1-лекция. Пәнге кіріспе.
Жоспары:
1.Қазақстан тарихы курсының мақсаттары мен міндеттері.
2. Қазақстан тарихын дәуірлеу.
3. Қазақстан тарихын оқытудың маңызы.
Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:
1. Аяған Б.Ғ, Әбжанов Х.М, Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы: Жоғары оқу орындарының тарихшы емес мамандықтарына (бакалавриат) арналған оқулық.- Алматы: «Раритет» ,2010.-448б.
2. Кан Г.В, Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Оқулық.-Алматы: «Кітап»,2012.-312б.
3. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін: очерк.-Алматы : «Дәуір».1994.-446б.
4. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. – Алматы: «Атамұра», 1996-2010ж.
5. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы ( ежелгі және ортағасырлық кезең)/ ҚР Білім және ғылым министрлігі: Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты.-Алматы: «Адамдар» ЖШС, 2007.-431 б.
6 Омарбеков Т. Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері: Көмекші оқу құралы.-Алматы: «Өнер», 2003.-551б.
Қазақстан тарихы егеменді, тәуелсіз мемлекет. Қазақстан Республикасы территориясында өмір сүрген, қазірде өмір сүріп жатқан қазақ және басқа да халықтардың ескерткіші. Қазақстан тарихы бүкіл адамзат тарихының толық мықты бір бөлімі, өйткені ол дүниежүзі тарихы, Евразия тарихы, көшпенділер өркениеті, түркі халықтары тарихы, Орталық Азия елдерімен ұштасып жатады. Қазақстан тарихы - Қазақстанның территориясында ежелгі уақыттан бүгінгі күнге дейін болған тарихи оқиғаларды, құбылыстарды, фактілерді, процестерді, тарихи заңдар мен заңдылықтарды аша отырып, тұтас қарастыратын ғылым.
Қазақстан Республикасы егемендік пен тәуелсіздікке ие болғаннан бері «Қазақстан тарихы» оқу пенінің маңызы арта түсті, оның негізгі міндеттері: халықтың тарихи жадын қалпына келтіру, ұлттық сана мен бірлікті қалыптастыру, азаматтанушылық пен патриотизмді тәрбиелеу.
Қазақстан тарихына қазіргі тұрғыдан қарау дегеніміз, оны дүниежүзілік тарихпен, Евразиялық контингент тарихымен, көшпелілер өркениетімен, түркі халықтарының тарихымен және Орталық Азия елдері тарихымен бірлікте қарастыру деген сөз. Бірте-бірте оның маңыздылығы мен көп функционалды рөлі де арта түсуде. Оның функцияларының ең бастысы, ол мемлекеттік маңызы бар оқу пәніне айналып отыр, мұның өзі оның Қазақстан қоғамын дамытудың маңызды міңдеттерін жүзеге асырудағы рөлінің арта түскендігінен. Сондықтан да бұл еліміздің барлық жоғары оку орындарының (ЖОО) оқу жоспарларына енгізілді. Студенттер жоғары білім дипломын алу үшін мамандық пәні сияқты Отан тарихынан да мемлекетгік емтихан тапсырады. Мұның өзі Қазақстан тарихын оқытатын оқытушыларға да, студенттерге де, ЖОО басшыларына да үлкен міндеттер жүктейді.
- Егеменді Қазақстан мемлекетінің қалыптасып, нығаю міндеттеріне жауап бере алатын тарих білімінің теориялық және әдіснамалық базасын жасау;
- Қазақстан халықтарының ортақ тарихы негізінде Қазақстандық қоғамның бірігуі үшін идеологиялық база дайындау;
- Батыс пен Шығыстың ғаламдық тарихы құрамында өзара байланыста қарастырылатын Қазақстан тарихының өзіндік қайталанбас орнын, сондай-ақ дүниежүзілік тарих пен адамзат өркениетінің тасқынында қарастыруды көздеуі;
- Тұтас қабылдауға негізделген Отан тарихының бірыңғай логикалық стержінін құру, олар мемлекет құрушы ұлттар - қазақтар мен Қазақстан халықтарының этногенезі; Қазақстан территориясындағы мемлекеттіліктің эволюциясы; тарихи фактілер мен оқиғалардың жиынтығы; тарихтың сабақтары;
-Тәуелсіздіктің орнығуы жылдарындағы Қазақстандық даму моделінің мазмұнын, ақиқаттың ғылыми тарихи біліммен толықтырып,осы арқылы Қазақстанның империялықтан кейінгі кезеңнен ойдағыдай шығуына әсер еткен басты себептер мен факторларды анықтау,сөйтіп оның XX-XXI ғасырлар аралығында шаруашылық және идеялық–мәдени даңғылға шығып,өзін-өзі қамтамасыз ететін дәрежеге жеткенін керсету.
"Қазақстан тарихы"оқу пәнінің негізгі мақсаты-Қазақстан тарихының ертедегі дәуірінен бастап, бүгінге дейін негізгі кезендері туралы оның этногенезі, Қазақ халқы мемлекеттілігінің орнығуы мен дамуының үздіксіздігі, сабақтастығы туралы объективтік тарихи білім беру.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТАРИХИ САНА ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Тұжырымдаманың мақсаты мемлекеттік саясаттың тарихи сананы қалыптастырудағы негізгі басымдықтарын айқындау болып табылады.
Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін мынадай міндеттерді атқару керек:
— тарихи ілім-білімнің негізгі-негізгі нысаналарын анықтау;
— тарих ғылымының өтпелі кезеңдегі басты мәселелері мен оны шешудің ықтимал бағдарларын айқындап алу;
— тарихи білім беру мен ағарту ісін реформалаудың жолдарын белгілеу.
Қазақстан тарихын зерделеген кезде, оның Еуразия мәдениеті мен тарихының төлтумасы екеніне сүйену керек...
Қазіргі Қазақстан жері-ежелгі көшпелі тайпалардың малшылықтан егіншілікке алғаш бет бұру үрдісі басталған, сөйтіп отырықшылықтың қалыптасуы мен қала мәдениетінің дамуы бастау алған аймақтың бірі болғаны да бүгінде дәлелденіп отыр.
Қазақстан тарихы-желісі үзілмей келе жатқан тарих, өйткені елімізді мекеңдеген халықтардың мәдениеті сабақтасып жатыр, Еуразияның түркі тілді көшпелі тайпаларының дәстүрі мен мәдениеті қазақ халқының тарихынан жалғасын тауып отыр, сайып келгенде қазақтар-еліміздің аумағындағы байырғы, жергілікті халық, деген идея-тарихи біліміміздің тірегі болуға тиіс принципті идея.
Қазақтардың мемлекеттігі-Қазақстан аумағында ірі-ірі көшпелі империялар мен жеке хандықтар ретінде ежелден өмір сүрген мемлекеттердің заңды жалғасы. XV ғасырда орнаған Қазақ хандығы-жерінің тұтастығы, саяси құрылымы, халқының мәдениеті, діні мен тілі ортақтығы сияқты белгілері жағынан алғанда, дербес мемлекетке қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді.
Тарих ғылымының болашағын ойласақ, оны әдістемелік жағынан қайтадан жарақтандыру керектігі бірден көзге түседі, бұл үшін әлемдік тарихнаманың әдістері мен амалдарын кеңінен пайдалану қажет. Проблемалық, суреттеп жазу, салыстырмалы, құрылымдық, феноменологиялық, идеографиялық әдістерді, тарихи және сыни тұрғыдан талдауды, аналогиялық тәсілді, т.б. әдіс-амалдарды қолдану-тарихтың түйіңді тұстарына аса бай фактологиялық материалдарды шоғырландыруға жағдай туғызып, белгілі деген тарихи жағдаяттардың өзін жаңаша талдап-түсіндіруге мүмкіндік берер еді, сөйтіп зерттеу жұмыстарына соны серпін туғызар еді.
Тарих ғылымы нақты тарихи жағдайды саралау әдісін колдана отырып, тарихи фактілерді зерттеліп отырған уақыттың көзімен талдап бағалауға ұмтылуы керек. Өткен заман оқиғаларын баяндағанда, тек елдің саяси тарихын, мандай алды саясаткерлердің қызметін әңгімелеумен ғана шектеліп қалмай, сонымен бірге рухани және материалдық мәдениет тарихын барша болмыс-бітімімен толық зерттеген дұрыс. Бұл ретте бұрынғы ұғымдық аппаратты жаңғырту, ескірген әсіре идеологиялық терминологиядан бас тарту қажет.Қазақстанның тарих ғылымы алдында:
— Тарихи ілім-білімнің үзіктігі мен біржақтылығынан мүмкіндігінше арыла отырып, өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасау;
— Ежелгі және орта ғасырлар тарихына баса назар аудару;
— Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихын қайта пайымдау;
— Еліміздің осы заманғы тарихының толғақты мәселелерін зерттеуді күшейту;
— Қазақ диаспораларының тарихын зерделеу;
— Ел тарихы мен оны мекендеген әр түрлі этностар тарихының ара жігін ажырата отырып, Қазақстандағы этностық топтардың тарихын жазуға да жеткілікті көңіл бөлу міндеті тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |