Лекция мақсаты: Лекцияда студенттерге латын және орыс графикасына көшудің маңызы мен мақсаттарын, ерекшелігін түсіндіру.
Лекция мәтіні: ХХ ғ. басында КСРО-ның алдында тез арада сауатсыздықты жою мәселесі тұрды. КСРО-ның құрамындағы барлық түркі халықтарын бірыңғай жазу жүйесіне көшіру мәселесі қолға алынып, барлық түркі халықтарының латиницаға көшуі талап етіле бастады. Кеңес Одағының латын әліпбиін енгізу мәселесі сауатсыздықты жою, барлық халықтардың жазба дәстүрін қалыптастыру, дамыту тәрізді гумманистік бағытта жүргізілгенімен, оның басқа да саяси қырлары болды.
Латын әліпбиін қабылдаудың басында Әзірбайжан тұрды. 1922 ж. Баку қаласында жаңа түркі әліпбиінің коммитеті құрылып, барлық түркі халықтары мен этностық топтар арасында кең көлемді үгіт-насихат жұмыстарымен айналыса бастады. 1923-24 ж. әзірбайжан, түрікмен, башқұрт, татар т.б. түркі тілдес халықтардың латын жазулы әліпбилері жасалса, 1925 ж. Солтүстік Кавказдағы тау халықтары ағарту мәселесі жөніндегі конференцияда ингуш, кабардин, қарашай, адыгей халықтарын латындандыру туралы шешім қабылданды. Латиницаға көшу туралы әңгіме Қазақстанда 1923 ж. аяғында көтерілді. 1924 ж. съезде талқылауды ұсынды. Съезге үш жоба дайындалды. Н.Төреқұлов (Москва), Х.Досмұхамедов (Ташкент), Мурзин (Орынбор). Талқылауға Н.Төреқұлов жобасы ұсынылды. Бұл жолы А.Байтұрсынұлының баяндамасы көпшілік тарапынан қолдау тауып, съездің араб жазулы қазақ әліпбиін сақтау туралы қарар қабылданды.
Әзірбайжан Республикасы Орталық Атқару комитетінің мүшесі Атамалаоғлының бастамасымен 1926 ж. Мәскеу қаласында КСРО Орталық Атқару комитеті жанынан жаңа түркі әліпбиі (НТА) комитетін құру туралы шешім қабылдады. Осы комитеттің ұйымдастыруымен Баку қаласында 1926 ж. 26 ақпаны мен 6 наурызы аралығында Бүкілодақтық І Түркологиялық съезд өткізілді. Съезге Кеңес Одағының және шетелдің белгілі түркітанушы ғалымдары, қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында Ресей ғалымдарының: В.В.Бартольд, А.Н.Самойлович, А.Е.Крымский, Н.И.Ашмарин, С.Е.Малов, Л.В.Щерба т.б. Неміс ғалымы Менсель, мажар профессоры Майсереш, түрік профессорлары Көперлізаде, Құсайын-заде т.б., Қазақстаннан А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Т.Шонанов, Н.Төреқұлов т.б. қатысты.
Съезде латын әліпбиіне көшуді жақтап жеті баяндама жасалса, араб жазуын сақтау жайлы үш баяндама жасалды. Латын әліпбиін қабылдау туралы 101 адам қолдап, 7 адам қарсы дауыс берді. Жаңа түркі әліпбиі комитетінің І пленумы 1927 ж. Ташкентте өтті. ІІІ пленум 1928 ж. өтті. А.Байтұрсынұлы бастаған М.Дулатұлы, Қ.Кемеңгерұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, Е.Омарұлы,, С.Садуақасұлы тәрізді қазақ зиялылары латын жазуына көшуге қарсы болды. Латын жазуын қолдаушылар: Н.Төреқұлов, Т.Шонанов, Ә.Ермеков, Ғ.Тоғжанов, Н.Нұрмақов, О.Жандосов т.б. болды.
1929 ж. ҚазАССР Өлкелік атқару комитетінің ІV сессиясында латын әліпбиіне көшу туралы шешім қабылданды. 1929 ж. 7 тамызда заңды түрде бекітілді. Латын жазулы қазақ әліпбиінде барлығы 34 әріп болды. 5-6 жыл дау-дамаймен келген латын әліпбиі халқымызға он бір жылдай ғана қызмет етті. 1940 ж. ығыстырылып кириллица негізінде жаңа қазақ әліпбиі жасалды. Сондай-ақ орыс графикасына негізделген жаңа әліпби қазақ жазуында араб, латын әліпбиіндегі әріптердің жетіспеуінен туған қиындықтардан құтқарып, жазба дәстүріміздің өркендеуіне үлкен үлес қосқаны да шындық. 1940 ж. қолданысқа енгізілген орыс жазулы жаңа қазақ әліпбиін жасаушылар Ы.Алтынсариннің еңбегңне сүйенгені белгілі.
Түркілердің төл жазуы көне түркі руникасынан бастау алатын қазақтың жазу мәдениеті әр кезеңде қолданылғанкөне ұйғыр, араб, латын графикалары негізінде дамып, қазіргі таңдағы кириллица негізінде жасалған қазақ әліпбиімен жалғастық тауып, тіліміздің дыбыстық ерекшелігін толық қамтитын ұлттық жазба дәстүрге айналып отыр. Соңғы жылдары әлемдік ғылым мен техниканың, элетронды ақпарат құралдарының тілі ретінде латын жазулы Европа халықтарының тілі басымдық алып отыруына орай және түркі тілдес халықтардың бірыңғай латын әліпбиіне көшу мәселесінің көтерілуіне байланысты қазақ ұлттық жазуын да латын графикасы негізінде қалыптастыру жайы сөз болуда.
Достарыңызбен бөлісу: |