Бақылау сұрақтары:
1.Тіл тарихын зерттеудің мәні.
2.Көне түркі руникалық жазу ескерткіштерінің орналасқан аймақтары
3. Руникалық жазудан кейін таралған алфавиттік жазудың түрлері.
4. Араб графикасының өсіп өркендеуі.
5. Тіліміздің қалыптасуы мен дамуы туралы пікірлер.
Лекция тақырыбына сәйкес СӨЖ тапсырмалары:
Қажетті әдебиеттер:
А.Аманжолов. Түркі филологиясы және қазақ жазуының тарихы. А., 1996
Ә.Қайдар., М.Оразов. Түркітануға кіріспе. А., 2004
О.Бүркіт. Түркітану. А., 2003
2-лекция. Тақырыбы: Тіл және этнос.
Жоспары: 1. Көне түркі этногенезі проблемасы.
2. Орталық және Орта Азияны мекендеген түркі тілдес тайпалар туралы мағлумат.
Лекция мақсаты: Көне түркі этногенезі проблемаларын, Орта Азияны мекендеген түркі тілдес тайпалар туралы теориялық білім беру.
Лекция мәтіні: Түркітану ғылымының аса маңызды да күрделі саласы – көне түркі этногенезі мен алғашқы түркі тілінің дамуына келіп тірелетін проблемалары болып табылады. Этногенез- халықтардың шығу тегі. Бұл мәселені шешпейінше, қазіргі түркі халықтарының арғы тарихын, көне түркі тілінің қалыптасып дамуын, көне түркі этногенезін, қазіргі түркі тілдес халықтардың шығу тегін дұрыс ашып көрсету қиын.
Алтай-Саян тау қойнауы және Ертістің жоғары сағасынан, Сарыарқа мен Жетісу өңіріне созыла жатқан кең аймақ көне түркі этногенезінің алтын бесігі екеніне күман жоқ. Бұл салада еңбек етіп көзге түскен Қазақстандық тарихшы- ғалым Ю.А.Зуевтің көне түркі аңыз шежірелерін тілге тиек еткен диссертациясын айырықша атауға болады. Ол көне қытай жылнамалары деректері мен түркітану деректеріне сүйене отырып зерттеген тарих саласындағы өз жұмысына түркітанушы әрі синологқа тән қасиеттерді пайдаланды. Мысалы, қытай иероглифтерімен берілген көне түркі атауларының (этноним, топоним, антропонимдердің) нақты дыбысталуы туралы біршама тың пікір айтты. Құрылымы әр басқа тілдерден айтылуы мен жазылуы сәйкеспейтіндіктен кездесетін жаңсақтар және оның жорамалды баламалары жөніндегі ойлары тереңірек пайымдауды қажет етеді.
Әлі күнге сақ атауының шығу тегі айқындалған жоқ. Бұл сөз парсы сына жазуларындағы текстерде сака, ал Қытай жылнамаларында сак-сэ түрінде келеді. Көне Қытай жазба деректеріне сүйенсек, б.з.д. ІІІ-І ғ.ғ. бұрынғы сақтар қоныстанған атыраптарда көшпелі усунь, кангюй, юэчжи тайпалық одақтарының мекен еткендігі айтылады. Осы кезде Орталық Азиядағы ғұндардың күшейіп келе жатқан тайпалық одағынан ығысқан Усунь елі Тянь- Шань мен Жетісуға ірге тепсе, юэчжи елі Амударияда кушан мемлекетін құрып, ал Кангюй тайпалары Сырдың бойын қоныс тепкен. Бұл тайпалардың тілдері жөніндегі зерттеулерде, ғұндар түркі тілінде сөйледі деген пікір талас тудырмайды. Алайда көне түркі этногенезін ғұндарға ғана телімейміз. Сақтардың тікелей мұрагері көне үйсіндердің де түркі тілінде сөйлегендігі жөнінде айғақтар бар. Оны зерттеушілер – Н.А.Аристов қытай жазбаларына сүйене отырып дәлелдеген. Олардың басты дәлелі Қытай жылнамаларындағы көне үйсіндердің лауазымдары (күн бег, улуғ, тарқан т.б.) түркі тілінде келтірілген.
Усунь еліндегі хандық әулеттің бірнеше ғасырлық мерзімін артқа тастап, олардың кейінгі мейрасқорлары түркі тілдес тайпалардың басын біріктіріп, біздің заманның VІ- VІІІ ғ.ғ. көне түркі қағанатына билік жүргізген ашина түркілерімен сабақтастығын айқындайтын деректер кездеседі. Усунь этнониміндегі ус түбірін көне түркінің ус немесе ас сөзімен салыстыруға болады. Бұл сөздердің мағынасы М.Қашқаридың сөздігінде «күшіген, бүркіт» деп берілген. Ал VІІІ ғасырдағы «Тониқуқ» ескерткішінде кездесетін «турк есір будун- түркі бүркіт халқы» деген тіркес (мұндағы «есір» сөзі тува тіліндегі эзир-бүркіт сөзімен төркіндес.) ашина түркілерінің қолданған сөзі деп шамалауға болады. Күлтегін ханзада зиратына қойылған мәрмәрдан қашалған мүсіндегі кертпе тәждің маңдайшасында бейнеленген бүркіт кескініне қарасақ, жоғарыдағы болжауларды дәлелдерлік дерек табамыз. Осыған орай, «түрк» сөзінің мағынасы жөнінде айтар болсақ, ол түркі қағанатының аты, этникалық термин болуымен қатар, өзінің негізгі байырғы «күшті, қуатты» деген мағынасын да көне ұйғыр ескерткіштерінде сақтаған.
Эт никалық ортақтықты айқындауда тіл – басты да шешуші белгі, ал тілдің адам қоғамында атқаратын қызметі әр алуан: қарым-қатынас жасау құралы, ойдың тікелей көрінісі, таным-түсінікті жетілдірудің көзі, сонымен бірге этностың белгісі, демек этникалық мәндес. Түркі тілі жөніндегі ең алғашқы мәлімет Месопатамияның оңтүстігінен (Шумерден) табылған біздің дәуірімізге дейінгі ІV-ІІІ мың жылдықтарды меңзейтін идеографиялық жазба ескерткіштерінен байқалады. Мұнда, алғашқы шумер тілінің ескерткіштерінде көне түркі тіліне тән көптеген лексикалық сәйкестіктер ұшырасады. Шумер тілінің алтай тілдерімен (түркі-моңғол, тұңғыс-манчжур) туыстастығы жөнінде неміс ғалымы Ф.Хоммель және оны қолдаған кеңес тарихшысы С.П.Толетов болжам пікір айтқан еді. Лексикалық сәйкестіктерді мына мысалдардан байқаймыз.
Шумер тілінде
|
Көне түркі тілінде
|
Қазіргі түркі тілінде
|
Дингир «тәңір, тәңірі»
Туд «бұқа»
|
Тәңірі «аспан», «тәңірі»
Ыдуқ «қасиетті, киелі»
|
Ұйғырша «тәңри- тәңір»
Хакасша «тагір- аспан»
Якутша «тақара- аспан, тәңір»
Туваша «ыдық»
Қырғызша «ийық»- қасиетті, киелі.
|
Қорыта келе, тіл мен этностың бірегейлігін ескерсек, этностың өз ана тілін қадірлеуі заңды. Ана тіліне деген сүйіспеншілік пен құрмет халықтың сана-сезімі неғұрлым дамыған сайын соғұрлым кемелденіп, өсіп, өркендей түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |