Асқынулары: ателектаздар (15-24%); ошақты, сегментті пневмониялар; бронхит; нерв жүйесінің зақымдануы, елірмеу; пневмоторакс; тері асты май қабатының эмифиземасы; кіндік жарығы т.б. Асқынулар көбіне кішкентай балаларда, фондық аурулары бар балаларда байқалады және басқа вирустық аурулардың қосылу салдарынан пайда болады.
Диагноз қою үшін эпидемиологиялық анамнез жинау, клиникалық белгілерін анықтау, қақырықты бактериологиялық тексеріске алу, қанның жалпы анализін тексеру жүргізіледі.
Емі. Аурудың емі баланың жасына, аурудың ауырлығына, асқынуларына байланысты жүргізіледі. Ауруханада аурудың ауыр, асқынған түрлерімен және 1 жасқа дейінгі балалар емделеді. Қалған жағдайларда емді үйде өткізуге болады. Емдеу принцинтері: барлық уақытта салқын, таза ауамен қамтамасыз ету; тамақ жасына сәйкес, аз мөлшерде, жиірек берілуі қажет; баланың көңілін аудару үшін кітап оқып беру, әртүрлі ойындар ұйымдастыру т.б.; алғашқы белгілерден бастап антибиотиктер тағайындау; эритромицин ауыз арқылы 20-30 мг/кг, ампициллин 50-100 мг/кг ауыз арқылы немесе бұлшық етке егу арқылы, 8-10 күнге дейін; оксигенотерапия; қақырық жібітетін және қақырық түсіретін дәрілер мен ферменттер (химопсин, химотрипсин) тағайындау. Аурудың ауыр түрлерінде ауруханада, жағдайына сәйкес қарқынды ем тағайындап, жүргізу. Дем тоқтап қалған жағдайда жедел көмек көрсету.
Алдын алу жолдары. Арнайы алдын алу жолы – ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 9 қаңтардағы «Халыққа профилактикалық егуді жүргізу бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларын бекіту туралы № 8 қаулысы және 2009 жылғы 30 желтоқсандағы №2295 қаулысына (өзгерістер мен толықтырулар енгізілген 12.02.2013 ж.) енгізілген өзгерістерге сәйкес, АбКДС енгізілді, құрамында көкжөтелдің жасушасыз (бесклеточный компонент) компоненті, реактивтілігі төмен, бірақ иммундық қабілеті жоғары екендігін әлемнің 54 елінде дәлелденген, АбКДС вакцинасын егу. Жаңа егу күнтізбесіне сәйкес 3 рет вакинация: 2, 3, 4 айларында, ревакцинация – 18 айлығында жүргізіледі, сонымен қатар 6 жасында АбКДС вакцинасы енгізілді.
Жалпы шараларға: ауру баланы 30 күнге дейін оқшаулау; СЭС-ке жедел хабар беру; қарым-қатынастағы 7 жасқа дейінгі балаларға 14 күнге карантин тағайындау, санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізу жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |