2-Лекция. Педагогикалық шеберлік ұғымының мазмұны Жаңа адамды қалыптастырудың көпқырлылығы мен күрделілігі қазіргі тәрбие теориясы мен практикасы үшін педагогикалық шеберлікті қажет етеді. Педагогикалық шеберлік, бір жағынан, педагогтің педагогикалық мәдениетінің маңызды құрамдас бөлшегі болса, екінші жағынан, кәсіптік даму мен жетілдірудің алғышарты болып табылады. Педагог білім мен дағдының, қабілеттіліктің тұтас кешенін игерген жағдайда ғана маман бола алады. Педагогикалық үдеріс тұтастығымен және жүйелілігімен сипатталып, барлық педагогикалық құралдар өзара байланыста болса ғана тәрбие мен оқыту шындыққа айналады. Тәрбие, оқыту мен дамыту тұтас болып біріккенде ғана шығармашылық, үйлесімділік жағынан дамыған тұлға қалыптасады.
Педагогикалық біліктілік – іс – әрекеттің барлық түрлерін тұлғаның әлеуметтік іс- әрекетіндегі қажеттілікке, дүниетанымы мен қабілеттерін қалыптастыруға, жан-жақты дамуы мен жетілуіне бағыттау белсенділігін арттырудағы кәсіби шеберлік. Қазіргі педагогикалық білім беру тұжырымдамасы болашақ мамандардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, терең ғылыми кәсіби-педагогикалық дайындыққа қол жеткізу үшін алғышарт жасауды ұсынды.
Педагогикалық шеберлік – үнемі жетіліп отыруды қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу өнері. Ол өнерге балаларды сүйетін және өз қалауымен жұмыс істейтін әр педагогтың қолы жетуі мүмкін. Педагог – өз ісінің шебері, жоғары мәдениетті,өз пәнін терең меңгерген, ғылым мен өнердің тиісті салаларынан хабардар, әсіресе балалар психологиясының мәселелеріне қанық, оқыту мен тәрбиенің әдістемесін жетік меңгерген маман. Педагог әрқашанда өзін қоғам талабына сай үздіксіз тәрбиелеп отыратын, адамдармен, оқушылармен қарым-қатынасқа тез түсе білетін, ұйымдастырушылық қабілеті бар, өз пәнін жетік білетін әрі уағыздаушы, таланты мен тәжірибесі тоғысқан, өзінің қоғамындағы саяси өмірге белсенді араласып, өз елі жеріне деген сүйіспеншілігі негізінде оқушыларға үлгі болуы керек. Шебер педагог көзі қарақты, құлағы сергек, көкірегі ояу, білім беру саласында атқарылып жатқан игі істердің куәсі болуы шарт.
Педагогикалық шеберліктің қалыптасу мәселесі, оның мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынастағы рөлі жайында педагогика мен психология саласында Ю.П.Азаров, Ю.К. Бабанский, Н.В.Кузьмин, С.Д.Смирнов, В.А.Сластенин , Н.Д.Хмель, Шкутин Л.А, Н.В.Александров жұмыстары, Н.В. Кухарев, А.В.Мудрик, А.В.Петровский, В.И.Слуцкий, П.И.Пидкасистый, Л.И.Рувинский, А.А.Гин, А.П.Чернявская, А.А.Калюжний, Н.В.Мирза, Т.П.Смолькина және басқа да ғалымдардың еңбектерінде педагогикалық шеберлікті жетілдірудің жолдары ашылып, зерттелді. Жаңашыл- ұстаздардың Ш.А.Амонашвили, В.Ф.Шаталов, Ю.П.Фокин, Е.Н.Ильин, С.Н.Лысенковая және де басқалардың үлкен жаттығу тәжiрибесi «мұғалім–тәрбиеленуші» жүйесінде қарым-қатынастың тиімді болуына жоғарғы педагогикалық шеберлік әсер ететіндігі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Заман ағымына сай біліммен қаруланған ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған маман-уақыт талабы. Шебер педагог білімді, тәжірибесі мол, жан-жақты бола отырып, оқушыларды жеке тұлға етіп қалыптастыру мақсатында білім мен тәрбиені ұштастыра алуы қажет. Әр оқушының дарындылығын айқындау, олардың дамуына қолайлы жағдайлар жасау, мектеп, отбасы, педагогтың рөлін анықтау, студенттер мен мұғалімдер ұжымын қалыптастыру – педагогикалық шеберлікті жетілдіруге негізделеді деп есептейміз.
Педагогикалық шеберліктің тағы бір көрінісі – мұғалімнің шығармашылық іс- әрекеті, яғни оның тұлға ретінде жеке даралығы мен жеке басындағы ерекшеліктерінің өзгеріске ұшырауы.
Педагогикалық шеберлік – ұстаздық талантпен тығыз байланысты. К.Д.Ушинский: «Педагогикалық теорияны қаншама жетік білгенімен, педагогикалық әдептің қыр-сырын меңгермейінше, бұған оның қолы жетпейді»,- деген. Педагогикалық шеберлік –
мұғалімнің жалпы, жан-жақты және әдістемелік сауаттылығы ғана емес, сонымен қатар оны әр оқушыға жеткізе білуі, оларды толық қабыл алуы.
Ұстаздық шеберлік:
Мұғалімнің өмірге көзқарасы, оның идеялық нанымды, моралды бойына сіңірген адам екендігі.
Пәнді жетік білетіндігі, ойын толық жеткізетін және оқушылардың бойында әдеп, әдет, дағды сияқты моральдық нормаларды сіңіре білетіндігі.
Оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін меңгерген , білгенін қызықты да тартымды өткізе алатын, педагогикалық әдеп пен талантты ұштастырған адам ғана шеберлікке ие болады. Педагогикалық шеберлікте педагогикалық техника деп аталатын мәселеге мән беріледі. Мұғалім әр сөзін дұрыс, анық айтуға тиіс, оның жүріс-тұрысы, қозғалысы, отырып-тұруы оқушыға ерсі көрінбейтіндей дәрежеде болуы керек.
Педагогикалық шеберлік негізі – балалардың өз еркімен дамуына жол ашу, оқу-тәрбие үдерісінде оқушылармен педагогикалық ынтымақтастық жұмыс атқарудың формаларын, әдістерін дамыту, шәкіртке деген қамқорлық пен сүйіспеншілікті арттыру педагогикалық шеберліктерінің басты сипаты болып табылады. Қоғамда болып жатқан терең әлеуметтік – экономикалық өзгерісткр алдыңғы қатарға білім жүйелерін дамыту мәселелерін қойып отыр. Бұл мәселелерді саналы түсіну және білімді жандандырудың жаңа жолдарын іздеу – тұлғаға бағытталған білім үлгісінің қалыптасуына негіз болады.
Өзінің кәсіби, мәдени және басқа да құндылықтардың иесі екенін саналы сезінетін адам ғана өз қызметінің ғаламдық мақсаттарын дұрыс таңдай алады және оларды жүзеге асырудың жолдарын барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып жүзеге асырады.
Сондықтан болашақ маманды даярлауда алдыңғы қатарға педагогикалық терең білім-танымды көрсетуі және өзінің педагогикалық ұсынымын айқындауы арқылы оқушылармен, студенттермен, әріптестерімен қарым-қатынас жүйесін берік орнықтыру мүмкіндігін беретін жоғары педагогикалық мәдениет пен педагогикалық шеберлік негізінде кәсіби білік пен дағды қалыптастыру мәселелері қойылып отыр.
«Педагогикалық шеберлік» атты оқу – әдістемелік құралының мазмұны пәннің теориялық және практикалық курсын қамтыған. Қосымша бөлімінде студенттердің өзін- өзі тексеруге арналған бақылау сұрақтары, педагогикалық жағдаяттар, тапсырмалар беріліп отыр. Бұл оқу – әдістемелік құралында оқытушының педагогикалық шығармашылығы, педагогикалық шеберлігі , педагогикалық технология, педагогикалық қарым-қатынас мәселелері де назардан тыс қалмады.