Төртінші кезең – 1999 жылдан басталды. Бірінші кезекте мемлекеттік мүлікті басқаруды жетілдіру қажет болды. Мемлекеттік және коммуналдық кәсіпорындарды оңтайландыру басталды. Экономикалық жүйенің қалыптасу кезеңінде инвестициялық саясатқа басымдық берілді. Инвестициялар туралы заңдар қабылданып, инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы, қосарланған салық салуды болдырмау туралы бірқатар үкіметаралық келісімдер жасалды.
Жекешелендірудің төртінші кезеңінің алғашқы бастауында – 1999-2000 жылдарға арналған жекешелендіру және мемлекеттік мүлікті тиімді басқаруды арттыру бағдарламасы тұрды. Құжаттың мазмұны алдыңғы жылдардағы экономикалық реформалардың айтарлықтай маңызды нәтижелерін белгілеуге мүмкіндік береді. Басты нәтиже – нарықтық экономиканың негізі ретінде жекеменшіктің қалыптасуы. «1999-2000 жылдарға арналған жекешелендіру мен мемлекеттік мүлікті басқарудың тиімділігін арттыру бағдарламасын» іске асыру барысында мемлекеттің үлестік қатынасы бар – 10 жетекші кәсіпорын анықталды. Олар: «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндіріс бірлестігі», «Өскемен титан-магний комбинаты», «Қазақтелеком», «Қазақстан алюминиі», «Ақтөбемұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қазцинк», «Қазақмыс», «Қазхром трансұлттық компаниясы», «Қазақстанның Халық Жинақ банкі». 1999 жылы «Қазақстанның Халық Жинақ Банкі» АҚ-ның мемлекеттік пакеті акциясының бір бөлігін, 2000 жыл соңында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ын жекешелендіру өткізілді. «Қазақстан алюминийі», «Қазақмыс», «Маңғыстаумұнайгаз», «Ақтөбемұнайгаз», «Қазақстанның Халық Жинақ банкі», «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамдарының мемлекеттік пакеттері түгел сатылды.
Төртінші кезеңде мемлекеттік және мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарды оңтайландыру жұмысы басталды. Мемлекет меншігінен алу мен жекешелендірудің өзіндік қиындықтары, қарама-қайшылықтары болды. Ішкі нарықты қорғаудың нақты жүйесі болмағандықтан, сырттан көптеп енген арзан шетелдік өнімдер отандық өнімдерді ығыстырып, кәсіпорындардың күйреуіне қосымша ықпал етті. 1999 жылы пайдалы шаруашылықтар 21,9%-ды, шығынды шаруашылықтар 78,1%-ды құрады.
Жекешелендіру – Қазақстанның қазіргі тарихындағы нағыз қайшылықты үдеріс. Жекешелендіруге байланысты қаншама сын айтылды. Қиындықтар мен кемшіліктер орын алды. Дегенмен, ол процесс өзінің мақсатына жетті. Қазақстан экономикасында жекеменшік секторы пайда болды. Халық жекеменшіктің ұтымды тұстарына көз жеткізіп, еңбек ету мүмкіндігін алдыңғы кезекке шығарды.
3. Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін! Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы (Астана қаласы, 2004 жылғы 19 наурыз) Күн тәртiбiндегi мәселе әлемдiк қоғамдастықта Қазақстанның бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы, бiздің экономикамыздың бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы және қазақстандық ғалымдардың, менеджерлердің, бизнесшiлердің, мамандардың, жұмысшылардың бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы болып отыр. Бұл мiндеттi шешу үшiн бiздiң экономикалық, сондай-ақ әлеуметтiк салаларда да еуропалық стандарттарға жету стратегиясын әзiрлеуге кiрiсуiмiз керек.