Қоғам мен мемлекеттің қатынасынын үйлесімділігінің қажеттілігі. Қоғам алдында тұрған көптеген міндеттерді шешуді мойнына алған мемлекет қалай болғанда да қоғамның түрлі саласындағы тіршілік әрекетіне араласуға мәжбүр болады. Тарихтың әр кезеніндегі мұндай араласудың сипаты мен шегі әртүрлі. Оларға көптеген объективті және субъективті факторлар әсер етеді: экономиканың даму деңгейі, халықтың әл-ауқаты, елдің әлеуметтік тұрақтылығы, қоғамдык және мемлекеттік құрылыстың демократиялық деңгейі, аса маңызды саяси институттардың ара қатынасы, басқару элитасы мақсаттарының бағыттылығы, басшылардың жеке басының қасиеті. Осыған байланысты мемлекет пен қоғамның өзара қарым-қатынасының тұрпаты қалыптасады. Мемлекет өзінің дамуының ең алғашқы кезеңдерінде қоғаммен өзара қарым-қатынасында жабайы әрі дөрекі нысандарды жиі қолданды: үстемдік ету, сөзсіз бағынуды талап ету, қатаң бақылау мен ұсақ тәртіп белгілеушілік, мәжбүрлеу және күштеу әдістерін қолдану арқылы жаппай мемлекеттендіру. Тек кейінірек, халықтың сана-сезімі мен менталитетінің өсу, мемлекеттік және қоғамдық институттарды бірте-бірте демократияландыру адамның және азаматтың құқығы мен бостандығын қорғаудың қажеттігі туралы идеяның пайда болуы мен таралу денгейіне қарай бұл дөрекі әрі қарапайым нысандар қалай болғанда да өзгереді, жұмсарады, басқаларға орын береді. Өркениеттік бастаулар, мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасына кіре отырып, оларды жана сатыға көтереді, оларға жаңа сипат береді.
Әрине, бүгінде қоғамды табанына салып таптағысы, оған өзінің еркін таңып, дербестік пен автономиялықты жоққа шығарғысы келетін мемлекеттерде кездесіп қалады. Алайда, олармен қатар, көптеген мемлекеттер қоғаммен өзара қатынастарын үйлесімділік пен тең құқықтық принциптеріне құра отырып, әміршілдік-бұйрықшылдық нысандарынан бас тартуда. Бұл тенденциялардың әрі қарай дамуы құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам құруға алып келеді.
Мемлекет пен қоғамның өзара қарым-қатынасының үйлесімділігіне апаратын жолдың көптеген қиындықтары бар, соқтықпалы-соқпақты болып келеді. Жаңа принциптер мен әдістерді бекіту үшін материалдық және ұйымдық алғы шарттармен қамтамасыз ету керек. Сонымен бірге, бұйрық беруге дағдыланып қалған әрі иландыру мен тәрбиелеуді білмейтін мемлекеттік аппараттың барлық қызметкерлерінің ойлау селқостығын жеңу керек. Азаматтардың сана-сезімін қайта бағдарлау аз күш жұмсауды қажет етпейді, олар өз құқығы мен мүддесін қорғауға дағдыланбаған, кейде олардың бұзылуымен үнсіз келіседі, өмірде кездесетін заңсыздық, сыбайластық және қиянат фактілеріне енжарлық көзқарас ұстанады.
Қоғам қабылетті әрі тиімді әлеуметтік институттар құруға мүдделі, өйткені олар мемлекеттің ролінің шектен тыс күшеюіне және оның өзіне негізсіз билік етуіне, айқын өктемдігіне, әсіресе тоталитарлығына сенімді кедергі болар еді. Олардың ішінде ең алдымен халықтың әртүрлі топтары құратын саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, бұқаралық қозғалыстарды, үкіметтік емес ұйымдарды айтуға болады. Жұртшылықтың белгілі бір дәрежедегі қолдауына ие болған, қоғамдық пікір мен өз беделіне сүйенген олар, қоғам мен мемлекеттің арасындағы қажетті балансты сақтау немесе қалыптастыру үшін ықпал етудің түрлі механизмдерін пайдаланады.
Мемелекет пен құқықтың пайда болуы туралы теориялар