Лекция. Түркі халықтар әдебиеті пәнінің мақсаты мен міндеттері. Түркі халықтар әдебиетіндегі ортақ сарындар. Жоспар: Түркі халықтар әдебиеті тарихы пәнінің мақсаты мен міндеттері



бет4/8
Дата04.04.2022
өлшемі53,69 Kb.
#137865
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
1-лекция

(Оғыз-наме)-түркі тектес халықтардың ежелгі шежіресін генеалониялық аңыздар негізінде көркем тілмен баяндайтын шығарма. Оғызнаме-әрі көркем, әрі тарихи туынды.
(Оғыз-наме) көркем қара сөз, яғни проза түрінде жазылған шығарма. Әйтсе де оның әдеттегі прозалық шығармалардан өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда қара сөздің өзі белгілі бір ырғаққа, сөздің ішкі ұйқасына бағынатын сияқты. Мұны кезінде шежірелер әуезді жүйеге салып түрлі-түрлі мақаммен жыр сияқты етіп оқитын болған. Сол себепті Оғыз батыр жайындағы хикая-аңызды кейде (Оғыз-жыры) немесе (Оғыз батыр дастаны) деп те атайды.
(Оғыз-намеде) негізінен Оғыз қағанның әскери жорықтары, батырдың қан майдан соғыстағы ерлдік істері мадақталады. Шығарманың негізгі идеясы- елді ауыз бірлікке, ерлікке, адамгершілікке үндеу, халықты сыртқы жауға қарсы күреске шақыру.
Оғыздар-ертедегі түркі тайпаларының бірі. Олар көбінесе дерлік Сырдарияның төменгі ағысы мен Қаратау бөктерін мекендеген. Ұзақ жылдар бойы көршілес тайпалармен соғысып, Арал теңізінің батысы мен Каспий теңізінің солтүстік жағалауын өздеріне қаратып алады. Кенгар-печенек бірлестіктеріне қарсы 8X-X ғасырда жүргізілген осы соғыстың оқиғалары (Оғыз-наменің) сюжеттік желісіне негіз болған.
Xғасырда оғыздардың саяси бірлестігі-оғыз мемлекеті құрылғанда астанасы Сырдың төменгі ағысындағы Жаңакент немесе Жаңа Гузия деп аталатын қала болған.
Оғыз тайпалары бірлестігі 965 жылы Киев Русімен одақтасып алады да Хазар қағандығына қарсы соғыс ашып, хазарларды жеңеді. Арадан жиырма жыл өткен соң оғыздар орыс князьдарымен біріге отырып, Еділ мен Кама өзендері бойларындағы бұлғарларды да жеңіп шығады.
Міне, бұл зор жеңістер Оғыз мемлекетінің күш-қуатын, саяси беделіп арттыра туседі. Оғыздардың жаужүрек ерлігі туралы алуан түрлі аңыздар тарайды. (Оғыз-наме)-оғыздар жайындағы осындай аңыз-ертегілер желісіне құрылған көркем шығарма.
Бұл көркем туындының ауызша тараған варианттары негізінде кейінірек қайта жазылған екі түрлі нұсқасы бар. Бірі-ұйғыр әрпімен көшіріліп жазылған. Бұл нұсқа Париждің ұлттық кітапханасының қорында сақталған. Екінші араб әрпімен жазылған нұсқасының авторы-атақты тарихшы белгілі әскери қолбасшы, Хиуаның ханы Әбілғазы бин Араб Мұхаммедхан (1603-1663ж).
(Оғыз-наменің) ұйғыр әрпімен жазылып, Париж ұлттық кітапханасында сақталған нұсқасын тілдік тұрғыдан зерттеп, оған ғылыми түсініктеме берген ғалым-түркі тілдерінің көрнекті маманы А.М.Щербак болды. Ол (Оғыз-наменің) транскрипцияланған текстін дайындады, оны орыс тіліне жолма-жол аударма жасады.
Әбілғазының жазып қалдырған екі еңбегі бар. Бірі-(Шежіре-й терекеме) (Түрікмен шежіресі)). Бұл екі шығармасы да Оғыз хан жайында деуге болады. Бұлар Оғыз батырдың ерлік жорықтары, оның ұрпақтары атқарған игілікті істер, оғыз тайпаларының шығу тегі, тұрмыс-тірішілігі, әдет-ғұрпы т.б. туралы сыр шертетін ежелгі эпостық сюжетке құрылған.
(Оғыз-наменің) ұйғыр әрпімен көшірілген нұсқасы тарихи шежіреден гөрі көркем шығармаға жақын. Бұл нұсқаның тілі көркем, көріктеу құралдары сан түрлі, композициялық құрылысы ширақ жасалған, бейнелі, қанатты сөздерге бай болып келеді.
(Оғыз-наменің) ұйғыр әрпімен көшірілген нұсқасы көлемі жағынан онша үлкен емес. Қолжазба небәрі 21 парақ немесе 42 бет болып келеді. Әр бетке 9 жолдан жазылған. Композициялық құрылысы жағынан (Оғыз-наме) Күлтегін жырына өте ұқсас. Жыр қырықтан астам цикл-хикаядан тұрады. Әрбір циклда Оғыз қаған туралы белгілі бір оқиғалар ғана баяндалады. Сондай-ақ әрбір циклдың өзі үш элементті қамтиды, олар:1. Оқиғаның басталуы. 2. Оқиға жемісінің ұлғайып, өрістеуі. 3. Оқиғаның түйіні, қорытынды.
Бірінші циклда Ай-Қаған атты анадан ғажайып сұлу ұл бала туылғаны туралы айтылады:
Ертеде күндердің бір күні
Ай қағанның көзі жайнап,
Бір ұл бала тапты,
Сол баланың жүзі көгілдір,
Аузы-оттай қызыл еді,
Көзі - ал қызыл, шашы, қасы
Қап-қара болатын.
Екінші циклда сол ұл баланың қырық күнде өсіп ер жете бастағаны әңгіме болады. үшінші, төртінші циклда Оғыз батырдың аң аулауға шыққаны, марал, аю, қаршыға атып алғаны, соның бәрін жеп қойған жалғыз мүйізді үрейлі жыртқышпен арпалысып, ақыры жеңіп шыққаны-қазақ ертегілеріндегідей сарынмен қызықты баяндалады.
Бұдан кейін бірнеше цикл-хикая Оғыз батырдың үйленгенін баяндауға арналған.
Сол жарық сәуленің ішінде
Бір қыз отыр (екен)
Ғажайып сұлу қыз екен.
Оғыз қаған оны көрді де, есінентаңды.
(Ақыры) барды, сүйді, үйленді.
Арадан талай күн, талай түн өткен соң, сол әйелден үш бала туылады:
Біріншісіне-Күн деп ат қойды,
Екіншісіне-Ай деп қойды,
үшіншісіне-Жұлдыз деп ат қойды.
Бұдан соң Оғыз қағанның аң аулап жүріп тағы бір теңдесі жоқ сұлуды көргені, қызға ашық болып, ақыры оған да үйленгені, одан үш бала туылған, оның есімдерің (Көк)(Аспан), (Тау) және (Теңіз) деп қойғаны тартымды етіп баяндалады.
Міне, осыдан кейін ғана жырдың негізгі оқиғалары басталады. Оғыз қаған үлкен той жасап, сонда өз халқына үндеу тастайды: (Дүниенің төрт бұрышы маған бағынуы тиіс. Бізге өз еркімен бағынғандар-салық төлесін. Бағынбағандар- жауымыз болады. Оларға қарсы қисапсыз көп әскер жіберіп, құртамыз. Біздің ұранымыз, жолбасшымыз -көк қасқыр болсын) дейді қаған.
Алтын қаған басқаратын ел Оғыз қағанға елші жіберіп, көптеген алтын мен күміс, қисапсыз қазына әкеліп беріпті,. Ал, енді үрім қаған басқаратын ел Оғыз қағанның жарлығына құлақ аспапты. Оғыз қаған дереу үрімге қарсы соғысқа аттанады. Жолда әскер шаршап тынығады. Таңсәріге Оғыз батыр жатқан шатырға бір жарық сәуле түседі:
Сол жарық сәуледен көк шашты,
Көк жалды арлан қасқыр шыға келді де,
Оғыз қағанға тіл қатты:
(О, Оғыз Cен үрімге аттанып барасың,
О, Оғыз Мен сені бастан жүрейін) деді.
Сол соғыста Оғыз қаған жеңіп шықты. Бұдан кейін Оғыз батырмен соғыспақ болған Орыс бек туралы, оның баласы Саклай қаланы өз еркімен бергені жайында, Еділ өзенінен Оғыз батырдың әскерін сол жасап өткізген Қыпшақ бектің тапқырлығы хақында, Қағарлұқ пен Калач бектер жөнінде айтылады.
Джурджит қағанмен болған соғыста Оғыз батырдың жеңіп шыққаны, оның үнді еліне, Тибет пен Сирияға жорықтары, Масар қағанды бағындырғаны мейлінше тартымды сюжет негізінде суреттеледі.
Оғыз батырдың жанында жүрген Ұлы Түрік деген бір данышпан адам бар екен. Сол қария түсінде бір алтын садақ пен үш күміс жебе көріпті. Алтын садақ күн шығыстан батысқа қарай, ал үш күміс жебе түн тарапқа (солтүстікке) қарай жатыр екен. Оғыз қаған бүкіл ел-жұртты жинап, үлкен кеңес құрып, той жасапты, өз иелігіндегі жердің бәрін балаларына бөліп беріпті.
Солай етіп, (Оғыз-наменің) негізгі идеясы- бүкіл түркі елін бірлікке шақыру, достық пен адамгершілікке үндеу, сыртқы жауға қарсы күреске шақыру болып табылады.
(Оғыз-наме) аңызында діни-мифологиялық элементтер едәуір орын алған. Алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүрген адамдар өзін қоршаған табиғаттың дүлей күші жайында сан қи лы аңыздар шығарғаны мәлім. Сол рулық-тайпалық қоғамда адамдар тобының шығу тегін белгілі бір табиғат құбылыстарына немесе кейбір жануарларға тікелей байланысты деп қараған.
Оғыз батырдың жер қайысқан қалың қолын жоғарыда айтылғандай көкжал бөрі бастап жүреді.
Ұйықтап жатқан батырдың шатырына көктен нұрсәуле түседі. Сол сәуле ішінен бір көкжал қасқыр шыға келеді. Қасқырға табанда тіл бітіп, Оғыз қағанға айтыпты:
О, Оғыз Мен сені бастап барайын
О, Оғыз Сен үрімге аттанып барасың.
Ислам діні тарағанға дейін Көк Тәңіріне, Жер-су Тәңіріне және Ұлай анаға сыйынатын ежелгі түріктер адамның жаралуын да аспан денелерімен байланыстырып қарағаны ертегі-аңыздардан жақсы мәлім.
(Оғыз-наме де) де осындай элементтер бар:
Аспаннан бір көк нұр түсті.
Күннен де шұғылалы, айдан да сәулелі екен,
Оғыз қаған (оған) жақын барып көрді:
Сол жарық сәуленің ішінде
Бір қыз отыр (екен)
Жүзінде оттай алаулаған,
Бейне бір Алтын (Темір) қазық шоқ
жұлдыздай
Жарқырап тұрған нұрлы меңі бар екен.
Әрине, (Оғыз-наменің) оқиға жемісі бастан-аяқ ертегі-аңыздар емес. Әйтсе де (Оғыз-намені) ақиқат пен аңызға бірдей негізделген шығарма деуге болады. Мұндағы мәліметтерді ғалымдар мынадай топтарға бөліп қарастырады: 1. Оғыз-түрікмен эпосына негізделген деректер. Бұған Оғыз батыр мен оның ұрпақтары жасаған әскери жорықтар туралы аңыздар енеді. 2. Тарихи тұрғыдан реалдық негізі бар, бірақ бізге аңыз күйінде жеткен мәліметтер. 3. Оғыз елінің көрші тайпалармен және тайпалық бірлестіктермен қарым-қатынасы жайындағы аңыздар.
(Оғыз-намедегі) жеке адам есімдері, этникалық және географиялық атаулар туралы көптеген ғылыми еңбектер жазылған. Мәселен тарихшы-ғалым Н.Я.Бичурин нақты деректер келтіре отырып, Оғыз қаған-ғундардың әміршісі Мөденің әдеби бейнесі деп біледі.
Ал, шығысты зерттеуші белгілі неміс ғалымы Иозеф Маркварт Оғыз бейнесінен Шыңғыс ханның тұлғасын көреді.
Белгілі орыс ғалымы Г.Н.Потанин: Оғыз қаған белгілі бір тарихи бейне емес эпостық қаһарман деген пікір айтады. Сондай-ақ Оғыз қағанды Александр Македонский немесе қазақтың алғашқы хандарының бірі Жәнібек деп болжам жасаған ғалымдар бар.
Оғыз қағанның анасы-Ай қаған бейнесін ғалымдар көбінесе дерлік от басының қамқоршысы Ұмай-ана бейнесімен байланыстырып қарайды.
Ал, (Оғыз-намедегі) Қыпшақ бек, Қағарлық бек, Қаңлы-түркілердің белгілі ру-тайпаларының жинақталған бейнелері болуы да мүмкін. Орыс бек- Киев кньяздарының бірі болса керек деген болжам бар.
(Оғыз-намеде) кездесетін нақтылы географиялық атаулар да аз емес. Мәселен, Шағам-Шам (Дамаск), Сіңду-Индия, Итилмуран-Еділ өзені, Терең мұран-Терең өзен (Днепр) т.б.
(Оғыз-наме)-Орта Азия түріктерінің тілінде жазылған ескерткіштер тобына жатады. Дегенмен мұнда оғыз-қыпшақ диалектілері басымырақ. Оғыз тілі кезінде кең тараған түркі тілдерінің бірі болған. (Оғыз-намеде) араб-парсы тілдерінен ауысқан кірме сөздер мейлінше аз. Сөйлемнің синтаксистік құрылысы ауызекі сөйлеу нормасына жақын. А.Н.Кононов (Оғыз-наме) тілін шағатай тілінің кейінірек қалыптасқан бір түрі деп бағалайды.
Шығармада Оғыз батырдың өзінен бастап, оның ұрпақтары мен айналасындағы адамдардың толық қанды көркем образы жасалған. Автор эпитет, теңеу, метафора, гипербола сияқты көріктеу әдістерін зор шеберлікпен қолданады. Әсіресе, шығармада аллегориялық тәсіл, яғни пернелер айту басым болып келеді.
(Оғыз-наме) авторы әрбір сөзді ажарлап, құбылтып, айшықтап қолданады. Тұрақтары сөз тіркестерін, мақал-мәтелдерді қолдануға шебер. Көркемдеу әдістері жағынан (Оғыз-наме) батырлар жырына ұқсас болып келеді. Мұнда қан майдан соғыс картинасы жасалған. Батырдың мінетін атына, ұстайтын қару-жарағына байланысты айтылатын теңеулер қазақ эпостарын еріксіз еске түсіреді.
Қорыта айтқанда, (Оғыз-наме)-генеалогиялық аңыздар негізінде жазылған, қазіргі түркі тілдес халықтардың ежелгі тарихынан едәуір мағлұмат беретін, көркемдік дәрежесі биік, эпостық туынды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет