Типтің ішекқуыстылар деп аталу себебі: олар екі қабаттан тұрады; денесінде бір ғана қуыс болады. Ішек тәрізді қуысты екі қабат қаптайды. Оның сыртқысы – эктодерма, ішкісі – энтодерма. Эктодерма – жабын мен қозғалыс қызметін, ал энтодерма – асқорыту және қозғалыс қызметін атқарады.
Ішекқуысты жәндіктер типі негізгі 3 класқа жіктеледі:
Ішекқуыстылар типі
Гидратәріздестер класы Табақшатәріздестер класы Көпқармалауышты
(гидроидтар) (сцифоидтар) маржандар класы
(полиптер)
Ішекқуыстылар бір затқа бекініп немесе суда еркін жүзіп тіршілік етеді. Суда еркін жүзетін түрлерінің көру және тепе – теңдік мүшелері де болады. Көбінесе отырықшы ішекқуыстыладың денесі сәулелі симметриялы болады. Дене қуысы қапшық тәрізді тұйық болғандықтан, артқы тесігі болмайды. Қорытылмаған корек қалдығы аузы арқылы шығарылады. Ауыздың айналасында қармалауыштар орналасады. Барлық ішекқуыстылардың сыртқы қабатында – эктодермада атпа жасушалары бар. Атпа жасушалар қорғаныш және корегін аулау қызметін атқарады.
Ішекқуыстылардың денесінде, шашыраңқы орналасса да, жүйке жүйесі бар. Жүйкедегі жүйке жасушаларынан жүйке торы түзіледі. Мұндай жүйке торы ең алғаш тек ішекқуыстылардан бастап қана байқалады.
Ішекқуыстылардың көпшілігінде регенерация құбылысы дамыған. Мысалы, гидра денесінің сыртқы қабатында ядросы ірі, өте ұсақ жасушалар пайда болады. Олар аралық жасушалар деп аталады. Гидра денесі зақымданғанда аралық жасушалардың өсуі күшейе түседі. Олардан тері – бұлшықет, жүйке және басқа жасушалар түзіліп, зақымданған жері тез қалпына келеді. Жойылған немесе зақымданған мүшелер мен ұлпалардың қалпына келуі регенерация деп аталады.
І Гидратәріздестер (гидроидтар) класы.
Гидроидтар класына жататын гидра тіршілігі сендерге бұрыннан таныс. Шоғырланып, отырықшылықпен теңізде өмір сүретін обелия да гидратәріздес жәндік.
Гидраны суы таза, оттегіне бай баяу ағатын өзендерден, көлдерден, тоғандардан табуға болады. Ол көбінесе су өсімдіктерінің сынып түскен бұтақтарында мекендейді. Гидра сыртай қарағанда жәндіктен де өсімдікке көбірек ұқсайды. Оның қимылдайтын қармалауыштары бар денесі, сабақшасы және бір нәрсеге бекінетін табаны болады. Гидраның 5 – 8 салалы қармалауыштары ауыз қуысының айналасына орналасады. Гидраның аузы ішек қуысына жалғасады, сондықтан да ол – ішекқуысты жәндік.
Гидраның қапшық тәрізді денесі жасушалардың екі қабатынан: сыртқы қабаты – эктодерма, ал ішкі қабаты эндодермадан құралады. Сыртқы қабатында тері – бұлшықет, жүйке және атпа жасушалар орналасады. Тері – бұлшықет жасушалары – гидра денесіндегі ең көп кездесетін жасушалар. Олар бірімен – бірі жанасып, гидраның жабынын түзеді.
Атпа жасушалар гидраның сыртқы қабатында орналасқан. Атпа жасушалар гидраның бүкіл денесінде, әсіресе қармалауыштарда өте көп болады. Атпа жасушалар гидраны жауынан қорғайды және сол арқылы жемін аулайды.
Коректенуі. Гидра – жыртқыш жәндік. Ол суда тіршілік ететін ұсақ шаянтәрізділермен, тіпті балықтың кішкене шабағымен коректенеді. Оның бүкіл денесінде, әсіресе қармалауыштарында жауынан қорғанған және жемін аулағанда пайдаланатын атпа жасушалары болады.
Тыныс алуы және зәр шығаруы. Гидрада арнаулы тыныс алу және зәр шығару мүшелері болмайды. Ол бүкіл денесі арқылы судағы оттегін ішке сіңіріп, қажетсіз көмірқышқыл газды сыртқа шығарады. Зәр шығаруы да бүкіл денесі арқылы жүзеге асады.
Жүйке жасушасы. Гидраның денесіне инемен түртіп әсер етсе, ол жұмырланып, денесін жиырып алады. Мұның мәнісі: гидраның тері – бұлшықетінің астын ала көптеген жүйке жасушаларының орналасуында. Гидра судың температурасын да, онда еріген әр түрлі заттардың ерітіндісін де тітіркену арқылы сезінеді. Жүйке жасушасының сыртқы әр түрлі қимылдарға жауап беруі тітіркенгіштік деп аталады.
Гидраның ішкі құрылысы.
1- Сыртқы қабаты (эктодерма).
2-Ішкі қабаты (энтодерма).
3- Ішкі қуысы.
4 – ауыз тесігі
Табақшатәріздестер (сцифоидтар) класы
Сцифоидтар (грекше «сцифос» - табақша) класына жататын медузалардың барлығы теңізде, мұхитта өмір сүреді. Бізге айқышты медуза, құлақты медуза (аурелия), цианеа көбірек таныс.
Ішекқуыстылардың терең суда жүзіп жүріп тіршілік ететін де түрлері бар, солардың бірі – медуза. Медузалар – мөлдір денелі, қолшатыр тәрізді жәндіктер. Медузаның аузы қолшатыр тәрізді күмбездің астыңғы жағында болады. Ауыздың айналасынан атпа жасушалары бар көптеген қармалауыштар байқалады. Жапон теңізіңде тіршілік ететін шаршылы медузаның атпа жасушасынан адамның денесінде едәуір күйік пайда болып, одан дене ауырсынады.
Медуза – жыртқыш жәндік, қолшатыр жиегінде төмен қарай салбырап тұрған қармалауыштарымен атпа жасуша әлсіреткен жәндікті аузына салып, ішекқуысында қорады да, қорытылмаған қалдықты қайтадан аузы арқылы сыртқа шығарады.
Ішекқуыстылар жеке де (гидра, медуза, актиния), шоғырланып та (обелия, шоғырлы қызыл маржын) тіршілік етеді. Отырықшы ішекқуыстылар белгілі бір затқа төменгі жағымен бекінеді. Дененің ол бөлігі табан деп аталады. Қармалауыштар қоршаған аузы жоғары жағында орналасқан. Медузаның денесінде табан бөлігі жоқ. Аузы мен қармалауыштары төмен қарай бағытталады да, дененің үстіңгі жағы ашылған қолшатырға ұқсайды.
Медузаның ішкі құрылысы
Медузаның қоңырау тәрізді жалпақ бөлігі тері-бұлшық ет жасушаларындағы ет талшықтарының жиырлуы арқылы қозғалады. Оның ішкі ас қорыту қуысы көп тармақтарға бөлінген. Жүйке жасушалары денесінің жалпақ бөлімінің жиегінде орналасқан. Медузаның сезім мүшелері жақсы жетілген.
Медузаның ішкі құрылысы:
1. Сыртқы қабаты (эктодерма)
2. Ішкі қабаты (энтодерма)
3. Ішек қуысы
4. Аузы
Көпқармалауышты маржандар (полиптер) класы.
Бұлар – тек теңіздерде ғана өмір сүретін отырықшы жәндіктер.
Актинияларды теңіз гүлі деп те атады. Актинияларлар табанын жиырып – созып бояу қозғалады, шоғыр құрмай, жеке өмір сүреді.
Актиниялар – ұсақ жәндіктерді, балық шабақтарын, медузалар және көпқармалауышты маржан ұсақ жәндіктерді корек етеді. Сондықтан бұлар – жыртықыш жәндіктер.
Көпқармалауышты маржандар дүниежүзілік теңіздерде кең таралған. Олардың әктен түзілген қаңқаларынан тропиктік теңіздерде су астында үйінді пайда болады. Қаңқалар үйіндісінен жартас – риф және шеңберлі жартас – атолл түзіледі.Бұлардың үш түрі: тосқауыл риф, жағалық риф, шеңберлі риф немесе атолл.
Актинияның түрлері
Маржан полиптері
Маржандардың актиниялардан айырмашылығы – бүршіктену арқылы көбейіп, шоғырланып тіршілік етеді. Маржандардың жасушаларынан бөлінген заттардан ізбесті қатты “қаңқа” түзіледі. Маржан шоғырлары дамылсыз өсіп, су астында әр түрлі жартастар мен кедертасты аралдар түзеді.
Қызыл маржан полипі
ІІІ Қорытынды. Бекіту кезеңі.
1. Гидраның мекен ортасы.
2. Гидраның сыртқы және ішкі қабаттарының арасындағы қуысты толтырып тұратын желім тәрізді іркілдек зат.
3. Гидра денесіндегі жиырылу қызметін атқаратын жасушаларының аты.
4. Гидраның ас қорыту қуысын астарлап жатқан қабаты.
5. Гидра денесінің сыртын қаптап жауып жататын қабат.
6. Гидраның жыныссыз көбею жолы.
7. Гидраның ауыз айналасында орналасқан қорегін ұстауға қатысатын өсінділерінің аты.
8. Алғашқы көпжасушалы ағзалар типінің атауы.
Ойлан, тап!
1 Гидраның дене пішіні сақталатын орта.
2. Гидраның қорғануға, қорегін аулауға қолданатын жасушаларының аты.
3. Ең алғашқы көпжасушалы ағзалар.
4. Гидра денесінің затқа бекінетін жағының атауы.
5. Гидраны алғаш туысқа жатқызған ғалым.
6. Ішекқуыстылардың пішіні қолшатырға ұқсайтын өкілі.
7. Ішекқуыстыла теңіздерде арал түзетін түрі.
8. Маржан полиптерінің ішінде жеке тіршілік ететін өкілі.
9. Гидраны ең алғаш тауып сипаттаған ғалым.
Жауабы:
1) Су 6) Медуза
2) Атпа 7) Маржан
3) Гидра 8) Актиния
4) Табан 9) Трамбле
5) Линней
|