Шалкиіз Тіленшіұлы Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560 ж.ш.) – жырау, орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. Жыраудың әкесі, сахара феодалдарының бірі болса, шешесі Кіші жүздің ұйтқысы болған, орыс деректерінде Сыртқы Орда аталатын ұлыстың әмірі Мұса бидің қызы еді. Ол үш айлығында анасынан айрылып, нағашыларының қолында тәрбиеленді. Шалкиіз жас кезінен-ақ ер жүрек жауынгер әрі талантты жырау ретінде даңққа бөленді. Жігіттік шағы Ноғай Ордасындағы Мұса бидің маңайында өтті. Кейіннен Үлкен Орданың әміршісі Мансұрұлы Темір бидің және ноғайлы Жүсіп бидің төңірегінде, өмірінің соңғы кезін қазақ ханы Хақназар маңында өткізді.
Жырау туындылары әсерлі, өткір, аз сөзге көп мағына сыйғызған сұлу сазды көркемдігімен ерекшеленеді. Оның «Асқар, асқар, асқар тау...», «Қоғалы көлдер...», «Арғымақ ару аттар...», «Ор, ор қоян, ор қоян...», т.б. шығармаларында орта ғасырлық қарапайым көшпелілердің өмірі туралы нанымды, моральдық, этикалық түсініктер көрініс тапқан. Ал «Алаштан байтақ озбасы...», «Жапырағы жасыл жаутерек», «Ер шобан», т.б. жырлары ерлік рухқа, асқақ романтикаға толы. Шалкиіздің халық арасына ең көп тараған шығармалары ? «Би Темірге айтқаны», «Би Темірді қажы сапарынан тоқтатуға айтқан» толғаулары.
Ол ертедегі қазақ поэзиясының өлең өрнегін байытқан ақын. Оның шығармалары 19 ғасырдан бері қарай қағаз бетіне түсе бастады. Қазан төңкерісінен кейін 1875 жылы орыс және қазақ тілдерінде «Императорлық орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімінің жазбалары» жинағында жарияланды. Кейін аталған жинақта, «Астараханский вестник» газетінде, Ы.Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясында» және басқа да жинақтарда, ал кеңес дәуірінде «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15-18 ғасырлар қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жарық көрді. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 9 том
Қазақ жыраулық поэзиясының атасы Шалкиіз Тіленшіұлы Жайықтың шығыс бетінде дүниеге келген. Жыраудың әкесі, сірә, сахара ақсүйектерінің бірі болса керек, ал шешесі кейін Кіші жүздің ұйытқысы болған, орыс деректерінде Сыртқы Орда (Заяицкая Орда) аталатын ұлыстың әмірі Мұса бидің қызы екен. Болашақ жырау үш айлығында анасынан айрылады да, нағашы әжесінің қолына беріледі. Сөйтіп, Дәшті-Қыпшақ жерін жайлаған түркі руларының бірінен екіншісіне көшкен бір ғасырға жуық сапары жөргектен басталады. Мұсылманша жақсы білім, сахара салтымен тамаша тәрбие алған ол қай атырапта өсіп, ержетті - бұл жағы белгісіз. Тек айдынды аламан ғана емес, арқалы жырау ретінде де даңқы шыққан Шалкиізді 1490 жылы Ноғайлы әміршісі Темір бидің төңірегінен көреміз. Шығармаларына қарағанда, осы кезде жырау бірде әскери жорықтар сапында,бірде әміршісінің нөкері қатарында Қырым, Терістік Кавказ, Дон бойын тегіс аралап шығады. Алайда тәкаппар жырау Темірмен үнемі жарастық таба бермеген. Темір өлгеннен соң жырау (тәрізі, осы уақытқа дейін өзімен қырбай болып жүрген) Мұса ұрпақтарымен қайта табысады. Өз заманындағы саяси күрестердің ешқайсысынан сыртқары қалмаған Шалкиіз Ноғайлыда XVI ғасырдың 40-жылдары басталған Жүсіп пен Исмайылдың әйгілі тартысы кезінде Жүсіпті жақтайды. Алайда дұшпандары тарапынан қуғынға, достары тарапынан күндеуге ұшыраған жырау көп ұзамай нағашыларымен біржола араздасып, Қазақ Ордасына қайта өтеді.