Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)



бет20/76
Дата06.02.2022
өлшемі0,99 Mb.
#53904
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   76
Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. Мәлік Ғабдуллиннің қандай зерттеу еңбегі бар?
2. Мәлік Ғабдуллиннің майдандық жазбалары
не туралы?
3. Мәлік Ғабдуллин туралы жазылған қандай
еңбектер бар?
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 34, 43, 49, 77, 78.


17,18 ДӘРІС ЖҰМАҒАЛИ САИННЫҢ ӨМІРІ МЕН
ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Дәрістің мақсаты: Жұмағали Сайнның ақындық қырларын таныту.
Тірек сөздер:Партизан, «Бақыт жыры», «Алтын таң».
Дәрістің жоспары:1. Жұмағали Сайн өмірі мен шығармашылығына тоқталу.
2. Партизан тақырыбындағы өлеңдері.
Жұмағали Саин 1912 жылы қазіргі Көкшетеу облысының Арықбалық ауданында кедей семьяда туған. Төрт жасында әкеден, бес жасында шешеден айрылған ол балалық шағын әкесінің інісі Сыздықтың қолында өткізеді, жоқшылық пен жетімдік зардабын бір-дей тартады. Кейінірек жазған «Ойласам бала кезімді» атты өлеңінде ақын сол кезін еске алып,
Жылы бір кұшақ таппадым,
Бетімнен адам сүймеді,
Талпындым, жұртқа жақпадым,
«Қу жетім» деп түйреді,-деп жазады.
1923 жылы Жұмағали Көкшетау қаласындағы панасыз балаларды тәрбиелеп оқытатын коммунаға алынады, сонда жүріп жеті жылдық мектеп бітіреді. 1928-1931 жылдары Көкшетау ауданында ауылдық мектепте мұғалім болып істейді. 1931 жылы Алматыға келіп, Абай атындағы қазақ педагогика институтына түсіп, бірер жылдай оқиды да, денсаулығына байланысты аудандық оқу бөлімінің, меңгерушісі болып Қарсақпайға кетеді. Содан ол 1934 жылы ғана Алматыға оралады. Бұдан кейінгі өмірін газет-журнал редакцияларында, көркем әдебиет баспасында, жазушылар Одағында өткізеді.
Жұмағалидың әдебиетке, өлеңге құмарлығы жастай байқалған. Көкше елінің ақындық, әншілік дәстүрі оған ерте әсер еткен. Туған жердің сұлу табиғатын да жетім бала өзіне жұбаныш тұтқан. Жоғарыда аталған өлеңінде ол балалығын еске түсіріп,
Орманның жасыл жапырағын
Аялап талай тарадым,
Мөп-мөлдір бұлтсыз түндерде
Жұлдызды қанша санадым.
Қопаны кездім, су кештім,
Шулады маған құрақтар
Еншісі дала елде өстім,
Алдымда жатты бұлақтар
Жалғыз-ақ жазғы даладан
Қуаныш таптым, сыр таптым.
Көкірегімді кинаған
Қайғыны сонда шырқаттым,-деп жазады.
Көкшетау коммунасында Жұмағали алғашқы шәкірттік өлеңдерін жазады. Олардың кейбірі Петропавлдағы «Бостандық туы» газетінде басылады. КазПИ-де оқыған, Қарсақпайда істеген жылдарында оның қаламынан көптеген өлең-жырлар туады. Отызын­шы жылдардың бас кезінен бастап оның өлеңдері республикалық баспасөзде жарық көре бастайды. 1936 жылы ақынның «Бақыт жыры», 1938 жылы «Алтын таң» атты кітаптары шығады.
Бұл жылдардағы Жұмағалидың ақындық мектебі халық поэзиясы мен қазақ ақындары Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың, Сәбиттің үлгілері болды. Кейінірек ол орыс тілін игеріп, орыстың және дүние жүзілік поэзияның көрнекті өкілдерімен танысады. Тақырыбы жағынан жас ақын отызыншы жылдар ішіндегі біздің қоғамдық өміріміздің жаңалықтарын жырлауға ұмтылады. Совет халықтарының жаңа өмірі, колхоздағы еңбек адамдары, Ұлы Октябрь мен революция көсемі Лениндік партия туралы ой-пікірлер, табиғат суреттері оның алғашқы өлеңдерінің идеялық өзегі болып кіреді.
«Жетім серті», «Екі түн» өлеңдерінде Жұмағали өз геройларының ескі және жаңа өмірін суреттеу арқылы социалистік шындықтың сырын ашуға ұмтылады. Өлеңнің геройы жетім бала өмірде көрген ауыртпалығын әңгімелеп отырып, бар алғысын жетімдік торынан құтқарған ұлы Ленин партиясына арнайды.
Сонда маған ана болған
Құшақ жайған, «кел» деген.
«Ей, күнәсыз жетіп ұлан,
«Мә, сүтімді ем,» деген
Ұлы Ленин партиясы,
Саған тарттым жырымды,-дейді
«Жетім серті» өлеңінде.
«Бақыт құшағында», «Айбала» өлеңдерінде Жұмағали колхоздың бүгінгі бақытты өмірі мен еңбек адамдарын көрсетуге талаптанады. Ақын өлеңдерінің лирикалық геройында заманына ризалық, шаттық, қуаныш сезімі байқалады. Табиғат суреттеріне арналған өлеңдерінде де («Құлпыра берші, кең дала», «Май сипаттары») ақын ондағы өзгерісті көруге тырысады.
Таңым сырлы таң қалғандай,
Тарихта еш болмаған.
Күнім нұрлы от жанғандай,
Көріп көңіл тоймаған, -дейді.
Жұмағалидың алғашқы кітаптары ақынның іздену, өсу жолының жемістері болатын. Ондағы өлеңдердің көркемдігі әр қилы. Көп сөзділік, ескі толғау үлгісінде шешендікке, тілмарлыққа салыну, көргенін сырттай тамашалап қызықтау, құбылыстың ішкі мазмұнына терең бара алмау сияқты жетіспеушіліктер отызыншы жылдар ішіндегі ақын жырларында жиі кездеседі.
Жұмағали Саин «Досыма хат» (1939), «Күләнда» (1940) тәрізді поэмалар жазды. Бұлар оның эпикалық поэзиядағы алғашқы талабы болуымен бірге, ақындық ізденісінде жаңа кезең туғанын әйгіледі.
1944 жылы Жұмағалидың «Жорық жырлары» атты» жаңа жинағы жарық көрді. Оған ақынның Ұлы Отан соғысының майданында, жорық үстінде туған өлеңдері кірген еді. Майдан өмірі, соғыс шындығы Жұмағалидың өзін де, ақындығын да тез есейтті. Бастан кешкен өмірдің қиындықтары мен соны поэзия тілінде көркем бейнелеу екі жақты, бірақ бірімен-бірі тығыз байланысты мектеп еді. Ақын осы мектептің екеуін де табысты етті. Ауыртпалығы да, қаупі де мол майдан өмірі Жұмағалидың сезімін ұштады, творчестволық жаңа мүмкіндіктердің көзін ашты. Автордың идеялық, рухани өсуі арқылы оның поэзиясы да жаңа биікке көтерілді.
Ақын майданға аттанған алғашқы қадамынан бастап өз алдына патриоттық асқақ міндет қояды. Отан қорғау жолында қандай қауіпке болса да баруға дайындығын білдіреді.
Жұмағалидың әскери творчествосының елеулі бір ерекшелігі -оның қазақ поэзиясына тың тақырып - партизандар өмірін жырлауды алып келуі. Әскерде ол партизандар қатарында соғысты, отрядтың саяси жетекшісі болды. Ақын өлеңдерінен біз партизан деген адамдардың ерекше сипатын, дербес қасиеттерін танимыз. Отанын, үйі мен жанұясын жау қолында қалдырып, өздері дұшпан тылында күрес жүргізіп жүрген жандардың ашулы, кекті, сұсты бейнелерін Жұмағали сомдап жасайды. «Қар құшып, мұз жайлай» жүрген адамдарға еш нәрсенің қорқынышты емес екені, қаңтардағы боран да, «теңселген қара орман» да оған бой тасалар орын болатынын айтады.
Жүрегінде тулаған, Қатын-бала кегі үшін
Намысы бар, ары бар, Жүрген жандар түн қатып.
Жауда қалған елі бар, Ауыр қолы бұлардың,
Қайғысы бар, зары бар, Қарулары алмастан.
Қан жас аққан көзінен Қалтырайды фашистер
Ыза менен мұң батып, Маңайына бармастан.
(«Партизандар»)
«Жаралы партизан жырларының» шығу тарихы былай. 1942 жылы бір ұрыста Жұмағали көкірегінен оқ тиіп, қатты жараланады. Партизандар отрядтың саяси жетекшісі Жұмағалиды аман алып қалуға бар күшітерін жұмсайды. Үш ай бойы өздерімен бірге сақтап, ең қиын ұрыстарда да алып шығып жүреді. Бірақ Жұмағалидың денсаулығы кеми береді, ендігі жерде отрядпен бірге жүрудің мүмкіндігі болмайды. Ақыры оны партизандар Донбастың ескі шахтері М.А.Масловтардың үйінде қалдырады. Масловтың қызы Ефросинья жаралы партизанды өз қамқорлығына алып, әлсіз кездерінде аузына су тамызып асырайды. Жаралы партизанды іздеген фашистер Масловтың үйіне бірнеше рет тінту жүргізсе де, ер жүрек қыз оны тығып, жау қолына түсірмейді, ақыры адам ғып қатарға қосады. Осы жолы ауыр жаралы ақын күрес майданынан алыс қалып, оның үстіне ауру қинап, көп сезім күйлерін бастан кешіреді. Жұмағалидың «Жаралы партизан жырлары» атты өлеңдерінің циклі осындай күйдегі солдат сезімінің тебіренісін бейнелейді.
«Жаралы партизан жырларының» кейіпкері–кескілескен ұрыста жаралы болып, достарынан бөлініп қалған партизан. Ол ауыр жарасына карамай, достарын іздейді, қайта сапқа тұратын мезгілді күтеді, күрес пен майданды сағынады.
Соғыстан кейін де Жұмағали әскери тақырыпқа оралып, өзі басынан кешкен өмір шындығына бір қатар шығармалар арнады.«Есімде Айдар өзені» атты әдемі лирика мен «Алтай» атты поэма жазды.
«Есімде Айдар өзені»–қазақтың әскери поэзиясының үздік үлгілерінің бірі. Онда Айдар өзені бойындағы қатты ұрыс пен неше түрлі сезім арпалысын басынан кешірген солдаттың жан дүниесі түгел көрінеді. Совет жауынгерлерінің жеңімпаздық қуаты, жауға қарсы күресте жараланғандар мен қаза тапқандар бейнесі, халықтар достығының көрінісі, жеңіске сенім, өз Отанының тәуелсіздігін қорғаған солдаттың ыза намысы – бәрі де өлеңнің рухынан танылады. Бірақ ақын оның бәрін баяндап жатпайды.
Айдар, Айдар, ақ Айдар!
Жағаң сурет, суың бал.
Өткіздім сенде көп айлар...
Қалдырдым сенде көп ойлар...
«Айдар» жағасы қанша күрес суретіне толы екені, онда өткен көп айлардың бос кетпегені, солдат ойлары осы қысқа шумақта айқын танылады. Ұрыстағы солдат не туралы ойламады?, ел-жұртын сағыну, жорық алдындағы күдікті ойлар мен жеңіс кезіндегі ерлік сезім, әр түрлі қуаныш пен сәтсіздіктер, өлім мен өмір туралы ойлар – барлығын да солдат «Айдар» бойында басынан өткізді, сонда қалдырды.
«Айдар» бойында ұрыста өлген екі дос – бірі орыс, бірі қазақ.
Екі өлік жан, бір қабыр
Қалған белгі шайқастан,
Орыс, қазақ – егіз ұл
Дос құшағы айқасқан.
Отанының тәуелсіздігі жолындағы күресте ынтымағы жарасқан халықтар туыстығын ақын айғайсыз, қарапайым шындық арқылы ашады.Бұл айтылғандар Жұмағалидың Ұлы Отан соғысы тақырыбын
жырлаудағы озық табыстарын белгілейді.
Майданнан емделіп қайтқанмен, Жұмағали бір жола сауығып кете алған жоқ еді. Оның өкпесіне кірген оқ өзімен бірге сақталды. Сол күйінде еңбекқор ақын өзін жарымжан санамай, әдеби, қоғамдық қызметтер атқарды. Республикалық халық творчествосы үйінде, Қазақтың мемлекеттік филормониясында, «Жаңа өмір», «Жұлдыз» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеті редакцияларында басшы қызметтер істеді. Көптеген өлеңдер мен «Алтай», «Азамат» атты поэмалар, «Жол үстінде» атты повесть жазды. М.Лермонтовтың «Біздің заманымыздың геройы» атты романы мен бірсыпыра ақындық шығармаларды аударды. Бұл жылдары ақынның «Айғақ» (1948), «Жылдар»(1954),«Самал»(1957)т.б.жинақтары,таңдамалы шығармалары бірнеше рет басылды.
Соғыстан кейінгі Жұмағали өлеңдері негізінен, бейбіт еңбекті, колхозды ауылдың жаңа адамдарын, тың игерушілерді, ұлы халықтар достығы мен бейбітшілік жолындағы күресті, туған елдің табиғатын жырлауға арналды. Ақын өмірдін өзекті мәселелерінің бәріне де үн қосып отырды.
Еңбек пен еңбек адамдарын жырлау үшін Жұмағали соғыстан соңғы колхоз өмірін көбірек зерттеді. Республиканың көп жерлерін аралады. Тың жерлерді игерушілер арасында болып молшылық үшін күресіп жатқан ерлерді көрді, еңбек салтанат құрған өмірдің шаттықты да думанды тіршілігін қызықтады. Сондықтан да ол еңбек әлемін әсерлей бейнелеп, коллективтің даладағы қызу қимылын жан-жақты көрсетер көлемді суреттер жасауға жиі барды. Жазғы еңбектің өнімін жинап жатқан күзгі қарбаласты кең бейнелеген «Күзгі көріністер» өлеңінде ақын колхоз даласындағы қызу тіршілікті поэзияға бөлей сөйлейді. Колхоз даласында қат-қабат еңбек қайнап жатыр, біреу астық толтырып, біреу қаптың аузын байлауда, веялкалар зырылдап бидай ағызса, қырда егін отап комбайн жүр. Жас қыз да, жігіт те, кәрі шал да егін басында. Әркім өз орнында –бәрі де бір қызу еңбек поэзиясына бөленген. Өлеңнен көзге елестер сурет осындай.
Жұмағалидің «Колхоз таңы», «Сығалады ай көкжиегі сөгіліп», «Бақташы мен бұлбұл» тәрізді өлеңдерінде де мол көрінеді. Ақын еңбек жырын табиғат әнімен туыстыра, үндестіре отырады. Адам құдіреті мен табиғат туралы толғаныстар онда айрықша бір шынайы сыршылдықпен беріледі. Еңбек адамының нақты бейнесін танытатын «Тракторшы» өлеңінен кешегі майдан солдаты Тілеуді былай суреттейді:
Маңдайында қос сызық
Майдан жолы – оқ жолы.
Сәл қисықтау бітіпті
Сол иығы, сол қолы.
Герой бойындағы соғыстан қалған белгілер – оның өмір жолының куәсындай. Бірақ ол мүгедек болмай, тіршілік үшін жаңа әрекетке енген, еңбегінің рахатын көріп жүр.
Халдің несін сұрайсың,
Жақсы тұрмыс, жақсы күй
Міне, астымда трактор
Әне, қырда біздің үй, –дейді ол.
Адам еңбегімен қуанышты, бақытты екенін ақын нанымды түйеді.Өмірін еңбекке арнаған Кәрібай («Кәрібай шал») бейнесі де нанымды. Революция әсерімен оянып, партияға кірген, содан бергі өмірін қоғамға пайдалы еңбекпен өткізген Кәрібай қартайғанда қарап отыра алмай, астық керуенін басқаруға шығады.
Жұмағалидың тың игерушілер туралы өлеңдері («Рапорт берді Қазақстан», «Кел, бауырым,» «Қабылда, Отан») республикамыздың ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің қажырлы еңбегін ғана паш етіп қоймайды, еліміздің астық молшылығын жасаудағы туысқан халықтар ынтымағын, олардың еңбектегі ортақ табыстарын келістіре жырлайды. Қазақстанға Ленин орденін тапсыруға арналған салтанатты мәжілісте К.Е.Ворошилов тың игеруші туысқан халықтар достығын жырлаудағы Жұмағали өлеңдерінің маңызын айрықша атап көрсетті. «Барлық қиыншылық пен жоқшылыққа ерлікпен шыдап, егін даласында жеңіске жетуді қамтамасыз еткен алуан түрлі ұлттар жастарының шын мәнісіндегі достығы туралы, меніңше, қазақ ақыны Жұмағали Саин былай деп жақсы айтты:
Орыс, қазақ, украин, болгар да,
Түн ұйқысын бөлді күзгі таңдарда.
Бір адамдай қимылдады, ерледі,
Белін шешіп, ешбір тыным көрмеді.
Бұл миллиардта махаббаты елімнің,
Бірге оталған әр дәнімен егіннің,
Барлық ұлттар достығының айғағы –
Гүл жайнаған Қазақстан аймағы.
Бұл – өте дұрыс айтылған, ол біздің ортақ сезімдерімізді білдіріп отыр», –деді К. Е. Ворошилов.
Жұмағали ақындық еңбекке жауапты қарайтын, талғампаз қаламгер еді. Оның творчестволық жолы тым ерте аяқталды. Соғыста өкпеге тиіп, сақталған оқтың зардабы туғызған ұзақ науқастан кейін ол 1961 жылы 28 май күні қайтыс болды. Ақынның отаншыл, патриоттық жырлары қазақ әдебиеті тарихынан өзіне тиісті орнын алды.
«Адам алуан ойдың иесі, –дейді Жұмағали естелік дәптерінің бірінде, оның табиғаттан да, еңбектен де, өзара қатынастан да алатын әсерлері орасан, әр жақты, соны сен ақын тілімен, ақын жүрегімен айтып беруің керек. Ақын – тек шебер тілдің ғана емес, нәзік, ыстық жүректің иесі. Өмірдің ішіне кірмеу дегеннің мағынасы – өмірді терең баяндаумен қатар салқын, қысыр сөйлеу емес пе? Қай тақырыпты болсын шама келгенше жылы баяндау, махаббатпен, әнмен жырлау, адамның жан сезіміне тиіп, сипаттау – міне, ішіне кіру дегеннің, меніңше мағынасы осы ма деймін. Достық тақырыбы – жаңа тақырып. Гүл, ай, күн – адам баласын қоршап тұрған ақиқаттың бірі емес пе? Бұларды жырдан мүлде алып тастау керек деген пікірге қосылуға болмайды».


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   76




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет