Лекция мақсаты: Шалкиіз жыраудың шығармашылығымен таныстыру, толғауларының мәнін көрсету



бет4/8
Дата15.08.2022
өлшемі67,36 Kb.
#148076
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Ашық сабақ Қазақ әдебиеті 9-сынып

ТАҚЫТ ЕЛІ ЖӘНЕ ШАЛКИІЗ

Едіге өлісімен Еділ-Жайық арасында Түлек-Темір ұрпағы бой көрсете бастады. Бұлар Бұлғар, Биляр, Жоукотин, Самара, Увак тарапының билеушілері еді. Әсіресе ағайынды Құдайдат пен Ұлық Мұхаммед жігер-қайратымен ерекше көзге түсті. Құдайдат ләшкерінің бас қолбасшысы уақ Ер Көкше болуы, осы әулеттен Махмутек (Мәметек) есімді хан шығуы және уақ шежіресіне Қосай, Нарық, Шора батыр­лар есімінің енуі – увактар (уақтар) бір­лестігінде тобықтылар (Мәметек аталары), тама, мың тайпаларының болғанын аңдатады.


1422 жылы Ноғайлы беклербегі Еді­генің ұлы Мансұр шығыс Дешті Қыпшақ­тан Барақты шақырғанда, Сарай тағында Құдайдат пен інісі Ұлық Мұхаммед отыр­ды. Мансұрдың кеңесшілерінің ақылына құлақ аспай, Бараққа арқа таңуы – Түлек-Темір әулетінің дүмпуімен тікелей байланысты еді. Барақ бірнеше шайқаста жеңіске жетіп, бұл әулетті Еділдің Қырым бетіне қуып салды. 1426 жылы Ұлық Мұхаммед жасанып келіп, Барақты Сырға қашуға мәжбүр етті. Сол кеткеннен Барақ Еділ-Жайыққа қайтып оралған жоқ. Сарай қаласы, Алтын Орда иелігі Ұлық Мұхаммедтің қолына көшті.
Бұл кезде Әзітарханда жас бала Кішік Мұхаммед хан боп отырған. Ол Алтын Орда тағын Ұлық Мұхаммедке беріп, өзі кіші хан болып, бағыныштылық танытқан сияқты. Қалай дегенмен, Кішік Мұхаммед Әзітарханда, Ұлық Мұхаммед Сарайда 1437 жылға дейін соқтығыспай тыныш отырды.
Ұлық Мұхаммед шынында да тылсым қасиеттерге ие, даланың ұлы перзенттері­нің бірі еді. Дала жұртының ата жолы, дәстүрлі салтын қатаң сақтаумен, көзсіз қиянатқа жол бермей, қайырымдық үрдістеріне мейлінше адалдығымен ел ықыласына бөленді. Орыс князьдігін қолдан шығармай, боданда ұстай білді. Бұл кезде Алтын Орданың ішкі-сыртқы тірлігі Ұлық Мұхаммедтің ұлы Махмутек, күйеу балалары Айдар, Елбердінің қажыр-жігерімен жүзеге асты.
Осы кезде Мәскеудің ұлы князі жас бала Василий мен көкесі – әкесінің інісі Юрий арасында таққа талас өрті лаулады. Ашық майданда жеңісе алмаған соң, хан төрелігіне жүгінуден басқа амал қалмады. Олар бөлек-бөлек жолдармен артынып-тартынып, Сарайға сапар шекті. Василий таққа әкеден кейін бала отыратын жаңа жарғыны, ал Юрий ағадан кейін іні оты­ратын ескі жар­ғыны алға тартып таласты. Ұлық Мұхам­мед өзі төрелік етті. Н.М.Ка­рамзин жас князьді жақтаған Иоанн есім­ді боярдың ұтымды сөздері Василийдің мерейін үстем қылды деп бағалай келіп, сөйленген сөздің мәтінін келтіреді: “Ұлы патшамыз, біздей құлыңа жас князьге ара түсер сөз айтуға рұқсат бересіз бе? Юрий ұлы князьдікті Ресейдің көне заңнамасы­на сүйеніп қуына­ды, ал Русь сіздің ұлы­сыңыз болғандықтан, жас князь өзіңіздің рақымшылдығыңыздан ғана дәметеді. Билікті кімге беру қо­лыңызда: құқын қөлденең тартып, талап еткенге бересіз бе, жоқ жалбарынып өтін­генге бере­сіз бе? Патша әмірі тұрғанда шаң басқан, тозығы жеткен байырғы жол-жоралғы сөз бе екен” деп, Мәскеу ұлы князьдігін баласы­на қалдырған Василий Дмитриевичтің мұра­герлік өсиетін бекіткен ескі көздердің өзі емес пе? Василий Васильевичтің Мәскеу тағына отырғанына алты жыл болды, оны тағынан алып тастамадыңыз, демек, ұлы князь деп танығаныңыз ғой...” (Карамзин Н.М. Том V. 143-150-бб.).
Ұлық Мұхаммед Василийді ұлы князь деп танып, Юрийге оның атын жетектеуге әмір етті. Ұлық Мұхаммедтің тағы бір ұлы Ұлан ханзада оны Мәскеуге әкеліп, таққа отырғызып қайтты.
1437 жылы Әзітархан мен Сарай аралығы шиеленісіп тұрғанда Алтын Орда беклербегі Наурыз Едігеұлы Кішік Мұ­хам­­медтің пайдасына сатқындық жаса­ға­ны үшін Ұлық Мұхаммед оны өлтіріп жі­берді. Ноғайлы атқа қонып, өре түрегеді. Екі жақты тегеурінге шыдай алмаған Ұлық Мұхаммед Дон даласына кетті.
Алтын Орда тағы, оның ажырамас бір бөлігі Әзітарханмен бірге Кішік Мұхам­медтің қолына көшті. Ол 1459 жылға дейін хандық құрып, өз өлімімен өлді.
Оның Ахмет, Махмұт есімді екі ұлы бар еді. Махмұт Әзітархан хандығының негізін салушы ретінде, Ахмет Русьті бодандықтан құтқарған Алтын Орданың соңғы ханы ретінде тарихта қалды. Орыс құжаттары бұл кезде Алтын Орданы Үлкен Орда деп, Қырым, Ноғайлы Тақыт елі деп атады. Онысы баяғы Алтын Орда атанған ұлылығынан айырылғандығының белгісі еді. Алтын Орда тағы Кішік Мұ­хам­медтің үлкен ұлы Махмұттың қолына көшті. Орыс құжаттары 1465 жылы оның Үлкен Орданың ханы екенін айғақтайды. Сол жылы ол салық төлеуден жалтарған Мәскеу князьдігіне жасанып аттанды. Қырым ханы Хажыгерей желкеден соғып, еңбегін еш қылды. Махмұт Әзітарханға кетіп, Үлкен Ордадан дербес жаңа хандықтың іргесін қалады. Осы шамадан сәл-пәл ілгерірек Қырым да дербес шаңы­­рақ көтерген-ді. Оның іргесін қа­лаған Хажыгерей. Ол да Тақыт елі ханда­ры шыққан Тоқа-Темір әулетінен. Ата-бабаларының шежірелік тізімі төмен­дегідей: Тоқа-Темір – Үзтемір – Сарыжа - Түлек-Темір – Бастемір – Гийасаддин – Хажыгерей хан (Материалы по историй казахских ханов, XV-XVІІ веков. Алматы, 1969. 39-40-бб.).
Қырым хандығы туралы Орта Азия деректемелерінің білетіні шектеулі, есесіне Түрік және Орыс жылнамашы­лары бұл хандықтың тарихына жетік. Н.М.Карамзин бұл екі бастауды да толық пайдаланғандықтан, тарихшының сөзіне сенуге болады.
Н.М. Карамзин Хажыгерейді Тоқта­мыс­пен байланыстыра сөйлеп, Литваның Троки қаласында туған дейді (М.Н. Карамзин. История государства Россий­ского. Кн.ІІ, Т. V. Гл. V, 213-214-бб.).
Тоқтамыс та Тоқа-Темір әулетінен. Өтеміс қажының айтуынша: оның әкесі Тойқожа Маңғыстауды қоныстанып, шырын, барын, арғын, қыпшақ сынды төрт тайпа елді билеген. 1395 жылы Ақсақ Темірден күйрей жеңілген Тоқтамыс Литва князі Витовтты паналап, қайтадан ес жиып, бел көтергені белгілі. Сол кезде Қырымды біраз жыл тұрақ етті. Қырым­ның негізгі жұрты шырын, барын, арғын­дар Тоқтамыспен бірге барғандар. Хажы­герейдің аталары осы тайпалардың бірінің (шырын) билеушісі болып, Тоқтамыспен бірге ілесіп баруы ақылға шетін емес. Хажыгерейдің Литвадағы қыпшақ диас­по­расы орныққан Трокиде тууы да мүмкін.
Қысқасы, 1462 жылы он сегіз жасар жігіт Литва көмегімен Қырым тағына отыр­ды. Литваның Днепрдегі иеліктерін қайта-қайта шауып, тыныштық бермеген Тақыт елін 1465 жылы орысқа аттанып шыққанда көк желкеден соғып, демеушісінің көңілінен шығып, Мәскеуге де ұнап қалды.
Түптің түбінде өз бастарына сорға айналар Орыс князьдігі күн санап қуат жиып, күшейіп келе жатқанда бір-біріне ата жаудан бетер төзбеушілік көрсетуінің сыры өзімшіл басшы, алауыз халықта емес, орталықтан қол үзіп оқшаулануға бет түзеген саяси құрылымның табиғи болмысы. Оларға бұрынғы билеушілері­нен өткен жау жоқ. Жатқа жанын сатуға бар, бірақ қайта бірігуге жоқ. Оларды бе­ті­нен бір қайтарса, тоқпақ қана қайта­рады. Бірақ Тақыт елінде ат сабылтар қауқар жоқ-ты. Оның үстіне Тақыт елі баяғы күндей күркіреген Алтын Орда атын жамылып, төңірегін көзге ілмейтін менмен мінезден арылған жоқ-ты. Олар жаңадан құрылған Қырым хандығын мойындамады. Орайы келсе, қосып алу ниетін жасырмады.
Бағы тайғанмен, түтіні өшпеген Алтын Орданың сілемі Орысқа да, Литваға да қатер ошағындай қауіпті еді. Олар Қырым хандығын қолдап бақты. Сөйтіп, Тақыт елінің бүйірінен Қырым хандығы пайда болып, тез-ақ аяғына тұрып кетті.
Хажыгерейдің алты ұлы болды: Нұр­дәулет, Айдар, Үзтемір, Меңлігерей, Жаң­быршы, Мүлкаман. 1467 жылы Хажыге­рей өлгенде таққа Нұрдәулет отырып еді, Меңлігерей тақты күшпен тартып алды. Нұрдәулет Литва мен Поль­ша королі Казимирге қашып, қолтығынан пана тапты. Меңлігерей басты қамқор­шысынан айырылып, жападан жалғыз қалғанда Ресей қол ұшын созды. Екі ара­да ат ізі құрғамаған тығыз қарым-қатынас орнығып: “сенің досың – менің досым, сенің жауың – менің жауым” қағидасы не­гізінде келісім-шарт жасалып, Меңлі­герей қызы Мәскеу ұлы князінің ұлына айттырылды. Осы қарым-қатынастың соңы, 1502 жылы Тақыт елін түбегейлі жоюға әкеп соқтырды (М.Н. Карамзин... Кн ІІ, Том VІ, Гл. ІІ, 54-58-бб.).
Қырым хандығы ірге көтергенде Үлкен Орда немесе Тақыт елінің тізгіні Ахмет ханның қолында еді. Ол 1468 жылы Рязань өңіріне басып кірді. Бірақ ұзақ тайталас соғыста Рязаньды ала алмай, кері лықсуға мәжбүр болды. Оның беклербегі Мансұр бидің ұрпағы Темір (Би Темір) еді. Атақты Шалкиіз осы беклербектің жырауы болды. Темір Литва князі Казимирмен жақсы қарым-қатынаста болып, Руське қарсы тізе қосуға күш салып бақты. Литвадан келген елшілікпен келіссөз бір жылға созылды.
Осы кезде Ватчань тұрғындары Еділмен жүріп келіп, ханның 50 шақырым жайлауда екенін біліп, Сарай қаласын басып алып, мол дүниемен кері қайтты. Ахмет олардың ізіне түсіп, Алексин қаласына тығылған қарақшылардың 1000 адамын қылыштың жүзінен өткізді. Мәскеудің ұлы князі әлгілерді қорғамақ боп ләшкер шығарды. Жылнамашы­лардың мәлімдеуінше: екі жақтан 180 мың ләшкер жиналды. Бірақ шайқасқа килікпей, бітіммен тарасты.
Тана қаласына тұрақтап, Еділ бойы­мен сауда-саттық жүргізген көпес Амбро­за Контарни Ахмет хан ордасы туралы әжептәуір жазба қалдырды. 1476 жылғы мәліметінде ол Ахметтің Тана (Азақ) қаласында отырғанын хабарлайды (Зайцев И.В. Астраханьское ханство. М., 2006. 42-б.). Ол сол жылы Әзітарханда болып, қала­ның жай-жапсарын да баян еткен: “қала үлкен емес, Еділ өзенінде орналасқан, тұрғын үйлері аз, дені шикі кірпіштен, бірақ қала сыртынан аласа тас қорғанмен қоршалған ...”.
Мәскеудің ұлы князі бұрынғыша Ахметті ұлы хан деп мойындап, азды-кемді салық төлеп тұрғанмен, бодандық қамытын сілкіп тастауға біржола бет бұрғанмен, батыл қадамға жүрегі дауаламай тұрған-ды.
Византия императорының немересі, ұлы князьдің зайыбы София оны Үлкен Ордаға қарсы итермелеп, өзі де жанталаса әрекеттеніп бағады. Үлкен Орданың елші­лері, алым-берім сауда-саттыққа келген адам­дары кремльдегі арнайы үйге тұрақтап, ұлы князьдің іс-әрекетін бақылайтын. София оларды кремльден шығарып тастау міндетін қолына алды. Ол Ахметтің бәйбі­шесі Бәдке-бикеге (Ақсақ Темір ұрпағы Герат билеушісі Хусейн мырзаның әпкесі) аян болғанын айтып, елшілік үйінің орнына шіркеу тұрғызбақ ойын, ал орда елшілігіне басқа орын берілетінін айтып хат жолдады. Бәдке-бике келісім берді. Сөйтіп, ордалық­тар кремльдегі үйінен айырылып, қорған ішіне кіре алмай қалды.
Сол кезде қалыптасқан дәстүр бойын­ша: орда елшілері келгенде ұлы князь боярларымен жаяулап қала сыртына шы­ғып, елшілер алып келген басма мен хан­ның мүсініне табынып, елшілерге қымыз құйылған кубоктар ұсынып, хан жарлы­ғын оқитын елшінің аяғы астына бұлғын терісін төсеп, өздері тізе бүгіп тағзым етіп тұра­тын. София күйеуін осы дәстүрден бас тартуға үгіттеп, болмаған соң, әлгі жерге – Болвановкаға шіркеу салдырып тастады.
1474 жылы Ахмет ханның 600 қызмет адамы, 3000 саудагер боп, 40 мың жылқы сатып, Мәскеуді шулатып қайтты. 1476 жылы Ахмет Бөшек есімді елшісін жіберіп, ұлы князьді Азаққа шақырды, ұлы князь барудан бас тартты. Мұның соңы қарулы шиеленіске апарып соқтырары айдан анық еді. 1480 жылы Литва князі Казимирмен уәде байлас­қан Ахмет Мәскеуді бас білгізу жорығына аттанды. Орда – Окаға, литва­лықтар Уграға жиналатын боп келісіл­ді. Ахмет бұл жорыққа алты ұлы, Қасида есімді немересі және өзіне бағы­нышты бекте­рімен түгел, тұтас қозғалды. Жаңадан шаңырақ көтерген Қырым хандығы Алтын Орданың соңғы сілемі, сілікпесі шыққан Тақыт еліне жау пиғылда еді. Ол күні үшін Мәскеудің қолтығына тығы­лып, айтқанын екі етпей, екі етек боп отыр­ған. Олар Литваның Подолия айма­ғы­на тап беріп, Казимирдің жолын бөгеп тастады. Мәскеу­дің ұлы князі Қырымнан қашып келіп, қолында жүрген Нұрдәулет бекті Звени­­город князі Василий Ноздро­ватый екеуін кемелерге отырғызып, Еділ­мен Сарайға аттандырды. Қауіп ойлаған ұлы князь патшайымын балаларымен Дмитров­қа көшірді. Орыс ләшкері Ока бойына тоқ­тал­­ға­нын білген Ахмет Мценск, Одоев, Любутск арқылы Уграға беттеді. Иван ІІІ патша мен кеңесшілері бұл шай­қаста мерейлері үстем болаты­ны­на сенімсіз еді. Жанындағы боярлар оған арқаны сырт салып, солтүс­тік облыстарға ұзай тұруға ақыл қосты. Ақыры ол Ахмет ханға қарсы баруға жүрегі дауаламай, інісі мен баласын барлық ләшкерімен Уграға жіберіп, өзі Мәскеуге қайтып оралды. Халық наразы боп, ұлы князьді ашықтан-ашық жерден алып, жерге салды. Иван ІІІ қала төңіре­гін өртеп, Уграға келіп, ханға сый-сияпа­тын жөнелтіп, келіссөз бастады. Ахмет келі­сім­ге келмеді. “Су қатып, өзен мұзы ұстас­сын. Қызықты сонда көрер­сің!” деп домбытумен болды хан. Әлгі сөзден шын қаймығып зәресі ұшқан Иван ІІІ мұз қатысымен, Уграны тастап жөппелдеме кері шегінді. Ресейді үрей биле­ді. Ахмет хан оны өз пай­да­сына жарата алмады. 11-ші қара­ша­ға дейін Уграда тұрып, ат басын кері бұр­ды. Уәдесін жұтып, көмекке келмеген Кази­мирге кектеніп, оған қарасты Серенск, Мценск аймақтарын тып-типыл ғып тонап кетті.
Еділмен жасырын жөнелтілген Нұр­дәулет пен Ноздроватый жасағы қорған­сыз қалған Сарай қаласын алып, тонауға салды. Осыған орай Н.М. Карамзин “... біздің ата жауымыздың жылы ұясын талқандап, біржола құртуға жағдай бар еді. Нұрдәулет патшазаданың Обуяз есімді ұланы қарсы болып, көлденең тұрмағанда. Ол: “Сен не істегеніңді білесің бе? – деді патшазада Нұрдәулетке. – Есіңе түсір, бұл көне орда біздің бәріміздің анамыз, біз содан туып тарадық. Сен Мәскеу ал­дындағы міндетіңді орындадың, Ахметтің сыртынан соққы бердік, сол да жетеді, кө­­ненің көзін бүлдірме”, – деді (М.Н.Ка­рамзин... Книга ІІ, Том VІ, Гл. ІІІ, 99-б.).
Ахмет хан орысты үркітіп-қорқытқан­мен, көздеген мақсатына жете алмады. Әрі-сәрі жорықтан қайтып оралып, Азақ­қа жақын­дап келіп, Кіші Донға тоқтап, ләш­керін таратып, қыстау қамына кірі­седі. Өзі­нің бір мың жасағына ноғайлы мырза­лары Мұса, Жаңбыршы, Абаттың 15 мың жаса­ғын қосып алған Сібір ханы Ибақ мүлде күт­­­пе­ген тосын жағдайда Ахмет ауы­­лы­ның үстінен түсті. Ханның қамсыз­дығы сонша­лық – тіпті Ибақ арба үстіне орныққан жыл­­жымалы ақ боз ордаға басып кіріп, Ахмет ханды төсегінде тұншықтырып өлтіре­ді. Бұл 1481 жылдың 6-шы қаң­тарында бол­ған оқиға. Ханды қорғау, бетпе-бет келіп қылыш сілтесу болмады, бәрі аяқ астынан ың-шыңсыз астыртын жүзеге асты. Шап­қын­шылар 5 күн Орданы ойрандап, қыс көзі қырауға қарамай, ханның жұртын Еділ сыртына, одан Ордабазар арқылы Сібірге айдады.
Осыдан соң Ибақ та, Ноғайлы билері де Иван ІІІ-ке хат жолдап, елші жіберіп “Сенің ата жауыңды күйреттік” деп сүйінші сұрады. Сөйтіп, 250 жылдан кейін бодандық қамытынан босанған Иван ІІІ іштей қуанғанымен, сыртына сыр бермей, әңгімені естімегендей боп, өз ұяларын өздері таптаған көрсоқырларды біржола талқандауға үнсіз дайындала берді.
Ахмет ханның арқа тірек беклербегі Темір (әдеби нұсқадағы Би Темір) мырза еді. Ол – Едігенің немересі, Мансұр бидің ұлы. ХV ғасырдың басында Орыс хан ұрпағы Қазақ хандығының іргесін қалаған Жәнібек ханның әкесі Барақпен бір доста­сып, бір қастасып, ақыры талас үстінде өлтіріліп жіберілгенде, оның ұлда­ры Темір мен Дінсопы орыс шекара­сына қа­шып, айналып жүріп Қырымның ең ық­палды руы – шырындардан пана тапқан-ды.
1394-95 жылдардан бабалары Темір-Құтлықтан бастап, Алтын Орда тағын қол­дарынан шығармаған Тоқа-Темір ұр­пағы Қазақ хандығымен де, олардың ықпалына ерген Төмен ханы Ибақ, Но­ғай­лы билері Нұра­дын ұрпақтары Аббас, Мұса, Жаңбыр­шылармен қас болды. Ол түсінікті де еді, үй ішінен үй тіккен дербестіктерін мойын­дамай, реті келсе қайта қосып алуды ойла­ды. Алтын Орда хандары Ноғайлыны әлсіретіп, екіге бөлу үшін өз хандығының беклербектігіне Нұрадан ұлдарын жолатпай, Мансұр ұлдарына ілтипат көрсетті. Сондағы бетке ұстағандары Мансұр ұлы Темір мырза еді. Олар дегендеріне жетті. Ұзақ жылдар Аббас, Мұса, Жаңбыршылар Еділ-Жайық арасына келе алмай, қазақтармен аралас-құралас қоналқы отырды.
Темір мырза өзінің қызметін Алтын Орданың құрамдас бір бөлігі Әзітархан иелігінің билеушісі Ахмет ханның ағасы Махмұттың ұлы Қасым ханның беклербегі болудан бастаған сияқты. Қалай дегенмен де, оның есімі осы лауазымда отырған кезде ауызға ілікті.
“Таварих-и гузида-нусрат-наменің” баяндауынша: 1469 жылы Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани інілерімен Әзітархан ханы Қасымға қашып келгенде, оларды Темір бектің қамқорлығына берген-ді. Ханзадалардың ізінен қуғын салған Ибақ (Сейт-Ибраһим) пен Аббас би Әзітарханды қамағанда, жас балаларды білгізбей қашырып жіберген еді. 1470 жы­лы Литваның ұлы князі, Польша королі Казимир ІV орысты екі тараптан шабуыл­дау жоспарын жасап, Ордаға елшілерін жіберген-ді. Сонда Ахмет ханмен қатар Темірге де арнайы сыйлық табысталған.
Темір би есімі Батыс Еуропа, Түрік құжаттарында да ұшырасады. Ахмет ханға елшілік сапармен келіп қайтқан Венеция сенатының хатшысы Джан Баттиста Тревизан 28 сәуір 1476 жылы өз еліне қайтып оралғанда оны екі кісінің жеткізіп салғанын: бірі Ахмет ханның Темір деген батыры, екіншісі – ләшкербасы (беклер­бек) Темірдің Бұрнақ батыры екенін айтқан. Шырын қауымның рубасы әрі Қырым хандығының беклербегі Еминек Осман түріктерінің патшасы Махмет ІІ-ге 1478 жылдың қазан айында жолдаған хатында Темір мырзаны Ахмет ханның беклербек қоймақ ойы барын, әйтпесе, Қырымға қауіп төнетінін мәлімдейді. Сондай-ақ Темірдің Литва ұлы князі Казимирге 1485 жылы жолдаған хатының да түпнұсқасы сақталған (Литовская Метрика, 1510 ж. 357-б.).
Бұған қоса Темір Қазан ханы Ибра­һимнің, Қырым ханы Меңлігерейдің зайы­бы болған, Қырым-Қазан-Ресей қарым-қатынастарында із қалдырған әйгілі Нұр-Сұлтан патшайымның әкесі. Замандастары Нұр-Сұлтанның адам айтқысыз сұлулығы мен ауыз ебіне тірі жан баласы арбалмай тұра алмағанын әңгімелейді.
Темір 1480 жылғы Ахметтің Ресейге сес көрсету жорығына қатысып, Уграга ләшкер бастап барды. Ал 1481 жылдың 6 қаң­тарын­дағы Ибақ, Мұса, Жаңбыршы­ның тұтқиыл ойранынан жырылып шығып, Ахметтің балаларымен Қырымға қашып келді. Меңлігерей Литва ұлы князі әрі Польша королі Казимирге сол жылдың қаңтарында жол­даған хатында: “Темір би Ахмет патша ұлдары және қызметшілерімен бізге бас­тарын иіп келді... Ахмет балалары мен Темір­ге ат, басқа керек-жарақ бердік, оның сыр­тында біраз нәрсені қарызға сұрап алды” деп мәлімдейді (История Казахстана в Русских источниках XVІ-XІX веков... Том І, құжат №1, 33-б.).
Сөйтіп, Еділ судың бойында 250 жыл жасаған Алтын Орда империясы құлады. Ноғайлы Темір бидің есіміне ілтипат білдіру – оның Алтын Орданы қайтадан тірілтуге жан салуы. Ол Ахмет хан балалары Сейіт-Махмұд пен Мұртазаны Қырымнан алып шығып, ескі күлдікте қайтадан ел құрап, хандықтарының түті­нін түтеткен болды. Алайда, қиюы қаш­қан Тақыт елі қалт-құлт өмір сүргенмен, еңсе көтере алмады. 1485 жылғы орыс дереккөздері Мұртазаны Орда ханы атап­ты. Бұл кезде Темірдің ұлыс беклербегі болғанында дау жоқ. Сол жылы Мұртаза қыстап шығуға рұқсат сұрап, Қырым хандығына келгенде, Меңлігерей оны ұстап алып, Тақыт еліне жорық жасап, жығылғанға жұдырықтың кейпін кигізеді. Ол өзінің хаттарында “Темір ұлысының қалған-құтқандарын таратып, қуып тастадым”, деп мақтанады. Бірақ Темір тұтқындағы Мұртазаны босатып алады.
Әбден бөлшектеніп біткен Алтын Орданың сілемдері Қырым, Ноғайлы, Әзітархан, Қазан хандықтары билеуші­лері­нің осы тұстардағы Орыс, Литва, Түркия патшалықтарымен қарым-қатынас қағаздарында, әлде жалған мәлімет беріп көршілерді шатыстыру, әлде өз қуатын асыра дәріптеп, дабырайтып көрсету мақ­сатымен болмағанды болды деп домбиту етек алған. Орыс тарихшылары осы мәліметтерге иек артып, теріс байламдар жасайды. Сондай-ақ Ноғайлының соңғы қиқым билерінің Едігеден бергі аталары туралы 100-150 жыл кейінгі әңгімелері де тарихи дерек болуға осалдық танытады. Әсіресе, Ноғайлы “бабаларының орыс патшаларымен араларынан қыл өтпеген дос болуы туралы” ертегілері өзі бұлдыр шындықты одан бетер бұлдырлата түседі. Соның бір айғағы жаңа ғана алдарыңа тартқан “Темір ұлысының қалған-құтқан­дарын таратып, қуып тастадық” деген Қы­рым ханы Меңлігерейдің сөзі. Айтқа­ны рас болса, қолында тұтқында отырған Мұртаза ханнан қалай айырылып қалады. Асылы, тарихи шындық беті басқаша болған сияқты. Темір ұлысы да, Тақыт елі де әлі біраз жыл жасады. Ақыры Меңлі­герей Қазан ханының соңында қалған жесірі Нұр-Сұлтанға үйленіп, ата болған Темір биге жаңа күйеудің тісі батпай қал­ды. Ұлы империя Алтын Орданың азып-тозған соңғы күндерін көзімен көріп, кенеуі кеткен ырың-жырыңды тыя алмай Мансұр ұлы Едіге немересі Темір би 1484-1486 жылдар аралығында дүниеден озды.
Темір тарихын термелеп отырғаны­мыз­дың басты себебі: ұзын-қысқа өмірі­нің басым көпшілігін осы әйгілі беклер­бектің қол астында өткізген ұлы жырау Шалкиіздің өмірбаяндық деректеріне барлау жасап, нақтылық енгізу. Шалкиіз туралы бұлтартпас нақты жазба дерек жоқ. Ал жырау өмірбаянына жамалып жүрген ауызекі аңыз-әңгімелердің көпшілігі күмәнді. Басы ашық, анық-қанық жалғыз дерек – жырау жырлары мен толғаулары. Міне, бізге жеткен осы шағын мұраның тінін ширатып, астарын ақтарсақ – қат-қабат жырау өмірінің кейбір қырлары сыр ашады.
“Қазақ әдебиеті тарихының” ІІІ томындағы “Шалкиіз – Мұса бидің жиені”, “Шалкиіздің Орақ пен Мамайға айтқаны”, “Шалкиіздің Орақтан Шораға кетуі”, “Шалкиіз Құлыншақұлы” сынды “өмірбаяндық деректер” шындыққа жанаспайды. Шалкиіздің Мұса бидің жиені бола алмайтын себебі: атақты жырау білек күшімен де, тіл қайратымен да қызмет еткен Темір беклербек (Би Темір) Мұсамен жау Мансұр әулетінен еді. Мансұрды Барақ өлтіргенде ұлдары Темір мен Дінсопы Мәскеуге қашып, жер айналып барып Қырымнан шығып, әулетті шырын қауымынан пана тауып, кейін солардың бетке ұстар көсеміне айналған. Осындай жағдайда “Мұса жие­нінің” Темірді сағалауы ақылға қонбайды. Айбыны күндей күркіреген Мұса би қатарынан тіл қайраты, қол қайраты артық туысын жатқа телміртіп қоймаудың бір амалын істер еді.
Жоғарыдағы еңбекте Орақ пен Ма­май­дың жас батырды жаугершілік жорықтарға жұмсап, оның жеңістерінің абыройын өздері малданып, Шалкиізді өкпелетіп алғаны, “Шағырмақ бұлт жай тастар” өлеңі осы жағдайға орай айтыл­ғаны құнтталады. Бұл да аяғы жерге тимеген көп долбардың бірі. Өйткені, Шалкиіз әбден қартайған кезде Орақ, Мамай енді ғана ат арқасына қонған жас өрендер еді. Жас шамасына қарағанда Шалкиіздің олармен кездеспеуі де кәдік. Демек, жас батырдың ол екеуіне өкпелеп, Шораға кетуі де келеге келмейді. Ал “Шалкиіз Құлыншақұлы” деу де қате. Құлыншақ атақты батыр, ол туралы аңыз да, арнайы толғанған жыр да бар. Ондай аты мәшһүр даңқты батырға қатысы болса, жырау өзі туралы:
Тіленшіұғлы Шалкиіз,
Иесі би Темірдің тұсында
Бұлтқа жете жаздар бұл мүйіз, – демес еді. “Тіленші” әкесінің шын аты емес, қайыршылыққа тап болғанда ел жапсырған лақабы сияқты.
Жырау жырларында Еділ, Жайық, Қобан – үш өзен ауызға жиі алынғанда, Еділ ерекше ілтипатпен іш тарта жыр­ла­нады. Соған қарап, оның шыр етіп дүние­ге келген топырағы Еділ бойы деп шама­лай­мыз. Шежірелер жыраудың Қояс (Құяс) руының түлегі екеніне бұлтартпас дәлелдер келтіреді. Алайда, Ноғайлы тарихында бұл есімді қауым кезікпейді. Осы атауға бір табан жақын қоянсы тайпасы бар. Қоянсы орыс құжаттарында қате әліптелген Қояс, Құяс болуы мүмкін. Қояс, Құяс, Қойыс ата­лары Кіші жүз байұлы­ның әр тармақ­тарында кезігеді. Оның түп тамыры XІ-XІІ ғасырларда Чернигов князьдігіне бағы­нышты ковуй қауымы деп есептейді орыс тарихшылары. Ал ол болса, печенег, торк, берендей руларынан құралған “черные клобуки” қауымының бір тармағы еді. Замана бел-белестерінде бөлшектеніп кеткен бүтіннің сынықтары болса керек.
Жырау шығармашылығында жалғыз­дық сарыны шаң береді:
Көп ішінде бір жалғыз
Көп мұңайып жылайды,
Күйбеңдескен көп жаман –
Сөзі тигенге ұқсайды, – деп Темір биді алқалаған көп арасында жал­ғыз екенінен хабар береді. Енді бірде көп­тігін бетке тұтып, менменсіген біреулерге:
Атадан алтау тудым деп
Салмақтама немеңді,
Салмақтасаң немеңді
Тәңірі тесер төбеңді,
Бір жеке туғанға кезігіп,
Өкпесі сонда тарығар, – деп сес көрсетеді. Биге бағышталған өкпе-назының бір тұсында шамырқанған жырау:
Тебінгінің астынан
Ала балта суырысып,
Тепсінісіп келгенде
Тең атаның ұлы едің,
Дәрежеңді артық етсе, тәңірі етті, – деп те қалады.
Өмірбаяндық астары бар бұл шумақ­тардан аңдайтынымыз: ол – дәулетімен болмаса да, батырлығымен аты шыққан текті атаның ұрпағы, өз қауымынан көз жазып қалғандықтан ғана жалғыздықтың зарын тартып, пұшайман халге душар болған жан.
Қалай дегенмен де, Еділ бойында жарық дүниеге келген жыраудың ата-бабалары бір бақытсыздыққа тап болып, жетімдік қасіретін таңдаймен татып өскені анық. “Тіленші ұлы” аталуы сондықтан. Ол жыр-толғауларында жақсы, жаман әртүрлі азаматтарға көп еріп, шет жырақ жерлердің дәмін татқанынан хабар береді. Ол бір жеке батырлық дәстүрге айналған серілік, ер-шоралық етек жайған дәуір еді. Атақ-даңқ шығаруға әуес жас ұландар жеке-жеке, кейде топ құрып, өз жұртынан кетіп, “қазақ” болып, жортуылдарға бой алдыратын.
Қырға шықпас жаманның,
Барынан да жоғы игі...
Арқаның бауырын қыдырмай,
Арғымақ ару атлар арытпай,
Жат жерлерге бармай өзін танытпай...
Атаның батыр туған ұлына
Ойда жатмақ ұсар ма, – деп түз кешкен жортуылды дәріптей келіп, “сыпайшылық”, “батыршылық”, “алдаспан”, “жағына жібек байлаған ару­лар­ды” жырлауы осы дәстүрдің шеңберіне сыйымды жәйттер. Осындай тірлік салтына байланысты жырауға “Салкез” (Кезбе сал) лақабы жұғысты болған сияқты – қазіргі ноғай, құмық арасында жырау Салкез атымен көбірек белгілі.
Жырауды би Темір батырлық әрі жырау­лық даңқы дабыра болған кезде ордасына шақырып, жанына ілестіргені түсінікті. Ол Темір ордасына 35-40 жас­тың арасында келген. Ал Темірдің есімі алғаш рет 1469 жылы хатқа ілікті. Құсшы Қараншы батыр­дың көмегімен Мұхаммед Шайбани Әзітар­хан ханы Қасымға қашып барғанда, бекзада ұлдарды қорғауды өзінің биі осы Темірге тапсырған (Материалы по истории Казахских ханств. XV-XVІІІ веков, 1969. 100-б.).
Қасымның Әзітарханды билеуі 1466-1490 жылдар аралығы. Демек, Темір Ман­сұр­лының Қасым ханға беклербек болуы 1466 жылға жатады. Кезбе батыр әрі жырау Шалкиіздің Сарайға шақырылуы да осы шамада. Шырын руының басшы­сы әрі Қырым хандығының беклербегі Еминектің 8-17 қазан 1478 жылы осман сұлтаны Махмед ІІ-ге жазған хатынан және Темірдің Польша королі әрі Литва ұлы князі Казимирге жолдауынан оның Үлкен Ордаға (Алтын Ордаға) беклербек болғанын аңдаймыз (Зайцев И.В. Астра­ханское ханство. М, 2006. 44-б.).
Сонымен, 1476 жылдан Ахмет ханға беклербек болған Темірдің Әзітарханды тастап, Дон даласына көшкені мәлім. Шалкиіздің де өмірінің соңғы жылдары осы Үлкен Орда өңірінде өтті. Ертіс пен Дунай аралығын 250 жыл билеп-төстеп, Еуропаны қурайдай қалтыратқан ұлы державаның соңғы ақтық демін көрген де осы Шалкиіз жырау. “Би Темірге” бірінші толғауының бастапқы шумағында-ақ:
Аспанды бұлт құрсайды,
Күн жауарға ұқсайды.
Көлдегі қулар шулайды,
Көкшіліден ол айуан
Соққы жегенге ұқсайды, – деп Орда төңірегінде қалыптасқан қатерлі саяси жағдайдың бейнелі суретін береді. Үлкен Орда қаптаған жау арасында отыр­ды. Оның басы Русь князьдігі еді. Кули­ково шайқасында теңдік алдық дегенмен, онысы аяғы жерге тимеген көп дақпырт­тың бірі боп, Үлкен Ордаға әлі кіріптар­лық салығын төлеп тұрған-ды. Ал Алтын Ордадан бөлініп шыққан Қазан, Әзітар-хан, Қырым хандықтары мен Ноғайлы ұлысы бір орталыққа қайта бас июден қорқып, Үлкен Орданың көзін шұқуға дайын еді. Мәскеу айнала төңіректі айдап салып, “шоқ-шоқ” деп отырған.
...Алып, алып, ал сақын,
Аңдып жүрген дұшпаннан мың сақын,
Күле кіріп, күңіреніп
Шыққан достан мың сақын...
...Дұшпанға беліңді шешіп инан ба,
Инатып тұрып өлтірер...
(Бес ғасыр жырлайды. Алматы, 1989. 44-б.).
Бұл жеке бас біреулерге айтылған ақыл сияқты көрінгенмен, шындығында Орданың саяси дұшпандарына меңзеу. “Далада сұңқар түлесе, жүніне қарға жолар ма?” дегендей, Үлкен Орданың байырғы дақпыртынан бұққан айнала төңірек еңкейіп келіп-кетіп жүргенмен, жең ішіндегі жұдырықтары түюлі еді.
1465 жылы Үлкен Орда тігіліп Орыс князьдігіне аттанғанда, Қырым ханы Хажыгерей желкеден соғып, сәтсіздікке ұшыратады. Ол жорыққа Шалкиіздің қа­тыс­қан-қатыспағаны белгісіз. 1480 жылғы жорыққа қатысқанының басы ашық. Ашық майданға шықпай сес көрсетумен тынған Угра текетіресінде Ахмет ханның жанында Әзітархан ханы Қасым да, бек­лербек Темір де болды, демек бұл белгілі жорыққа Шалкиіздің қатысқаны шәксіз.
Жыраудың “аңдып жүрген дұшпаннан мың сақын” дегені айна қатесіз келді: жорықтан оралып, Танға (Азауаға) жақын жерде қыстап отырғанында Алтын Орда­ның соңғы ханы Ахметті Сібір ханы Ибақ пен қазақ даласымен жапсарлас отырған Ноғайлы билері Мұса мен Жаңбыршы екі су өтіп келіп, төсегінде өлтіріп кетті.
Темір мен Шалкиіз көне күлдікті қайта көтеруге күш салды. Қашқан-пыс­қан жұрттың басын жиып, Ахметтің үлкен ұлы Мұртазаны хан қойды. Бірақ бұл Алтын Орда да, Үлкен Орда да, Тақыт елі де емес, солардың алыс жаңғырық көлең­кесі сияқты қалт-құлт еткен, аты бар да, заты жоқ құрылым еді. Алтын Орданың соңғы беклербегі Темірдің төңіректен түңіліп, қартайған шағында қажыға баруға жиналғаны осы кез. Бидің аузына қараған ызғындай жұрттың тағдырын зар ғып жырлаған Шалкиіз оны Мекке сапарынан тоқтатты.
1485 жылы Меңлігерей ат ойнатып, өзі қалт-құлт еткен Орданың берекесін кетірді. Шалкиіздің “Арық хан” толғауы осы оқиғаның жаңғырығы.
Ноғай ғалымы Сикалиев жиып, бастырған Шалкиіз жырларында:
Әзіке Мансұр күнінде
Бұқа міндім ноқталап.
Әзіке Мансұр күнінде
Быламық іштің былғалап, – деген жолдар кезігеді. Әзікені жағымсыз кейіпте суреттеу өзге де толғауларда бар.
Бұл Әзіке кім? 1486 жылдан кейін есімі хатқа ілікпейтін Темірді о дүниелік болды деп есептеуге негіз бар. Оның орнына Ордаға Темірдің інісі Дінсопы ұлы Жанқуат би болды. 1490 жылдан бастап сахнаға оның інісі Әзіке шықты. Ол сол жылдың қыркүйегінде адалдыққа ант-су ішіп, Қырыммен келісім-шартқа отырды. Қырым ханы оларға жерлерінде қыстап шығуға рұқсат етті. Сөйткенде Әзіке бастаған ордалықтар барып елін талап, ауа көшіп, іргені аулақ салып Днепрге ұзады. Әзіке онымен де қоймай Иван ІІІ-ті Қырымға қарсы достық одақ құруға шақырып, елші жіберді (В.В.Трепавлов. История Ногайской Орды. М, 2002. 124-125-бб.).
Осының ақыры 1502 жылғы Меңлі­герей­дің қарсы жорығына ұласып, Тақыт елінің тарихтан ізі өшуіне әкеп соқтырды. Шалкиіз теріс пікірде болған Әжіке осы кісі. Жырау Үлкен Орданың соңғы күндерін дәл басып айтқан:
Ақсүйектер әрі-бері тартысса,
Әзіз орда абырарға ұқсайды.
Әзіз орда алып болып таралса,
Ауыр Ноғай аз боларға ұқсайды
(Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, 2000. Том ІІІ. 324-б.).
Шалкиіз Тақыт еліне Әзіке беклербек болған соң, ол жұртты тастап шыққан.
Отың секер, суың шәрбәт,
Көп Ноғайлы көп жайлаған жерімсің.
Талайсыз Шалкиіз бұл күнде
Қазақ шығып барады,
Біздей болған жырауға,
Жолың болсын дермісің? (Сонда, 223-б.).
Сонымен беклербек болған Әзікемен келісе алмай, 1490 жылдары Шалкиіз Орда­­дан ірге айырды деуге негіз бар. Ол Әзі­­тар­хан хандығына көшіп, Еділдің шы­ғыс бетіндегі Бозан суын жайлаған Қон­ды­рау ноғайларының арасына қоныс тепкен.
Жоғарыдағы жырлар Шалкиіздің соңғы жырлары сияқты. Жырау шығарма­ларының ішкі тынысы 1440-1490 жылдар­дың арасын қамтиды. Соған сүйеніп, ол 1420-1500 жылдар аралығында өмір сүрді деп шамалаймыз. Жырау шығарма­шы­лығында 1490 жылдан беріге жатқыза­тын өлең жолдары жоқ.
Оның бақилық орнын Астрахан об­лысы, Володар ауданының көне зират­тары­нан іздеген жөн.
Тарихи және шежірелік деректер Шал­киіз ұрпақтарының Астрахан іргесін­дегі Бозан суы бойында, қазіргі Володар ауданының жерінде болғанын айғақтайды. Астрахан іргесінде “тұмақ”-жатақ боп отырып қалған Ноғайлы ауылдарына орыс әкімшілігі “сенімсіздік” білдіріп, 1740 жылы Сақмар өзеніндегі Озерный бекінісінің қарамағына көшіруге шешім қабылдайды. Зорлап көшірілген жерлері­нен 25 отбасы, 138 адам 1745-47 жылдары қашып, қазаққа келіп қосылады. Орынбор отаршылары оларды ұстап алып, қоныста­рына қайтаруды Нұралы ханға тапсырады. Нұралы жоқты-барды сылтау айтып жүріп, аяқсыз қалдырады (История Казах­стана в русских источниках XVІ-XX веков. Алматы, 2005. Том ІІІ. 420-б.).
Бұл оқиға Кіші жүз қазақтары арасын­да жақсы белгілі. 1810 жылдар шамасында Махамбеттің әкесі Өтемістің, Бөкей хан ордасында отырып ноғай-қазақ Шомбалға бағыштап айтқан сөзі ел аузында сақталған: “Мына отырған Шомбал ғой, елінен қашқан домбал ғой. Асылы оның Орауыл, Орауылдан қашқан он ауыл. Арбасының ізі жосылған, Байұлына келіп қосылған. Құдай бақ берген соң ханның оң тізесі орын болды оған” (Ә.Сарай. Екі тарлан. Алматы, 2003. 89-б.). Бұл әңгіме Ығыл­ман Шөрековтің “Исатай-Махам­бет” дастанында да бар. Қояс руының шежіресі 25 үйді алып қашып, қазаққа қосқан Аружан батырды Шалкиіздің ұрпағы деп біледі. Олар Беріш Саржала батырды паналап, өсіп-өніп, енші алғанға дейін беріш арасында болған. Осы рудың өкілі Елеш Ақбаевтың шежіресінше, Қоястан – Шалкиіз – Ержақай – Жанғабыл – Бекболат – Аружан – Қараша – Қалмамбет – Шақа – Сақ – Байғазы – Құрманғазы – Құлмұхамбет – Өтелі – Ақбай боп келеді.
Торы айғыр тоқпақ жалды тоғайда бар,
Хас сұлу көзі күлім Ноғайда бар, –
деп шырқалатын өлең жолдары осы ауылдың сұлуларына бағышталған.
Беріштер беріге дейін оларды ағайын тұтқан. 1835 жылы Исатай өз ағайыны Балқы биді кетіріп, орнына Шомбалды қоюға әрекеттенген.
Сонымен тарихи деректер негізінде Шалкиіздің өмір сүрген кезеңі мен ортасын анықтаудың сәті түсті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет