Дәріс:
Ұлы Жібек жолы Еуразия құрлығындағы мемлекеттер мен өркениеттердің мәдени сұхбаттастығы мен экономикалық байланыстарының алғышарты
1.Ұлы Жібек жолының географиялық-аймақтық бағыттары.
2. Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар мен қоныстар.
3. Еуразия құрлығындағы мемлекеттердің экономикалық өрлеуі мен мәдени дамуға ықпалы.
4. Жаһандану заманындағы «Ұлы Жібек жолын» қайта жаңғыртудың маңыздылығы.
Түркі-қазақ даласындағы араб-мұсылмандық өркениет.
1. Араб-мұсылмандық ренессанс және оның Еуразия құрлығындағы мәдениеттің дамуына ықпалы.
2. Ортағасырдағы түркі ойшылдарының философиялық, қоғамдық-саяси көзқарастары (А. Яссауи , М. Қашқари, әл-Фараби, Дулати т.б.)
3. IX-XII ғасырлардағы түркілік руханият және ХХІ ғасырдағы рухани жаңғыру: тарихи-танымдық сабақтастық.
Орта Азия мен Қазақстан жері VIII ғасырдан бастап, араб халифатының құрамына кіріп, онда өмір сүретін халықтар ислам дінін қабылдай бастады. Сол кезден бастап түркі халықтарының жүз мыңдаған томдық рухани мұрасы мың жылдан астам уақыт бойы араб әріпімен жазылды. Сол дәуір туралы академик Әлкей Марғұлан: “Бұл саяси, мәдени тіршілікті айқын түрде суреттейтін, араб әрпімен тасқа жазылған сөздер Бетпақдала сахарада XI ғасырдан XIX ғасырға дейінгі дәуірдің таңбалары кездесіп отырады” деп жазған102.
Британ энциклопедиясында “Түркі халықтарын біріктіріп тұрған ең басты күш, тарихи және тілдік байланыстармен қоса Исламият” дейді230.
Түркілер исламға дейін әртүрлі діндерді қабылдағанымен Тәңір дінінен басқа ешқайсысы олардың менталитетіне сай келе берген жоқ. Ислам дінін қабылдаған түркілер X ғасырдың соңында Ауғаныстан, Шығыс Иран және Солтүстік Үндістанда Шығыстағы ең күшті империя Газнавидтердің мамлюктік сұлтандығын құрып, сол елдерде сауданы өсіріп, экономиканы дамытып және қала құрылысын өркендетті.
Ол кездегі араб халифатында ғылым мен өнердің барлық салалары дамып, соңынан латындық еуропаның ұстазы болған “Мұсылман ренессансының” отанына айналды.
Ғұмыры қысқа болған “Мұсылман ренессансы” кезеңінде және одан кейінгі бірнеше ғасыр бойы түркінің ғалымдары, ойшылдары және ақындары адамзат өркениетінің дамуында өшпес із қалдырды. Сонымен қатар, осы кезең “түркі елі идеясының” негізінде мәдениеттің дамуы, түркі әлемі дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырды.
Осы кезде түркіден шыққан ұлы ғұламалар – энциклопедист - ойшыл Әл-Фараби, «түркі сөздері жинағының» жүйесін жасаған Махмуд Қашқари, алгебраның негізін салған Әл-Хорезми, Әбу Райхан әл-Бируни, қасиетті «Құранды» түркіше тәржімалап, исламды түркі халықтарының ішіне таратушы Қожа Ахмет Иассауи... соңынан астроном Ұлықбек, Ұлы түркі поэзиясының негізін салғандар – Жүсіп Баласағұн, Әлішер Науаи, Физули, Жалаледдин Руми, Гянжеви Низамилардың дәстүрі Алтын Орда кезінде жалғасты.
Дүниежүзілік ғылым, әдебиет және Шығыс Ренесансын дамытудағы Ұлы түркілердің еңбектерін толық баяндау біздің міндетіміз емес. Сондықтан біз оларға қысқаша шолу жасаумен шектелеміз.
Әл - Фараби мен Әбу Райхан Бируни, Ибн Синамен бірге шығыстағы Қайта өрлеудің (Ренессанс) философиялық көзқарасын қалыптастырып, оның идеологиялық негізін қалады. Шіркеу догмасы мен сословиелік құрылымға оппозициядағы осы идеологияның негізін қалаған олардың философиялық көзқарастары мен мистик-күпірлік ойлары әлеуметтік бір бағытта дамыды. Сонымен қатар, Әл-Фараби мен Ибн Сина Шығыс Ренессансын қалыптастырған парсы-түркі поэзиясының ареопагиттік негізінің идеологиялық концепциясын жасады. Бұл мәселені зерттеген Ш.И.Нуцубидзе: “Махаббат дегеніміз әлемнің баспалдақтарымен ең жоғарғы бастауға ұмтылған, жоғары сатыға жету идеалы. Ол баспалдақтардың (сеира, немесе сира) өзі жетілгендіктің бейнесі, яғни сұлулық пен махаббат және жердегі махаббат пен сұлулық осы қатарларға, немесе “сеирлерге” жетумен, яғни жоғарғы бастауларға жақындау немесе ұқсаумен өлшенеді. Махаббат пен сұлулықты ақтаған осы концепция б.д. V ғасырында Сирияда жетіліп Шығыс пен Батыстағы Ренессанстың идеологиялық негізі болды. Қайырымдылық және ақиқат идеясымен ынталанған махаббат пен сұлулық идеясы көркем философиялық идеяның іске асуына ықпал етті. Мұсылмандық Шығыста әртүрлі қабылданған осы идея олардың көркемөнерінде іске асты”. Омар Хайямның мол мұрасындағы махаббат пен сұлулық идеясы, одан әрі орта ғасырлардағы Орта Азия поэзиясының классиктері Низами мен Науаидың поэзиясының арқауы болды.
Әл-Фараби, Әбу Райхан Бируни және Әбу Әли Ибн Синалар Орта Азиядағы Ренессанс мәдениетінің философиялық негізін салды және шығыс Ренессансының поэзиялық мәдениетінің ұлы ғимаратын құрды. Олардың дүниежүзі мәдениетінің дамуындағы рөлі мен адамзат дамуы тарихындағы өшпес іздері осындай өлшеммен бағалануы тиіс.
Орта ғасырлардағы музыка дәстүрін жалғастырған Әл-Фарабидің “Музыка туралы” трактаты XVII ғасырға дейін еуропадағы музыка теориясындағы ең үздік шығарма болып саналса, оның христиан дінін дамытудағы шығармасы XVIII ғасырға дейін батыстың және ресейдің шіркеулерінде қолданылғаны белгілі. Егер Әл - Фараби мұсылман болмағанда, ол Августин, Аквинскийлер сияқты христиан дінінің пайғамбары болар еді. Сонымен қатар, Әл - Фараби мемлекет басқару өнерінің негізін салған ұлы ғалым. Ал, XX ғасырдағы немістің ұлы ойшылы, “Закат Европаның” авторы О.Шпенглер Әл-Фарабидің философиялық туындыларын ұлы неміс философтары Гегель мен Канттардан жоғары қойды. Жаңа дәуірдегі батыс ойының биік шыңы немістің классикалық философиясы екені белгілі. Ал, Гегель мен Канттар осы шыңның төбесіне шығып тұрған алыптар. Ұлы Шпенглердің біздің жерлесімізді осы алыптардан жоғары қоюы – ол түркінің ғылымы мен мәдениетінің жетістіктеріне берген жоғары баға179. Әл-Фарабидің “Екінші ұстаз” немесе “Шығыстың Аристотелі” аталуы Стагирит Аристотельден дәреже жағынан кейін болғанынан емес, дүниеге тарихи кезек жағынан кейін келгенінен. Әл-Фараби энциклопедист ойшыл ретінде заманындағы ғылым, философия және өнердің барлық салаларына атсалысып, өшпес із қалдырды. Оның философиялық шығармалары осы уақытқа дейін толық зерттеліп болған жоқ. Осы ұлы бабамыз туралы біздің білетініміз – ол алдағы мыңжылдықта да адамзатқа жол көрсететін жарық жұлдыз - Темірқазықтай болатыны.
Адамзат тарихында мәдениет қатынастарының дамып, өзара бірігуіне және интеграциялануына жол ашқан Ислам діні болды. Мұсылман ренессансы бір жағынан ертедегі гректердің ғылымы мен мәдениетін тәржімалау арқылы шығыс пен батыстың мәдениеттерін қосып, еуропадағы ренессансқа жол ашса, екінші жағынан оған дейінгі бір мәдениетке ғана тән болып келген жетістіктер мұсылмандар арқасында бүкіл әлемге тарады. Мысалы араб цифры деп атағы шыққан сандардың ежелгі дәуірде Үндістанда ғана мәлім болғаны белгілі. Мұсылмандар осы цифрларды жетілдірумен қатар оларды құр символдықтан шығарып, мағыналы белгілерге айналдырды. Нөлді (арабша: сыфыр) алғаш рет ойлап тауып, сан ретінде қолданған, Арал теңізі маңында дүниеге келген түркі ғалымы Мұхаммед Мұсаұлы әл-Хорезми болды. Осы бабамыз сонымен қатар 1-ден төменгі – ондық, жүздік, мыңдықтарды жүйелеп жазуды алғаш көрсетті. Бұл жаңалықтарсыз қазіргі ғылымның жетістіктерін елестету мүмкін емес. Латынша “cipher”, орыс тіліндегі “цифр” деген сөздер арабша нөл дегенді білдіретін “сыфыр” сөзінен алынған. Араб сандары рим сандарымен салыстырғанда қолданымы жағынан өте икемді, оңай болғандықтан ғылым, экономика, сауда мен өмірде кеңінен қолданылатын қазіргі адамдардың дүниетанымын өзгерткен ұлы құбылыс болды. Әл-Хорезмидің “Kитаб әл-жәбір уә-л Мұқабала” (Алгебра мен теңдіктер кітабы) атты еңбегі ХІІ ғасырда латын тіліне аударылғанда “әл-жәбір” сөзі “алгебра” деп аударылғандықтан осы сөз термин ретінде қалыптасты
Достарыңызбен бөлісу: |