Қазақстанның адам және экономикалық ресурстарын жауға соққы беруге мобилизациялау.
1941 жылы темір жолда әскери жағдай енгізіліп, әскер тәртібіне көшу темір жол
аркылы жүк, шикізат тасуды жақсартты. Ескі жолдарда поездардың өтуі жиіледі. Ақмола-
Қарталы жол бөлігі іске қосылды. Темір жолдағы жұмыстың көбін әйелдер атқарды. Олар
теміржолшылардыц 35 пайызын қамтыды. *
1944 жылы Текелідегі қорғасын - мыс комбинатының бірінші кезегі, Өскемен мыс зауыты іске қосылды. Республикада қара металлургия, мұнай өндеу өнеркәсібі қалыптасты. Ертісте халықтық құрылыс Өскемен ГЭС-і салынып бітті.
Бұл жылдарда Қарағанды көміршілері Сібір, Орал, Поволжье өнеркәсіп аудандарын жоғары сапалы кокстелген көмірмен жабдықтап тұрды. Жер астында жұмыс істеген лавалардың саны 1941-1945 жылдары 63-тен 158-ге дейін өсті. 19 жаңа шахта мен 3 көмір разрезі іске қосылды. Шын мәнінде тағы бір жер асты Қарағандысы пайда болды. Соғыс жылдары Қарағанды көмір алқабында 34 млн. тонна көмір шығарылды, бұл соғысқа дейінгі бассейнде шығарылған көмірден 3 млн. тонна артық деген сөз. Мұнай кәсіпшілігінің қуаты артты. Қошқар, Комсомольск, Жолдыбай мұнайшылығы іске қосылды. Соғыстың соңғы үш жылында Қазақстан 2472,2 мың тонна сапалы мұнай өндірді. 1941 жылғы қаңтардан 1945 жылға қаңтарға дейінгі аралықта Қазақстанның электр энергиясын өндірудегі Одақ бойынша үлес салмағы 1,31-ден 2,67 пайызға дейін өсті. Соғыс кезінде барлығы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахта және басқа өндірістер салынды. Өнеркәсіптің өсу қарқыны артуы нәтижесінде оның республикадағы халық шаруашылығындағы үлес салмағы 60 пайыздан 1945 жылы 66 пайызға дейін өсті. Темір жолдың ұзындығы 1940 жылғы 6581 шақырымнан 8400 шақырымға дейін жетті. Руда мен мұнай өнімдерін тасымалдау 4 есе, көмір мен қара металды тасымалдау екі есе артты. Қазақстан өнеркәсібінің соғыс жылдарындағы Жеңіске қосқан үлесі Кеңес халқының ауыр күндердегі сүйеніш, тірегі болғандығын қазақ халқы орынды мақтан етеді.
Қазақстанның колхозшы шаруалары соғыстың жеңіспен аяқталуына қомақты үлес қосты. Село еңбеккерлеріне көмекке қала тұрғындары келді. Республиканың колхоз-совхоздарында жыл сайын 300 мыңға жуық қала халқы еңбек етті. Жау басып алған аудандардан көшіп келген шаруалар еңбекте ерліктің үлгісін көрсетті. Солардың бірі - Батыс Қазақстан облысының Теректі МТС-інде істеген Украинаның атақты тракторшысы Паша Ангелинаның бригадасы. Оның берекелі бастамасы мен тәжірибесі жергілікті механизаторлар тарапынан қызу қолдау тапты. Украинаның даңқты қызылшасысы М.С.Демченко Жамбыл облысы Талас өңірінде қант қызылшасын өңдеу әдістерін өндіріске енгізуде шынайы шеберлік танытты.
Қазақстан еңбекшілері тары өсірудің шебері - Шығанақ Берсиевті, атақты күрішшілер - Ыбырай Жақаев пен Ким Ман Сам сияқты үздік шыққан жаңашылдар мен астықтан мол өнім алудың майталмандары Мүнира Сатыбалдинаны, Анна Дацкованы, Нұрке Алпысбаеваларды және т.б. орынды мақтан етті.
Мал шарушылығы өнімдерін өндіру мен қоғамдық мал басының өсу жоспарлары
ойдағыдай орындалып отырды. Қоғамдық мал басы Республикада соғыс жылдарында 3 млн. басқа жуық өсті. Қазақстанның колхоздары мен совхоздары бұл тұста соғыстан бұрынғы бес жылмен салыстырғанда астықты - 30,8 млн. пұт, етті - 15,8 млн. пұт, картоп пен жемісті - 14,4 млн. пұт, сүтті - 3194 мың центнер, жүнді - 17,7 мың центнер артық берді. 1944 жылы Бүкілодақтық еңбек жарысында мал шаруашылығын өркендетудегі орасан зор табыстары үшін Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Гурьев облысының Қызылқоға аудандары КСРО Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Жалпы соғыс кезінде Қазақстанның ауыл-село еңбеккерлері өздерінің патриоттық және еңбек парыздарын айтарлықтай өтеді. 1941-1945 жж. олар майдан мен елге 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа да азық-түлік, өнеркәсіп үшін шикізат берді. і
Еліміздің шығыс аудандары мен Қазақстанның халық шаруашылығының түбегейлі мәселелерін зерттеп, соның негізінде жасалынған ұсыныстарды іске асыруға академик В.Л. Комаров бастаған КСРО ғылым Академиясының Қазақ бөлімшесі Президумының төрағасы, көрнекті ғалым Қ. И. Сәтбаев басқарған республиканың жүзден аса ғалымдары қатысты. Олар қазба байлықтың көптеген жаңа орындарын ашты, олардың майдан мүддесі үшін тез игерілуіне үлес қосты.
Ғалымдар, жоғары оқу орындарының ұстаздары, мектеп мүғалімдері және тағы басқалары халық арасындағы идеялық - тәрбие беру саласында үлкен жұмыс жүргізді. Денсаулық сақтау қызметкерлері қажырлылықпен еңбек етті. Соның арқасында емханаларда емделуде болған жаралы жауынгерлердің жетпіс пайыздан астамы қайтадан қатарға қосылды. Соғыс кезінде 118 техникумнан 92- сі сақталды, онда оқитын оқушылар саны тек 389 адамға ғана қысқарды. 1941 ж. дейінгі 20 жоғары оқу орнына жаңадан төртеуі қосылды. Оларда оқитын студенттердің саны 10,4 мыңнан 15 мыңға дейін өсті.
Республика еңбекшілері өздерінің жеке жинағынан майдан қорына 4,7 млрд. сом ақша берді. Сонымен қатар олар майдангерлерге 2 млн. - нан аса жылы киім, 1600 вагон сыйлық жәнелтті. Республика еңбекшілерінің өздерінің жеке қаражаттарына "Қазақстан комсомолы", Түрксибші", "Қарағанды шахтері", "Қазақстан мұнайшысы", "Қазақстан металлургі", "Қазақстан пиөнері" атты авиаэскадриялар жасақталды. Ол үшін 480 млн. сом қаржы жиналды.
Республика еңбекшілері Ленинградты (қазіргі Санкт-Петербург) қорғаушыларға 400 вагон сыйлық жөнелтіп, жаудан тазартылған аудандардан көмегін аяған жоқ. Орел облысын қамқорлыққа алып, оларға 200 вагоннан аса жабдық, ауыл шаруашылығы машиналарын, азық-түлік, тұрмыстық заттар және 100 мың бас мал жәнелтті. Осындай көмек Украина мен Белоруссияға, Солтүстік Кавказға және Ленинград, Курск, Калинин облыстарына көрсетілді.
Мұның барлығы майдан мен тылдың бірлігін, халықтар достығын нығайтуға үлкен әсерін тигізді. Қазақстан еңбеккерлерінің майданға көмегі қызыл әскерлердің жағдайын жақсартып, олардың жауынгерлік рухын көтерді, Қызыл Армия бөлімдерінің жауды талқандау үшін мүмкін болған нәрсенің бәрін істеуге жігерлендірді. Сөйтіп, Қазақстан соғыстың алғашқы күнінен бастап-ақ Кеңестер Одағы арсеналдарының біріне айналды, оның экономикалық тіректерінің бірі болды.
Достарыңызбен бөлісу: |