3. Ресейдегі 1917 жылғы Ақпан
буржуазиялық-демократиялық революциясы жəне оның
Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге əсері
Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тəн дағдарыстың
салдары болып табылатын 1917 жылғы Ақпан революциясының
нəтижесінде патша үкіметі құлатылды. Ол Ресей халықтарының,
оның алдыңғы қатарлы күштерінің патша билігіне, крепостниктік
құрылысқа жəне отарлық езгіге қарсы көп жылдық күресінің же-
ңісімен аяқталды.
1917 жылы 28 ақпанда М.В.Родзянконың басшылығымен Мем-
лекеттік Думаның комитеті құрылып, мемлекеттік жəне қоғамдық
тəртіпті қалпына келтіруді өз қолына алғанын мəлімдеді. 2 нау-
рыз күні Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Петроград
Кеңесінің арасындағы келісім бойынша Уақытша үкімет құрылды.
Жаңа құрылған үкіметтің құрамы мен міндеттерін белгілеген Де-
кларация да осы күні жарияланды. Онда: “Азаматтар! Мемлекеттік
Думаның Уақытша комитеті мүшелері астана жұртшылығы мен
əскердің қолдауы, ниеттестігі арқасында қазіргі уақытта ескі
режимнің қара күштеріне қарағанда анағұрлым табысқа жетіп отыр.
Қалыптасқан жағдай атқару өкіметін құруға мүмкіндіктер туғызды.
Осы мақсатта Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті бұрынғы
қоғамдық-саяси қызметімен көзге түскен өкілдерден құрылған
алғашқы кабинеттің министрлерін тағайындады”,— деп князь
Г.Е.Львов басқаратын кабинеттің министрлері көрсетілді. Бұл каби-
нет өз қызметінде: 1) саяси, діни, қарулы көтеріліс жəне т.б. істер
бойынша амнистия жариялауды; 2) сөз жəне баспасөз бостандығын
жария етуді; 3) ұлттық, діни жəне сословиялық шектеушіліктерді
жоюды; 4) елді басқару формасын, конституциясын айқындайтын
жалпыға бірдей жабық, тікелей дауыс беру арқылы сайланатын
Құрылтай жиналысына тоқтаусыз дайындық жүргізуді; 5) полиция-
ны милициямен алмастырып, жергілікті өзін-өзі басқару органда-
рына бағындыруды жəне т.б. демократиялық негіздерді басшылыққа
алатынын мəлімдеді.
Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы
зор қуанышпен қарсы алды. “Қазақ” газеті 9 наурыздағы санында:
«…Киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды,
жақсылық, қуаныш тек қана орыстікі емес, отаны Руссия болған
жұрттың бəріне тегіс жақсылық, бəріне тегіс қуаныш» — деп жар
салды. Ақпан революциясы қалың бұқараның саяси құқықтарын
кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске
ашық араласуын қамтамасыз етті. Елдегі қоғамдық өмірде саяси
партиялардың рөлі орасан өсті. Революция патшалық цензураны
жойды. Жұртшылық сөз жəне жиналыс бостандығын кеңінен пай-
даланды.
Уақытша үкіметтің ұлттық мəселе бойынша қабылдаған алғашқы
актілерінің бірі 1917 жылы 20 наурызда Ресей азаматтарының
құқындағы діни наным-сеніміне, ұлтына қарай шектеушілікті алып
тастауы болды. Көктен іздегендері жерден табылғандай болған халық
Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуге даяр екендіктерін
білдіріп, империяның түкпір-түкпірінен құттықтау жеделхаттар
жөнелте бастады. Қызылжар қаласы мен уезінің мұсылмандары
қалалық мешітте жұма-намаз күні бүкіл халыққа шаттық əкелген
Уақытша үкімет мүшелеріне ұзақ өмір беріп, бақытты етуін Алла-
дан өтініп, жаңа үкіметке адал қызмет етуге серт берді. Ресей та-
рихында бірінші рет діни нанымдық, нəсілдік кемсітушілік жойыл-
ды деп, ұлттар теңдігін қағаз жүзінде болса да жария еткен бұл акт
бұрынғы бұратана атанған езгідегі елдердің орыстармен терезесін
тең сезінуіне жол ашты. Қазақ халқының Ақпан төңкерісін зор
қуанышпен қарсы алуының мəні де осында болатын.
Ақпан төңкерісінің қазақтар үшін қаншалықты маңызды
болғанын А.Байтұрсынов: “Алғашқы революцияны қазақтар тура
түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл революцияның
оларды патша өкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында
жəне, екіншіден, оларды өзіміз басқарсақ деген ескі үмітінің нығая
түскенінде еді”,— деп түсіндіреді. Халықтың Уақытша үкіметке ба-
рынша қолдау көрсетуіне оның 1916 жылғы 25 маусым жарлығының
күшін жойып, енді бұратаналарды қара жұмысқа алуды тоқтатуын,
ал 7 наурызда 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға амнистия
жариялау сияқты шаралары да ықпал етті. Бұл жөнінде М.Дулатов:
“Сары əскер” қарсылық қылған елдерге лек-легімен аттанып, қазақ-
қырғыз даласын қызыл қанға бояуға кірісіп еді. Он айға жетпей
патша өкіметі құламаса, Ресейдегі ұлы төңкеріс болмаса, не болар
еді”,— деп жазды.
Самодержавияның құлатылғаны жайлы хабар жер-жерлерге
жетісімен түрлі əлеуметтік топтардың, саяси партиялардың өкілдері
жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ, өздерінің қоғамдық ұйымдары
арқылы жергілікті басқару органдарын құруды қолға ала бастайды.
Қоғамдық негіздегі құрылған мұндай жергілікті басқару органдары:
азаматтық атқару комитеті, біріккен қоғамдық құрама (коалиция-
204
205
лық) атқару комитеті деген сияқты атауларға ие болды. 1917 жыл-
дың 5 наурызына дейін Қазақстанда да қоғамдық негіздегі атқару
комитеттері құрыла бастады. Мəселен, 3 наурызда Көкшетауда,
4 наурызда Қызылжарда, 5 наурызда Семейде біріккен қоғамдық
ұйымдардың атқару комитеттері құрылды. Бұл ұйымдарға түрлі
əлеуметтік топтар мен саяси партиялар мүшелікке ұмтылды. Бұл —
халықтың демократиялық басқару дəстүріне құлшына араласқанын
аңғартады.
Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Уақытша үкімет
билік орындарын құру туралы 5 наурызда арнайы қаулы жариялады.
Осыған байланысты жергілікті басқаруда, ел өмірін жаңа мазмұнда
ұйымдастыруда өзгерістер бола бастайды. Наурыз жəне сəуір ай-
лары ішінде ескі əскери губернаторлық, уездік, болыстық жəне
ауылнайлық басқару жүйелері жойылып, келмеске кетті. Олардың
орнына Уақытша үкіметтің облыстық жəне уездік комиссарлық
басқару жүйесі, сонымен бірге облыстық, уездік, болыстық жəне
ауылдық деңгейде азаматтық комитеттер жəне олардың атқару
орындары қалыптаса бастайды. Мамыр мен маусым айларында
бұларға қосымша облыстық азық-түлік комитеті, жер комитеті жəне
басқа осы сияқты басқару орындары құрылады.
Батыс майдан штабы жанынан земскі жəне қалалық одақтардың
бұратана бөлімін басқарып жүрген Ə.Бөкейханов 20 наурыз күні
Торғай облыстық комиссары қызметіне тағайындалды. Қазақ елі
патшалық Ресей құрамына енгеннен бергі уақытта оның бірде-бір
өкілінің империяның əкімшілік жүйесінде губерниялық, облыстық
деңгейді қойғанда, тіпті уезд бастығы дəрежесінде қызмет
жасамағандығы мəлім. Империяның басқару жүйесінде қазақтар
болыстық атқарудан жоғарғы қызметті иемденуге тиісті емес еді.
Бұл тұрғыдан Ə. Бөкейханов ескі патшалық биліктің орнына келген
Уақытша үкімет жағдайында облыстық басшылыққа келген бірінші
қазақ болатын.
1917 жылы наурыз айы ішінде Орал облыстық комиссары бо-
лып Бизянов бекітілді. Ақмола мен Семей облыстары қарайтын
Дала өлкелік комиссарлығына мемлекеттік кеңес мүшесі И.Лаптев
жіберілді.
1917 жылы сəуірде Уақытша үкіметтің қаулысы бойынша Түр-
кістан өлкесінде нақты тəртіп орнатып, күнделікті туындап отыра-
тын мəселелерді сол жерде шешіп, өлкені басқару үшін Түркістан
уақытша комитеті құрылды. Оның құрамына Мемлекеттік Дума
мүшесі Н.Н.Щепкин, бірінші Дума мүшесі Ə.Бөкейханов, екінші
Дума мүшесі М.Тынышпаев, үшінші Дума мүшелері С.Мақсудов,
В.С.Елпатовский, А.А.Липовский, П.И.Преображенский, О.А.Шкап-
ский жəне генерал-майор А.Дəулетшин енді. Комитеттің төрағасы
болып Н.Н.Щепкин тағайындалды. Самарқан, Ферғана, Сыр-
дария, Жетісу, Закаспий облыстарында жəне Хиуа мен Бұқара
хандықтарындағы орыс поселкелеріне Түркістан комитеті Уақытша
үкімет атынан билік жүргізуге өкілетті болды.
Ə.Бөкейханов Түркістан комитеті құрамына енгенімен, Торғай
облыстық комиссары ретінде орны босап, оның қызметіне ат салыса
алмады. Торғай облыстық комиссары Ə.Бөкейханов өз қызметінде
жергілікті жердің салт-дəстүрін, ерекшеліктерін білетін азаматтар-
ды, əсіресе, қазақтың зиялы азаматтарын мемлекеттік басқару орын-
дарына тағайындауды басшылыққа алды. Оның ұсынуы бойынша,
Қостанай уездік комиссары болып бірінші жəне екінші мемлекеттік
Думалардың мүшесі Ахмет Бірімжанов, Торғай уездік комисса-
ры болып Ғұмыр Алмасов, Ырғыз уездік комиссары болып Тобыл
округтік сотының мүшесі Ғабдолла Теміров бекітілді.
Қазақ облыстарында болыстық комитеттердің құрылуы бары-
сында да баяғыша болыстыққа таласқандай таласып, ескі əдетке
салған жағдайлар да кездесіп тұрды. Ол жөнінде “Қазақ” газетінде:
“Көкшетау уезі Айыртау болысы сайлауында зор талас болды.
Председательдікке сайланған Ысқақ Баймұрат баласы қонақасына
көп қой, бір ту бие сойып, 3 мың сом ақша шығарып, үлкен партия
жасап барып сайланып шықты. Махмұд төре Уəлиханов сайлауды
бұзуға жол іздеп Көкшетауға келді” — делінген.
1917 жылы сəуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінің
шешіміне сəйкес болыстық, ауылдық-азаматтық комитеттер ұйым-
дастыру үшін Ақтөбе уезіне 9 адамнан, Ырғыз уезіне 9 адамнан,
Қостанай уезіне 12 адамнан, Торғай уезіне 6 адамнан тұратын ко-
миссиялар құрылды. Бұл комиссиялар болыстық комитеттерді
ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетіп, сайлаудың дұрыс
өтуін бақылауға алды. Ақтөбе уезіне С.Досжанов, И.Ермұратов,
Ж.Кенжебаев, Е.Өтемісов жəне т.б. құралған комиссия келіп 3
маусымға дейін 14 болыста болыстық комитет, 3 ауылдық комитеттің
құрылуының басы-қасында болды.
1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Қазақстанның қоғам-
дық-саяси өмірінде белсенділіктің айтарлықтай арта түсуіне
облыстық, уездік қазақ комитеттері үлкен əсер етті. Мысалы, 1917
жылдың 10 наурызында — Оралда (төрағасы — Əлібеков); 11 нау-
рызында — Семейде (төрағасы — Р.Мəрсеков); Омбыда (төрағасы
206
207
— Е.Итбаев); наурыздың аяғында — Верныйда (төрағасы —
И.Жайнақов) құрылған жəне т.б. облыстың қазақ комитеттері «Қа-
зақ» газетінің көмегімен бірден-ақ қазақтардың облыстық съездерін
дайындауға кірісті. Олар съездерге дайындалу барысында облыстық
қоғамдық жəне басқа комитеттермен де, Уақытша үкіметтің ор-
гандарымен де ынтымақтастық жасады. Мысалы, Ə.Бөкейханов —
Торғай облысы бойынша, М.Тынышбаев Жетісу облысы бойынша
(эсер А.Шкапскиймен бірге) Уақытша үкіметтің комиссарлары бол-
ды. Ал, А.Байтұрсынов, М.Шоқаев, М.Дулатов, Ж.Досмұхамедов,
Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, А.Бірімжанов, Ə.Кенесарин, Р.Мəрсеков,
тағы басқа қазақ зиялыларының өкілдері Уақытша үкіметтің
жергілікті органдарында жұмыс істеді. Осындай байырғы қазақ
халқының, əсіресе, ұлт зиялыларының саяси белсенділігі өскен
жағдайда 1917 жылдың көктемінде: Торғай (Орынбор қаласы, 2—8
сəуір, 300-ден астам делегат, төрағасы — А.Байтұрсынов), Жетісу
(Верный қаласы, 12—13 сəуір, 81 делегат, төрағасы — И.Жайнақов),
Орал (Орал қаласы, 19—22 сəуір, 800-ден астам делегат, төрағасы —
Ж.Досмұхамедов), Ақмола (Омбы қаласы, 25 сəуір — 5 мамыр, 150-
ге жуық делегат, төрағасы — А.Тұрлыбаев) қазақ облыстық съездері
өткізілді. Бұл съездер ұлт азаттығын, жер мəселесін, діни, мəдени,
қоғамдық-саяси, əлеуметтік-экономикалық жəне басқа да про-
блемаларды шешу жолындағы күрестегі қазақ қоғамының қалың
топтарының стратегиялық міндеттерін белгілеуге ұмтылуымен
қатар, олардың осы мақсаттарға жетудегі тактикалық бағыттарын
жасау жолында өздерінің одақтастары мен қарсыластарын да ашық
көрсетуге тырысты. Облыстық съездердің ішінде Торғай съезі
көлемі мен қабылданған шешімдері бойынша айрықша ерекшеленді.
Съезд жұмыстарына Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов,
А.Қалменов, М.Шоқаев, М.Жұмабаев жəне басқа да сол кезеңдегі
жас қазақ ойшылдары шешуші ықпал жасады. Соның арқасында
съезд шешімдерінде «Алаш» қозғалысының бағдарламалық талап-
тары өз көрінісін тапты.
Сонымен қатар, байырғы қазақ жұртшылығының түрлі топ-
тарын біріктіріп, олардың аттарын анықтау мен шешу мақсатында
Торғай съезі Бүкіл қазақ съезін шақыруға қаулы қабылдап,
оны шақыру мен бағдарламалық құжаттарын дайындау үшін
ұйымдастыру бюросын сайлады. Оның құрамына Ə.Бөкейханов,
М.Дулатов бастаған қазақ ұлт зиялыларының белгілі тобы енеді.
Съезд осы жылы мамыр айында Мəскеуде өткізуге тиіс болған
Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегаттар сайлады.
1917 жылы мамырда Петроградта бірінші Жалпы ресейлік
мұсылмандар съезі болып өтті. Съезде ұлттық-аумақтық федеративті
негіздегі демократиялық республика ұлттық автономия құру
мəселелері қаралды.
Қазақстанда алғашқы Кеңестер 1917 жылы наурызда пай-
да бола бастады. Жұмысшы жəне солдаттарға қарағанда шаруа
депутаттарының Кеңесі кейінірек, яғни мамыр жəне маусым ай-
ларында құрыла бастады. Кеңестердің көпшілігін алғашқы кез-
де эсерлер мен меньшевиктердің ұсақ буржуазиялық партиясы
өкілдері басқарды. Бұған большевиктердің əлсіздігі мен аздығы,
жергілікті жұмысшылар ұйымшылдығының жеткіліксіздігі мен
саяси жетілмегендігі, Қазақстанның əлеуметтік-экономикалық
даму дəрежесінің төмендігі себеп болды. Кейбір мəліметтерге
қарағанда, 1917 жылдың наурыз-сəуір айларында Қазақстанда 25-
тен астам Кеңестер, оның ішінде 8 жұмысшы, 9 шаруа, 7 солдат
депутаттарының Кеңестері жұмыс істеген. Өзінің пайда болуы-
нан бастап Қазақстан Кеңестері, əсіресе, жұмысшы жəне шаруа
депутаттарының Кеңестері өздерінің құрамы жөнінен көпұлтты
болды. Кеңестердің құрамына: орыстар, қазақтар, украиндар, та-
тарлар, ұйғырлар, өзбектер жəне басқа халықтардың өкілдері енді.
Солдат депутаттары Кеңестеріне көбінесе орыстар, украиндықтар,
ішінара татарлар кірді.
Орталық Азияда жəне Қазақстанның оңтүстігінде мұсылман
депутаттарының Кеңестері құрылды. 1917 жылғы 16—21 сəуірде
Ташкентте мұсылман депутаттары Кеңестерінің І өлкелік
(Түркістандық) съезі өтіп, ол Уақытша үкіметті қолдады жəне
Ресейді басқарудың ең жақсы нысаны Түркістанға жəне басқа да
ұлттық аймақтарға кең көлемде автономия берілетін жағдайдағы
Федеративтік демократиялық республика деп таныды. Съезд
Құрылтай съезіне дайындалуға жəне «Шура-и Ислам» мұсылмандар
партиясының бағдарламасын тануға шақырды.
Осы жерде айтып кететін жағдай 1917 жылы көктемде мұ-
сылмандар қозғалысы негізінде «Шура-и Ислам» партиясы құрылған
болатын. Ташкенттегі съезде (1917 ж. сəуір) қалыптасқан «Шура-и
Ислам» партиясының Шымкентте, Əулиеатада, Перовскіде, Қа-
залыда жəне басқа қалаларда жергілікті ұйымдары болды, оларға
мұсылман дінінің православие дінімен тең құқықтылығы, діни
шектеулердің жойылуы, ислам діні оқу орындарының ашылуы, Мек-
кеге қажылыққа баруға рұқсат ету жəне басқа да діни құқықтар мен
бостандықтар үшін күрескен татар, өзбек, қазақ діни қайраткерлері
мен қатардағы мұсылмандар кірді.
208
209
Қазақстандағы қос өкіметтің орталық аудандарға қарағанда
өзіндік ерекшеліктері болды, бұл өлкенің отар ретінде əлеуметтік-
экономикалық жəне саяси даму деңгейіне, оның көпұлттығы
мен халқының құрамы негізінен ұсақ буржуазия өкілдерінен
шыққандығына байланысты еді. Тап осындай жағдай Түркістан
өлкесінде де орын алды. Мұнда патша өкіметі құлаған соң биліктің
үш түрі орнады: олар — Кеңестер, Уақытша үкіметтің атқару
комитеттері жəне мұсылмандар ұйымы. Егер алғашқы екі билік
сырт жағынан қарағанда жергілікті халықтың мүддесіне онша жаны
ашымай бұрынғы саясатты жүргізсе, ал ұлттық зиялылар басқарған
оның соңғысы жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мəселелерді ше-
шуге тырысты.
Сонымен, Ақпан революциясының жеңісінен кейін Қазақстанда
қоғамдық-саяси өмірдің біршама жандануында Ресейдің саяси пар-
тиялары, əсіресе, олардың жергілікті ұйымдары мен топтары өз
əсерін тигізді. 1917 жылдың көктемінде болып өткен облыстық қазақ
съездері болашақ партияның бағдарламасын əзірлеуге көмектесіп,
съездерге қатынасқан делегаттар мен қазақ комитеттерінің мүшелері
«Алаш» партиясының əлеуметтік негізін құрады. Осылайша, 1905
жылдың өзінде-ақ құруға əрекет жасалған «Алаш» партиясы іс
жүзінде 1917 жылдың мамыр айында қалыптасып, ал оның ресми
тіркелуі 1917 жылдың желтоқсанында жүзеге асқан еді.
Тарихта «Алаш» партиясының саяси ұйым болып құрылуының
бастауын 1917 жылдың 21—28 шілде аралығында өткен бірінші
Бүкілқазақ съезі айқындап берді. Съезд жұмысына сол кезде қазақ
даласының алты облысынан: Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу,
Ферғана жəне Бөкей ордасынан делегаттар қатысты. Съезде 14
мəселе күн тəртібіне қойылды: мемлекеттік басқару жүйесі; қазақ
облыстарының автономиялығы туралы; жер мəселесі; халық мили-
циясын ұйымдастыру; земство туралы, халық ағарту ісі; сот ісі; дін
мəселесі; əйелдер мəселесі; қазақтар облыстарында Құрылтай жи-
налысына делегаттар сайлау; бүкілресейлік мұсылман съезі туралы;
қазақ саяси партиясын құру туралы жəне т. б. Осылардың ішінде
өзінің мазмұны мен саяси маңызы жағынан ұлттық автономия, жер
мəселесі мен Құрылтай жиналысына дайындық мəселелері бірінші
кезекте, өте саяси пікірталас жағдайында талқыланды. Мысалы,
ұлттық автономия туралы А.Байтұрсынов пен М.Дулатов тəуелсіз
автономиялық Қазақ мемлекетін жақтап сөйлесе, Ə.Бөкейханов
қазақ ұлттық-аумақтық автономияның Ресейдің құрамында бо-
луын жақтады. Бірақ, ол мемлекет демократиялық федеративті
парламенттік республика негізінде құрылуына басты назар аударды.
Бұл көзқарас көпшілік делегаттардың қолдауына ие болды. Соны-
мен съездің қарарында: «Қазақ облыстары аумақтық-ұлттық автоно-
мия құқығын алуы тиіс» деп жазылды. Сондай-ақ, жер мəселесі де
қызу талқыға салынды. Съезд Қазақстанның барлық аймақтары мен
Бұхара, Ферғана, Хиуадағы қазақтар қауымдастығынан Құрылтай
жиналысына ұсынылған 81 кандидаттың 78-ін депутат етіп сайла-
ды. Олардың арасында «Қазақ» газетінің жетекшілері, қазақ ұлттық-
либералдық қозғалысының көсемдері Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсы-
нов, аймақтардан А.Ермеков, Х.Ғаббасов, Ж.Х.Досмұхамедовтар,
М.Тынышбаев, М.Шоқаев, С.Асфендияров болды.
Съезде қаралған барлық мəселелер талқыланып, шешімдер
қабылдану барысында қазақ ұлт зиялыларының ықпалы басым бо-
лып отырды. Сайып келгенде, Орынборда өткен бірінші Бүкілқазақ
съезі «Алаш» қазақ ұлттық саяси партиясын шын мəнінде
заңдастырды. Атқару комитеті негізінде партияның басқарушы ор-
ганы сайланды.
Сонымен, қорыта айтқанда, Кеңестік дəуірдегі Коммунистік
партияның идеологтары Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін
буржуазиялық ұлтшылдық қозғалысының көрінісі деп бағалап
келді. Алайда, біздің жоғарыда атап көрсеткеніміздей, жалпы
Алаш қозғалысы, соған байланысты XX ғасыр басындағы қазақ
ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметінде «ұлтшылдықтың»,
«буржуазияшылдықтың» ешқандай да белгісі болған емес. «Алаш»
қазақ халқының нағыз ұлттық демократиялық партиясы болды.
Сондықтан, қазіргі де, болашақ ұрпақтың да санасында оның өмір
сүрген уақыты қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған өзінің
толық тəуелсіздігін қалпына келтіру жолындағы күресінің ең
маңызды бір кезеңі деп бағалануы керек.
210
211
Достарыңызбен бөлісу: |