9.1. Жорғалаушылардың жеке жүйелік топтарға жіктелуі:
Жорғалаушылар Антарктидадан басқа құрлықтардың бәрінде де кездеседі. Жорғалаушылардың алуан түрлілігімен танысу үшін сабақты саяхат сабағы ретінде өткізуге болады. Саяхат сабағы кезінде жорғалаушылардың негізгі жүйелік топтарының (отрядтарының) кейбір түрлерімен таныстыруға болады. Олардың арасында өте ертедегі геологиялық замандардан сақталып келе жатқан тірі табиғат ескерткіші болып саналатын - гаттерия. Ол тұмсықбастылар отрядына жататын жалғыз түр. Гаттерия жер бетінде 200 млн.жылдан бері тіршілік етіп келеді. Оның сыртқы түрі кесірткеге ұқсас. Денесінің ұзындығы орташа 50-60 см, салмағы 0,5-1 кг денесі ұсақ дәнді қабыршақтармен қапталған, басы үлкен. Желкесі мен арқа тұсында ұзына бойы орналасқан ұсақ конус пішінді мүйізді өскіндері болады. Гаттерияның басының үстіңгі жағындағы терісінің астында төбе көзі болады, ол арқылы жарықты сезеді. Осыған байланысты кейде гаттерияны «үш көзді кесіртке» деп те атайды. Ол түнде белсенді тіршілік етеді, омыртқасыздармен кейде құс жұмыртқасымен де қоректенеді. 20 жылда жыныстық жетіліледі, 8-15-тей қатты қабығы бар жұмыртқа салып көбейеді. Ұрығының дамуы 12-15 айға созылады. Гаттерия Жаңа Зеландия және сол маңдағы ұсақ аралдарда сақталған. Ол халықаралық табиғат қорғау одағының (ХТҚО) Қызыл кітабына (МСОП) тіркелген.
Қабыршақтылар отрядына жататын кесірткелердің 4000-ге жуық түрі белгілі. Олардың көпшілік түрлерінің дене пішіні ұршық тәрізді немесе жалпақтау, кейде денесі екі бүйірінен қысыңқы. Терісінің сырты түрлі пішінді қабыршақтармен тапталған.
Кесірткелер әлеміне саяхат. Кесірткелердің ішіндегі жыртқыштар тобына варандар (35 түрі бар) тұқымдасының түрлері жатады. Олар Африканың, Азияның, Австралияның субтропикалық, тропикалық аймақтарында кеңінен таралған. Варандардың бәрі жұмыртқа салып көбейеді.
Варандар тұқымдасының ең үлкен түрі - Комодо вараны деп аталады. Бұл түрді ғалымдар 1912 жылы Индонезияның Малай топаралдарына жататын Комодо, Ринджа, Падар, Флорес аралдарынан тапты. Оның денесінің ұзындығы 3-4 метрге, салмағы 150-250 кг. жетеді. Ол жақсы жетілген құйрығының көмегімен жабайы бұғыларды, шошқаларды соғып өлтіре алады. Саны сирек болғандықтан МСОП-тың Қызыл кітабына тіркелген. Варандар тұқымдасының ең кішкентай түрі - қысқа құйрықты варан деп аталады. Оның денесінің ұзындығы 20-см-дей.
Варандар тұқымдасына елімізде кездесетін келес кесіртке де жатады. Ол Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі құрғақ далалы, шөлейтті, шөлді жерлерде кездеседі. Оның денесінің ұзындығы құйрығымен қоса есептегенде 1,5 метрге салмағы 2,5-3 кг. жетеді. Дене тұрқы үлкен. Терісінің сыртында көлденеңінен орналасқан қарақышқыл қоңырқай түсті ірі жолақтары болады. Сондықтан да, оны кейде алабажақ кесіртке деп те атайды. Ол Қазақстанның оңтүстігіндегі Қызылқұм алқабында таралған. Бірақ қазіргі кезде саны өте аз. ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін кеңінен таралған. Бағалы терісі үшін көп аулағандықтан саны күрт азайған. Сирек кездесетіндіктен және саны аз болғандықтан ХТҚО (МСОП) Қызыл кітабына тіркелген.
Кесірткелердің түр құрамы көп тұқымдасы - ешкіемерлер (агамалар) деп аталады. Олардың 300-ден аса түрі бар, көпшілігі құрлықта, аздаған түрлері ағаш басында тіршілік етуге бейімделген. Ешкіемерлер Африкада, Азияда, Австралияда, Европаның оңтүстік-шығысында және Жаңа Гвинея аралдарында таралған.
Ешкіемерлердің дракон туысына жататын 15 түрі Азияның оңтүстік шығыс өңірлерінде кездеседі. Олардың сыртқы түрі ерекше, әрі қалықтап бір ағаштан екінші ағаш басына ауыса алады. Олардың қалықтап «ұшуына» денесінің екі бүйірінде болатын жалпақ тері қатпары көмектеседі. Бұл тері
қатпар 5-7 жалған қабырғалармен байланысқан. Осы терілі қатпар арқылы кесірткелер ағаштан ағашқа 30-60 метр қалықтап «ұша» алады. Кесірткелер терілі қатпарларын жайып жіберіп жауынан да қорғанады.
Ешкіемерлердің елімізде кеңінен таралған дала ешкіемері, бат-бат кесіртке т.б. түрлері кездеседі. Бат-бат кесіртке Орта Азия мен Қазақстанның шөлді аймақтарында кеңінен таралған. Оны кейде «құлақты» жұмырбас кесіртке деп те атайды. Олай аталуы оның екі езуінде болатын жиегі тіске ұқсас шашақталып келген тері қатпарына байланысты қойылған. Езуіндегі осы тері қатпарды жайып жіберіп жауынан қорғанады. Ол негізінен шағыл құмдарда кездеседі және жауынан қорғану үшін құмға жата қалып құрсағымен құмды екі бүйіріне қарай ысырып құмға көміліп қалады.
Кесірткелердің ерекше тұқымдасы - ұршықсаптар (аяқсыз кесірткелер). Олардың аяқтары болмайды, сыртқы түрі жыландарға ұқсас. 80 түрі бар. Олар Америкада, Европада, Африканың солтүстігінде Азияның оңтүстік-шығыс аймақтарында таралған. Олардың көпшілігі құрлықта тіршілік етуге бейімделген. Елімізде ұршықсаптардың бір ғана – сарлан (желтопузик) деген түрі кездеседі. Ол еліміздің тек оңтүстік өңірінде (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында) кездеседі. Денесінің ұзындығы 1 метрден асады. Түсі сары болғандықтан және аяқтары болмайтындықтан жергілікті тұрғындар «сары жылан» деп атайды. Оның жыланға ешбір туыстық қатысы жоқ аяқсыз кесіртке екенін естен шығармау керек. Оның денесінің екі бүйірінде ұзына бойы орналасқан тері қатпарынан аяқсыз кесіртке – сарлан екендігін бірден ажыратуға болады. Сарлан Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ақсу-Жабағылы табиғи қорығы мен Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағында қорғауға алынған. Ол көбіне өзен аңғарларында, бұта мен шөп аралас өскен тау бөктерлерінде бау-бақша өскен жерлерде кездеседі. Сарлан негізінен зиянды ұлулар мен жәндіктермен қоректеніп, көп пайда келтіреді. Ол күндіз белсенді тіршілік етеді. 6-10 жұмыртқа салып көбейеді. Таралу аумағы шағын және саны да аз болғандықтан Қазақстанның Қызыл кітабына (2008) тіркелген.
Достарыңызбен бөлісу: |