Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)



бет23/76
Дата06.02.2022
өлшемі0,99 Mb.
#53904
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   76
Бауыржан: Маған білеміз деген жігіттер «Қазақстанда он үш мыңдай Бауыржан бар екен», - деп хабарлады. Мен әзілдеп, оларға: «Менің атым орыстың Иванындай болып бара жатыр екен ғой», - дедім. Бұл әзілім, әрине. Ал мен ол цифрдың анықтығын білмеймін. Білетінім – мен қазіргі Бауыржандардың ішінде бірінші нөмірлі Бауыржанмын. Міне, мен алпысқа келдім. Мені сыйлап, қадірлеп, сәбилеріне менің атымды қойған ата-аналарға, олардың туған-туысқандарына шын ниетпен алғыс айтамын. Ал Бауыржандарға айтарым: Азамат боп өсіңдер, қарақтарым! Қатарларыңнан кем болмаңдар. Бірің болмаса бірің менен асып кетсеңдер, оған ешқандай дауым жоқ. Барлық Бауыржанға, барлық балдырғандарға ақ ниетпен батамды беремін!»
Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының 1990 жылдың 12 желтоқсанында туғанына 80 жыл толуына орай Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді. Б.Момышұлының «Әділет қашанда жеңеді, ол кешіксе де келмей қоймайды» деген сөзі шындыққа айналып, ел тілегі орындалды.
Қазақтың Бауыржан Момышұлындай ұлы перзентін таныстырып жату артық. Ел оның ерлігін, жазған кітаптарын біледі. Оның мірдің оғындай қанатты сөздері де халықтың аузында жүр. Сөйтсе де сол сөздерді жүйелеп жинақтаса, ол жаңа бір сипатқа еніп, халқымыздың батыр ұлының абыздық қырын аша түсер еді. Бұл ретте Бауыржан Момышұлының даналық сөздерін келтіріп кетуімізге болады: ер өледі, ел қалады; есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты; ел қорғау жолында ерлікпен өлген ерлердің жазығы жоқ; ақылдың артықтығы, кеңестің көптігі жоқ; бір жаралыға жәрдем беріп, оны аман алып қалған жауынгер – он ұл тапқан анадан артық; өлімнен қорқуға болмайды; еңбекке қабілеттіліктен айырылудан қорқу керек; өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық; ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті.
«Туады ерлер, ел үшін»
Өлмейді ісі мәңгілік,
Өшпейді абзал есімдер.
Ұрпаққа жетіп мәңгілік
Кетпейді естен асыл ер, – деп, ақ жалын ақын Жұбан Молдағалиев жырлаған.
«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» бабаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы – біз үшін үлгі, шежіре, тағдыры – тарих.
«Ел ерімен еңселі», «Елім» деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат, халық мұндай қаһарман ұлдарын жыр аңызға айналдырып, өшпес ерлігін ауыздарынан тастамай, жан жүрегінде сақтайды. Бүкіл бір елдің қасиетін өз бойына дарыта алған, туған ұлтын шексіз сүйіп, терең қадір тұтқан халқымыздың қаһарман ұлы – Бауыржан Момышұлы.
Кейін «Ұшқан ұя» атты кітабында баяндағандай, Бауыржанның әкесі Момыш пен көкесі Момынқұлдың тәрбиесінен көп өнеге алған.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», –деп, дана халқымыз айтқандай, оның бойындағы адамгершілік – асыл қасиет, алдымен анасының ақ сүтінен дарыса, екіншіден, өскен ортасының тәрбиесінен дарыды.
Қаршадайынан-ақ жігерлігі, қайтпас қайсарлығы, бойында бір жұмбақ күштің жасырынып, жанартаудай өз кезегін күтіп жатқандығы аңғарылады.
Бауыржан Момышұлы туралы қаншама көркем шығармалар дүниеге келді. Олар Александр Бектің «Арпалыс», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», келіні Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер», ұлы Бақытжанның «Жанымның жарық жұлдызы» және тағы басқа шығармалар еді.
Тумасынан асқан дарынды Баукең 1956 жылы ең алғаш қаруын қаламға айырбастап, бірыңғай жазушылықпен айналысады. Оның қарымды қаламынан туған «Ұшқан ұя», «Артымызда Москва», «Майдандағы кездесулер», «Куба әскері», «Жон арқа», «Өмір өшкен жоқ» атты түрлі шығармалары әдебиетімізге қосылған ерлік рухқа толы, елеулі де мол мұра болды.
Ер елімен еңселі. Б. Момышұлының үлкен әдебиетке келуінен де оның отаншылдығын, өз қаруластарына деген сүйіспеншілігін көреміз.
«... Менің көп достарым, майдандастарым опат болды. Егер солар белгісіз күйде қала берсе, онда оның өзі тірі қалғандардың арына, бәрінен бұрын өз басымның ар-намысына шек келтірген болар еді», – дейтін Баукең.
Ол өз шығармаларында өзінің адамгершілігін, азаматтық тұлғасын бар мүмкіндігінше беруге ұмтылды. Момышұлы шығармаларында да сол Момышұлы күйінде көріне білді.
Қазақ халқының даңқын шығарып, абыройын асырған айтулы ұлдарының бірі–гвардия полковнигі, жазушы, Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы артында «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас» деп аталатын шығармалар қалдырды дедік.
Бауыржан Момышұлының 2004жылы «Жазушы» баспасынан қос томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Жинақта «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», деп аталатын туындылары қамтылған. Бұлардың әрқайсысы өзінің жазылу мерзіміне қарай орналастырылыпты. «Қанмен жазылған кітаптан» басқа туындыларының бәрі де бұрын-соңды оқырман қауымға танымал шығармалар болуы себепті, әрі жазылу мерзіміне қарай екінші томға орналастырылған. «Ұшқан ұя» туындысы Бауыржан Момышұлының орыс тілінде «Наша семья» деген атпен жазылған алғашқы көлемді шығармасы болатынды. Бұл шығарма мазмұны мен көркемдігі жағынан жоғары бағаланып, Абай атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығын алды. Ал «Москва үшін шайқас» деп аталатын туындысы орыс және қазақ тілінде жазылған, әрі Баукеңнің майдан төрінен оралмай қалған қанды көйлек майдандас жауынгерлер тағдырын суреттеумен ерекшеленетін айрықша мәні бар шығармасына айналып үлгерді. Қазақ халқының «Ақын елдің еркесі, батыр елдің серкесі» деп ақын мен батырды айрықша қастерлейтін дәстүрі бар. Ұлы Отан соғысында қазақ халқының ұлттық батырына айналған Бауыржан Момышұлы бұлтта ойнаған жасындай Москва түбіндегі шешуші шайқаста қапияда ой тапқан, қараңғыда жол тапқан, ерен ерлігімен даңқы әлемге жайылып, аты аңызға айналған бірегей қолбасшы ретінде танылды. Баукеңнің «Москва үшін шайқас» кітабын жазуға атақты «Волокалам тас жолы» кітабының авторы А.Бектің Баукеңе арнап жазған өлеңінің мына бір жолдары себеп болады:
Кейіпкерін пешкі мен ноқаттардай жайылтты,
Ал мендегі геройлар алға тартпақ тарихты.
Өр көкірек ақымақ! Үнің неден тарылды?
Шейіттерді қастерле! Нанға сатпа арыңды!
Қасиетті құрбандар жанын қиды ар үшін,
Қойсам деймін ескерткіш, бұл солдаттық парызым»-
дегеннен Баукеңнің айбарлы үнін есіткендей боламыз.
Бауыржан Момышұлының «Қанмен жазылған кітап» деп аталатын шығармасы жазылу мерзіміне қарай бірінші томға жіберілді. Бұл туындының дүниеге келу тарихынан біраз мағлұмат бере кетсек: 1943 жылы желтоқсан айының соңында Алматыға майданнан оралған гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлын Қазақстан жұртшылығы құшақ жая зор қуанышпен қарсы алды. Бұған дейін-ақ 1941 жылғы Москва түбіндегі қанды шайқастарда теңдесі жоқ ерлігімен бүкіл әлемді дүр сілкіндірген қазақстандық 316-атқыштар диизиясының батальон командирі аға лейтенант Бауыржан Момышұлының жан беріп, жан алысқан шайқаста көрсеткен бірегей батырлық ерлігі оның есімін аңызға бөлеп, даңқ тұғырына көтерген болатын-ды. Қан майданнан жараланып емделуге келген батыр ұлын астана жұртшылығы қошеметтеп басына көтерді. Зиялы топпен, атақты ақын атасы Жамбылмен және майданнан хат арқылы хабарласып сырттай танысқан ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен сұхбаттасады.
Астанаға келген атағы жерді жарған батырды астана жұртшылығының мақтаныш сезіммен қарсы алуы өнер қайраткерлері мен ғылым ордаларында дүркірей өткен қайталанбас қызу да, қызықты кездесулерге ұласып жатты. Мінбеден шешен де шешіле сөйлейтін, терең ойлы, ұшқыр пікірлі, дүние танымы мүлде бөлек сезімтал азаматтың кездесулерде майдан жаңалықтары туралы айтқан уытты әңгімелерін жұртшылық ерекше қызығумен қабылдап, аса жоғары бағалап жатты.
Жарақатынан, тез арылып, туған халқының ыстық ықыласы мен махаббатына бөленген батырдың майдан төріне қайта оралып бара жатқан тағдырының немен тынарын кім біліпті? Неде болса оның қан майданда пісіп жетілген ой танымын, өзіндік тума ой толғаныстарын келешек ұрпақ үшін хатқа түсіріп алып қалу қажеттігі айрықша сезілді. Бұл жағдайды терең ұғынған көреген жазушы Мұхтар Әуезов бұл істі жүзеге асыруға тікелей кірісті. Ел қамын ойлаған азамат ағалардың бірін-бірі іштей ұғынып, түсінісуі оларды рухани тұтастыққа бастады. Өйткені ұлы жазушы назары Бауыржан Момышұлына Москва түбіндегі қанды шайқастарда Отан тағдыры қыл үстінде тұрғанда-ақ түсе бастаған болатын-ды. Екі арадағы алғашқы байланыс бір-біріне хат жазысып, пікір алысудан бастама алды. Мұның үстіне атақты жазушының ұлы майдан шындығы жайлы сол дәуірге сай көркем туынды жазу мақсаты да ойда жүретін.
Ұлы Отан соғысы жөнінде асығыс жазылған көптеген шығармаларға көңілі толмай қомақсып жүрген Баукең үлкен жазушының бұл ниетіне қатты риза бола отырып, 1942 жылы тамыздың 18 күні жазған хатында: «...Отан соғысын тақырып етіп еңбек етемін. Ол ат үсті емес, әдеби мағына мазмұнына терең түсініп, біліп алып бастаймын деген ниетіңіз, талабыңыз мені өте қуантады. Сіз сияқты қазақ әдебиетінің полковнигі шынында солай етпеуіне болмайды»,- деп тебірене жазды.
«Ер серігі – сергек ой» әңгімесін жазуға Бауыржан Момышұлы оқыған әңгіме –дәрістің үстінде ойға батқан сияқты. Себебі Мұхтар Әуезовтің «Әшекейлі, айшығы жоқ анық шындық кескін осы»,–деп кең пішіліп, желісін ғана түсіргендей арнаулы ескертпесінде: «...Бұның өзі бір зор дастан, кең хикая болмақ керек. Соған талай ақын, жазушы тағы талай оралып соқсын деп, кең көсіліп шертсін деп, бұл жерде, әзірше тек болған халдің өзін ғана айтпақпыз», –деп шектеле сөйлеп, түбінде Баукеңнің аңызға айналған ерлігі жайлы талай роман, дастандар жазыларына зор сеніммен қараған.
Баукең осы тарихи мәні бар әңгіме-дәрісін өткізу алдында Қаныш Сәтбаев қысқаша кіріспе сөз сөйлегенде: «...Көз алдымызда өтіп жатқан оқиғалар даусыз бүкіл дүние жүзі тарихының игілігіне айналмақ, онымен болашақ ұрпақтан шыққан зерттеушілер де айналысатын болады. Бұл аса маңызды тарихи оқиғалардың, жарқын көріністердің ішінде Ұлы Отан соғысының барысында еліміздің тағдыры шешілген, Москва үшін шайқас жүргізілген 1941 жылдың күзіндегі оқиғалар ерекше маңызды, әрі оның
принципті мәні бар. Москваны қорғаудағы аса жауапты шептер, Қазақстанның абыройы мен даңқына орай, Қазақстанда генерал Панфилов жасақтаған дивизия тапсырылды. Бұл оқиғалар біздің бәріміз үшін де өте маңызды әрі біз бұл аса зор шайқастар жайлы тереңірек білуге тиістіміз.
Полковник Бауыржан Момышұлы сұрапыл шайқастарға қатысушы ғана емес, ол жетекші командир де болды, сондықтан да оның әңгімелері бізге ереше құнды болмақ», – деп, әңгіме-дәрістің болашақ ұрпақтарға арналған мән-мағынасына жете назар аударады.
Баукең әскери өнерді шарықтау шегіне жеткізе игеріп, меңгерген шығыс арасынан шыққан санаулы сардарлардың төбесінен қарап оқшау тұр. Баукеңнің шығармаларын мұқият оқысаң, көзің осыған көп ұзамай жетеді. Әрине, Баукең қалдырған асыл мұраның бәрін жүйелеп, саралап, ғылыми түрде зерттесең, талай диссертацияға тақырып болар еді. Әскери ғылымға қосқан еңбектері мұрты бұзылмай жатыр. Қанмен жазылған «Артымызда Москва» шығармасы – жер шарына қазақ деген сарбаз халық бар екенін паш еткен, ешқашан ескірмейтін киелі кітап. Соғыс, ерлік, жауынгерлік борыш, жанқиярлық, Отансүйгіштік туралы сан мыңдаған кітаптар жазылды. Қиян-кескі шайқастарға қатысқандар да жазды, соғысты кітаптан оқып, кинодан көргендер де жазып жатыр. Бірақ солардың бәрі Александр Бектің «Волоколамское шоссе» (қазақшаға «Арпалыс» деп аударылған) романының көлеңкесінде қалып қояды. Себебі, бұл шығарма Ұлы Отан соғысындағы басты шайқастың тарихы, жаны алқымға тірелген жауынгердің жан
дүниесінің, күйзелісінің соққы берер жұдырыққа айналуының жыр-дастаны, масайраған арам пиғылды жауызды жер жастандырып, жаншудың шынайы көрінісі, қайғы- қасіретті қажыр мен жігерге жеңдіру – жеңіске апарар сара жолдың басты кепілі екендігіне көз жеткізген көсем туынды. Бұл романды осы деңгейге жеткізіп тұрған, әрине, оның басты кейіпкері - Бауыржан Момышұлы. Роман авторы А. Бек бас кейіпкер арқылы қазақ халқын жорықта алдына жан салмай, бес қаруын сақадай сай ұстайтын жауынгер етіп көрсеткен. Шығарма ә дегеннен «В этой книге я всего лишь добросовестный и прилежный писец» деп басталады. Соған қарағанда қаламы ұшқыр жазушы, ойы отты, сөзі жалын, ары таза, намысы өткір, мақсаты баянды, арманы асқақ, ісі адал, өзіне де, өзгеге де қатал, көргені көп, түйгені мол екенін мойындайды. А. Бек қайрақ бола білді, Баукең қазақтың қайқы қылышы болды, қайраған сайын жүзі өткірлене беретін. Баукең тізеден қан кешіп, бораған оқтың арасында өлім мен өмір арпалысып, аспан айналып, жер төңкеріліп жатқанда да өз ұлтының болашғынан үмітін үзген емес. Соны А.Бекке жаздырды, жазушы аянып қалған жоқ. «Волоколамское шоссе» қазақ ұлтының, осы халықтың 20-ғасырдағы Бас батыры- гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының төл құжаттарындай әлемді шарлап кетті. Осы мәңгілік ескерткіштің іргетасын қалаған, әрине, қазақтың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   76




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет