Тақырыбы: Қазақ кеңестік мемлекеттілігінің құрылуы
Кеңестердің билікке келуі
Қазақ кеңестік мемлекеттің құрылуы
Большевиктер билікке келісімен оларға қарсы бағытталған «ақтар қозғалысы» қарулы күрес бастап, Ресейде азамат соғысының оқиғалары орын алды. Кеңес өкіметі жаңа орнығып жатқан кезде көпұлтты Ресейде ыдырау үрдістері басталды, соған байланысты Финляндия, Польша, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Эстония, Латвия және Литва өздерінің тәуелсіздіктерін жариялады. Сонымен қатар, Украинада Орталық Рада, Қазақстанда Алаш-Орда, Түркістанда Қоқан автономиясының үкіметтері құрылды, олар жергілікті халықтардың мүддесін қорғайтын саяси күштер болды.
В.Ленин, И.Сталин және т.б. большевиктердің көсемдері өздері билікке келгеннен кейін «ұлы державалық» пиғылдарын анық көрсете бастады. 1918-1919 жылдары большевиктер басшылығы, Қызыл Армияның күшімен Украинадағы, Қазақстандағы және Түркістандағы ұлттық үкіметтерді талқандап қуғынға ұшыратты, олардың орнына аталған аймақтарда Кеңес өкіметі орнатыла бастады.
Қазревком – Кеңес өкіметінің азамат соғысы жылдарында құрылған уақытша органы. Қазақ өлкесін басқару үшін РКФСР ХКК-нің “Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі уақытша әскери-революциялық комитет туралы” қаулысы бойынша 1919 жылы 10 шілдеде құрылған. Оның алғашқы құрамына: С.Пестковский (төраға), А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғашин, С.Меңдешев, Б.Қаратае кірді. Қазревком “Өлкені жоғары әскери-азаматтық басқаруды” өз қолына жинақтап, қазақ халқының мемлекеттігін құру мақсатында өлке Кеңестерінің Құрылтай съезін шақыруға жағдай жасады. Шын мәнінде ревком өкіметтің Қазақстандағы осынау төтенше органының әр түрлі саладағы орасан көп жұмысты атқаруына, Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайшы съезін әзірлеп, өткізуіне тура келді. Азамат соғысының қиын да күрделі жағдайы Қазревкомның төтенше жағдайда жұмыс істеуін талап етті. Қазревком қызметінің әскери-азаматтық сипатын осы соғыс анықтап берді. Қазревкомның басқа бір маңызды міндеті – қазақтың байырғы жерін бір қолға жинау, яғни болашақ қазақ кеңес мемлекетінің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету болып табылды. Сонымен бірге Қазревком армияны азық-түлікпен қамтамасыз ету, астықты және басқа да тамақ өнімдерін Орталыққа, Түркістан АКСР-на жеткізу яғни “соғыс коммунизмі” саясатының басты мәселесін шешу ісімен айналысты. Қазревком 1919 жылы шілдеден бастап 15 ай бойы жұмыс істеді. Сол уақыт ішінде Қазревком қазақ елінің кеңестік автономиясын жария етуге байланысты қыруар әзірлік жұмыстарын жүзеге асырды.1920 жылғы 17 тамызда РКФСР ХКК Қазақ Республикасы жөніндегі Декреттің жобасын қарап қолдады. 1920 жылғы 26 тамызда РКФСР Бүкілресейлік ОАК мен ХКК төрағалары М.И. Калинин мен В.И. Ленин қол қойған “Қырғыз (қазақ) кеңестік автономиялық социалистік республикасын құру туралы” Декрет қабылдады. Көп ұзамай Қазақ (Қырғыз) АКСР-і құрылды да, Қазақ революциялық комитеті таратылды ( Қазақ АКСР-і). Жергілікті жерлерде Қазақ революциялық комитеті органдарын құруға Қызыл Армия бөлімдері мен қызыл партизандар жасақтарының саяси қызметкерлері, партия-кеңес органдары басшылық етті. Ревком төрағалары болып қолынан іс келетін қазақ кедейлерінен жарлықпен тағайындалды. Қазақ революциялық комитеті Қызыл Гвардия жасақтарын құру үшін әскери органдарға көмек көрсетті, азық-түлік жинау аппаратын жолға қойып, халық арасында саяси-үгіт, насихат жұмыстарын жүргізді. Қолайлы жағдайлар туғаннан кейін өкімет билігі бірте-бірте ревкомдардан жергілікті Кеңестердің аткомдарына берілді.
Қазревкомның үнқағазы «Ұшқын» газеті болды.
1920 жылы 1-7 тамызда РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақ автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы декреттер жобасын қарады
1920 жылы 26 тамызда «Қырғыз (қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасын құру туралы» декрет жарияланды . Орынбор қаласы – астана (1920 – 1924 жж.). Территориясы – Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Манғышлақ уезі, Красноводск уезінің бір бөлігі, Астрахань губерниясының бір бөлігі. Жетісу мен Сырдария облыстары Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасының құрамына енгізілген болатын (1918 ж). Халқы – 5 млн.-ға жуық адам.
1920 жылы 4 қазанда Орынбор қаласында Қазақ АКСР Кеңестерінің съезі өтті. Мұнда жоғарғы өкімет органдары сайланды: Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С. Мендешев, ал қазақ АКСР – інің Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В. А. Радус – Зенькович болды. Съезде «Қазақ АКСР еңбекшілері құқықтарының декларациясы» қабылданды. Декларацияда Қазақ АКСР – нің мемлекеттік басқару органдары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері айқындалды.
Достарыңызбен бөлісу: |