Әдебиеттер: 1,3,4,7,9, 10, 12,14,17,20, 21, 22, 23, 24, 25.
№8 лекция тақырыбы: Мазмұн мен пішін.
Лекция тезисі: Дүниедегі қандай бір заттар мен құбылыстар болса да мазмұн мен форманың тұтастығынан тұратындығы ғылыми тұрғыдан дәлелденген жай. Көптеген ғалымдар көркем шығарманың мазмұны мен формасын бір-бірінен бөлмей, бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын, бірімен – бірі тығыз байланысты, бір нәрсенің екі қасиеті деп біледі. Мазмұн, белгілі бір форма арқылы көрінсе, форма белгілі бір мазмұнды айқындайды, яғни форма мазмұнды жарыққа шығарады, оны жұртшылыққа түсінікті айқын етіп жеткізеді. Қазіргі кезде жалпыға ортақ әдебиет формасы саналатын жәйттер бір кезде мазмұн болған. Мысалы, қайта өрлеу кезінде пайда болған новелла жаңалық, хабар сипатында көрінген.
Мазмұн мен форма тарихи категория. Әрбір жаңа дәуірде көне мазмұн тың пішін тауып, жаңғырып, жасарып қана қоймайды, әр дәуір өз шындығын, демек, өз мазмұнын ала келеді.
Әдебиеттегі мазмұн мен форманы көркем шығармаға көшірсек шығарма мазмұны – оның ақиқат шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да форма-әдеби қаһарманның өзара қарым-қатынасына, тағдыр тартысына негізделген сюжеті, композиция және жазушының өмірді өнерге айналдырған ең негізгі құралы – суретті сөзі, көркем шығарманың тілі. Әдебиеттегі пішін мен мазмұн – философиядағы пішін мен мазмұн категорияларына сүйене отырып, өз бойына әдеби туындының ішкі және сырқы жақтары жайлы түсініктерді тоғыстырған әдебиеттану ұғымы.
Бұл, әсіресе, өзінің мазмұндық – пішіндік тұтастығы өзгені мүлде қайталамайтын, сол қасиетімен де маңызды саналатын бірегей бітімді көркем туындыларға қатысты. Мысалы, жалпы философиядағы мазмұнның бірінші, пішіннің екіншілігі жайындағы; пішіннің артта қалушылығы; пішін мен мазмұн арасындағы қарама – қайшылық туралы қағидалар жеке бір туындыны, әсіресе сол туындының бөлшектерін зерттеу кезінде сақталуы міндетті өлшемдер бола алмайды. Өнер мен әдебиеттегі пішін мен мазмұн қарым – қатынастағы ерекшелік жалпы философиялық ұғымдарды әдебиеттануға көшіре салуға жол бермейді. Өйткені көркем туындының өмір сүруінің ең қажетті шартының өзі – пішін мен мазмұнның жарасымы болып табылады. Мұндай жарасым болмаған жағдайда әдеби туынды қалай да өзінің көркемдігінен айырылады. Сонымен қатар, мазмұнның «біріншілігі», пішіннің «артта қалушылығы», пішін мен мазмұнның «үйлеспеушілігі» мен «қарама – қайшылығы» ұғымдарын жеке қаламгердің шығармашылығын, әдеби даму кезеңдерін және тұтастай дәуірлерін (әсіресе, өтпелі де шұғыл өзгеріске толы дәуірлерді) қарастырғанда қолдануға болады. Мұндай кезеңдердегі пішіннің мазмұннан кейіндеп қалуын бір қаламгер шығармашылығын жеке алып қарамай, әдеби даму үрдісі аясында қарастырғанда ғана аңдай аламыз. Әдебиеттегі пішін мен мазмұн ұғымдары арасына шек қою тек XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың басында ғана, ең әуелі немістің классикалық эстетикасында жүзеге асты. Гегель мазмұн категориясын енгізіп қана қоймай, оған айқын сипаттама да береді. Бұл жағдай әдебиеттің табиғатын түсіндіруде орасан мәнді қадам болды, сонымен бірге бұл тұста пішін мен мазмұнды бір–бірінен алшақтату қаупі де болды.XIXғасыр әдебиеттануында мазмұн мәселелеріне баса назар аударылса, XX ғасырда керісінше, мазмұнды жеке алып зерттеуде кеңінен таралғанымен, әдебиетке пішіндік тұрғыдан үңілу басымырақ болды.
Достарыңызбен бөлісу: |