ХІІІ ғасырдың басында папа Инокентий ІІІ бүкіл Европаны жаңа төртінші крест жорығына шақырды (1202-1204 жж.). Төртінші крест жорығы крест жорығының дағдарысы мен азғындалу дәрежесін барынша көрсетті. Өйткені бұл жорық мұсылман әлеміне емес, христиандық Византияға қарсы бағытталды. Айрықша көзге түскен венециялықтар болды. Олар жорықтың бағыттарын өз қалауынша өзгертті. Мысалы, алғашында жорық Египеттен басталуы тиіс еді. Бірақ Египетпен сауда Венеция үшін пайдалы болды. Сондықтан венециялықтар крестшілердің барлық қаһарын өздерінің бәсекелестері Византияға қарсы бағыттай алды.
1204 жылы крестшілер Константинополь қаласын алып, Балкан түбегінің оңтүстігін ала –Латын империясы деген жаңа мемлекет құрды. Иерусалим корольдығы сияқты, бұл да типтік феодалдық мемлекет болды. Империяның билеушісі болып солтүстік француз феодалы Фландрия графы Болдуин (Бодуэн) тағайындалды. Империяның құрамында бірнеше ірі вассалдық иелік мемлекеттер болды: Фессалоники корольдығы, Афина герцогтығы, Ахей княздығы және т.б.
Барлық крест жорықтарының сегіз саны. Бірақ олардың ішіндегі маңыздысы алғашқы төртеуі, ал соңғы төрт жорық бұрынғы жорықтардай бұқаралық, жалпы европалық сипат ала алмады. Соңғы төрт жорықты ұйымдастырған, тек жекеленген корльдар мен елдер болды. Бесінші крест жорығының ерекшелігі сонда, ол төртінші крест жорығының алғашқы сценарий бойынша жүрді, яғни жорық Египеттен басталды (1217-1221 жж.). Жорықты ұйымдастыруға Венгр королі Эндре ІІ, Австрия герцогі, Кипрдің королі т.б. қатысты. Крестшілер Египеттегі стратегиялық маңызы бар – Дамьетта бекінісін алды, бірақ бұдан кейінгі ұрыстарда крестшілер сәтсіздіктерге ұшырады. Алтыншы крест жорығын (1228-1229 жж.) герман императоры мен Сицилия королі Фридрих ІІ Штауфен басқарды. Рим папасымен жанжалдасқандықтан оның қатысушылары госпиталиерлер мен тамплимерлердің көмегіне сүйене алмады. Соған қарамастан Фридрих ІІ дипломатиялық жолмен ұрыссыз – ақ, Египет сұлтанынан Иерусалим мен оның төңірегіндегі қалаларды ала алды. Алайда, 1244 жылы Иерусалимді қайтадан түріктер басып алды.
Жетінші және сегізінші крест жорықтарын ұйымдастырған француз королі Людовик ІХ болды. Жетінші крест жорығына (1248 – 1254 жж.) үлкен дайындықтар жасалды. Египетке қарсы алыстағы татар – моңғолдармен келісім жасалынды. Крестшілер Дамьетта мен Мансур бекіністерін қайтадан алды, алайда 1250 жылы олар Каирге жетпей египеттіктер тарапынан ауыр жеңіліске ұшырады. Король мен бірге көптеген рыцарлар тұтқынға түсіп, ауыр төлемдер төлеп (200 мың ливр) өмірлерін сақтап қала алды.
Сегізінші крест жорығы (1269-1270 жж.) кезінде Людовик ІХ негізгі күштерін Тунис қаласын қоршауға жұмсады. Франция Солтүстік Африкада бекіп қалғысы келді. Алайда, қоршау кезінде француз лагерінде індет ауруы тарап, корольдің өзі оның құрбаны болды. Бұдан кейін европалықтардың шығысқа жорығы тоқтатылды. Таяу Шығыстың барлығы түріктердің қол астына өтті. 1268 -жылы түріктер Антиохияны, 1289 жылы Триполиді, 1291 жылы Акраны, ХҮ- ғасырда Кипрді алды.
Әдебиеттер: 1. Виллардуэн Ж.де. Завоевание Констонтинополя. Превод., вступ. Статья и комм. М.А.Заборова М., 1993.
2. Заборов М.А. История крестовых походов в документах и материалах. М., 1977.
3. Близнюк С.В. Мир торговли и политики в королевстве крестоновцев на Кипре 1192 – 1373. М., 1994.
4. Добиаш- Рождественская О.А. Крестом и мечом. Приключения Ричарда І Львиное сердце. М., 1991.
5. Заборов М.А. Крестоносцы на Востоке М., 1980.
6. Заборов М.А. Папство и крестовые походы. М., 1960.
7. Куглер Б. История крестовых походов. М., 1999.
8. Соколов Н.П. Образование Венецианской Колониальной империи. Саратов. 1963.