ХІХ ғасырдағы ағартушылық пен ХХ ғасырдың басындағы интеллектуализм.
Қазақ ағартушылығының негізін салушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865) – демократиялық ұлттық мәдениетіміздің көрнекті өкілі. Энциклопедист-ғалым, шығыстанушы, саяхатшы, публицист және қоғам қайраткері Шоқан Уәлиханов өз бойында шын мәнінде еуропалық білімділік пен Шығыс халықтарының мәдениеті жайлы терең түсінікті үйлестірді және қысқа ғұмырында мол да жан-жақты шығармашылық мұра қалдырды. Ш.Уәлиханов тікелей философиялық мәселелер жөнінде еңбектер жазбаған, алайда, көптеген шығармаларынан философиялық пікірлері мен тұжырымдарын байқауға болады. Ол «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Даладағы мұсылмандық жөнінде», «Тәңір (құдай)» деген еңбектерінде философияның негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтады.
Қазақ ағарту ісінің көрнекті өкілі, педагог-жаңашыл және жазушы Ыбырай Алтынсарин (1841-1889).
Ыбырай дүниетанымы қалыптасуына халық ауыз әдебиеті, прогрессивті орыс мәдениеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері өз әсерін тигізді. Ыбырайдың көптеген өлеңдері мен әңгімелерінен оның қоршаған дүниенің санадан тыс және тәуелсіз өмір сүретіндігін мойындайтынын байқаймыз. «Жаз», «Өзен» сияқты өлеңдерінде табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оның адам санасынан тыс және тәуелсіз екендігі сезіледі.
Қазақ ағарту ісінде, қазақ халқының бүкіл прогрессивті мәдениеті тарихында үлкен орын алған ұлы ақын, ойшыл-демократ, сазгер Абай Құнанбайұлы (1845-1904) болды. Оның шығармашылық мұрасы өлең, поэма, философиялық проза, аудармалар мен әндерден тұрады. Абай – қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін салушы. Жастарға ғылым таппай мақтанбауды, өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ сияқты мінездерден аулақ болуды кеңес етеді. Қоғам өмірін түсінуді Абайдың көзқарасы, әрине, идеалистік тұрғыда болды. Абай – ұлы гуманист. Абстрактылы, утопиялық сарынды гуманист.
Абай ілімін одан әрі жалғастырған қазақтың рухани мәдениеті мен менталитетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаның бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931). Оның шығармашылығының негізгі тақырыбы мораль философиясы мен мәдениет ілімін қамтиды. Шәкәрім Абайдың немере інісі және ұлы ақынның мұрасына сүйенген. Ол арнайы оқу орнында оқымаса да араб, парсы, орыс, шағатай тілдерін өз бетімен үйреніп, сол тілдердегі шығармалардан дала ойшылы тұрғысынан ой қорытқан:
Абай сияқты Шәкәрім де қазақ елін қалай өркениетті, мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынады. Шәкәрімнің рухани ізденісінде ежелгі сақ-түрік заманынан қалыптасқан ғарыштық дүниетаным ерекше орын алады. Тәңірі, Нұр, Күн,Табиғат – ол үшін қасиетті, киелі ұғымдар.
Шәкәрімнің «Үш анық» атты шығармасы негізгі философиялық шығармалардың бірі болып табылады. Басқа шығармалары: «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Қодардың өлімі», «Нартайлақ-Айсұлу», «Мұтылғанның өмірі» поэмалары, «Қазақтардың кітабы» (этнофилософиялық), «Мұсылмандық шарты», «Үш анық» философиялық трактаттары, «Әділ-Мария» көлемді романы, «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», тарихи шығармасы және т.б.
Ал, енді Шәкәрімнен кейінгі қазақ философиясын дамытуда үлкен өзіндік орны бар қазақ зиялылары: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай.
Достарыңызбен бөлісу: |