Хром қоспасын сақтау. Хром қоспасын абайсызда сынып қоршаған айналаны ластамау үшін қабырғасы қалың ыдыста сақтайды және оның бетін қалың табақшамен жабады. Егер қоспаның беті ашық қалатын болса, онда ерітіндіден күйдіргіш қасиеті бар хромның оксиді ұшады, ал хром қоспасының құрамындағы концентрлік күкірт қышқылы ауадан ылғалды тартып өзінің сапасын төмендетеді.
Хром қоспасымен ыдысты жуу реті. 1.Хром қоспасымен жұмысты жүргізбестен бұрын алдымен ыдысты ластаушы заттың қалдықтарынан тазалап болған соң 2-5 %-тік сілті ерітіндісімен және соңынан сумен шайып төңкеріп қояды. 2.Суы сорғыған ыдысты хром қоспасымен өңдеп, ал кейбір қажет болған жағдайларда ыдысты қоспаға батырып 15-30 минутқа қояды. 3.Соңынан қоспаны төгіп тастап ыдысты алдымен ағын сумен (мүмкін болса ыстық сумен) және соңынан дистилденген сумен жуады да кептіреді.
Кейбір жағдайларда хромдық қоспамен ыдыстарды тазалағанда олардың бетінде хромның иондары адсорбцияланып қалады. Бұл ыдыстармен дәлдігі жоғары тәжірибелерді орындау, мысалы, титрлеуді жүргізу мүмкін емес. Ол үшін ыдысты құрамында 1 %-тік комплексон ІІІ және 2 %-тік NаОН бар сулы ерітіндіге 2 сағатқа батырып қояды. Сосын ыдысты жай сумен және дистилденген сумен әдеттегіше жуып шаяды.
Шыны ыдысты фильтрлерді және басқа да түтікті материалдарды хромдық қоспамен жууға болмайды деп саналады; бұл жағдайда Н2SО4 пен НNО3 қоспасын қолданады.
Қышқыл ортада ыдысты тазалағанда әдетте КMnО4-тің 4 %-тік ерітіндісін пайдаланады. Ыстық сумен жуылған ыдысқа КMnО4-тің ерітіндісін құйып, соңынан конц.күкірт қышқылын жіңішке ағыспен сызылтыпқосады. Күкірт қышқылының ерітінідісінің мөлшері 100 мл КMnО4-тің ерітіндісіне 3-5 мл есебімен алынады. Бұл жағдайда қызу жүру салдарынан ластаушы заттар тез арада тотығып ыдырай бастайжы. Өңдеуден қалған ерітіндіні төгіп тастайды және оны қайта қолданбайды.
Егер сумен шайған соң ыдыстың қабырғасында МnО2-нің қоңыр дағы байқалса, онда оны қымыздық қышқылының немесе натрийдің гидросульфитінің 5 %-тік ерітіндісімен кетіреді.
Сонымен бірге КMnО4-тің және NаОН-тың бөлме температурада қаныққан ерітініділерінен әзірленген қоспаны да ыдыстарды тазалауға қолданады. Ыдысқа қоспаны құйып, оны 10-15 минутқа қалдырады. МnО2 қоңыр дағын жоғарыда көрсетілген жолмен кетіреді. Осыдан кейін ыдысты ағын сумен жуып, дистилденген сумен 2-3 мәрте шаяды.
Тиімді жуу қабілетіне ие қоспаның тағы да бір түріне 6 н. НСІ мен 5 %-тік Н2О2 ерітінділерінің тең көлемдерінен әзірленген қоспасы да жатқызылады. Бұл қоспа 30-40 оС барысында күшті әсер етеді және бірнеше мәрте пайдаланыла алады.
Шайырлы заттармен ластанған ыдысты олардың табиғатына қарай конц. НСІ, НNО3, Н2SО4-пен немесе NаОН-тың және КОН-тың 20-40 %-тік ерітініділерімен өңдеуге болады.
Егер ыдыс керосинмен және басқа да мұнай өнімдерімен ластанған болса, онда NаОН-тың немесе КОН-тың сулы ерітінділерін Са(ОН)2 - әк сүтімен (5-10 % ерітінді) алмастыруға болады. Мұндай өңдеуден соң ыдысты жылы сумен жуады.
Кейбір жағдайларда ыдысты құрамында жуғыш ұнтақ (мақта-мата және кендір материалдар үшін арналған) және аммиак бар ерітіндіге батырып қою да жақсы нәтиже береді.
Достарыңызбен бөлісу: |