№8- сабақ тақырыбы: Адам философиясы және құндылықтар әлемі. Өмір және өлім. Өмірдің мәні
Дәріс сабағының қысқаша мазмұны. Адам болмысының категориялары (бақыт, сенім, өмір және өлім). Өмірдің онтологиялық және аксиологиялық мазмұны. Адам, оның ажалдығы және ажалсыздығы. Өмірдің мәні – оның шектеулілігін ұғыну. Уақыт, мәңгілік және мақсат. Қорқыт дүниетанымындағы мәңгілік өмір мәселесі. Философиялық ойлар тарихындағы өмірдің мәні мәселесі: фатализм, гедонизм, волюнтаризм, функционализм. Өмірдің мәні – қазақ философиясының негізгі категориясы. . Фәлсафа дәстүріндегі Қожа Ахмет Яссауидің мистикалық дүниетанымы. Абай философиясындағы махаббат мән-мағына туғызатын бастама ретінде. «Махаббатпен жаратқан адамзат ...». Өмip философиясы - 19-20 ғасыр шекарасында Германия мен Францияда пайда болған, буржуазиялық философияның субъективті-идеалистік бағыты, кең мағынада өмірдің мақсаты, мәні туралы мәселелерді қарастыратын философия. Иррационалстік бағыт ретінде Германияда (Шопенгауэр, Ницше, Дильтей, Зиммель) және Францияда (Бергсон) 19- 20 ғасырлар аралығында пайда болды.
Олар классикалық рационализмге қарсы тұрды. Философияның бастауы ретінде «өмір» ұғымын пайдаланады.[1]
Аңыздарда Қорқыт Ата өлімнен қашып, бүкіл ғарышты аралайды. Түсінен шошынған ол ажалдан құтылу үшін ертеңіне дүниенің екінші шетіне көшіп кетеді. Мұнда ол баяғы түсті тағы көреді. Таң атысымен тағы да жолға шығады. Не істерін білмей, жердің ортасына бармақ болады. Жер ортасы Сырдың жағасы, қазіргі Қорқыт моласы тұрған тұс екен.
М.Әуезов: “ажалды тоқтату мүмкін еместігін мойындағысы келмеген Қорқыт Ата жұрттан безіп, айдалаға, табиғат аясына кетеді, бірақ таулар да, жазықтар да, ормандар да оған өлім күтіп тұрғанын айтады. Содан қорқып, шырғайдан алғашқы қобызды жасап, жер бетінде бірінші болып күй тартады. Сөйтіп өлмеудің амалын өнерден табады”, – деп жазады. Қазақ аңызындағы Қорқыт Ата бейнесі енді өлімнен қашқан шаман емес, керісінше, өмір үшін күрескен, өлімнен құтылуды қандай бір құдіретті күштен емес, өнерден іздеген, ажалмен айқасқан алып рухани тұлға болып көрінеді. Зерттеушілер өлімнен қашқан Қорқыт Ата философиясын әйгілі шумер эпосы “Гильгамеш туралы жырдағы” Гильгамеш әрекетімен салыстырады. М.Әуезов Қорқыт аңызын адамзатқа от ұрлап әкеліп сыйлаған Прометей туралы грек аңызымен теңестіреді. Тарихи деректер мен ғылыми пайымдауларды түйіндей келе, Қорқыт Атаны исламды әлі толық қабылдамаған түркі тайпаларының мәдени рәмізі деп қарастыруға болады. Аңыз әңгімелерде Қорқыт Ата өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Зерттеуші Е.Тұрсыновтың түсіндіруі бойынша, бұл жердегі желмая қобыздың рәміздік бейнесі болып табылады.
Өйткені ол мәңгілік өмірді қобыздың сарынынан табады. Ең ақырында қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес күйлерін қалдырады. Қорқыт Ата жырларының философиялық мән-мағынасының алтын діңгегі – әлемді, табиғат заңдарын көркемдік таным тұрғысынан игеру. Оның өмір сүйгіштік дүниетанымы күнделікті күйкі тірліктің шеңберінен шыға білу және адамзат үшін әрбір тіршілік сәтінің құнды екенін ескерту, қайталанбас уақытты қадірлеуге шақыру, сол арқылы өмірді мәңгілік ету идеясы Қорқыт философиясының іргетасын құрайды.
Өмір философиясы барлық тіршілік иелеріне рухқа, не материяға ұқсамайтын, бірақ түйсік сезімі арқылы тануға болатын өмір көрінісінің формасы және әлдеқандай бір алғашқы реальдық ретінде қарастырады. Бұл философияның пайда болуына биология немесе психология сияқты ғылымдарының жедел дамуы әсер етті. Өмір философиясындағы басты ұғым - өмірдің мәні мен мағынасын алуан түрлі, оны қай позициядан, қалай түсіндіруге байланысты. Мұндағы «өмір» ұғымы бәрінен бұрын тірі организм өмір сүріунің шарты ретіне биология-натуралисттік мағынасында қолданады. Сонымен қатар, «өмір» - дүниенің фбсолюттік шектік негізі болып табылады. Ол материя мен санаға қарағанда белсенді, көп мағыналы әрі мәнгі қозғалыста болады. Оны сезімдік немесе ақыл ой сатылары арқылы емес, тек түйсікпен ғана тануға болады, әрі діни толғаныстармен топшаланады. Өмір философиясы ішкі логикасы жағынан екі салаға бөлінеді: 1) Өмірді тек биология жағынан қарастырып, түсіндіріп биологиядық қасиеттерді шындық өмірдің барлық түрлеріне телиді.Бұл конспекция өмір философиясының психологиялық варианты деп аталады. 2) Өмірді рухани күштердің иррационалдық құбылуы ерік және ішкі толғыныс формасында қарастырады.Сонымен бірге өмір философиясының мәдениет философиясы немесе « тарихи
» нұсқа деп аталатын түрі де бар. Бұл қағиданы жақтаушылар өмірді « ішкі » жағынан талдап түсіндіре отырып, тікелей ішкі толғаныстарға жүгінеді. Өмірдің мәнін адам жан дүниесі мен психологиялық тәжірбиелері арқылы емес, мәдени тарихи тәжірібиелер арқылы түсіндіріледі. Өмір философиясының жекеленген нұсқалардың принциптік айырмашылықтарға қарамастан, оның әр түрлі концепцияларының ортақ негізі бар. Ол - қаншылдық пен позитивизм ықпалына байланысты 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында кең тарап, үстем болған мотодологизмге қарсы күрес жүргізу. Қазіргі таңда, Өмір философиясы экзистенцириализм мен персонализмге ұстанып отыр
Өмірдің мәнін анықтау үшін сенің өмірің бітіп, аяқталып қалса да мәңгі жалғаса беретін түпсіз нәрсемен анықталуы тиіс дейді ғалымдар. Олай болса өзін ұлы тұлға сезінетін адамдар тәкәппарлықтан тыйылуға тура келеді. Әр адам «Мен жерді тіреп тұрған негізгі ұстын не болмаса күллі ғаламның кіндігі емеспін. Сондықтан менен де маңызды, менен де қадірлі нәрсе болуы тиіс. Менің найзағайдай жалт еткен шолақ ғұмырым ұшы қиыры жоқ мәңгіге созылып жатқан бітпес бір ғұмырдың титімдей бөлшегі деп ойлансын». Осы бір өте елеусіз көрінетін бір адамның ғұмыры әлемдегі өз орнын дұрыс анықтап, қоғамдағы
«кетігін» тауып қаланғанда ғана мәні ашылады. Ал ол адам өмірде өз орнын табу үшін өзге адамдардың өз орындарын табуына кесірін тигізбеуі керек. (Өкінішке орай барлық жерде, ұжымда, жұмыста, қызметте адамдар керісінше әрекет еткісі келіп тұрады) Міне, осылайша гармония, сыйластық, барлық адамға деген игі тілек, жақсы ниет дүниеге келеді. Осы мақсаттарға жету жолында көп адамның айнымас темірқазығы ретінде жармасатын құнды заты — Құдай. Ерте замандарда адамдар сауаты саяз, ілім-білім болмаған кезде «өмірдің мәні не?» деген сұраққа онша терең бойлай алмаған. Ол кезде оларға мағына туралы емес,
«өзіңнің Жаратушы алдындағы міндетің туралы ойлан», деп үйрететін. Яғни «Құдай сені о баста жаратып, маңдайыңа тағдырыңды қашап жазып берген. Сен сол соқпақпен жүре бер», дейтін. Келе-келе адамзаттың сана-сезімі өсіп, жерге жол көрсетуші киелі кітаптар түсіп, пайғамбарлар дүниеден озып, қоғамда сауатты, саналы адамдар көбейген кезде Құдай «мені не үшін жаратты?» «Тағдырымның мәні не?»-деген сұрақтармен басы қата бастады.
Осылайша «өмірдің мәні» деген ұлы философия алдыңғы орынға шықты. Бұл сұраққа Ү-ІҮ ғасырларда қайсыбір ойшылдар «өмірдің мағынасы барынша рахат көру», деп жауап берді. Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас. Амалын тапсаң азаптан қаш та, жеңіл жолмен бұл өмірдің ләззатын сорып жата бер. Бұл көзқарасты ғылымда «гедонизм» деп атайды. Гректің
«хедоне» «рақат, ләззат» деген сөзінен шыққан. Ең қызығы бұл көзқарас өте өміршең болып шықты. Күні қазіргіге дейін өмірдің мәнін осылай кері түсіндіретін саяз адамдар қоғамда жетіп артылады. Христиандар Жаратушы Құдайдың әмірлерін бұлжытпай орындау арқылы жандарын мәңгі азаптан құтқаруы тиіс деп есептеді. Діннің алғашқы заңы деп Мұса пайғамбарға түскен он өсиетті айтады. Бұл өсиеттер өте қарапайым әрі кез келген адамға түсінікті. Бұл моральдық он өсиетті мұсылмандар да сөзсіз мойындап, оларды бұлжытпай орындауға тырысады. Осы қатаң талаптар мен бұйрықтарды бұлжытпай орындап, жанды таза сақтап, мәңгі азаптан аман алып қалу өмірдің мәні болып саналады. Кейін келе дін әсері әлсіреп, утилитаризм деген этикадағы тың бағыт, жаңа «ауру» пайда болды. Бұл қолмен ұстап, көзге көретін заттарды бағалап, соларға табынаудан барып шыққан мәдениет. Бұл ағымның негізгі қозғаушы күші — коммунизм. Яғни көзге көрінетін нәрселерді ғана бағалап, сол үшін адам бар өмірін арнауы керек. Жалпы осы мақсатқа жету үшін барлығынан тайсалмауға болады. Тіпті коммунистер көздеген мақсатқа жету жолында бұқара халықты құрбандыққа шалса да түк етпейді деп санайды. Юлий Шрейдер атты философ «утилитаризм
— барлық абсолютті нәрселерден уақытша ғана өмір сүретін жетістіктерді жоғары бағалайтын болғандықтан, этиканы түбінен шірітіп құртады» деп есепетейді. Бұл ілім қоғамға үстем болғанда, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін санаулы ғана адам сұрыптап беріп отырады. Ал, қалған бұқара халық солармен айтқанымен жүріп-тұруы керек. Шыны керек, бұл Ұлы Сұрақтың жауабын көп іздеп, еңбектенген, сол арқылы қоғамға жаңалық әкелген данышпан — Лев Толстой болды. Толстой атамыздың жанайқайы бүкіл Орыс елі тұрмақ, еуропа жұртын да дүр сілкіндірді. Орыс әулиесі «өмірдің мәні адам рухының үздіксіз дамып, бойындағы Құдай сипаттарын барынша ашу. Құдай рухын нәпсі қалауының қара балшығынан аршып алып, күллі жаратылысқа деген махаббатын ояту» деп түйді. Ақылман Толстой жас жеткіншектерге арнап жазған «Өздеріңе сеніңдер» деген өсиетінде,
«Балалықпен қоштасқан соң саналарыңды «Мен кіммін? Мен бұл өмірде не істеп жүрмін?- деген сұрақтар мазалағанда, бұл сұрақтардың жауабын таба алатындарыңа сенімді болыңдар. Сұрақтарға жауап іздегенде данышпан, даналар ұсынған жауаптар саналарыңда, туыстарың айтқан пікірлермен сәйкес келмесе қорқып, шошымаңдар. Пікір қайшылығынан әсте де қорқуға болмайды. Керісінше, пікір қайшылығының ұлғайуы сенің Құдай сипаттас рухыңның ояна бастағанының айқын белгісі. Дәл осы екі жауаптың бір-біріне сәйкес келмеуінің астарында өмірдің шын мағынасы көміліп жатыр. Он бес жасымда осы сұрақтар алғаш рет мені де мазалап бастағанда өз бетімше жауап беруден қаймыққам.
Айналамдағы адамдардың тынымсыз қайталай беретін қате пікірін мен де еріксіз қабылдағам. Осы қате қадамның азабын өте ұзақ тарттым. Ия, сонымен аса құрметті өскелең ұрпақ бөтен адамдардың өздері түсінбесе де таңып сөйлейтін пікірлеріне мән берместен, шынайы түрде өмірлеріңнің мәнін ашып, түсініп алуға тырысыңдар. Сендердің бұл талпыныстарың жас адамның бойындағы жәй ғана орындалмайтын арман, құлшыныс қой деп бейпіл сөйлейтін адамдардың сөзіне әсте құлақ аспаңдар. Жан дүниелеріңде алғаш рет Құдай сипаттас сезімдерің ояна бастағанда оның қаншалықты маңызды екенін барынша терең сезініп, бұл ең Ұлы сезімнің әлсіз жалынын сөндіруге жол бермеңдер. Керісінше жастық шақтың барлық күш қуатын пайдаланып бұл шоқтың өршеленіп жануына бар күш жігерлеріңді салыңдар. Дәл осы рух сәулесінің күш алып, алаулап жануына барлық адамның ең ұлы қуанышы мен бақыты байланған». Алайда ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында өмірдің мәні деген мәселе басқа қырынан қайта қаралды. Себебі, жаңа ғасырдың басындағы жұмыссыздық салдары адам санасына соққы боп тиіп, көп адам
қайғы-қасіретке ұшырайды. Ең қызығы мемлекет жұмыссыз халыққа аштан өлмейтін ас-су беріп отырса да, құр босқа ішіп-жеп жата беруден жалыққан адамдар өмірінің мәнін жоғалтып, ақыл естерінен айрылады. Екінші дүние жүзілік соғыстан соң өндіріс индустриясын жақсы жолға қоя білген Еуропа мен АҚШ адам өмірін айтарлықтай жақсартты. Алайда бұл проблемалар олардың ішкі рухани әлемінде болатын күйреу сезімін шешіп бере алмайды. Осы құбылысты дәл байқаған Американдық псхологтар «жексенбілік невроз» деген жаңа диагноз қояды. Психолог мамандарға келіп шағымданған менеджерлер демалыс күндері жан дүниелерінің құлазып тұратыны туралы айта бастайды. Жағдайлары жақсы болса да жүрегінде үңірейіп тұрған бос апанды әйел, бала-шағасы толтыра алмайтындарын айтады. Осындай проблемалардан құтыла алмаған көптеген менеджерлер ақырында ақыл-есінен айрылып қаңғып кеткен. Адамдaрдың өмір мәнін табуға ұмтылатын талпынысын жан-жақты зерттеген психолог ғалымдардың тағы біреуі — Виктор Франкл еді. Ол «адамдарды талпындырып тұратын күш-өзінің өмір сүруінің түпкі мағынасын тапсам деген ой. Көптеген адамдар өзін-өзі өлтірудің, жынданып кетудің, араққа салынып кетудің, наркотикке ұрынудың негізгі себебі осы сұрақтың жауабын таба алмай шатасуда деп пікір түйген. Виктор Франкл екінші дүние жүзілік соғыстың қарсаңында Австрияда тұрып жатты. Фашистік Германия Австрияны басып алған соң ұлты еврей Франклдің жағдайы мүшкіл болады. Ол сол кездің өзінде хәм атақты психолог, ғалым болғандықтан АҚШ оны қуана- қуана шақырады. Бірақ Франкл қартайған ата-анасын жау қолына қалдырып кетуге дәті бармай отбасында қалады. Көп ұзамай фашистер оны тұтқындап, лагерге әке-шешесімен бірге тоғытады. Лагерде ата-анасы ұлдарының қолында қайтыс болады. Адам жанының құпия сырларын зерттеп үйренген ғалым лагерде де тұтқын жандардың тіршілігін жіті бақылап зерттей береді. Тұтқындарды мал секілді қорлай беретін фашистер түрмедегі кез келген бейшараны әр түрлі сылтаумен өлтіріп тастауға ұмтылып тұратын. Концлагерге алғаш келіп кіргенде көбінің ойы мынадай болатын. Бұл жерден денсаулығы темірдей жастар мен мығым денелі азаматтар ғана тірі шығатын шығар. Біз секілді жасы келіп, шау тартқандар мына азапқа бір апта да шыдамас деп қайғырады. Арада үш жыл өткенде жағдай мүлде басқаша болып өзгереді. Осы арада кітаптан үзінді келтіре кететін мынадай қызықты фактілер бар. «Өзін өзі өлтіру туралы ой біздің әр қайсымызды да мазалайтын. Айналаңда адамдар топырлап өліп, ажал қаупі әр күн, әр сағат сайын төбеңде төніп тұрған соң еріксіз өлу туралы ойлап кетесің. Мен түрмеге түскен күні кешке өзіме өзім «сымға барып асылмаймын» деп серт бердім. Бұл фраза тұтқындар арасында жиі қолданылатын. Ауыр азап пен ит қорлыққа шыдай алмаған кейбір бауырлар өте жоғары кернеудегі тоғы бар сым тартылған қоршауға барып асылып қалатын». Осылайша Франкл әу бастан ақ миынан өзін өлтіру туралы ойларды аластап қуып шығады. Керісінше түрмеде денсаулығы мықты күшті азаматтардан гөрі кеудесінде үміті күшті, алда арманы бар, өмірінде белгілі бір мақсатқа ұмтылған ақжүрек адамдар әлдеқайда шыдамды әрі өміршең боп шығады екен. Тамақтарын тығылып жеген, біреудің нанын ұрлаған, тапқан дәрілерін өзі ғана ішіп емделгендер, ауыр жұмыста өзінің ғана шаруасын тындырып жолдасымен жұмысы болмаған өзімшіл жас жігіттердің түгелге жуығы түрмеде ажал құшты деп жазады. Тіпті керек десеңіз фашистерге сатылып, жағдайы жақсы болды дегендердің өздері сүзектен өліп жатты.
Қақаған аязда жолдасына соңғы киімін, мұзда тұрғанда жалаң аяқ қалып қойған досына екі етігінің біреуін шешіп берген, сабындай қара нанды бөлісіп жеген альтруистер түрменің тозағынан тірі шығады. Осыдан барып, «Адам жаны сірі. Егер ол өлмеймін деп үлкен мақсатқа талпынатын болса азап тартып бұзылған, күйреген тәнін қалпына қайтадан келтіріп алады» деп түйін жасайды. Франкл түрмеде жатып және мынадай қызық құбылысты дәл байқаған. Түрменің іші адам шошитын жер болса да жанға қуат болар қуанышты сәтті ол жерден де табуға болатын дейді. Ауыр жұмыстан өлейін деп әрең келген соң біздерді тамақ ішуге асханаға жіберетін. Ол жерде бізбен бірге қамауда жатқан Ф. есімді аспаз бартын.
Оның басқалардан айрымашылығы сол, ешқашан тұтқындарға сорпа құйғанда олармен тамыр-таныстығына, туыстығына қарамайтын. Өзгелер болса танысы не туысы келе қалса қазанның түбін қопарып, сорпаның қоюуын құйып беруге барын салып бағатын. Ф. Аспаздың сол болмашы әділдігінің өзі кеудені қуанышқа толтырып, адам рухына әл беретін. Лагерде кімнің ажал құшатынын алдын ала оп-оңай білуге болатын. Әдетте, тұтқындардың біреуі болашақ өмірден үмітін үзсе өмірі де сол мезгілде қоса үзілетін. Ертеңгі күннен жақсылық күтуден біржолата түңілген жігіттер күнделікті ісінен жаңылатын. Таң ертең тұрып жуынбайтын. Қатарға барып қосылмайтын. Ұрып, соғып, қорқыту оларға ешқандай әсер етпейтін. Тіпті бірнеше күн далаға да шықпастан үлкен, кіші дәретіне былғанып жата беретін. Ең соңғы күні қалтасының қуысына тығып қойған ең соңғы шылымын алып шегеді. Сол кезде оның сол күні өлетіні анық болады. Олармен тілдескенде маған беретін жауабы әманда біреу еді: «Маған келешектен күтетін дым да қалған жоқ!». Менің түрмедегі және бір танысым қызық жағдайда жан тапсырды. Бір күні ол маған өзінің ғажайып түс көргенін айтып берді. Түсінде бір дауыс оған менен білгің келген нәрсе болса сұрай бер мен сұрақтарыңа жауап берем деп тіл қатыпты. Мен: түрмедегі мына азап қашан бітеді деп сұрадым. Дауыс маған «30 наурызда бітеді» деп жауап берді. Бұл оқиға 1945 жылдың ақпан айында болды. Менің досым осы көрген түсін айтқанда оның өмірге деген құштарлығы өте жақсы болатын. Кеудесі де үміт пен сенімге толатын. Себебі, ол көрген түсін Құдайдан келген аян деп нық сенетін. Арада зымырап бір ай өте шықты. Әне-міне дегенше 29 наурыз да болды. Бірақ біздің азат болатын түріміз жоқ. Сол күні кешке менің досымның ыстығы көтеріліп, ауырып, мазасы қаша бастады. Ол ертеңіне түрмеден босанып шықпайтынан көзі жеткен соң бірден құлазып, құлдырап кетті. Келесі күні азанда ол қайтыс болды. Адамның жаны туралы білетін кісі бұл құбылысты қиналыссыз түсінеді. Адам жаны үміттен кесіліп, жанына тірек болар сенім таппағанда денсаулықтағы иммун жүйесі де қоса құлдырайды.
Менің досымның сенімі күйреп, үміті үзілгенде денеде қолайлы сәтті күтіп жатқан сүзектің бүкіл вирусы асқынып шыға келді. Осылайша ол бір күнде үмітсіздіктің құрбаны болды.
Бірақ қалай болғанда да түсінде естіген дауыс оған дұрыс жауап берген. Расында да оның азапты өмірі 30 наурыз күні тоқтады ғой. Түрмеде өзін өзі өлтіреуге әркеттенген тұтқындарды құтқарып қалуға рұқсат етілмейтін. Фашистер өлгісі келгендерді ана дүниеге кедергісіз шығарып салғанды жақсы көретін. Мысалы, асылып жатқан адамдардың арқанын кесіп, оларға көмек көрсетуге тыйым салынған. Мен қасымдағы екі жолдасымды ажалдан алып қалдым десе де болады. Олардың екеуі де «Бізде болашақ жоқ. Ертеңгі күннен күтетін дәнеме де қалған жоқ» деп асылуға іштей дайындық қылып жүрген. Мен олардың екеуімен де сырластым. Сөйтсем біреуінің кішкентай баласы туыстарына еріп, шетелге өтіп кетіпті.
Ол әлі сонда тірі екен. Мен оған қалайда сол балаға тірі жету керек. Онымен жолығып, ары қарай жаңа өмір бастауға мүмкіндік мол деп сендірдім. Ал екіншісі ғылыммен терең айналысатын ғалым екен. Ол соғысқа дейін бірнеше кітап та шығарып үлгерген. Бірақ жұмысы толық аяқталмаған. Мен оған қалай да тірі қалып, сол кітаптарды жазып бітіру керек деп үгіттей бастадым. Расында да сәлден соң оның кеудесінде үміт оты күшейіп, болашаққа ұмтыла бастады. Кейін екеуі де аман қалды. Азапқа толы төрт жыл артта қалған соң Франкл тұтқыннан босап шығады. Сол кезде оның түрінен адам шошитындай еді. Арсиған сүйектерді құр терімен қаптап қойған секілді. Бұрынғы үйі боса да жоқ. Кабинеті, кітаптары, бомбаның астында қалды. Он бес жыл көз майын тауысып, зерттеп жазған докторлық дисертациясын фашистер өртеп жіберген. Түрмеде ата-анасы, әйелі бақилық болып кетсе де, Франкл жаңа өмір бастайды. Кейін келе сырқаттанып жатқан ауру адамдарға өмірдің мәні туралы мазмұнды әңгімелер айтып, сырқат кісілердің жаңа өмір бастауына жәрдем қылады. Бұл ғылымды «логотерапия» яғни өмірдің шаттықа толы мән- мағынасын табу арқылы бақытты тағдырға қол жеткізетін ғылым деп атайтын. Ол осы ілімді дамыту арқылы ең атақты ғалымға айналады. Ғылыми атағы жөнінен онымен теңдес келетін ешкім жоқ еді. Көптеген қуатты елдердің президенттері, ғалымдары, философтары онымен жолығысып, өмірдің мәні туралы сөйлескісі келіп, өтініш жасайтын. Өмірдің мағынасын іздеу деген ұмтылыс кез келген адамға туа бітетін мінез. Осы талпыныстың шынайылығы мен тұрақтылығы пенденің бүкіл өмірінің қай арнаға ауатынын анықтап тұрады. Уақытша қызыққа алданып, өмірінің мағынасын жоғалтып алған адам бейне бір ауасыз бос кеңістікке шығып кетіп, қалқып жүргендей жағымсыз сезімге шырмалады. Бұл өмірде табан тірейтін тиянақты ештеме таппаған ғаріп жандар небір бақытсыздықты бастан өткереді. Оны психолог ғалымдар «экзистенциалды вакуум» деп атаған. Дәл осы «тіршілік вакуумы» адам тағдырында кездесетін күллі қасірет пен қайғының қайнар бұлағы деп санайды. Ең қызығы Франкл «өмірдің мәні рақат пен қызық» деп есептейтін философтарға үзілді кесілді қарсы шығады. Керісінше дәл осы қызық қуалайтын құмарлық адам өмірінің мәнін жояды. Сондықтан адамдар қиындықпен ізденіп, осы әлемге жасырылған өмір сырын тапсын деп қорытындылай келе бөтен адамды жақсы көріп, арланбай оның қызметін қылып, әжетіне риясыз жарағанда адамның өзі де тұлға ретінде қалыптаса бастайды.
Неғұрлым ол қасындағы серігіне, жолдасына, әріптесіне көмектесіп, соның көңілін тауып шаруасына жегілсе соғұрлым оның адамгершілік қасиеттері шыңдалып, ешкімге тәуелсіз тұлғаға айналады деп түйіндейді. Осылайша Освенцумдағы тозақи түрмеден тірі шыққан Виктор Франкл 1997 жылы 92 жасында дүниеден көшті. Франклдың «адамзатқа пайдам тисе» деген игі арманы оны өмірдің ең қиын белестерінен аман-есен алып өтіп, ақыл есі алжымаған айқын қалпында о дүниеге салтанатпен шығарып салды. Сөз соңында оқушыларға мынадай ақиқаттарды бірнеше мәрте қайталап айтып, саналарына сіңіруге тырысу керек. Балалар сендер бұл дүниеге қасыңдағы жолдасыңды, сабақ беретін ұстаздарыңды күн сайын қуантып, оларға шаттық силау үшін ғана келдіңдер. Бозбала кезіңнен қартайып шау тартқанша сенің міндетің, адамдық борышың - адам ұрпағына қуаныш пен шаттық силау. Кез келген адамның баласына жаның ашып, оның нәсіліне, ұлтына, түріне, дініне, тіліне қарамастан оларға адал қызмет етіп, еткен қызметіңе мақтау, бодау, ақы күтпестен бақытты сезімде жүру өмірдің негізгі мәні болып табылмақ! Интернет ресурс /Толығырақ: https://massaget.kz/blogs/3280/