21
Қытай-кангюй қатынастарының басқа бір жағы Шығыс Түркістандағы оқиғаларға
байланысты. Біздің заманымыздағы 78 жылы Бань Чжао басқарған қытай армиясы Шығыс
Түркістан жазирасына үстемдігін орнатады. Алғашқыда кангюйлер император наместнигіне
одақтас болады да, көп кешікпей өзінің көзқарасын өзгертіп, біздің заманымыздың 85 жылы
Бань Чжаоға қарсы көтерілген Суле (Қашғар) билеушісіне көмекке әскер жібереді.
Қаңлы тайпаларының негізгі кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болған. Олардың бір
бөлегі егіншілік және бау-бақша өсірумен айналысқан. Қолөнер едәуір дамыды. Олар Ұлы
Жібек жолы арқылы көп елдермен сауда жасасқан, халықаралық саудаға қатысқанын
археологиялық жұмыстар кезінде өзге елдерде жасалған заттардың табылуы дәлелдейді. Сол
заманға сай қалалары да болды. Қаңлылар өрмекпен жүн мата тоқыған, алуан түрлі қыш
ыдыстар істеген. Қоладан және темірден құрал-саймандар мен қару-жарақтар жасаған.
Зергерлік бұйымдар мен әшекейлерді алтын, күміс және қоладан жасады. Ерте замандағы
қаңлылардың жазу мәдениеті болған. Қаңлылар негізінен ата-аналарының аруағына, ал бір
бөлігі отқа, айға, күнге табынған.
Қаңлы ескерткіштерінің жарқын көріністерін қауыншы, отырар-қаратау, жетіасар
мәдениеттерінен көруге болады. Олар Сырдария сағасынан Ферғанаға дейінгі өңірге тараған.
Қауыншы мәдениеті Ташкент аймағын қамтиды. 1958-1963 жж. А.Г.Максимова жетекшілік
еткен Шардара археологиялық экспедициясы Оңтүстік Қазақстаннан қауыншы мәдениетіне
жататын бірқатар ескерткіштер ашты. Оның біршама толық зерттелгені Шардараға таяу,
Сырдарияның оң жағалауындағы Ақтөбе қонысы. Отырар алқабында Отырар-Қаратау
мәдениетіне жататын ескерткіштер көп шоғырланған. Арыс өзенінің сол жағалауында
аумағы әртүрлі Пұшық-Мардан, Қостөбе, Шаштөбе, Сейітман төбе, Ақайтөбе, Шалтөбе
сияқты жиырма шақты қалашықтар бар. Олардың ең үлкені – Көкмардан. Бұлардың көбін
1969-70 ж. К.Ақышев жетекшілік еткен Отырар археологиялық экспедициясы тапқан.
Жетіасар мәдениеті Қуаңдария мен Жаңадария аңғарын қамтиды. Бұл кездегі қала орындары
біртектес. Қалалар мен обалардан Жетіасар мәдениетіне жататын түрлі бұйымдар табылды.
Археологиялық қазбалар барысында табылған әшекей бұйымдар, шаруашылық заттар
қаңлылардың егіншілікпен, мал шаруашылығымен, қолөнер кәсібімен, саудамен
айналысқанын және өз тұсындағы Қытай, Парфия, Рим және Кушан империясы сияқты ірі
мемлекеттермен саяси, экономикалық, мәдени байланыста болғанын дәлелдейді.
ІІІ-V ғғ. қытай деректері бойынша кангюйлер өзінің Орта Азиядағы қос өзен
аралығындағы, Арал өңіріндегі иеліктеріне үстемдік етуінен айырылып, бірқатар тәуелсіз
иеліктерге бөлініп кетеді. V ғасырда ол император сарайына елшілік жіберген елдер тізімінде
ғана белгілі. Сірә, бұл кезге қарай кангюйлер орнында пайда болған ұсақ иеліктер
эфталиттер мемлекетіне тәуелді болса керек. Біздің заманымыздағы 1 мыңжылдықтың орта
шенінен бастап ортаңғы және төменгі Сырдария ауданындағы этникалық-саяси жағдай
өзгерді. Оған түркі тілдес тайпалар басып кірді.
3 - тақырып.
Достарыңызбен бөлісу: