Аспидтер тұқымдасының кобра туысына жататын улы жыландар Азия мен Африкада таралған. Олар айбат шеккенде басын жоғары тік көтеріп, алқым тұсындағы қабырғаларын жайып кеңейтіп жібереді. Кей түрінің желке тұсында ірі бір не екі дөңгелек пішінді ашық түсті дағы болады. Мысалы үндінің көзілдірікті кобрасы. Азияның оңтүстік-шығысында өте үлкен әрі улы король кобрасы кездеседі. Оның денесінің ұзындығы 4 метрден асады. Бұл жылан жұмыртқаларын өздері жасаған ұяға салып, оларды қорғайды. Ол негізінен жыландармен қоректенеді. Сондықтан да, оны «жылан жегіш» кобра деп те атайды. Кобраның бір түрі – түкіргіш кобра деп аталады. Ол уын дәл көздеп тұрып 2 метр қашықтыққа түкіре алады. Оның улы тісінің өзегі басқа жыландардағыдай төмен қарай емес, алға қарай ашылады., уы адам көзіне тисе, көзді қатты зақымдап, көз көрмей қалуы мүмкін.
Орта Азияның тау бөктерлерінде, өзен аңғарларында орта азия кобрасы (кеңалқым) кездеседі.
Ол 8-12 жұмыртқа салып көбейеді. Оның уы жүйке жүйесіне әсер етеді.
Шұңқырбастылар тұқымдасына жататын (120-дай түрі бар) жыландардың бәрі де улы. Олардың танау тесігі мен көзінің ортасында ерекше ойысы (шұңқыры) болады, сондықтан да, осылай аталған. Ол ойыс арқылы жыландар қоршаған ортадағы жануарлардың дене температурасынан бөлінген жылуды сезеді, осы мүшесі арқылы жыландар қараңғыда өз қорегін ұстайды. Олар Оңтүстік және Солтүстік Америкада, Азияда таралған. Шұңқырбастылардың уы қанайналым және жүйке жүйелеріне бірдей әсер етеді. Олар қауіп төнген кезде құйрығындағы қабыршақтарының көмегімен сылдырмақ ойыншықтардың дыбысындай үн шығарады. Осыған сәйкес оларды кейде «сылдырмақты» жыландар деп те атайды.
Қазақстанда шұңқырбасты жыланның кәдімгі қалқантұмсық (бозша жылан) деген бір ғана түрі кездеседі. Ол еліміздің оңтүстік аймақтарында кеңінен таралған улы жылан. Түнде белсенді тіршілік етеді, әрі тірі туып (2-12 ұрпақ) көбейеді.
Тасбақалар әлеміне саяхат. Тасбақалар жорғалаушылардың ертеден келе жатқан (200 млн. Жылдан бері қарай) мықты мүйізді сауыты бар ерекше тобы. Олардың мүйізді сауыты бір-бірімен тұтасып кеткен ірі қалқаншалардан тұрады. Оның үстіңгі сауыты – карапакс, астыңғысы - пластрон деп аталады. Қазіргі кезде тасбақалардың 250-ге жуық түрі құрлықта, тұщы суда,
теңіздерде тіршілік етеді. Олардың 180-дей түрі тұщы суда, 62 түрі-құрлықта, ал 8 түрі – теңіздерде таралған. Қазақстанда дала және батпақ тасбақасы деген екі түрі ғана кездеседі.
Қазіргі кездегі тасбақалардың ең ірілері – Галапагосс аралы мен Сейшель топаралдарында таралған – піл және сейшель тасбақалары. Олардың сауыттарының ұзындығы 80-100 см, орташа салмағы 100-120 кг. Олар 150 жыл тіпті одан да көп өмір сүреді. «Галапагосс» деген сөздің өзі испан тілінде «тасбақа» деген ұғымды білдіреді.
Тасбақалардың ең ірісі – терілі тасбақа. Оның денесінің ұзындығы 2 метр, салмағы 600 кг. асады. Ол Үнді, Тынық Атлант мұхиттарының теңіздерінде таралған, әрі ХТҚО-ның (МСОП) Қызыл кітабына тіркелген. Ал, ең кіші тасбақа 1925 жылы табылған техас тасбақасы, оның ересектерінің денесінің ұзындығы 9 см-ден аспайды. Ол Солтүстік Америкадағы Техас штатындағы Колорадо өзенінде кездеседі.
Жұмсақ терілі тасбақалардың 23 түрі бар. Олардың терісінің сыртында мүйізді сауыты болмайды, терісі қатпарлы немесе кедір-бұдырлы болып келеді. Олардың бәрі де тұщы суда тіршілік етеді. Ұзын әрі қозғалмалы тұмсығы болады, танау тесігі тұмсығының ұшында орналасқан. Олар Африкада, Азияның оңтүстігінде, Солтүстік Америкада таралған. Тынық мұхиттың Ресейдің Қиыр Шығыс және Қытай жағалауына жақын өзендерде кең таралған түрі - қытай триониксі деп аталады. Ол жыртқыш тасбақа, қорегін тығылып тұрып аулайды. Аяқтарының үш саусағында әрі ұзын әрі өткір тырнақтары болады. Су ішінде қорегін ұзақ уақыт аңдып жатқан кезде қосмекенділер сияқты терісімен тыныс алады.
Теңіз тасбақаларының аяқтары ескекке айналған, денесі ұзынша әрі жалпақ. Олардың ішінде жыртқыш түрлері және өсімдікпен қоректенетін түрлері кездеседі.. Кең тараған түрі – жасыл (сорпа) тасбақа. Ол тропиаклық белдеулердегі теңіздердің жағалауға жақын 4-6 метр тереңдіктерінде таралған. Ол теңіз жағалауындағы құмды жерлерге тереңдігі 20 см-дей етіп ін қазып, оған 70-200 шар пішінді жұмыртқасын салады. Жұмыртқадан 1,5 - 2 ай ішінде ұрпақтар шығады. Жасыл тасбақаның еті де, жұмыртқасы да бағалы. Оның денесінің ұзындығы 1 метрден асады, ал салмағы 40 кг. жетеді. Ол теңіз балдырларымен және әртүрлі жануарлармен қоректенеді.
Қолтырауындар әлеміне саяхат. Қолтырауындар қазіргі жорғалаушылардың ішіндегі дене тұлғасы ірі және күрделі дамыған тобы. Олардың бәрі де тұщы суда (өзен, көл, суы мол батпақта) тіршілік етуге бейімделген. Қолтырауындардың үш тұқымдасқа (аллигаторлар, гавиалдар және нағыз қолтырауындар) жататын 23 түрі бар. Олар Антарктидадан басқа барлық құрлықтардың тропикалық, субтропикалық аймақтарында кездеседі. Денесі жалпақ әрі ұзынша болып келеді, құйрығы екі бүйірінен қысыңқы. Денесі мүйізді қалқаншалармен қапталған. Денесі суға батып тұрған кезде олардың танау тесіктері мен көздері су бетіне шығып тұрады. Олар қорегін аңдып тұрып ұстайды. Қолтырауындардың барлдық түрлері – жыртқыштар. Олар ірі сүтқоректілермен, балықтармен және басқа да су жануарларымен қоректенеді.
Қолтырауындардың өздеріне тән прогрессивтік белгілері: мұрын қуысы сүйекті таңдай арқылы ауыз қуысынан айқын бөлінген. Жүрегі толық 4 қуысты, артерия және вена қаны араласпайды. Тістері жақ сүйектеріндегі ұяшықтар арнайы орналасқан. Көптеген түрлері адамға қауіпті деп есептелініп, әрі бағалы терісі үшін көптеп ауланып саны азайып кеткендіктен (19 түрі) ХТҚО-ның (МСОП) Қызыл кітабына тіркелген.
Қазіргі кезде қолтырауындарды бағалы терісі үшін арнайы фермаларда қолдан көптеп өсіреді.
Ніл қолтырауыны – нағыз қолтырауындар тұқымдасына жататын көпшілікке таныс түр. Ол Африкада, Комор және Сейшель аралдарында кездеседі. Оның денесінің орташа ұзындығы 6-7 метр. Ол көбіне судағы өлекселермен қоректенетіндіктен санитарлық қызмет атқарады. Ніл қолтырауыны жағалаудан ін қазып 50-60 жұмыртқа салады, олардан 90 күн өткенде ұрпақтар шығады. Ұрпақтарын аналық қолтырауындар аузына жинап суға жібереді.
Қолтырауындардың ішіндегі ең ірісі – жалды қолтырауын. Ол көбіне өзен сағасын және теңіз жағалауын мекендейді, теңіз суында еркін жүзіп жүреді. Оның қорегі балық, жылан, тасбақа т.б. Кейде ірі жануарларға да шабуыл жасайды. Жұмыртқаларын өздері шіріген жапырақтардан жасаған ұяға салады. Ұяның диаметрі 7 метр, биіктігі 1 метрдей. Ұяда температура үнемі +39 °С шамасында болады.
Гавиал тұқымдасының ганг гавиалы деген бір ғана түрі бар. Ол Индияның Инд, Ганг, Брахмапутра өзендерінде кездесетін ірі қолтырауын. Денесінің ұзындығы 6-8 метрге жетеді. Оның ұзынша тұмсығының ұшы жұмырланып тұрады. Ол балықпен қоректенеді.
Қолтырауындардың аллигатор тұқымдасына аллигаторлар (2 түрі бар) және каймандар (5 түрі бар) жатады. Оңтүстік Американың Амазонка су алабында ірі қара кайман қолтырауыны таралған.
Оның денесінің ұзындығы 6 метрдей. Осы өңірде қолтырауынның ең кіші қортық кайман деген түрі де кездеседі. Оның денесінің ұзындығы 0,5 метрден аспайды.
Аллигаторлардың миссисипи және қытай аллигаторлары деген екі түрі бар. Миссисипи аллигаторы аяқтарының және құйрығының көмегімен батпақты жерден тоған жасап ондағы су деңгейін бірқалыпты ұстайды. Аналығы су жағалауына ұя жасап, оған 20-60 жұмыртқа салады., әрі ұяны қорғайды. Аллигаторларды бағалы терісі үшін арнайы фермаларда қолдан өсіреді.
Жорғалаушылар класын өткен кезде олардың басқа түрлері туралы қосымша деректер келтіруге болады. Саяхат сабағы кезінде дүниежүзінің физикалық география картасын пайдалану қажет. Алдын-ала оқушылардың өздеріне жорғалаушылардың жеке топтары жайында хабарлама дайындап келуге тапсырма беруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |