасқан еді. Оның қызметіне орыс саяхатшысы және Қазақстан мен Орта Азияны зерттеуші Г. Н. Потанин белсене қатысты, ол Ш. Ш. Уәлихановтың замандасы және досы болған.
Еліміздің, мәдениеті мен қоғамдық ой-пікірінің тарихында қазақтың түңғыш ғалымы, аса көрнекті демократ-зерттеуші Ш. Щ. Уәлиханов /1835-1865/ құрметті орын алады. Оның қоғамдық-саяси, ғылыми және әдеби қызметі қазақ даласында прогресшіл идеялардың тарауына үлкен жол ашты. Шоқан 1858-1859 жылдарда Шығыс Туркістанда болып, ондағы халықтардың тарихы мен этнографиясына, сондай-ақ осы сапарда қырғыз елінің тарихына байланысты бай материал жинап, соның негізінде көптеген еңбектер жазды. Оның қазақ халқының тарихына байланысты жазғандары шығыстану ғылымына зор үлес болып қосылды. Ол орыстың атақты жазушы-философы Ф. Достоевскиймен өте жақын дос болды. Оның ағартушы-демократ ретіндегі көзқарасының қалыптасуына орыстың прогресшіл революционер-демократтары Н. Г. Чернышевский. Н. А. Добролюбов ықпал жасады. Шоқан Ресейдің ғылыми-жағрафиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланды.
Қазақстанда XIX ғасырдың 60-шы жылдарында халықтық мектептердің ашылуы аса көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, жаңашыл-педагог, этнограф ғалым, қазақтың жазба әдебиетінін және тілінің негізін салушылардың бірі - Ыбырай Алтынсариннің есімімен тығыз байланысты. Ыбырай орыс графикасына негіздеп қазақ әліп-биін жасады. Осы әліп-би бойынша жүргізілген сабақтар ол ұйымдастырған қол-өнер және ауыл шаруашылығы училищелерінде қазақ балаларының дүниеге көзін ашты. Ол қазақ қыздарын өнер-білімге кеңінен тартты. Осы мақсатта ашылған қыздар мектеп-интернаты 1888 жылы Ырғызда, 1891 жылы Торғайда, 1893 жылы Қазалыда, 1895 жылы Қарабұтақта, 1896 жылы Ақтөбеде жұмыс істей бастады. Оны бітірген қыздар кейін қазақ даласында білім ұрығын септі. Ыбырай Орынбордағы ғылыми-жағрафиялық қоғамның тілші мүшесі болып сайланды.
Ыбыраймен тұстас Батыс Қазақстанда өмір сүрген көрнекті қаламгер, этнограф тарихшы Мұхамбет Салық Бабажанов /1832-1872 жж./ өзінің шығармашылығымен кеңінен мәлім. Орынбордағы кадет корпусын үздік бітірген ол қазақтардың мәдениет, білімге деген ықыласын қолдап, қазақтың тарихына, тұрмыс-тіршілігіне, Орал қазақ-орыстарының зорлық-зомбылығына байланысты Петербургте, Мәскеуде, Астраханьда шығатын газеттер мен журналдарда көптеген мақалалар жариялады. Ол орыстың ғылыми-жағрафиялық қоғамының мүшесі болды.
XIX ғасырдын екінші жартысында өмір сүріп өздерінің халықтың мұң-мұқтаждарымен үндесіп жатқан тамаша шығармаларымен танымал болған Махамбет, Шернияз, Сүйінбай, олардан кейін іле-шала шыққан Бақтыбай, Марабай, Өспе, Кемпірбай қазақ мәдениетінің тарихында өшпес із қалдырды. Қазақтың көрнекті ақындары Орынбай, Шөже, Біржан, Жамбыл, Майкөт, Әсет, т.б. өлең-жырлары өздерінің терең мазмұнымен жұртшылықты тәнті етті. Айтысқа түсіп жүлде алып, өлендері жұрттың есінде, аузында жүрген қазақтан шыққан қыз-келіншектер де аз болған жоқ. Сара, Айсүлу, Манат, Балқия, Рысжан, т.б. солардың қатарына жатады.
Қазақ музыкасын дамытуға үлкен үлес қосқан Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Тәттімбет, Ықылас, атақты әншілер Мұхит, Әсет, Біржан сал, Жаяу Мұсаның есімдері бүкіл қазақ даласына жайылды. Олардан қалған мол мұра -бүгінгі таңда да қазақ халқының игілігіне айналып отыр.
Қазактың жазба әдебиетінің негізін салушы - Абай Құнанбаев. XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ол өлендер, дастандар, қара сөзбен жазылған ғақлиялардың мол мұрасын қалдырды. Ол өз шығармаларында адамгершілікке, рухани тазалыққа үндеді. Оларға жат қулық-сұмдықты, залымдықты шенеді. Ол туралы қазақтың аса көрнекті ойшыл жазушысы Мұхтар Әуезов былай деп жазды: "Абай өзінің кіршіксіз ақ жүрегін тебіренткен сансыз ойларың тамаша шығармалары мен жырларының бетіне маржандай төгілдірді, оның әрбір бетінен, әрбір жолынан, әрбір сөзінен бізге соншама ыстық, соншама жақын леп сезіледі, ол леп кешегі өткен заманның, кешеғі тәркі дүниенің соққан тынысы болса да бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды. Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы - заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің үнімізге қосылып жаңғырып жаңа өріс алып тұр".
Абайдың ақын шәкірттері өз балалары - Ақылбай, Мағауия, туысы Көкбай, інісі Шәкәрім қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылатын көптеген шығармалар қалдырды. Әсіресе, Шәкәрім Құдайбердіұлының /1858-1931/ жазғандары көп болды. Ол соңғы уақытқа дейін халық жауы ретінде аталып, есімі жұртқа белгісіз болып келді.
Шәкәрім жазған "Қазақ шежіресін", "Қалқаман-Мамыр", "Еңлік-Кебек", "Дума", "Дубровский әңгімесі" /Пушкиннен/ деген поэмаларын, Хафиз ақын өлеңдерінің, американ жазушысы Бичер-Стоу Гарриеттің "Том ағайдың лашығы" деген романының, Лев Толстойдың шығармаларының қазақ тіліндегі аудармаларын атауға болады. Қазақтың ірі ойшыл шежірешісі, ақыны Мәшүр Жүсіп Көбеев те /1858-1931/осы Шәкәрім тұстас өмір сүріп, халық сүйіп оқитын шығармалар жазды.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қазақ халқының саяси-мәдени өмірінде жарық жұлдыздай көзге түскен, әміршіл-әкімшіл заманның құрбаны болып аттары ұзақ уақыт бойы аталмай келген Ахмет Байтұрсынов /1873-1938/, Мағжан Жұмабаев /1893-1938/, Жүсіпбек Аймауытов /1889-1931/, Міржақып Дулатов /1885-1935/ сияқты алыптардың мұраларымен қазақ халқы кейінгі кезде ғана танысуға мүмкіндік алды. Олардың еңбектері мен олар туралы деректер қазір көп жариялануда. Солардың арасында 1992 жылы "Жалын" баспасы шығарған "Бес арыс" жинағын атауға болады.
Ахмет Байтұрсынов қазақ елінің тәуелсіздігі, қазақ халқының бақыты үшін үлкен соқпақты жолдан өтіп, қазақтың тіл білімін дамытуға зор үлес қосты. Оның аудармасында Крыловтың "Қырық мысалы" қазақ тілінде шықты. "Маса" деген атпен өлендер жинағы жарық көрді. Саясатқа, мәдениетке байланысты орасан көп шығармалар жазды. Ол "Алаш" партиясын ұйымдастырушылардың бірі. Ол өнерлі адам болған, шығарған әндері де сақталған. Оның еңбектерінің дені тілге байланысты, сондықтан да Қазақтың ұлттық академиясының Тіл институтына Ахмет Байтұрсынов есімі берілген.
Қазақтың Пушкині аталған Мағжан Жұмабаев сыршыл ақын болған. Мұхтар Әуезов оны қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениетпен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан ақын деп суреттейді. Ол қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі аса биік тұлғалардың бірі. Сондай ірі тұлғалардың қатарына Жүсіпбек Аймауытовты да жатқызуға болады. Ірі драматург, қара сөзбен жазғандары, өлеңдері көп бұл әдебиетшіні де халық қатты қастерлеп сүйіп оқыған.
Міржақып Дулатов тек ақын ғана емес, сонымен бірге үлкен күрескер, саясатшы да болды. Ол "Алаш" партиясын құрып, Алаш Орда өкіметін басқаруға қатысты. Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жан аямай күресті. Әдебиеттегі осы сияқты алыптардың өнегесімен, күрестің қызып жатқан күндерінде ұйымдастырылған "Айқап", "Қазақ" сияқты басылымдарда керкем шығармалар, жатық жарияланымдарымен көрінген қазақ зиялылары аз болған жоқ. Мұның өзі XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қазақтың ұлттық мәдениетінің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.