Проблемалық оқыту шартты түрде төрт деңгейден тұрады. Бірінші деңгей мұғалімнің айтқан материалын тыңдап, берілген тапсырмаларды орындауды қамтиды. Екінші деңгейде алған білімін жаңа жағдайда мұғалімінің көмегімен, жартылай өзі орындауы арқылы іске асырады. Үшінші деңгейде оқулық бойынша берілген тапсырманы өздігінен іздене отырып, орындайды. Төртінші деңгейде шығармашылық тапсырмалар орындай отырып, өзі талдау жасайды.
Оқушының алдына проблемалық жағдаят қою арқылы материалды меңгерту – проблемалық оқытудың басты шарты. Проблемалық жағдаят оқушының ойлау қабілетін жетілдіреді, өздігінен шешім қабылдауға жетелейді. Проблемалық оқытуды қолдану үшін мұғалім тақырып бойынша оқушының білім деңгейін және олардың шығармашылық қабілетін ескеруі тиіс. Іріктеліп алынған сұрақтар оқушының жауап беруін талап ететіндей, салыстыру мен талдаудан тұратындай болуы қажет.
Проблемалық оқыту оқушылардың ғылыми таным нәтижелерін, білімдер жүйесін ғана меңгеріп қоймай, сонымен бірге бұл нәтижелерге жету жолын өздігінен табуға жетелеп, оқушының таным дербестігін қалыптастырады. Проблемалық оқыту ойлау операциялары (талдау, қорытындылау т.б.) арқылы жүзеге асатындықтан, оқушының ойлау қабілетін дамытып, өзіне деген сенімділігін қалыптастыруға игі әсер етеді.
Проблемалық оқыту оқушының білетіні мен білмейтінінің арасындағы қайшылыққа құрылып, ол мәселелерді шешуге деген проблемалық жағдаят туғызады. Осымен байланысты оқушының ізденушілік қабілеті дамиды. Проблемалық оқыту оқушының ерекшеліктерін ескере отырып, оның алдына шешілуі тиіс мәселелерді қояды.
Бақылау сұрақтары: 1. Білім беру технологиясы дегеніміз не?
2. Қандай білім беру технологияларын білесіз?
3. Білім беру технологияларын зерттеген қазақстандық ғалымдардың еңбектерін атаңыз?
4. Қазақ тілін оқытуда қолданылатын тиімді технологияларды атап, дәлелдеңіз.
Лекция тақырыбына сәйкес СӨЖ тапсырмалары:
1. Қазақ тілі сабағында деңгейлеп оқыту технологиясын пайдаланудың тиімділігі
2. Деңгейлеп оқыту технологиясы туралы жалпы түсінік
3. Педагог-ғалым В.П.Беспальконың деңгейлеп саралап оқыту туралы айтқан пікірлері