ҚР сыртқы саясаты. Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы басты көңіл аударып отырған мәселелердің бірі — елдің шекаралық қауіпсіздігін сақтау. Бізбен солтүстікте бірнеше мың шақырым шекараласатын Ресей мемлекетімен, оңтүстік-шығыста Қытай Халық Республикасымен шекараны тұрақтандырып бекіту міндеті қойылған. Шекара — мемлекеттік егемендіктің басты белгілерінің бірі. Сондықтан бұл маңызды саяси проблема Ресей мен Қазақстан үкіметтері арасындағы кездесулерде әлденеше рет әңгіме арқауы болды. Осының нәтижесінде екі ел арасында 1992 ж. 15 мамырда ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа және 1999 ж. 28 наурызда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Бұл шарттарды басшылыққа ала отырып, Қазақстан мен Ресей әрі қарай да аймақтық қауіпсіздікті бірлесіп нығайту және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сөйтіп сыртқы саясат саласында өзара бірлесіп әрекет ету жолын жалғастыру көзделген.
Ресей мен Қазақстан арасындағы қауіпсіздік және сыртқы саясат мәселесі екі ел арасындағы 1998 жылы шілдеде қабылданған "Мәңгі достық және одақтастық туралы декларацияда", сондай-ақ, экономикалық ынтымақтастық туралы алдағы 10 жылға (1998-2007 жж.) арналған экономикалық бағдарламада өзінің даму көрінісін тапты. Осы келісімдер негізінде Қазақстан Ресей шекара белдеулерінде милитациялау шаралары жүргізіле бастады.
Сонымен қатар, Қазақстан Ресей жалға алып отырған республика аумағындағы полигондарды қысқарту мүмкіндіктерін қарауды ұсынды. Ал 2000 жылдың қаңтар айында Мәскеуде өткен екі мемлекет басшыларының кездесуінде басты үш бағыт туралы келісім жүргізілді. Біріншісі - екі ел саясатындағы қарым-қатынастың сабақтастығы. Бұған заңдылық келісімдік база жеткілікті. Екі мемлекет қызметін реттейтін 200 құжатқа қол қойылған. Екіншісі — қауіпсіздік мәселесіндегі ынтымақтастық. Үшіншісі — шекараны нақтылау мәселесі.
Қазақстанның көрші мемлекеттермен шекарасының жалпы ұзындығы 20 мыңға жуық шақырымды құрайды. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекарасы шамамен 1050 шақырым, Ресей Федерациясымен - 14,5 мың шақырым, Түркіменстанмен - 400 шақырым, Өзбекстан Республикасымен - 1660 шақырым. Ресеймен шекараны делимитациялау мәселесі 1999 жылдан басталды. Осы уақыт ішінде 6400 шақырым мемлекеттік шекаралық желісін анықтау аяқталды. Қалған шекараны делимитациялау ісін алдағы жылдары аяқтау көзделіп отыр.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Қытаймен арадағы шекараны заңдастыруға батыл кірісті. Өзара түсіністік пен мүдделілік бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізді. 1994 жылдың сәуір айында Қазақстан Президенті Н. Назарбаев пен ҚХР Премьер-министрі Ли Пэн екі ел арасындағы шекара сызығын заңдастырып, белгілеу (делимитация) жөніндегі келісім-шартқа қол қойды. Жалпы ұзындығы 1718 шақырымға созылып жатқан желінің екі шағын учаскесінен (бұрынғы Талдықорған және Семей облыстарындағы) басқасы түгел заң жолымен бекітілді. Келесі кезектегі мәселелерді шешу үшін делимитациялық комиссия құрылды. Комиссия қүзырына бағаналар орнату, үшақтан суретке түсіру сияқты жайларды айқындау енді. Жоғары дәрежелі кездесу кезінде шекара мәселелерін толық реттеуге қатысты келіссөздерді одан әрі жалғастыру жөнінде уағадаластыққа қол қойылды. Бұл бағытта 1996-1998 жж. үш арнайы келісім болды. Соның нәтижесі ретінде 1999 жылдың қараша айында Цзянь-Цзэминь мен Н.Назарбаев шекаралық мәселелердің толық үйлестірілуі туралы арнайы коммюникеге қол қойылды. Сөйтіп, Қытаймен шекараны межелеу негізінен аяқталды. Бұл процесс ҚХР-мен тату көршілік қатынастарды нығайтудың маңызды қадамы болып отыр.
Сонымен қатар, Қазақстан бұл жылдары өзінің жақын көршілері - Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Түрікменстанмен арадағы шекара мәселелерін іс жүзінде қандайда бір талассыз әрі дау-дамайсыз түпкілікті реттеуге қол жеткізді.
Шекара мәселесін Азия елдерінде тұрақты шешуде Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) атқаратын рөлін ерекше атап көрсеткен жөн. 1996 жылғы сәуір айында Шанхайдағы кездесу кезінде Ресей, Қытай, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан басшылары шекараларды бұзбау, олардың арасындағы бейтарап аймақтық қашықтықты 100 шақырымға дейін жеткізу келісіміне қол қойды. Шекара ауданындағы әскери саладағы сенім шаралары туралы бұрын-соңды жасалып көрмеген бұл шарттың орасан зор маңызы бар. Өйткені бұл бес ел арасындағы жағрафиялық үлкен кеңістікте тұрақтылықты нығайту үшін берік алғышарттар жасайды, соның ішінде біздің Қазақстанның шекаралық қауіпсіздігі мүдделеріне қызмет етеді. Кейін бұл келісімге Өзбекстан Республикасы қосылды.
"Шанхай келісімі" негізінде алты ел басшыларының жыл сайынғы кездесуі 1997 ж. Мәскеуде, 1998 жылы Алматыда, 1999 жылы Бішкек, 2000 ж. Душанбе, 2001 ж. Алматы қалаларында болып өтті. Онда алты мемлекеттің аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту мәселелері жан-жақты талқыланып, осының нәтижесінде Декларациялар қабылданды.
2002 жылғы маусым айында Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті Санкт-Петербург қаласында болып өтті. Оған алты ел басшылары түгел қатынасты. Оның жұмысында Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылымын орнықтыру іс жүзінде көрініс тапты. ШЫҰ-ның Секретариаты Пекин қаласында, ал Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының штабпәтері Бішкек қаласына орналасатын болды. Кездесуге қатысушылар әлемде тез өзгеріп жатқан жағдайды ескере отырып, сыртқы саясаттың өзекті мәселелері жөнінде өз көзқарастарын білдірді. Бұл саяси мәселелерді Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдардың үн қосуымен шешілуі мүмкін екендігі атап көрсетілді. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басшылары Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздік, сауда-экономикалық және мәдени қарым-қатынас мәселелерін өз алдына міндет етіп қойды.
Санкт-Петербург кездесуінде үш құжатқа — Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хартиясына, аймақтық терроризмге қарсы құрылым жөніндегі Келісімге және Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер басшыларының Декларациясына қол қойылды.
КСРО тарағанға дейін, оның төрт республикасы жерінде (РСФСР, Украина, Белоруссия, Қазақстан) ядролық қару ошағы болды. КСРО тарағаннан кейін ядролық держава - АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция болып саналады. Сондай-ақ, ядролык потенциалы бар елдердің қатарына Үндістан, Пәкістан және Израиль мемлекеттері жатады. Әлемде атом энергетикасы бар 44 мемлекет бар. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1996 ж. қыркүйекте Женевадағы өткен сессиясында 158 елдің өкілдері атом сынақтарын өткізуге тыйым салатын шарт жобасын мақұлдады. Сөйтіп, ядролық жарылысқа тосқауыл қою үшін нақты қадам жасалды. Бұған дейін әлемде 2045 рет жарылыс өткізіліпті. Одан мыңдаған адамдар зардап шекті, құрбан болды, миллиондаған адамдар мүгедек болып қалды. Ядролық жарылысты ең соңғы тоқтатқан мемлекеттер Франция мен Қытай Халық Республикасы, ал Қазақ жерінде Семей полигоныңдағы сынақтар 1991 жылдан бастап тоқтатылды. Бұл полигонда 1949 ж. бастап 500-ге жуық сынақ өткізілген еді.
Женевадағы конференцияда Президент Н. Назарбаев ядролық қарусыздану мәселелерін жан-жақты көтере келіп, Қазақстанның бұл маңызды мәселеде бақылаушы мәртебесін алғанын атап өтті. Және біздің еліміз қарусыздану проблематикасымен айналысатын Женевадағы, Нью-Йорктегі өкілдіктердің қызметіне белсене қатысатындығын білдірді. Сөйтіп, бұл саладағы басты мақсат - ядролық қаруды таратпау, ядролық сынақтарға үзілді-кесілді тиым салу болып табылады.
Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты мақсат - бейбітшілік, соғысты болғызбау. Сондықтан этникалық жанжалдар мен территориялық дау-жанжалдар туыла қалғанда, оны қайткен күнде де саяси жолдармен реттеуге Қазақстан тарапынан күш салынады. 1992 ж. Біріккен Ұлтгар Ұйымы Бас Ассамблеясының 47 сессиясында Президент Н. Назарбаев Азияда өзара ынтымақ пен сенім шараларын орнықтыру туралы мәселе көтерді. Оған сәйкес 1993 ж. көктемде Алматыда осы мәселеге байланысты шақырылған бірінші бас қосуға оннан аса мемлекеттен өкілдер келген болса, сол жылғы тамыз айындағы кездесуге он жеті елден сарапшылар тобы қатысты. Қазақстанның Хельсинки процесіне қосылуы, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның жұмысына қатысуы /1992 жыл/, қауіпсіздік пен сенім шараларының дамыған инфрақұрылымына кірігуі жас мемлекеттің егемендігін едәуір нығайтута мүмкіндік берді. Ал 1996 ж. 31 кыркүйекте Қазақстан БҰҰҮ-ға мүше 129 елдің қатарында бүкіл жер бетінде ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қол қойды.
Қазақстанның СШҚ-1-Шарты мен ядролық каруды таратпау туралы шартқа қосылуы әлемдік маңызы бар оқиға. Мұның өзі елдің қауіпсіздігінің кепілдіктерін едәуір күшейтті. 1994-1995 жж. ішінде басты ядролық державалар — Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, ҚХР мен Франция Қазақстанға қауіпсіздіктің бірлескен және жан-жақты кепілдіктерін берді.
Қазақстан саяси-әскери одақ — НАТО-мен ынтымақтастыққа маңызды орын береді. Халықаралық қауіпсіздікті, соның ішінде Егемен Қазақстанның қауіпсіздігін сақтауға біз осы уақытқа дейін қарсы болып келген НАТО - әскери одағының соншалықты тиімді екені, әсіресе, соңғы кезде байқалыл отыр. Оны бұрынғы Югославия мемлекеті, Кувейт, Ирак және т. б. жерлерде болған оқиғалар айқын көрсетті. Сондықтан НАТО-мен ынтымақтастыққа біздің ел үлкен көңіл бөледі. Бұл ынтымақтастық "Бейбітшілік үшін әріптестік" бағдарламасы аясында дамып, еліміздің қарулы күштері үшін кадрлар дайындауға қызмет етеді. НАТО-ның Шығысқа қарай ықтимал кеңеюіне қатысты Қазақстан осы мәселені шешкен кезде Еуропада қалыптасқан күштердін тепе-теңдігін бүзуға жол бермес үшін барлық мүдделі жақтардың өз алдарына қойған мақсат жоспары ескерілуге тиіс деп санайды. Міне, осы орайда 1997 ж. 15 және 21 қыркүйек арасында Қазақстанның Шымкент аймағында, содан соң Өзбекстанның Шыршық жерінде НАТО әскери бөлімдерінің қатысумен жаттығулар өткізілді. Оған НАТО-ға мүше АҚШ пен Түркия және Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Латвия, Ресей әскерлерінің бөлімшелері - барлығы 1400-дей адам қатысты. Бұл жаттығу барлық жаққада барынша тиімді болды. Өйткені бұған дейін әр елде қалыптасқан дағдылы әскери тәсілдер болса, енді олар ортақ игілікке айналды. Әсіресе, мұның тәуелсіздікке қолы жеткен Қазақстан мемлекеті үшін маңызы зор.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен шекарасының тұтастығын қорғау үшін өзінің жеке Қарулы Күштерін құрудың үлкен маңызы болды. Оны іске асыру Елбасының 1992 жылғы 7 мамырдағы "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы" жарлығымен басталды. Қарулы Күштерді ұйымдастыруда 1993 жылғы ақпанда қабылданған Қазақстан Республикасының әскери доктринасы ерекше серпін берді. Доктрина халықаралық жағдайдың түбірлі өзгеруін, тәуелсіз демократиялық мемлекеттер құрудың сол жылдардағы ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстандағы әскери құрылысты ұстап тұру мен негізгі бағыттарын айқындап берді.
Қазақстан мемлекетінің қауіпсіздік мәселесін Президент Н. Назарбаев халыққа арналған 1999 жылғы 15 желтоқсандағы Жолдауында ең басты тұғырға қойды. Жолдауда көрсетілгендей, біздің елімізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жаңа ғасырдың стратегиялық ең басты мәселесі болып қала береді. Онда, әсіресе, қазіргі кезеңдегі терроризмге, саяси және экстремизмге, тоқтаусыз тасылып жатқан есірткіге қарсы күресті халықаралық дәрежеде күшейту мәселелері қойылған.
Елбасының талабына сай 2000 ж. 10 ақпанда Қазақстанда 1999-2005 жылдарға арналған жаңа әскери доктрина және ұлттық қауіпсіздік стратегиясы қабылданды. Осы құжаттарға сәйкес армия елдің ішкі жалпы өнімінің бір пайызынан кем емес көлемде қаржыландырылатыны көзделді. Қарулы күштердің ұйымдық - штат құрылымын реформалау аяқталды. Отандық әскери ғылымды дамыту мақсатында тұңғыш рет Қарулы күштердің әскери-ғылыми орталығы ашылды.
Жаңа Әскери доктринада Республика Қарулы Күштерінің дамуын нақты әскери қатерге сәйкестендіру, әскери өнердегі негізгі тенденция мен мемлекеттің экономикалық мүмкіндігін ескеру қажеттілігі үйлесімді байланыс тапқан. Доктрина негізінде Қазақстан жерінде әскери аумақтық құрылымға көшу жүзеге асырылып, елдің барлық аймағын қамтитын Оңтүстік және Шығыс, Батыс және Орталық әскери округтері құрылды. Олардың құрылуы еліміздің қорғаныс қабілетін, оның қауіпсіздігін едәуір арттыра түсті.