Лекция. Педагогикалық шеберлік ұғымының мазмұны


Педагогикалық шеберлік және оның мазмұны



бет2/5
Дата26.12.2023
өлшемі38,07 Kb.
#199411
түріЛекция
1   2   3   4   5
Байланысты:
2-лекция

1. Педагогикалық шеберлік және оның мазмұны
Педагогикалық өнердің маңызды бөлімі – бұл педагогикалық шеберлік. Педагогикалық шеберлік тұлғаның тәлімі мен қалыптасу үдерісіндегі педагогикалық өнердің толық іске асуын қамтамасыз етуші ептіліктер мен дағдылар қорының педагог тарапынан мүлтіксіз меңгерілуінен көрінеді. Педагогикалық шеберлік үнемі жетіліп отыруды қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу өнері. Ол өнерге балаларды сүйетін және өз қалауымен жұмыс істейтін әр педагогтің қолы жетуі мүмкін. Педагог — өз ісінің шебері, жоғары мәдениетті, өз пәнін терең меңгерген, ғылым мен өнердің тиісті салаларынан хабардар, жалпы, әсіресе балалар психологиясының мәселелеріне қанық, оқыту мен тәрбиенің әдістемесін жетік игерген маман.Әдетте, «шеберлік» өз кәсібін жете меңгерген жұмыскердің бай тәжірибесімен байланысты. Оның қалыптасып, кемеліне жетуі тәжірибеге, тәлім, тәрбие істерінің құралдарын шығармашылдықпен түсіне, пайымдай білуіне тәуелді. Сонымен бірге кәсіби мәселелерді шешуде тиімді әдістер
жүйесін қолданып, жоғары сапада орындай алуда, педагогикалық ықпалды жеке- даралыққа келтіріп, педагогикалық әдеп сақтаумен қарым-қатынасқа түсу мен ортақтасуда, еңбекке ынталандырудың әсерлі жолдарын пайдалануда көрінеді. Сондай-ақ педагогикалық шеберлік мазмұнын келесідей көрсеткіштермен саралауға болады:
1) психологиялық-педагогикалық ой-өріс;
2) дамыған кәсіптік қабілеттер (кәсіби қырағылық, болашаққа сенімді болжам, епті ұйымдастырушылық; шапшаң ауысымдылық, жауап әрекеттер сәйкестігі, педагогикалық сезімталдық);
3) педагогикалық техника меңгерімі (мұғалімнің балаларға ықпал жасаудағы өзіндік тәсілдер жүйесі).
Шебер педагогқа тән негізгі сипаттар: күрделі мәселелерді түсінікті тілмен, ұтымды да ұғымды формада ұсына білу ептілігі, өз әрекетімен қай баланы да еліктіре білуі, шәкіртті белсенді іс-әрекетке келтіріп, оны шығармашыл білім ізденісіне бағыттау, бақылай білу, өз өміріне, оның әрқилы қылық-әрекетінің себептеріне, олардың қалыптасуына ықпал жасаушы деректер мен құбылыстарды талдау, өзінің қызмет мәнерін ескерумен білім алу кеңістігін ұйымдастырудың нақты шарттарына сәйкестікке, теориялық және қолданбалы психологиялық-педагогикалық білімдерді, озат педагогикалық жетістіктерді өзгеріске келтіріп, жаңалап отыру болып табылады.
Педагогикалық шеберлік шеңберінде мазмұн мен әдістеме саласындағы мұғалімнің өрісін ғана емес, оның адамзат білімдері мен тәжірибесін епті, түсінікті, орынды әсер жолдарымен жеткізу тәсілдерін меңгерумен ғана емес, тәрбиеленуші көңіл-күйін жоғары да нәзік сезімталдықпен тану қабілетін де ескерген жөн. Оқу-тәрбие үдерісінде шексіз кезігіп жататын педагогикалық міндеттерді жоғары табыс дәрежесінде шеше білудің жаңа әдістері мен формаларын іздестіруге болған ынталылықты да - педагогикалық шеберліктің аса маңызды қырынан десек қателеспейміз. Мұғалімнің педагогикалық шеберлігі өз айналысқан кызметтің психологиялық құрылымындағы барша бірліктерді таза күйінде қамтиды әрі оның ғылыми ізденістерінен құралады, яғни мұғалім шеберлігі – біртұтас - ғылыми педагогикалық шығармашылдықтың өнімі. Педагог шеберлігі теориялық білімдер мен тәжірибелік ептіліктердің табиғи бірлігінен туындайды. Ал шеберлік деңгейі мұғаліммен әрекеттестік қатынасқа түскен шәкірттерге бағытталған педагогикалық ықпал тәсілдерін меңгеруі мен олардың нақты жағдайларға сәйкестік дәрежесіне тәуелді. Педагогикалық шеберлік құрылымы күрделі де көп қырлы, ол педагогикалық іс-әрекет мазмұнымен, кәсіби-шығармашыл міндеттерімен айқындалады.
Педагогикалық шеберлік негізі - бұл шығармашылдық. Көбіне шығармашылдық тәлім үдерісінде әрқилы әдістер мен формаларды, кәсіптік білімдер мен тұлғалық сапаларды тиімділікпен, әр сәтте жаңалап әрі орынды пайдалана білуден көрінеді. Педагогикада кәсіби қызметтің сапасын анықтайтын біртұтас әрі жүйелі түсінік “педагогикалық шеберлік” болып табылады. Орыс тілінің сөздігінде “шеберлік белгілі бір саладағы өнер” деп анықтама берілген. Ал шебер өз ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізген маман делінген (С.И.Ожегов, 1990). Педагогикалық шеберлікті адамның педагогикалық жұмысындағы жоғары өнерге қол жеткізген ерекше қалпы ретінде қарастыра отырып, оның кәсіби қызметтік жеке тұлғалық тұрғыдан өзіндік өлшемі бар екенін ескеру қажет. Педагогқа қойылатын талаптар туралы ағарту саласы бойынша халық комиссары А.В.Луначарскийдің мақалалары мен басылымдарында жарияланған сөздерінен білеміз. 1928 жылы тәрбиешілер мен қоғам қайраткерлерінің мәжілісіндегі сөзінде, ол педагогқа жүктелетін жауапкершілік ерекше екенін атап айтқан: “егер алтын құятын шебер оны бүлдіріп алса, оны қайта құюға болады, егер асыл тастар бүлінсе іске алғысыз болып қалады, бірақ ең зор бағ ажетпес гауһар – өмірге келген адам. Адамды бұзу ең ауыр қылмыс немесе күнәнің үлкен күнәсі. Бұл материалмен алдын ала не істейтініңді анықтап, нақты , айқын жұмыс істеу керек” дейді.
Н.К.Крупская 1932 жылы жарыққа шыққан “Мұғалім туралы” деген мақаласында төмендегі критерийлерді анықтады:
- мұғалім өз пәнін, әрбір оқушыны, еңбекті ұйымдастырудың ғылыми негіздерін білуі керек;
- оқытудың әдістемесін меңгеруі;
- оқу және тәрбие жұмыстарын ұштастыра білуі;
- оқушының қабілетін оята білуі қажет. В.А.Сухомлинский бұл түсінікке нақты анықтама бермейді, дегенмен, ол педагог тұлғасы тәрбиеленушіні тәнті ететін, өзіне тарта білетін, рухтандыратын болуы керек деген пікір айтады. Ол: “идеалдар мен қағидалардың, көзқарастары мен талғамының, симпатия мен антипатияның, моральдық – әдептілік қағидаларының педагогтің сөзі мен ісіндегі гармоналды тұтастығы – міне, осындай қасиеттер жалындаған жас ұрпақтың жүрегіне жол табатын шоқ жұлдыз болады” дейді. Сондай-ақ, ауызбіршілік тәрбиеші үшін органикалық қажеттілігі ретінде өте маңызды, әрі жан дүниесін, жеке бақытын, ой санасын онсыз елестете алмайтын өмір заңы екенін айтады.
А.И.Щербаков педагогикалық шеберлік – мұғалімнің ғылыми, әдістемелік өнерінің, білігі мен дағдысының, жеке қасиеттерінің үндесіп, үйлесуі деп есептейді. Мұндай үйлесімді тұтас әдістемелік өнер тек шығармашылықпен ғана туындайтыны айдан анық. Бұл өнердің басты атрибуты – өз жұмысын үлкен жауапкершілікпен орындау дейді.
Ю.П.Азаров тәрбиешінің шеберлігінің маңызы туралы айта келіп, оның мәнін төмендегіше ашады: “педагогикалық шеберліктің негізі бала тәрбиесінің заңдылығын білу болып табылады” дейді. Одан әрі шеберлікті құрайтын құрамдас бөліктерінің өзара әрекеті туралы айта келіп, шеберлікке берген анықтамасын дамыта түседі: “сезім мен техниканың өзара әрекеті педагогтің жеке тұлғаға немесе ұжымға жаппай эмоционалды образды ықпал жасауына әкелетінін” айтады.Міне, шеберліктің құдіреті – осындай тұтасқан үйлесімде. Н.В.Кузьмина шеберлікті маманның өз жұмыс жағдайын зерттеп, зерделей білуі, кәсіптік міндеттерін оңтайлы шешу үшін кәсіби біліктілікті, дағды мен білікті меңгеруі деп анықтайды. Н.В.Кузьминаның пікірінше, педагогтың кәсіби шеберлігі тәжірибе мен оқу міндеттерін шеше білуді жоғары деңгейде меңгеру. Бұл жалпы еңбек пен жалпы интеллектуалдық білік қалыптасқанда ғана жеткілікті биік дәрежеге ие болады (талдау, синтездеу, жалпылау, ауыстыру, нақтылау саласында).
Ю.К.Бабанский “мұғалім-кәсіби технологияны еркін меңгерумен, шығармашылығымен бала оқытуда және тәрбиелеуде ерекше шебер” деп көрсетеді. Сондай-ақ автор педагог еңбегінің қарапайым қырларын дұрыс талдау және педагогтық оптималды шешім жасау мен оқушының жеке басы сияқты қасиеттерге тоқталады.
Н.В.Кухарев мұғалімнің белгілі дәрежедегі педагогтық шеберлігін қарастырудың дұрыстығын айта келіп, оның шеберлігі психологиялық – педагогтік дайындығының жоғары деңгейіне негізделуі шарт дейді.
В.А.Сластениннің педагогикалық шеберлікке берген анықтамасы Ю.П.Азаровтың пікіріне жақын, ол педагогтік шеберлікті педагогикалық технологиямен өзара байланыстырады, дегенмен, ол тек операциялық компоненттермен шектелмеуі керек, адамның жеке іскерлігі мен оның бойында педагогтік процестің жоғары тиімділігін анықтайтын қасиеттерінің сабақтасып жатуы керек деген пікір айтады.
В.А.Мижериков және М.И.Ермоленко педагогикалық шеберлік педагогтік қызметтің дамуының биік сатысын жасай отырып, педагогтің педагогикалық технологияны игеруін, кәсіби және азаматтық бағытын, тәжірибесін, бүтіндей тұлғасын көрсете алатынын айтады. Педагогтік шеберліктің мәні жоғары нәтижеге қол жеткізетін білімді, білік пен дағдыға ұштастыру арқылы жүзеге асқан қызметтің деңгейімен анықталады.
А.А.Сидоров, М.В.Прохорова және Б.Д. Синюхин педагогтік шеберлік педагогикалық мәдениеттің тірек компоненті деп есептейді және шеберлік сан алуан оқу- тәрбие ісіне байланысты міндеттерді табысты шешуде педагогтің жеке басының қасиеттерімен қоса оның психологиялық – педагогикалық ойлауы, кәсіби білігі, дағдысы мен эмоциясы өзара сабақтастық табатын ерекшеліктері деп анықтайды. Педагогтің жеке-
дара мәдениеті – тұлға әлемі. Мұғалім мәдениеті өзін-өзі жетілдіру үшін педагогикалық еңбектің мақсатын және оларға жету тәсілдерін еркін таңдауға мүмкіндік беретін кәсіби іс-әрекет пен өзіндік сана-сезім негізінде қаланады, іс-әрекеттің кәсіби және интеллектуалды тәжірибесін меңгеру жағдайында туындайды. Кәсіби мәдениет – еңбек нәтижесі мен адамзаттың жалпы мәдениетінің өнімі. Тұлғалық мәдениет дегеніміз, әлеуметтік іс-әрекеттің әр түрлі формалары арқылы әлеуметтік шараларды ережеге сәйкес өзін-өзі жүзеге асыруы, ал білім беру жүйесінде педагогтің қызметтік мәртебесіне ие. Мұғалім-кәсіпкердің әлеуетті құндылығы осы мәдениеттің кірігуі мен тұтастығын қамтамасыз етеді. Мәдениет өзін-өзі реттеу негізінде әлеуметтік-кәсіби ортада қалыптасып дамиды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет