ҚР экономикалық даму.
Қазақстан экономикасының артта калуы және ондағы кемшіліктер туралы 1986 жылдан бастап ашық айтыла бастады. Осымен байланысты он екінші бесжылдықта 1986-1990 жж. республика экономикасын қайта құру мүмкіндіктері іздестірілді, бұл бағытта болған жаңа идеяларды іске асырудың жолдары қарастырылды. Мұның езі бесжылдықта ұлттық табыстың өсуінде, әлеуметтік ахуалды жақсартуда, ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде ет, сүт өндіруде кейбір табыстарға қол жеткізді.
Дегенмен қоғамдық өндіріс көлемі қойылып отырған талаптардың деңгейінен көп төмен жатты. Оның негізгі себебі басқарудың әкімшіл-әміршіл жүйесінің кемсіздігіне байланысты еді. Ең бастысы өндірістің тиімділігін арттыруда экономикалық тетіктер жете ( пайдаланылмады, оның толып жатқан резервтері іске қосылмады.
Өнімнің өсуінің күрт төмендеуінің тағы бір негізгі себебі - ел ішіндегі жағдайдың шиеленісуімен байланысты еді. Бұрынғы, ертеден келе жатқан кемшіліктерге еселенген жаңа қиындықтар қосылды. Олар КСРО-ның тарауына байланысты республикалар арасындағы экономикалық, қатынастардың үзілуі, бір - біріне тауарлар жіберу жөніндегі міндеттемелердің орындалмауы, қаржы - несие мәселесіндегі қиындыктар болатын. Осының салдарынан, ең алдымен, Орта Азия республикалары мен Қазақстанның экономикалык жағдайы нашарлап кетті.
1990 жылдың орта шенінде өнімнің өсу қарқынының, бұрынғы жылдармен салыстырғанда, мықтап құлдырағаны байқалды. Дағдарыс экономиканың барлық салаларын қамтыды. Ол саяси - әлеуметтік жағдайға теріс әсерін тигізе бастады. Көмір алқаптарындағы кеншілердің, металлургтердің тұрмыс дәрежесі мейілінше төмендеді. Осыған орай, олар өздерінің наразылығын ашық білдіре бастады. Кеншілер ұжымдарының еріктілігін, шығарылған көмірдің кейбір бөлігін өздерінін қалауынша сатып, қажетті тауарларға айырбастап алып отыруға мүмкіндік берілуін талап етті.
Экономикалық дағдарыс республикадағы өнеркәсіп өндірісінің көптеген салаларын қамтыды. Оларға қажетті жабдықтар жетіспеді. Әсіресе, халық түтынатын тауарларды өндіру нашар жағдайда болды. 1991 жылы аграрлық секторда да қиыншылықтар аз болған жоқ. Көктемнің ерте шығуы, жаңбырдың болмауы, мамыр айында салқын түсіп, топырақтың тоңазуы көп жерлерде астықтың шығымын төмендетті. Қажетті материалдардың жеткіліксіздігінен күрделі құрылыстың қарқыны баяулап, жоспарлар орындалмады.
Қазақстанда республика экономикасын нарықтық қарым - қатынас аясына шығару мақсатымен 1991 жылдың ақпан айында Жоғарғы экономикалық кеңес құрылды. Оның құрамына енген белгілі экономист Г. Явлинский, АҚШ-тан келген доктор Бэнг тағы басқа ірі экономист мамандар республика экономикасына нарықтық қатынастарды енгізудің мүмкіндіктерін іске қосу мәселесімен шұғылданды.
Қазақстанда мемлекеттік меншікпен қатар жеке меншіктің жаңа формалары -ақциөнерлік қоғамдар, жалдық және кооперативтік кәсіпорындар, фермерлік, шаруашылықтар, біріккен кәсіпорындар, түрлі қауымдастықтар мен бірлестіктер қалыптаса бастады. 1991 жылдың орта шенінінде республикада 35 бірігіп істейтін кәсіпорындар, 16 сыртқы экономикалық қауымдастықтар, халықаралық коммерциялық банк жұмыс істеді.
Мемелекеттік шаруашылық басқару құрылымы өзгеруіне байланысты пайда болған қиындықтарға, бұрынғы әкімшіл - әміршіл жүйе қалдықтарының тарапынан болған қарсылықтарға қарамастан нарықтық саудаға көшуде біраз іс тындырылды. Республика Президентінің жарлығымен жекешелендіру жөнінде Мемлекеттік комитет құрылды. Ал 1991 жылғы шілде айында өткен Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің IV сессиясы мемлекеттік меншікті жекешелендіру жөнінде арнайы заң қабылдап, 1991-1992 жылдарды қамтитын оның бірінші кезеңінің бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарлама бойынша:
бұрынғы Одаққа қараған кәсіпорындардың барлығы енді республиканың занды меншігіне енетін болды;
кәсіпшілікті қолдау, бұрынғы мемлекеттік меншікті мүмкін болатын жерлерде таратып, оны жеке меншікке айналдыру қажеттігі атап көрсетілді. Бұл шаралармен байланыстыра отырып, ақша құнын күшейту, оған сатып алынатын тауарларды көбейту міндеттері алға қойылды;
агроөнеркәсіп кешеніндегі жекешелендірудің мүмкіндігінің ерекшеліктерін ескере отырып, онда жалға беру, сатып алу, бірлестіктерге бөліп беру, кейбір құрал-жабдықтарды ұжымдық меншікке бөлу т. б. іске асыру қажеттігі айтылды.
Бұл шараларды іске асырғанда ең әуелі халықтың қамын ойлап, оның материалдық жағдайын ескеру; үй иеліктерін және мемлекеттік кәсіпорындарды бөлгенде купондық жүйені барынша пайдалану; бұл істе әрбір әлеуметтік топтардың материалдық мүдделерін жан-жақты ескеріп отыру қажеттілігіне назар аударылды.
Сөйтіп, бұл бағдарламаларда қазіргі қоғамдық қатынастарды дамытуға барынша күш жұмсау мақсаты қойылды. Бұл жағдай экономикалық бірлестік жөніндегі шартқа қол қойған басқа да республикаларға тарауға тиісті болды. Ол мемлекеттердің басшыларымен бұл мәселеде ортақ ой - пікір, келісулер, мәмлелесу мен уағадаластықтар жасалды.
Алайда, осындай өзара уағадаластыққа қарамастан ұлттық республикалар арасындағы ертеден қалыптасқан экономикалық қатынастардың ыдырауы орын алды. Мәселен, өзара келісім бола тұра Украина мен Ресей Қазақстанға кокс жіберуді тоқтатты. Соның салдарынан Жамбыл мен Шымкент фосфор өндірісі зардап шекті, олар минералдық тыңайтқыштарды шығаруды қысқартты. Немесе, Тәжікстан біздің республикаға сататын электр куатын өздеріндегі бір квт-сағат үшін төленетін 10 тиын орнына 30 тиынға дейін көтерді. Ал Түрікменстан газдың құнын 57 есе өсірді. Мұның, өзі, сайып келгенде, республикалар арасындағы экономикалық байланысты күрделендіре түсті. Сондықтан да Қазақстан Президенті мен үкіметі достастық аясындағы мемлекеттермен өзара тиімді және бір - бірін кемсітуге жол бермейтін келісім шарттар жасауға күш салды.
Дегенмен әртүрлі себептерге байланысты бірінші кезекте Кеңес Одағы республикаларының бір-бірімен біте қайнасып, бірігіп-кірігіп кеткен шаруашылық қарым-қатынасының бұзылуына байланысты Қазақстанда экономикалық қиындық күшейді. 1991 жылдың қорытындысында қоғамдық өнім шығару соның алдындағы жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға, ұлттық табыс 10 пайызға, еңбек өнімділігі 5,4 пайызға төмендеді. Тұтыну-сауда саласындағы жағдай шиеленісе түсті. Жеке сауда тауар айналымының ерекше қысқаруы "көлеңкелі" экономиканың кеңінен өрістеуіне, халықтың тұрмыс дәрежесінің одан әрі төмендеуіне алып келді. Елде ақшаның құны түсіп кетті. Құны жоқ қағаз ақшаның көлемі 1991 жылы 1990 жылмен салыстырғанда 4,5 есе өсіп, 8,7 миллиард сомға жетті, оның 3 миллиарды 1991 жылдың соңғы екі айында шығарылды. Республиканың мемлекеттік қарызы 7,8 миллиард сомға дейін өсті.
1991 жылы Қазақстандағы барлық кәсіпорындар мен ұжымдардың 11 пайызы шаруашылық жылын шығынмен аяқтады. Халық тұтынатын тауарлар азайды. Тауарларға бағаны негізсіз көтеру нәтижесінде сол жылды табысты аяқтаған кәсіпорындар да аз болған жоқ. Бірақ олардың ақшалай кірісі көбейгенімен, материалдық және еңбек қорлары артпады.
Өнеркәсіп тауарларына бағаның айтарлықтай қымбаттауы аграрлық сектордың жағдайын едәуір қиындатып жіберді. Соның салдарынан, егер 1991 жылы ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алу бағасы 1,5-3 есеге дейін өссе, ауыл шаруашылығына қажетті механизм мен машиналарды сатып алу бағасы одан бірнеше есе асып түсті. Оның үстіне ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру біраз төмендеді. Оған 1991 жылғы болған қуаңшылықтың үлкен зардабы тиді. Нәтижесінде жоспарланған астықтың тең жартысы ғана алынды, мал шаруашылығын жеммен қамтамасыз ету 60-65 пайыздан асқан жоқ. Соның салдарынан республикада ет, сүт, жүмыртқа сатып алу деңгейі төмендеді. Бірқатар облыстарда малдың саны азайды. 1991 жылы 1990 жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылық өнімі 8 пайызға, еңбек өнімділігі 11 пайызға төмендеді.
Мемлекетке небәрі 3,2 миллион тонна астық сатылып, бұл барлық жиналған астықтың тек 27 пайызын ғана құрады. Сондай-ақ картоп, көкөніс және қант қызылшасын сатып алу едәуір қысқарды. Колхоздар мен совхоздардың қаржы жағдайы нашарлап, экономикалық тиімсіз шаруашылықтардың саны 5 есеге дейін өсті.
Халық шаруашылығына жұмсалатын қаржының барлық көлемі 1990 жылмен салыстырғанда 7 пайызға азайды. Іске қосылуға тиісті 57 халық шаруашылығы объектілерінің тек 30-ы ғана бітіп, оның есесіне аяқталмаган құрылыстар саны 1,4 есеге көбейді. Оған жұмсалмай қалған қаржы 1991 жылдың аяғында 17 миллиард сомға жетті. Транспорт бойынша жүк тасу 1990 жылмен салыстырғанда 66 миллион сомға, ал жолаушыларды тасу - 8 пайызға қысқарды. Шет елдерге бұрынғысынша шикізат, жартылай өңделген мате-риалдарды шығару басым болды. Оның 60 пайызы қара және түсті металлургия өнеркәсіп өнімдерінен тұрды. Есесіне басқа жерлерден республика бұрынғыша машина жасау өнеркәсібіне қажетті жабдықтардың 250-ден астам түрлерін, 13 пайыз көлемінде халық түтынатын тауарларды, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне керекті материалдар мен шикізатты алдырды.
Достарыңызбен бөлісу: |