Лекция тезистері №1 Лекция. Пәнге кіріспе



бет8/20
Дата17.02.2022
өлшемі211,06 Kb.
#132254
түріЛекция
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   20
Байланысты:
тарих

Бақылау сұрақтары:
1. Жариялылық пен демократияны насихаттау барысында одақтық республикаларда туындаған ұлттық шиеленістер.
2. Алматыдағы және республиканың басқа қалаларындағы Желтоқсан көтерілісі және оның шынайы себептері
3. Жаңа қоғамдық ұйымдар мен партиялардың пайда болуы.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. 5 томдық. 1-5-томдар. –Алматы., 1996, 1997, 2000, 2010.
2. Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. – 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4 кітап/ Т.Омарбеков, Б.С.Сайлан, А.Ш.Алтаев және т.б.. – Алматы, Қазақ университеті, 2016. – 264 с.
3. Ұлы Дала тарихы: учебное пособие /Кан Г.В., Тугжанов Е.Л. – Астана: Zhasyl Orda, 2015. – 328 стр.
4. Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы. – Алматы, 2010.
5. Артыкбаев Ж.О.; Раздыков С.З. История Казахастана: Учебник. – Астана: Фолиант, 2007. – 344 с.

7 Лекция. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымының қалыптасуы


1. «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң
2. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыру
3. Президенттің Қазақстан халқына алғашқы Жолдауы: «Қазақстан – 2030 (16 қазан, 1997)
4. «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» ҚР Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы (14 желтоқсан, 2012).

1. 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданды. Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жарияланды. Республика өз аумағында өкімет билігін толық иемденуге, әрі ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуге құзырлы болды.


Бастауын мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдаудан алатын Конституциялық Заң республиканың дамуының жаңа кезеңін айқындап берді. Оның мазмұнында ұлттардың өзін-өзі басқару құқығы, жеке тұлғалардың құқығы мен бостандығына басымдық беру, саяси тұрақтылық, билікті бөлісу, ұлтаралық келісім т.б. іргелі демократиялық қағидаттар көрініс тапты. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалды. Тәуелсіздік туралы Заңның негізгі мәні 18 баптан тұратын жеті тарауда айқын көрсетілді. Бұл тарихи оқиға қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұзақ жылдарға созылған күресінің заңды қорытындысы болды.
Заңның екінші тарауында республика азаматтары ұлтына, діни сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатысына, шыққан тегі, әлеуметтік және дүние-мүліктік жағдайына, тұрған жеріне қарамастан құқығы мен міндеткерліктерін бірдей пайдаланатындығы атап көрсетілген. Егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттіліктің қайнар көзі республика азаматтары болып табылады. Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы мәселе екінші тараудың 7-бабында қарастырылған.
Қазақстан Республикасындағы көші-қон процесін реттеу, жаппай саяси қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру және басқа адамгершілік нормалары бұзылған кезде ел аумағынан кетуге мәжбүр болған адамдарға және олардың ұрпақтарына, бұрынғы көршілес кеңестік ресубликалар аймағында тұратын қазақтардың қайта оралуына жағдай жасау туралы айтылады. Қазақстанда тұратын қазақ ұлтының және басқа ұлт өкілдерінің дәстүрі мен тілін, ұлттық құндылығын сақтау, мәдениетін өркендету мен дамыту мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып дәйектелді. Сонымен қатар, мемлекет елімізден тыс аймақтарда тұратын қазақтарды, олардың ұлттық-мәдени, тілдік және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етеді, олар азаматтары болып табылатын мемлекеттермен келісім негізінде қорғауға және қамқорлыққа алынды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары үшінші тарауда анықталғандай, бөліну қағидаларына қарай заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып құрылып, іс жүзіне асырылады. Жоғарғы Кеңес пен Қазақстан Республикасы Президентінің халықтың атынан сөйлеуге құқығы бар. Заң шығарушы билік Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі тарапынан жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Елбасы және атқарушы билігі Президент, сот билігін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Жоғарғы төрелік соты жүргізеді. Қазақстан Республикасының Конституциялық соты – Конституцияны сотпен қорғаудың ең жоғарғы органы болып табылады.
Төртінші тарауда Республика мемлекеттік тәуелсіздігінің экономикалық негіздеріне анықтама берілген. Тәуелсіздік мемлекет мәртебесіне сәйкес келетін және меншіктің барлық түрлерінің көпқырлылығы мен теңдігіне негізделетін дербес экономикалық жүйенің болатындығы жан-жақты атап көрсетілген еді.
Жер мен оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдік және жануарлар әлемі, басқа да табиғи байлықтары, экономикалық және ғылыми-техникалық мүмкіндіктер Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.
Бесінші тарауда Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтың мүшесі болып жарияланғаны айқындалады. Ол халықаралық құқықтың субъектісі болып табылады, дипломатиялық және консулдық өкілдермен алмасады, халықаралық ұйымдарға, ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне кіре алады және олардың қызметіне қатынасады. Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық мәселелерді өз бетінше шешеді.
Алтыншы тарауда Қазақстан Республикасының мемлекеттік қауіпсіздігін қорғау мәселесі сөз етіледі. Өз тәуелсіздігін және территориялық тұтастығын сақтау мақсатында, республика өзінің Қарулы Күштерін құру құқығына ие болды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Елтаңба, Ту, Әнұран. Астанасы – Алматы қаласы. Осы Заң Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның қабылдануы жаңа тәуелсіз мемлекеттің шынайы егемендігін бекітті. Оған – 16 желтоқсанда қол қойылуы, 1986 жылғы оқиғалардан кейінгі Қазақстанда демократиялық процестің сабақтастығын дәлелдеп, елдегі өзгерістердің бастамасы болды. Сонымен бірге шынайы егемендікті жариялап, сыртқы әлемнің елімізді тануына қол жеткізілді.
Конституциялық Заң Қытай, Түркменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей елдерімен шекара мәселесін толығымен реттеуге көмектесті. Ол Еуразия кеңістігіндегі сенімділік саясатының, серіктестіктің және тұрақтылықтың негізін қалады. Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілді. Сөйтіп, 1991 жылғы 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні ретінде танылды. Қазақстанның тәуелсіздігін Түркия елі бірінші болып таныды. Сол сияқты АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания және тағы басқа ірі-ірі мемлекеттер мойындады. Қазақстан шет елдерде дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашуға кірісті. Ал, Алматыда шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлттық ұйымдардың өкілдіктері жұмыс істей бастады. Республиканың егемендікке қол жеткен алғашқы кезінен бастап мемлекет аралық және үкімет аралық келісім-шарттарға қол қою жүзеге асырылды. Тәуелсіз Қазақстан Республиканың алдына үлкен келелі міндеттер қойылды. Олар елдің ішкі жағдайында Егемен Қазақстан мемлекетінің тұтастығын нығайтып, нарықтық экономикаға көшу, жоспарларды іске асыру, елдің ішінде көп ұлтты халықтардың бірлігін сақтауда барлық мүмкіндіктерді пайдалану. Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты міндеттер – оның бүкіл дүниежүзі елдерімен байланыстарын одан әрі дамытып, алдыңғы қатарлы өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу, елдің қәуіпсіздігін қорғау, әлемде бейбітшілікті сақтай отырып, ядролық соғысты болғызбау. Халықтың ерік-жігері тек осындай аса маңызды міндеттерді іске асыруға бағытталды. Ұлттық мұрат – мүдде алдыға шықты.
2. Кез-келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты белгілерінің бірі - оның өзіне ғана тән мемлекеттік рәміздері­нің болуымен сипатталса,елдің шынайы әрі іс жүзіндегі нақты тәуелсіздігі қайсыбір мемлекетке кіріптарлықтан ада ететін экономикалық еркіндігімен де ұштастырылып жатады. Бұл рас нәрсе. Әлем елдерімен салыстырғанда мемлекеттік шекарасының ұзақтығы дүниежүзі бойынша бірінші орында тұрған Ресеймен шекетесетін Қазақстанның шығысында Азияның ғана емес, әлемнің алпауыт аждаһасына айналған Қытай орын тепкен. Басқасын айтпағанда осы екі ірі мемлекеттің ортасында тұрып, ғасырлар бойы бабасынан мұраға қалған ең бірінші байлығы - жерін сақтап қалу бір ерлік болса, алмағайып заманалардың қай-қайсысында да экономикалық тұрғыдан босаңдық танытпай, алып елдің жетегіне жұтылып кетпеуінің өзі үлкен абырой. Олай болса, тәуелсіздікті тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде дәлелдеу аса маңызды. Сондықтан да, қазіргі Қазақ елі 20 жылдық тәуелсіздік тарихында елдігін ғана емес, экономикасының егемендігін де сақтаған мемлекет ретінде межелі табалдырықтан абыроймен аттап отырғаны да шындық. Өйткені, күні кеше көз алдымызда өткен тарихқа жүгінсек, тәуелсіздіктің де оңай келе қоймағанын анық байқауға болады. Бұнда да ең алдымен елдің экономикалық тәуелсіздігін сөз етпеуге еш құқымыз жоқ.
1991 жылы тәуелсіздігін жария еткен Қазақстан өзінің құрдас мемлекеттері секілді өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын бастан кешірді. Өтпелі кезеңдегі негізгі мақсатымыз жоспарлы экономикадан нарықтық сатыға көшу болатын. Бұрыннан бағынып келген орталықтың күл-талқаны шығып, салааралық тұрмақ, өңіраралық байланыстардың аяқ астынан «жоғалуы» барлық саланы дерлік құлдыратуға сүйреді. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің тарихындағы алғашқы экономикалық дағдарыс болды. 90-шы жылдардың басында төске өрлеген гиперинфляциямен, өндірістің толық тоқтатылуымен, төлемсіздік дағдарысымен күрес экономикалық жағынан да дербестікке ұмтылған жас мемлекетіміз үшін үлкен сынақ болды. Ресми Мәскеу арқылы ғана шешімін табатын бюджеттік жүйе де тоқырап, тәуелсіз елді көтермелеп, жығылғанға сүйеу болатын қор мүлдем болмады. Кеңес одағы шеңберіндегі Қазақ ССР-інің бюджеттік субвенциясы 50 пайызға дейін жететін. Бұның өзі сол кезде жеке отау тіккен дербес ел үшін аса қатерлі ғана емес, экономикалық тәуелділікке қайта итермелейтіндей Қазақ елі үшін мүлдем кері көрсеткіш болғаны даусыз. Тәуелсіздіктен кейінгі 1993 жылы гиперинфляция орын алып, бұндағы инфляция деңгейі - 2165 пайызды құраса, 1994 жылы ол 1158 пайызға жетті. Сондықтан да, қалыптасқан күйзелістен шығудың жолы тым қиын еді. Сөйтіп, Қазақ еліне заң жүзінде жарияланып, әлемге мойындатылған тәуелсіздігін іс жүзінде дәлелдеудің, қайта кіріптарлықтан құтылу үшін экономикасын қорғаштап көтерудің сынағы келді. Бұл дегеніңіз - елдің жерін, территориясын сақтау, ұлттық мемлекеттіліктің белгілерін бекітумен қатар, дербес экономикалық саясат ұстану үшін тәуекелі берік тағдыршешті мәселелерде табандылықты талап еткені белгілі. 
Сонымен қатар сол кездері тәуелсіздік алған мемлекеттердің ішіндегі ең күрделі жағдай Қазақстанның басында болғаны да анық еді. Әлемдегі ең ұзын шекараның ұзақтығы өз алдына, жас мемлекеттің қаржылық жүйесін алпайыт көршіден бұрып алып өз алдына тәуелсіз бағытқа түсіру де үлкен күшті талап еткені түсінікті. Өйткені, егемендіктің алғашқы жылдары көзге көрінбесе де әртүрлі экономикалық қысымдар болып тұрғаны анық. Басқасын айтпағанда, қазақтың мемлекеттілігіне қарсы «рубльдің шеңберінде қалыңыздар, әйтпесе ел болуларың қиын» деген кері пікірлер де сырттан айтылып жатты. Осы шеңбердің ықпалында ұстап тұру үшін нешетүрлі қитұрқы амалдарды бастан өткеруге тура келді. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында былай дейді: «Еңбекақыны, зейнетақыны, жәрдемақыларды төлеу үшін біз Ресейден ақша сатып алуға мәжбүр болдық. 1992 жылдың бірінші жартысына дейін Ресейдің Орталық банкісінен ақша қаражатын біз тегін алып тұрғанбыз. Бірақ кейіннен бюджеттер бөлінгенде рубльді сатып алуға тура келді. Ақшаны сатып алуға Қазақстан бюджетінде қаражат жетпегендіктен, ел оның тапшылығын бірден сезінді. Біз рубльді қарызға (несиеге деп те айтуға болады) алатынбыз. Артынан Ресей біздің 1,5 миллиард долларға қарызданғанымызды айтты. Бірнеше жылдар өткеннен кейін барып, «Байқоңыр» айлағы үшін есептескенде ғана осы қарызды жаптық». 
Кейіннен тәуелсіздіктің тірегіне айналған төл Теңгенің айналымға енуі елдің егемендігін біржолата нығыздай түскен еді. Қазақстан осылайша тәуелсіздіктің алғашқы 5-6 жылын түбегейлі дербес мемлекеттікті қалыптастыру, ішкі және сыртқы сая­саттың жаңа жүйесін құру, экономи­каны жұмыс істеуге мәжбүр ету, оны жекешелендіру, яғни либералды мем­ле­кетті, либералды экономиканы қалып­тас­тыру үшін тынымсыз жұмыстарды бастан өткерді. Соның арқасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ дағдарыстың жағымсыз салдарынан қарсы тұра алатын экономика құруға шама жетті.
Осыдан соң барып Тәуелсіздіктің алтыншы жылында ҚР Президенті Н. Назарбаев қалыптасқан жағдайдан шығудың нақты бағдарын айқындайтын, сондай-ақ елдің алдағы даму белестерін айғақтайтын «Қазақстан-2030» даму Стратегиясын бекітті. Аталмыш Стратегия жас Қазақстанның ұзақ мерзімді, сатылап дамуына берік негіз қалағаны айқын. Стратегияға сәйкес, еліміздің миссиясы 2030 жылға қарай тәуелсіз, гүлденген, саяси һәм экономикалық тұрақты Қазақстанды қалыптастыру болып табылады. Мемлекеттің бұған дейінгі жүріп өткен жолдары да, даму бағыттары да осы стратегиямен берік үндесіп келеді. Өйткені, «Қазақстан-2030» даму стратегиясын жүзеге асыру үшін ұзақ мерзімді стратегиялық іс-шаралар жоспары да бекітілді. Кезең-кезеңге межеленген бірқатар басымдықтар айқындалды. Ал ондай басымдықтарды игеру бойынша бірқатар мәселеде жағымды динамика мен прогресс орын алды. Мәселен, көрсеткіштердің аса маңыздысы болып табылатын Ішкі жалпы өнімінің өсімі бойынша 2008 жылдың өзінде «Қазақстан-2030» стретагиясында 2010 жылға қарай қол жетуі межеленген мақсат орындалды. Әйтсе де, Қазақстан тарихындағы тағы бір күрделі кезең Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысымен тұспа-тұс келеді. 1998 жылғы Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысы дамыған нарықтарға ғана емес, жаңа қалыптасып келе жатқан нарықтарға да кері әсерін тигізді. Бұл Қазақстанның да ІЖӨ-не жағымсыз рөл атқарғаны да айқын. Еңсеріп қана қойған жоқ, сол жылдары Қазақстанның ел ордасын Ақмолаға көшіру туралы алып бастама көтерілді. Кейіннен бұл бастама елдіктің, егемендік пен тәуелсіздіктің символына айналған Астананы өмірге әкелді. Сөйтіп, қазіргі Астана Қазақстан өңірлері үшін экономиканы дамыту көшбасшысы болып қана қойған жоқ, саяси-әлеуметтік, қаржылық-экономикалық мәселелердің халықаралық алаңына да айналды. Сол арқылы басқа қалаларға бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаудың, инвестиция тартудың үлгісін көрсетіп келеді.
Кеңес одағының ыдырауынан, Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысынан кейінгі ел басындағы ең үлкен күйзеліс АҚШ ипотекалық нарығынан бастау алған, сосын әлемдік деңгейде алапат толқын тудырған 2008 жылы бастау алған жаһандық қаржы дағдарысы еді. Құрылыс индустриясын қарышты дамытып отырған Қазақстан үшін де бұл оңай соққы болған жоқ. Құрылыс саласының соңынан банкілік-қаржылық жүйе де біршама шайқалды. Әйтсе де, жаһандық дағдарыстың сынағын бұл жолы да Қазақстан сәтті еңсерді. Елдің қаржылық-экономикалық жүйесін құлдырытпау, экономика секторларын қолдау бағытында Үкіметтің тұрақтандыру жоспары бекітілді. Ең бастысы, әлеуметтік бағдарланған бюджетті толық сақтау басты назарда болып, елдің жұмыссыздығын өсірмеуге көп күш салынды. Өңірлерде жұмыспен қамту стратегиясы жүзеге асты. Ал 2010 жылы дағдарыс салқынын еңсеруді одан сайын түгесіп, дағдарыстан кейінгі даму сатысына өту мақсатында Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осылайша, уақытылы қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар Қазақстанның Ішкі жалпы өнімінің құлдырауынан сақтап қалды. Мәселен, Экономикалық даму және сауда министрлігінің келтірген деректеріне сүйенсек, Қазақстан, тіпті, ең дағдарысты жылы болып саналатын 2008-2009 жылдарының өзінде ІЖӨ-нің төмендеуін емес, өсімін қамтамасыз етті. Атап айтқанда ІЖӨ 2008 жылы - 3,2 пайызға артса, әлемдік күйзелістің шарықтау шегі саналатын ел экономикасына аса ауыр тиген 2009 жылы бұл - 1,2 пайыздық өсімді көрсетті.
Сөйтіп, 2010 жылы еліміздің ІЖӨ 7 пайызға өсіп, біраз уақыт «шыр айналдырған» дағдарыстан кейінгі экономиканың қалпына келу белгілері көрінді. Өнеркәсіптік өндіріс 10,5 пайызға жоғарылады. Жұмыссыздықты жою мақсатында 100-ге тарта жаңа кәсіпорындар ашылды. Тарихи қалыптасқан өлшеммен статистиканы тағы да салыстырып қарасақ, 1996 жылы жан басына шаққандағы ІЖӨ 1 мың 300 доллар шамасында қалыптасса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 10 мың доллар шамасында болды. Ал орташа айлық жалақы аталған кезеңдерде 101 доллардан 526 долларға дейін артты. Ал еңбек нарығына келер болса, 90-шы жылдардың соңына қарай жұмыссыздық деңгейі 13-15 пайыздық көрсеткіште қатып тұрса, қазір 5,8 пайызды құрап, бұл көрсеткіш бойынша бірқатар дамыған елдермен тереземіз теңесті. Икемді салықтық-бюджеттік, ақша-кредиттік саясаттың нәтижесінде, жалпы макроэкономикалық тұрақтылық арқасында Қазақстанға 1993 жылдан бері 130 млрд. доллар шамасында тікелей шетелдік инвестиция тартылды.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде жаһан­дық ауқымдағы қатерлі үш дағдарыстың тол­қ­ы­нына төтеп беріп, жаңа дәуірге қадам басты. Бұндай жетістікті бағындыру ең алдымен ҚР Президенті Н. Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің, қазақ халқының өршіл мақсатқа ұмтылысын көрсететін мінезінің арқасында жүзеге асты. Былтырғы 2010 жылы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл тұрғысында: «ХХІ ғасыр Қазақстан үшін жаңа қауіп-қатерлерді өзімен бірге ала келді. Оның ішінде ең ірісі әлемдік дағдарыс болды. Осы жағдайда санаулы елдер ғана бұл сынды еңсере алды. Оның қатарында біздің Қазақстан да бар. Тәуелсіздік - бұл бәрінен бұрын елдің экономикалық тәуелсіздігі»,-деген болатын. Расымен, экономикалық жетістіктерді айтқанда, ондай жетістіктердің де оңай жолмен келмегенін естен шығармауымыз қажет-ақ. Сонда ғана тәуелсіздігіміздің тұрығы мығымданып, оның ішінде экономикалық дербестігіміз мәңгілікке ұласа түсері айқын.
3. Елбасы алғаш рет 1996 жылы 8 қазанда Қазақстан халқына «Елдегі жағдай және ішкі, сыртқы саясаттың 1997 жылға арналған негізгі бағыттары туралы» атты Жолдау жасады. Бұл Жолдауда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі бес жыл уақыт аралығында жүзеге асырылған саяси-экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша реформаларға жан-жақты тоқтала отырып, терең талдаулар жасады.
«Ішкі және сыртқы саясаттың бағыттары мен басымдықтары» деген Жолдаудың екінші бөлімінде Президент елдегі мемлекеттік-құқықтық құрылыс, сыртқы саясаттағы бағыттарға арнайы тоқталды. Негізінен алғанда, Елбасы Жолдауда демократиялық, құқықтық және әлемге ашық мемлекет құру жолындағы басты мақсат-міндеттерді ашып көрсетеді. Сондай-ақ, Жолдауда іске асырылып жатқан экономикалық реформалар барысын жүйелі саралап, әсіресе, жекешелендіру, шағын және орта бизнес, тұрғын үй құрылысы, шетелдік инвестицияларды тарту, қылмысқа қарсы күрес, бюджет саясатының басымдықтары сияқты сол уақыттағы аса күрделі мәселелерді жан-жақты қарастырды. Маңыздысы, Жолдауда ел өміріне, әлеуметтік-экономикалық ахуалға көп көңіл бөлінді. Қоғам дамуы ел өмірімен, экономика және саясат төңірегінде кең өріс алды.
4. "Қазақстан-2050" Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты Қазақстан Республикасының Президенті - елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2012 жылғы 14 желтоқсан.
Қазақстан Республикасы президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Қазақ елінің дамыған отыз елдің қатарында болу мақсаты баяндалған.
Жолдауда стратегияның жеті бағыты анықталған:
1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты-пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген экономикалық прагматизм.
2. Ұлттық экономикамыздың жетекші күші-кәсіпкерлікті жан-жақты қол- дау.
3 Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері-әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік.
4. Білім мен кәсіби машық –заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары.
5. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту.
6. Дәйекті де болжамды сыртқы саясат-ұлттық мүдделерді ілгерілету мен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту.
7. Жаңа қазақстандық патриотизм –біздің көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамымыздың табысының негізі.
Жолдауда «Бәріміз бір атаның-қазақ халқының ұлымыз», «Бәріміздің де туған жеріміз біреу-ол қасиетті қазақ даласы», «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол-Тәуелсіз Қазақстан».
Білім сапасы халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс. Бұл туралы «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деді Елбасы өзінің «Қазақстан-2050»стратегиялық Жолдауында. Бәсекеге қабілетті маман қалыптастыру- білім беру саласы мамандарының басты мақсаты.
Мемлекеттің жаңа саяси бағытын айқындап берген «Қазақстан-2050» стратегиясында бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін сауаттылығы мол елге айналу керектігіне аса мән берілгені мәлім. Осы елдің ертеңі, болашағы –бүгінгі өскелең ұрпақ десек, оларға осы бағытта дұрыс тәлім-тәрбие, сапалы білім берілуі міндетті шара.
Қазақстандық патриотизм-Қазақстанды Отаным деп сезініп, басқа этностардың қазақ халқына құрметпен қарауын, әр этностың құқықтық еркіндігін қуаттай отырып, туған жерін және оны қорғауға дайын болу. Елбасы Жолдауында /Қазақстан-2050/ біздің қоғамымыздың табысының негізі-жаңа қазақстандық патриотизм екендігі айтылды. Бұл ретте біз ел тәуелсіздігі мен қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз.
Жоғары патриоттық сезімдер-ұлттық намыс, өз ұлтының жетістіктерін бағалау, отан қорғауға әрқашан дайын болу, ерлік дәстүрін қадір тұту.
Төменгі патриоттық сезімдер-өзінің бойында ұлттық намысы жоқ, өз ұлтының жетістіктеріне қарсы болу, құлдық сезім т. б. жатады. Мұндай төменгі патриоттық сезімдердің ішіндегі құлдық сезім өте қауіпті.
Патриоттық тәрбиенің негізі, қазақ патриотизімі ерте кезден бері қалыптасты. Себебі сонау сақ дәуірінен, Күлтегін, Тоныкөк, Білге қағаннан, Қазан төңкерісіне дейінгі кезенде туған жер үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен күресіп, келешек ұрпағына Отанымызды, «қазақ” атауын біздерге мұра етіп қалдырған батырлар, билер, хандар заманында ауызекі түрде жыр, өлеңмен тараған патриоттық өсиеттердің негізінде бізге жеткен. Демек, қазақ патриотизімі-рухы биік жеке тұлғаны қалыптастырудағы ата-бабаларымыздың қаһармандық, батырлық отансүйгіштік тәлім-тәрбие беру идеалдарының жиынтығы деп айтуымызға болады.
»Қазақстан-2050"стратегиялық бағытын жүзеге асыруда біздің-қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Тағлымы мол тарихымыз бен ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз. Осыдан үш ғасыр бұрын Аңырақайда болған шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіреті қандай боларын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген. Сын сағатта туғын елге деген перзенттік парызды бәрінен биік қоя білген. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де батыр бабаларымыздың бостандық жолында төгілген қаны деп білеміз. Біз бәріміз бір атаның-қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу-ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол тәуелсіз Қазақстан.
Патриотизм-бұл болашақ елдің игілігіне жұмсалатын инвестиция. Ол- білім, жасампаз еңбек арқылы қалыптасады. Патриотизм- бұл өз Отанына деген көркем махаббат. Жүрегінде еліне деген сүйспеншілігі болмаса, қанша білікті болсаңда өмірің зая кетті дей бер. Сондықтан оның мәні мен маңызы зор


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет