Тақырыбы: Қазақстандағы «Соғыс коммунизм» саясаты және Жаңа экономикалық саясат.
1. «Соғыс коммунизм» саясаты 2. Қазақстанда жаңа экономикалық саясатқа көшу және оның барысы
Қазақстанда азамат соғысы аяқталғаннан кейін экономикалық және әлеуметтік-саяси жағдай Ресейдің орталық аудандарымен салыстырғанда ауыр болды. Бейбіт құрылысқа көшудің шаруашылық және саяси қиындықтары мұнда бұрыңғы феодалдық дәуірден мұра болып келген экономикалық және мәдени артта қалушылықпен байланысты еді.
1920 жылдың аяғында Қазақстанда 4,7 миллион адам тұрды. Оның ішінде қазақтары - 50,3, орыстары - 31,1, украиндары - 14,4 пайыз. Халықтың басым көпшілігі ауыл шаруашылығында еңбек етті. Ал, ауыл шаруашылығы мешеу жете дамымаған еді. Егіншілікте жерді біраз тыңайтып алып қайта жырту жүйесі, мал шарушылығында көшпелі және жартылай көшпелі шараушылық басым болатын. Егістің көлемі азамат соғысы жылдарында едәуір кеміп астықтың жалпы көлемі мен түсімі үш есеге жуық азайды. Егер егістік көлемі 1914 ж. 3,6 млн. десятина болса, 1922 ж. 1,6 млн. десятинаға қысқарды. Мал шаруашылығы да ауыр халге ұшырады. 1914 жылдан 1922 жылдың аяғына дейін ірі қара мал саны 2,1 млн-ға, жылқы-2 млн-ға, қой-ешкі 6,5 млн-дай, түйе-0,3 млн-ға азайды. Жалпы алғанда осы жылдары барлық мал түрі 10,8 млн. басқа кеміді.
Қазақстанның өнеркәсібі де құлдырап кетті. Азамат соғысы жылдарында ірі кәсіпорындар түгелдей дерлік қирап бүлінді, істен шықты. Қазақстан халық шаруашылығы жалпы өнімінде өнеркөсіптің үлесі бар болғаны 6,5 пайыз құрады. Өнеркәсіп халық қажеттерін қанағаттандыра алмады. Еңбек өнімділігі төмен, шикізат пен отын жетіспеді.
Бұл кезде Қазақстанда да Ресейдегі сияқты экономикалық бірнеше меншік түрі: париархалдық, ұсақ тауарлық капиталистік жекеменшік, мемлекеттік-капиталистік және социалистік меншіктер орын алды. Бірақ олардың экономикадағы көлемі әртүрлі еді. Қазақстан экономикасында социалистік үлестің меншік салмағы тіпті төмендеді.
Қазақ ауылында капитализмге дейінгі қатынастар таза түрінде болған жоқ. Олар капиталистік қатынастармен тоғысып немесе ұштасып жатты. Қазақстан халқының таптық құрылымының елдегі орталық аудандарынан айтарлықтай айырмашылығы болды. Мұнда ұлттық буржуазияның тап ретінде қалыптасу процесі аяқталмаған еді.
Жеті жылға созылған соғыста (бірінші дүниежүзілік және азамат соғысы) жүздеген мың адам қырылды. Кейбір уездерде аштық басталды. Кеңес елінің басқа да аудандары сияқты Қазақстанда да азық-түлік салғырты жүргізілді. Ол бойынша шаруалардың күн көрісінен артылған азық-түлік әскер мен өндіріс орындарындағы жұмысшыларды асырау үшін ешбір өтеусіз алынды. Бұл жағдай шаруалардың табиғи наразылығын туғызды. Әсіресе, ауқатты шаруалар қатты наразы болды. Өйткені олардан азық-түлік неғұрлым көп және қайырымсыз қатал әдістермен жиналды. Мұның өзі Қостанай, Орал, Семей, Шымкент уездерінде шаруалардың Кеңес өкіметіне қарсы шығуына әкелді.
Мұндай наразылықтың күшеюі Кеңес өкіметін салғырттан, яғни "әскери коммунизм" саясатынан /салғырт кейде солай аталатын/ бас тартуға, жаңа экономикалық саясатқа көшуге, салғыртты салыкпен ауыстыруға мәжбүр етті.
Бұл арада "әскери коммунизм" саясатының социализм орнатуда неғүрлым тар түсінігі болғанын да айту керек. Ол азық-түлікті күштеп алу, ірі, орта және ұсақ кәсіпорындарды қоғамдастыру, сауда-саттыққа, рыноққа тыйым салу, ақша айналымын тоқтатып, сол арқылы жаңа қоғам орнатуға болады деп әрекеттенудің көрінісі. Оның тұсында өкімет барынша орталықтандырылып, әміршіл-әкімшіл басқару жүйесі пайда болды. Барлық иартия мүшелері әскери жағдайда деп танылды. Көп адамдар мұндай жағдай социализмге барар жолды қысқартады деп есептеді. Әрине "әскери коммунизм" социализмге жеткізетін шара емес, ділгерліктен туған болатын. Сондықтан оны жаңа экономикалық саясатпен, төтенше жағдайда енгізілген салғыртты енді салықпен ауыстыру уақыт талабы еді.
Қазақстанда жаңа экономикалық саясатты /НЭП-ті/ іске асыру 1921-1923 жылдарда Қазақ АКСР Орталык Атқару комитетінің азық-түлік салығына көшу туралы шешімі негізінде жүргізілді. Салықтың мөлшері салғыртқа қарағанда аз болды. Мәселен, 1920 жылы Жетісу және Сырдария облыстарында астық салғырты бойынша 10,4 млн. пұт астық жиналса, 1921 жылы салық, арқылы шаруалардан жиналған астық 6,0 миллион пұттан асқан жоқ. Шаруалардан алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің мөлшерін салықпен шектеу ауыл-селолардың қалалармен байланысын нығайтуға жол ашты. Шаруалар басы артық өнімдерін қалаларға апарып сатып, тұрмыс жағдайын түзеуге мүмкіндік алды.
Алайда, жаңа экономикалық саясатты іске асыру барысында көптеген қиыншылықтар да кездесті. Атап айтқанда, 1921 жылы жазда Еділ өзені бойының, Солтүстік және Батыс Қазақстанның, халықтары күшті қуаңшылық болуына байланысты аштыққа ұшырады. Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей және Қостанай губернияларында егістің көбі күйіп кетті. Малға азық болмай, қырыла бастады. Ауыл шаруашылығында болған апаттың аяғы сұмдық аштыққа апарып соқты. Сол кездегі мәліметтерге қарағанда республикада 2,3 млн. адам ашыққан. Осы қиын-қыстау күндерде Қазақстан еңбекшілеріне Ресей халқы елеулі көмек көрсетті. 1921 жылы күзде және 1922 жылы көктемде РКФСР үкіметі толық емес есеп бойынша Қазақстанға 4475 мың пұт астық, 183 мың пұт картоп жіберді. Түркістан мен Украина республикалары да Қазақстанға елеулі көмек жасады. Жұт пен қуаңшылықтан зардап шеккен кедей шаруашылықтарға ондаған мың ірі қара мал, 5 млн. пұттан астам тұқымдық дән берілді. Бұл дән 1921-1922 жж. бір милллион гектардан астам күздік және жаздық егістікке себілді. Алайда Қазақ Республикасы халық шаруашылығының жағдайы өте ауыр болып қала берді.
20-шы жылдардың басындағы жер реформаларының ерекше маңызды рөлі болды. Мұның өзі жер мәселесіндегі патша өкіметінің отаршылдық саясатының зардаптарын жою бағытында іске асырылған шаралар еді. Патша өкіметі алған жерлер қазақ еңбекшілеріне қайтарылып берілді.
1921 жылы ақпан айында жер-су реформасы Түркістанның көптеген аудандарында, оның ішінде Алматы, Қапал, Шымкент, Әулиеата уездерінде жүргізілді. Жайық өзенінің сол жағалауының бөлігі межелеп бөлінді. Қазақ шаруалары жайылымдарын алды.
Ауылда әлеуметтік өзгерістер мен жер реформаларын жүзеге асыру үшін бұқаралық ұйым Қосшы одақтары құрылды. Оның жарғысы кедейлердің таптық сана-сезімін арттыру, олардың мүдделерін қорғау және Кеңес өкіметіне көмектесу сияқты мақсаттарды іске асыруды көздеді. Одақтарды құруда және оның практикалық қызметінде, сондай-ақ Оңтүстікте жер-су реформаларын жүргізуде Ж. Бөрібаев, О. Жандосов, А. Розыбакиев, т. б. қоғам қайраткерлер көрнекті қызмет атқарды. 1921 жылғы наурызда Жетісуда 17 мыңнан астам мүшесі бар Қосшы одағының, 99 ұясы жұмыс істеді.
Қазақстан еңбекшілерінің халық шаруашылығын қалпына келтіру барысында бірқатар табыстарға қолдары жетті. 1925 жылдың аяғына қарай республикада өнеркәсіп өнімін өндіру едәуір өсті. Бүкілодақтық маңызы бар Атбасар түсті металл, Алтай қазақ полиметалл трестері құрылды. Оларға тәжірибелі инженерлер мен техниктер келді. Қазақ жұмысшыларының саны өсті. Толық емес мәліметтер бойынша, Қазақстанның ірі өнеркәсібінде, жол қатынасында, совхоздарында 1925 жылы 40 мыңға жуық жұмысшы мен қызметші болған. Олардың ішінде қазақтар саны артты. Қазақтар мұнай өнеркәсібінде жұмысшының, басым көпшілігі, кен өнеркәсібінде - 45 пайыз, тоқымашыларда - 30 пайыздан астамын қамтыды. Республика өнеркәсібіндегі жұмысшылардың жалақысы 1921-1925 жылдарда (салыстырмалы бағамен) 1,5 есе өсті, ауыр өнеркәсіптегі жұмысшылардың жалақысы одан да көп болды. Әлеуметтік сақтандыру, тегін медициналық көмек, еңбекті қорғау жөнінде мемлекеттік бақылау жүйелері жүзеге асырылды. Қалалар мен өнеркәсіп орталықтарында (Риддерде, Доссорда, т. б.) мемлекет есебінен тұрғын үйлер құрылысы басталды.
Қазақстанның ауыл шарушылығында елеулі өзгерістер жүрді. Бірыңғай ауыл шаруашылық салығы енгізіліп, оның жалпы көлемі 100 млн. сомға төмендетілді. 1925 жылы 46 мың кедей және әл-ауқаты кем шаруашылықтар мал және құрал-сайман алуға, жер жырту мен егіс егуге мемлекеттен қарыз алды.
1925 жылы мал басы 1922 жылмен салыстырғанда екі есе көбейіп, 26 миллионнан асты. Осы шаралардың нәтижесінде республиканың ауыл шаруашылығында орташаландыру процесі бой көрсете бастады.
Тұтас алғанда Республика бойынша 1925 жылы қазанда ауыл шаруашылық кооперациясының жүйесінде 322 690 мүшесі бар 2811 бірлестіктері жұмыс істеді, олардың ішінде 62546 мүшесі бар бір мың қазақ бірлестіктері де бар еді. Сонымен қатар қазақ және қоныс аударып келген шаруашылықтардың төрттен бірінен көбі (27,1 пайыз) бірлестіктерге қамтылды. Бірлестіктер қатарына 96 коммуна, 557 артель, 58 жай серіктер кірді. Тұтыну кооперациясы көшпелі ауылда кеңінен дамыды. Олардан басқа 35 совхоз және 4 мыңнан астам шаруалар комитеттерінің өзара көмек қоғамдары жұмыс істеді.
Кооперациялық құрылысты жүргізуде орыстар арасында шаруалардың өзара жәрдемдесу комитеттері, ал қазақтар арасында Қосшы одағы маңызды рөл атқарды. 1925-1926 жылдары шаруалардың қоғамдық өзара жәрдемдесу комитеттері 335 мың, ал Қосшы одағы 140 мыңнан астам ауыл шаруашылығының жұмысшыларын, кедейлер мен орташаларды біріктірді.
Қазақстанда жаңа экономикалық саясатты жүргізуші Кеңестер болды. Оларға шаруалар қауымының сенімі арта бастады. Бұл тұста кеңестерді нығайтуға байланысты біраз жұмыстар жүргізілді. 1921 жылы уездер мен губернияларда Кеңестер съезі болып өтті. Алайда Қазақстандағы Кеңес құрылысында бірқатар қиыншылықтар мен кемшіліктер кездесті. Көптеген қызметкерлер жаңа экономикалық саясаттын мәнін түсінбеді, бұрыңғысынша "әскери коммунизм" әдістерімен жұмыс жасады. Кеңестер құрамына жаңа құрылысқа қарсы, іштен бүлдіру әрекетіне бейім адамдардың кіріп алу фактілері орын алды. Дегенмен Кеңестерді құрып, нығайту жұмысы мақсатты түрде жүргізілді. Оған белсене қатысқан Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы С. Мендешев, орынбасары Ә. Жанкелдин, Ішкі істер халық комиссары Ә. Әйтиев және басқалары Кеңестердің жұмысын жандандыруға елеулі еңбек сіңірді.
1921 жылы 4-10 қазанда Қазақ АКСР Кеңестерінің, екінші съезі болып өтті. Онда республика өмір сүрген алғашқы жыл ішіндегі мемлекеттік және шаруашылық құрылыстың қорытындылары шығарылды. Сонымен бірге жергілікті жерлерде кеңестерді нығайтудың жолдары белгіленді.
1922 жылы Кеңестер сайлауы өтті. Олардың құрамын жергіліктендіру іске асырылды. Бөкей, Орал, Ақтөбе, Семей губернияларында болыстық атқару комитеттері сайлауынан кейін депутаттардың жартысынан астамы қазақтар болды.
Бұқара арасында саяси жұмыс жүргізу мақсатында Қызыл керуен және жылжымалы Қызыл отау сияқты жұмыстың жаңа түрлері пайдаланылды.
ҚАКСР Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш қызыл керуені 1922 жылы Ә. Жанкелдиннің басқаруымен ел аралауға шықты. 9 мамырдан 12 маусымға дейін керуен Орынбор мен Семей аралығындағы 26 болыстың 37 ауылында, сондай-ақ Екібастұз бен Спасск зауытында болды. 126 жиын, 420 әңгіме өткізді. Керуен Кеңестердің іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді жолға қойды. Мұның өзі ұлттық-мемлекеттік жүйені нығайтуға ықпал етті.
1922 жылы 30 желтоқсанда Мәскеуде өткен Кеңестердің Бүкілодақтық бірінші съезі Кеңестердің Социалистік Республикалар Одағы құрылғанын жариялады. Басқа да автономиялық Кеңес республикалары сияқты Қазақ АКСР-да Кеңестік Ресей Федерациясы құрамында Одаққа кірді.
Орта Азия Кеңес республикаларын ұлттық-мемлекеттік жағынан 1924 ж. жүргізілген межелеу республика өміріндегі маңызды оқиға болды. Ұлттық жерлердің межеленуі нәтижесінде Түркістан АКСР-інің құрамындағы бұрыңғы Жетісу және Сырдария облыстарының жерлері Қазақ АКСР-іне қарайтын болды. Соның нәтижесінде Қазақстан жері 700 мың шаршы шақырымға, ал халқы - 1 млн 468 724 адамға өсті. Тұрғындары негізінен орыстар болып табылатын Орынбор губерниясы Қазақстаннан бөлінді. Республиканың астанасы Қызылордаға (Ақмешіт) көшті. Қазақ жері мен халқын біртұтас ұлттық, мемелекетке біріктірудің республика үшін зор әлеуметтік және экономикалық маңызы болды.
1925 жылы сәуірде Қызылордада республика кеңестерінің Бесінші съезі өтті. Ол "Ауылға, қыстаққа және деревняға бет бұрыңдар" деген ұран негізінде жұмыс істеп, жерге орналастыру жұмыстарының келелі жоспары, суландыру құрылысын дамыту, мемлекеттік және кооперативтік сауданың рөлін одан әрі нығайту, өндірістік серіктіктерді қолдау мәселелерін талқылады. Съезде халықтың байырғы тарихи атауы қалпына келтіріліп - қазақ халқы, ал республиканы - Қазақ АКСР-і деп атау туралы қаулы қабылданды. Сол жылы Кеңестер сайлауында ауылдық кеңестерге 60 мыңға жуық депутат сайланды. Олардың құрамында жұмысшы және селолық жердегі жалдамалы-жұмысшылар 6,1 пайыз, кедейлер - 70,9, орта шаруа - 18,8, қызметшілер — 4 пайызын қамтыды.
1925 жылы ақпанда Қазақ облыстық партия комитеті өлкелік болып қайта құрылды. Сол жылдың аяғына таман Қазақстан партия ұйымында 30 мыңнан астам партия мүшесі мен партия мүшелігіне кандидаттар есепте тұрды. Бұл кезде бұқара арасындағы саяси ағарту жұмысына көп көңіл бөлінді. Осының нәтижесінде өлкеде 76 қалалық, клуб, 72 кітапхана мен қызыл шайханалар, ауылдар мен селоларда 584 оқу үйі, 33 қызыл шайхана, 12 қызыл отау, 168 қызыл бұрыш, 9 шаруа мен малшы үйі, 93 болыстық кітапхана жұмыс істеді. Егер республика құрылған кезде небары үш-ақ газет шықса, 1925 жылы "Еңбекші Қазақстан", "Народное хозяйство Казахстана", "Советская степь", "Қызыл Қазақстан" т.б. 13 газет пен 5 журнал шықты.
Кәсіподақтардың қатары өсті. 1925 жылы қаңтардан қыркүйекке дейін кәсіподақтарға мүше болып 20 мыңға жуық жұмысшы мен қызметші, соның ішінде 6 мыңнан астам қазақ еңбекшісі өтті. Республикадағы кәсіподақ мүшелерінің саны 100 мыңнан асты.
1925 жылы республиканың коммунистік жастар одағының ұялары 51 мың қыздар мен жігіттерді біріктірді. Жастардың көптеген танымал басшылары шықты. Олардың арасында С. Жақыпов, Қ. Әміров, С. Нұрпейсов, Ф. Рузаев, С. Сапарбеков, С. Тәтібеков, А. Шымболатов және т. б. бар еді.
1925 жылы Қазақстан жастары өздерінің дарынды басшыларының бірі Ғани Мұратбаевтан айырылды. Ол 1902 жылы бұрыңғы Сырдария облысы Қазалы уезінде туған. Ғани 15 жасынан бастап өзінің, өмірін жастар арасындағы жұмысқа арнады. Зор қаблетті, ғажайып күш-жігері мен енбегі арқасында ол Түркістан республикасының, ал кейіннен бүкіл еліміздің жастар ұйымында басшы қызметте істеді. 1921 жылы қыркүйектен бастап Ғ. Мұратбаев Түркістан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы, ал 1922 жылғы мамырдан бастап РКЖО Орта Азия бюросының хатшысы болып істеді.
Қазақ әйелдері қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласты. 1925 жылы қаладағы және ауыл мен селодағы еңбекші әйелдердің, 6,6 мыңы жергілікті кеңестерге мүше болып сайланды. Қазақ әйелдерін басыбайлықтан құтқаруға бағытталған істер атқарылды. Республикадағы әйелдер қозғалысына Алма Оразбаева, Мәдина Бегалиева, Сара Есова және тағы басқалары ұйытқы болды.
1928 жылы Қазақстанда жаңадан әкімшілік-территорияларға бөлу іске асырылды. Осы уақытқа дейін болып келген алты губерния, екі округ, отыз екі уезд және 400 болыстықтардың орнына 13 облыс және 193 аудан құрылды. Жана аудандардың құрылуы кеңес аппаратының бұқара халыққа жақындасуына, оларды кеңес құрылысына тартуға ықпалын тигізді. 1929 жылы әкімшілік-территориялық қайта құру негізінен аяқталуымен және Түркістан-Сібір темір жолының құрылысының бітуімен байланысты Қазақстан Автономиялық Советтік Республикасының, орталығы Қызыл-Ордадан Алматы қаласына көшірілді.
20-шы жылдардың екінші жартысынан бастап Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде қайғылы жағдайлар қалыптаса бастады. Ол сталинизм идеологиясы негізінде қалыптасқан тоталитарлық жүйенің нығаюымен байланысты еді. Елдегі орын алған экономикалық және мәдени дамудағы қиындықтар жана экономикалық саясаттың тоқталуымен байланысты одан әрі терендей түсті. Республикада "әскери коммунизм" саясаты кезіндегі жұмыс тәсілдері қайтадан жанданды. Халықтың өкіметі жеке адамның, дара басшылығымен ауыстырылып, басқарудың командалық-бюрократтық тәсілі іске аса бастады. Мұның барлығы БК/б/П Қазақ Өлкелік комитетінің бірінші хатшылығына 1925 жылы Ф. И. Голощекиннің келуімен байланысты болды. Ол келісімен республикада халыққа қысым жасау саясаты күшейіп, бұл ерекше қатан, сипат алды. Осы кезде -Қазақстанның қоғамдық саяси өмірінде құрт езгерістер енгізілді. 1925 ж. желтоқсанында өткен өлкелік партия комитетінің бесінші конференциясында "Ауылды кеңестендіру туралы" шешім қабылданды. Ол ауылдық жерлерде тап күресінің шұғыл шиеленісуіне түрткі болды. Республикада "Кіші Қазан" төңкерісін өткізу үшін идеологиялық негіз жасалды, сөйтіп жаппай жазалау дәуірі басталып, ол қазақ халқын құлақ есітпеген қайғы қасіретке ұшыратты.
Қазақстанда голощекиндік-сталиндік үлгі бойынша "қайта құрумен" келіспеген көрнекті жауапты қызметкерлердің қарсылығы жанышталды. 1927-1929 жж. әртүрлі сылтаулармен белгілі мемлекет қайраткерлері Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, М. Мырзағалиев Республикадан аластатылды. Қазақстан Атқару Комитетінің, Төрағасы Ж. Мыңбаев, Ағарту халық комиссары С. Сәдуақасов, Жер халық комиссары Ж. Сұлтанбеков және басқалар қызметінен алынды. Қазақ қызметкерлерінің көпшілік бөлігі топқа бөлініп, жікшілдік күреске қатынасқан деп кінәланды. Оны 1927 ж. қарашада өткен 3-ші өлкелік партия конференциясының шешімдері айқын көрсетіп берді. БК/б/П Орталық Бақылау комиссиясы негізгі "топқа бөлінушілердің" бірі С. Сәдуақасовтың ісімен арнайы шұғылданғанына қарамай, мұндай топтардың бар екенін таба алмады. И. В. Сталинге, В. М. Молотовқа, Л. М. Кагановичке жазған хатында Қазақстан өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Н. И. Ежов барлық қазақ кадрлары, барлық қазақ коммунистері ұлтшылдықпен және жікшілдік күреспен уланған, олардың арасында дені сау партиялық күш жоқ деп жеткізді. Болашақ КСРО Ішкі істер халық комиссары Ежов Алматыдан Мәскеуге ауысар алдында өзінің лауазымына осылай"даярланды", 1937жылғы жаппай жазалау соның жанталасуымен жүргізілді.
20-шы жылдардың соңында республикада саяси жағдайды ушықтыру мен күдікшілдік жаппай сипат алды. Орталықта троцкийшіл-зиновьевшіл оппозициямен және "оңшыл оппортунистермен" күрестің күшеюі ұлт республикаларында ұлт-азаттық қозғалысының өкілдерін жазалау түрінде көрініс тапты. 1928 жылдың аяғында "буржуазияшыл-ұлтшылдар" деп аталғандардың ішінде бұрыңғы Алашорда қайраткерлерінің ішінен 44 адамға жалған айып тағылып, қамауға алынды. Олардың қатарында А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, X. Ғаббасов және басқалар бар еді. Құрамында М. Тынышбаев, X. Досмұхамбетов, Ж. Ақпаев, К. Кемеңгеров және басқалары бар ұлттық интеллигенцияның (40 адамдай) басқа тобы 1930 жылы қыркүйек-қазанда ұсталды. Кешікпей олардың ішінен 15 адам Ресейдің Орталық қара топырақты облыстарына жер аударылды. Бұлардың, барлығы дерлік 1937-1938 жж. атылды. Жалпы 1929-1931 жылдары қазақ интеллигенция өкілдерінің он мыңынан астамы жаппай жазалауға ұшырады.